Мемлекеттік кірістер комитеті Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы мобильді аударымдарды бақылаудың шағын және орта бизнеске әсері туралы пікірін айтты.
− Мобильді аударымдарды бақылау бизнеске кері әсерін тигізуі мүмкін емес, бұл жерде тек қана кірістер заңдастырылады. Жалпы Қазақстандағы салық мөлшерлемесі салыстырмалы түрде ең төмен болып саналады. Әсіресе орта кәсіпкерлікте мөлшерлемесі 1-4 пайыз аралығында арнайы салық режимі бар. Бұл кәсіпкерлер үшін тиімді мүмкіндік, тек қана табысын жасырмай көрсетуі керек, − деді Ерсайын Көптілеуұлы агенттіктің «Bizdin orta» подкастында.
Маманның айтуынша, жарты жылда табыстың жалпы көлемі 24 мың АЕК-тен асса (94 млн 368 мың теңге), бизнес жалпы салық режиміне өтеді. Бір жылдағы табыс 20 мың АЕК-тен (78 млн 640 мың теңге) асса, қосылған құн салығына тіркелуге міндетті.
− Бізде бөлшектік салық режимі бар, онда қанша қызметкер жалдаса да шектеу жоқ, айналымы 2 млрд теңгеден астам қаражатын емін-еркін жүргізе алады. Бұл орта бизнеске жасалған үлкен мүмкіндік, ондағы салық 4-8 пайыз аралығында. Сонымен бірге, бұл салық ставкалары әр өңірдің мәслихатының шешімімен 50 пайызға дейін төмендетілуі мүмкін. Және бұл мүмкіндікті көптеген облыстар пайдаланған. Сондықтан көптеген өңірде жеке тұлғаға қызмет көрсетсе 4 пайыз, заңды тұлғаға қызмет көрсетсе – 8 пайыз бөлшектік салық режимі іске қосылған, — дейді спикер.
Сондай-ақ, Е.Көптілеуұлы мобильді аударымдар тексерісін қоғамға зиянды шара деп қабылдауға болмайтынын айтты. Оның айтуынша, қайта қоғамның жаңа мүмкіндігін ашатын, жаңа әлеуметтік нысандардың ашылуын, жаңа шараларға үлкен ықпалын тигізетінін ескерген жөн.
− Қазір қоғамда мобильді аударымдарды қолдану төмендеді. Осы шектеу қойылғалы сарапшылардың айтуынша, кәсіпкерлер бұрын кірісін барынша төмендетіп көрсетететін. Мобильді аударым тақырыбы шыққалы кәсіпкерлер қаражатын бизнес шотқа ауыстырған және табыстары біршама артқан. Сондықтан бұл шара өз нәтижесін беріп жатыр. Салық түсімдерінің артатына еш күмәніміз жоқ, бірақ қаншаға артатынын уақыт көрсетеді. Қазірдің өзінде өзгеріс байқалды, жауапкершілік пайда болды, − деді комитет өкілі.
inform.kz
Фото: freepik.com