Қоғамдық бақылау: заңдылық пен жариялылық

09 желтоқсан 2022, 10:49

«Қоғамдық бақылаудың мақсаты – азаматтардың мемлекет істерін басқаруға қатысуын қамтамасыз ету. Қоғамдық бақылаудың басты қағидаты – заңдылық, жариялылық, ашықтық пен айқындық, қоғамдық бақылау субъектілерінің өз еркімен қатысуы мен тәуелсіздігі».

Мәжілістің жалпы отырысында ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда таныстырды.

Аталмыш заң жобасында «қоғамдық бақылау» ұғымы айқындалды. Қоғамдық бақылау объектілері – жергілікті және орталық органдар, квазимемлекеттік субъектілер, орталық және/немесе жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушылар. Ал қоғамдық бақылау субъектілері – ел азаматтары, Қазақстанда тіркелген коммерциялық емес ұйымдар.
Министрдің айтуынша, қоғамдық бақылау субъектілері мен объектілерінің құқықтары мен міндеттері нақтыланады. Мәселен, қоғамдық бақылау субъектілері қоғамдық бақылау топтарын құруға, сарапшыларды тартуға, ақпарат сұратуға, қоғамдық бақылау объектілерінің әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне шағымдануға және т.б. құқылы болады. «Объектілер қоғамдық бақылау нысандарының ұсынымдарын қарауға және оларды интернет-ресурстарда орналастыруға, мүдделер қақтығысын болдырмауға, қауіпсіздік шараларын сақтауға, субъектілерге қолжетімділікті қамтамасыз етуге және т.б. міндетті болады», – деп атап өтті Дархан Қыдырәлі.
Сонымен қатар қоғамдық бақылаудың негізгі формалары ретінде қоғамдық мониторинг, қоғамдық сараптама және қоғамдық тыңдау ұсынылады.

Айта кеткен жөн, қоғамдық бақылауды іске асыруға 18 жасқа толмаған, соттылығы өтелмеген, наркологиялық немесе психикалық есепте тұрған адамдар жіберілмейді. Сондай-ақ қызметінде шетелдің қатысы бар, қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметі тоқтатылған немесе тыйым салынған коммерциялық емес ұйымдарға шектеу қойылады.

Ақпарат және қоғамдық даму министрінің айтуынша, қоғамдық бақылау нәтижелерін қарау нормалары бекітілді. Оған сәйкес, қоғамдық бақылау объектілері қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша қорытынды құжатты 10 күн мерзімде қарап және дәлелді жауап жіберуі керек. Қоғамдық бақылау объектілері мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті қарау үшін шаралар қолдануға міндетті.

Дархан Қыдырәлі заңға, сонымен бірге петиция ұғымы енгізіліп, оның жұмысы регламенттелетінін айтты. Заң жобасы петиция институтын регламенттеу, сондай-ақ ақпаратқа қол жеткізу саласындағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі түзетулерді де қамтиды.
Заңнамада петиция сөзіне түсінік беріліп, Әкімшілік рәсімдік-процесс кодексінде петицияларды беру және қарау тәртібі бекітілген.

Петицияны еліміздің азаматтары арнайы интернет-портал арқылы бере алады. Ал уәкілетті орган петиция жария болғанша заңда бекітілген шарттарға сәйкестігін анықтайды. Петиция берілген күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде оған кемінде еліміздің 150 азаматының қосылуы қажет. Министрдің мәліметінше, мұндай тәжірибе петиция институты құрылған бірқатар елде қолданылады.

«Петицияны міндетті түрде қарау үшін оны қолдайтын дауыстардың шекті мәндері бар. Айталық, аудандық деңгей (әкімдіктер) халқы 50 мыңнан асатын болса, 2,5 мың дауыс, қалғандары үшін халық санының кемінде 5 пайызы болуы керек. Ал аудандық деңгей (мәслихаттар) – халқы 50 мыңнан асатын болса, 5 мың дауыс, қалғандары үшін халық санының кемінде 10 пайызы», – деп түсіндірді министр.

Облыстық деңгей (әкімдіктер) – тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің тұрғындарының 1 пайыз дауысы, облыстық деңгей (мәслихаттар) – тиісті әкімшілік-аумақтық халқының кемінде 2 пайызы, республикалық деңгей (Үкімет) – кемінде 50 мың дауыс.

«Петицияны қарау барысында мемлекеттік орган петиция авторын шақырып, хабардар ете отырып, мемлекеттік орган шешімінің жобасын жария талқылауды ұйымдастырып, жеке комиссия немесе жұмыс тобын құрады. Мұндай шаралар петициялардың қоғамдық мәртебесі мен маңызын арттыруға мүмкіндік береді. Петиция бойынша шешімді мемлекеттік органның бірінші басшысы ғана қабылдайды», – дейді Дархан Қыдырәлі Мәжілісте.

Мәслихат депутаттарына петицияны ілгерілету кезеңінде қол жинауға қатысу, мемлекеттік органдардың петицияларды қарауына мониторинг жүргізу, петицияларды қарау бойынша өз округінің сайлаушыларын хабардар ету және тағы басқа өкілеттіктер беру үшін «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға өзгерістер енгізу ұсынылады.
Мәжілістің жалпы отырысы аяқталғаннан кейін журналистердің сауалына жауап берген Дархан Қыдырәлі: «Бұл заң бүгінді ғана емес, болашақты да қамтиды. Алдағы уақытта барлық жер интернетпен қамтылады. Қазір ауыл тұрғындары өтінішті өз әкімдіктеріне немесе «Қазпоштаға», Халыққа қызмет көрсету орталықтарына немесе тікелей министрлікке жібере алады. Біз оларды рәсімдеп, платформаға орналастырамыз. Ол аудан, облыс немесе республикалық деңгейдегі өтініш болса да, тиісті жауап беріледі. Мұнымен біз айналысамыз. Сондықтан ешкімнің сұрағы елеусіз қалмайды», – деді.

Талап Тілеген

30 қыркүйек, 22:33
Заңсыз қаруды тапсыру – игі іс
30 қыркүйек, 19:47
Мал шаруашылығы – өрісті сала
30 қыркүйек, 16:35
Қазақстан - АҚШ: Инвестициялық ынтымақтастықтың басым бағыттары
30 қыркүйек, 16:04
Түркістан: Жастарға заңгерлік кеңес берілді
30 қыркүйек, 16:03
Түркістан: Қылмыс пен жаза
30 қыркүйек, 13:20
Түркістан: Полиция жастар мен жасөспірімдерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді
30 қыркүйек, 12:55
Назерке Тәнекеева: Қолдау бар. Тек тәуекел етіп, кәсіп бастау керек
29 қыркүйек, 22:52
Су үнемдеудің сәтті тәжірибесі
27 қыркүйек, 16:46
Түркістан: Жан-жақты іс-қимыл - мал ұрлығына тосқауыл