Қазақы тәрбие көрген жастар қылмысқа бармайды

04 наурыз 2022, 11:17

Өлең дейтін киелі ауылдың өрісті жайлауында айтыстағы отауын берік орналастырған, елі үшін қызмет етуден шаршамайтын ақынның бірі – Қажымұхан Абзалов. Біз айтыскер ақынды әңгімеге тартып, қаңтар оқиғасынан не түйгенін, ендігі кезде жастар қателікке жол беріп алмас үшін не істеу керек екенін сұрадық.

Jas qazaq: Қажымұқан аға, сіз Шымкенттегі «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінде шәкірт тәрбиелеп келесіз. «Қаңтар оқиғасы» кезінде ұлттық кодты сезбейтін, ұлттық құнардан ада жастардың қандай қиянаттарға бара алатынын көрдік. Күнгейде ғана орын тепкен «Қаратау» мектебі тұтас елдің бүкіл жасына жетпейтіні анық…

Қ.Абзалов: Көп қатарымның мақсаты бір. Ол – ұлағатты ұрпақ, сапалы буын шығару. Бүгінге дейін де қолымыздан келгенін жасап, салтқа сай жұмыс жүргізіп келеміз. Ниетімізге қарай, ақын Біржан Байтуовтың бастамасымен, әкім Мұрат Әйтеновтің қолдауымен «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебі бұйырды. Бізге бұрынғыдан үлкен мүмкіндік берілді. Дәстүрлі өнерді, қазақы тәрбиені сіңірген баладан қылмыс шықпайды. Әрине, бір ғана мектеп мемлекет түгілі мегаполистің өзіне аздық етеді, тіпті жетпейді. Сондықтан бұл мектептің жобасын біз жоғары жаққа ұсындық. Ұсынысымыз қабылданса, еліміздің барлық аймағында осындай мектептер салынуы тиіс. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы жылды «Балалар жылы» деп бекітті. Кемел келешектің кірпішін қалауға бұл үлкен мүмкіндік. Осы мүмкіндікті лайықты пайдалансақ, бұзақы бала да, адасқан жастар да реттеледі. Оларды жөнге салу – біздің басты міндетіміз.

Jas qazaq: Қасіретті қаңтар кезіндегідей жастар енді қателікке жол беріп алмас үшін қайтпек керек?

Қ.Абзалов: Мектеп жасындағы балаларды дәстүрлі өнер бағытына, білімі, тәрбиесі жақсы мекемелерге беріп, ал есейген жастың бәрін жұмыспен қамтамасыз ету керек. Тексерілген нақты ақпараттар ғана таратылып, дәлелсіз деректерді таратқандарды жазалауға тиіспіз. Жастардың санасын улайтын есіктерді жабуға тиіспіз.

«Жазықсыз жастар алданып барды» деп бүгінде жанашыр болып отырғандар осы қырғынға үлесінің үлкендігін сезіп отырған шығар. Әлеуметтік желіде жұртты шеруге шақырғандардың да кінәсі зор.

Jas qazaq: «Жалғыз тілегім – бабалар бізге егемендік қалдырса, біз балаларымызға еркіндік қалдырсақ екен» деп әдемі айтып едіңіз бір жазбаңызда. Расында да, біз кейінгі ұрпаққа не қалдыра аламыз?

Қ.Абзалов: Салтқа сырттан ештеңе қоспай, дінге жаңалық, дәстүрге өзгеріс енгізбей кешегіден алғанды кейінгіге аман жеткізсек болғаны. Өткенге көз жүгіртіп мәдениет, әдебиет, өнер, білім, қайсысынан мін таба аласыз? Ұлттық код, рухани байлық, атаның ақылы мен ананың даналығын да өткен күннен табасыз. Бізге ұрпаққа бірдеңе қалдыру міндет емес. Біздің міндет – бар байлығымызды жоғалтып алмау және келесі буынға бүтіндей беру. Соңғы уақытта жүретін көшесінде көтеріліс, баратын мектебінде карантин болып кеткен соң жазғанмын. Ата-анасын алаңдатып, баланы да жалтақтатып тастағандаймыз. Егемен елімізде еркін ұрпақ өсіруді жазсын. Әйтпесе, ертеңімізді кімге сенеміз.

Jas qazaq: Қазір әлеуметтік әл-ахуалды әлеуметтік желіден біліп, хабардар болатын уақытта өмір сүріп жатырмыз. Ал сіз желіде белсендісіз. Қоғамдағы қайсыбір тақырыптарды еркін қаузап, ешкімге жалтақтамай, кең көсілесіз. Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүресіз. Ақындығыңызды дүйім ел жақсы біледі. Елдің ойын айтатын ел аузындағы азамат кешегі «Қаңтар оқиғасы» кезінде көкейіне не түйді екен? Соны білгіміз келіп еді…

Қ.Абзалов: Біріншіден, қазір әлеуметтік желіде бәрі белсенді. Креслодағы кісі де, дивандағы «батыр» да. Сөйлегеннің аузынан саясат төгіліп жатыр, сөйлеуге тиіс адамдардың аузына құм құйылып тұр. Жазушы көп, жасаушы аз уақыттамыз. Бұл – әлемді билегендер үшін бейбіт елде төңкеріс жасауға ең тиімді сәт, ең ыңғайлы уақыт. Несиеге зат алып, қарызынан құтыла алмай жүрген адамға, айдаладағы біреудің ішкені, жемқордың жегені жайлы айта беру – ақпараттық соғыстың алғышарты. Сондықтан, әлеуметтік желі, артық ақпарат – «Қаңтар оқиғасының» бірінші себебі. Сол себепті де соңғы кезде көрмеген байлығын басшыдан, жетпеген биігін биліктен талап ететін адам көбейіп-ақ кетті.

Көкейіме түйгенім, қарапайым халық деген – тыныштығына шүкір етіп, қажетіне еңбекпен жетіп, тапқанына береке тілеп отырған ел. Ал тобыр – тыныштығын тиынға ауыстырып, керегін үкіметтен сұрап, тапқанына қанағат етпейтін топ. «Жемқорлар жоғалсын, ұрылар кетсін» деп ұрандап шыққандардың көбі елдің байлығын өздері тонап кетті. Қазақты құтқарамыз деді де, мемлекетті қарызға батырды. Бұл аштықтан емес, ашкөздіктен болған жағдай деп ойлаймын.
«Қаңтар оқиғасы» тобырды халықтан бөліп көрсетті.

Jas qazaq: «Халық сақшысы» деген атаумен еріктілер тобы құрылып, маңызды ғимараттар мен нысандарды күзетті. Бұл топтың басы-қасында күнгейлік айтыскер ақындар да жүрді. Бұл топ мемлекетті қорғауға қандай үлес қосты деп ойлайсыз?

Қ.Абзалов: «Бізді билік қорғау керек, құзырлы органдардың құзырындамыз» деп жата беруге жағдай тура келмеді. Елдің қай ісінде де, қай сынағында да оңтүстік ақындары тек отырған жоқ. Бұл жолы да біреу шақырған жоқ, бұйрық келген жоқ, өзіміз бардық. «Халық» деген қалпақты киіп алған бұзақылар қаламызды қиратып жатты. Шырайлы Шымқаламыз үшін не істей аламыз деп екі күн ұйықтай алмадық. Бірінші күні алаңға адасып барған адам көп-ақ. Ал арандатушылар көпшілікті пайдаланып, көздегенін жасайды. Сондықтан бірінші мақсат алаңдағы адамды азайту болды. Әр нүктеге бөлініп тұрдық та, көшеде жүрген жастарды үгіттеп үйіне қайтардық. Спорт саласындағы жігіттер де «Халық сақшысы» болып сапқа тұрды. Соның нәтижесінде қаншама қылмыскер ұсталып, құқық қорғау қызметкерлеріне тапсырылды. Жұрт алаңнан тарқатылды.
Мемлекетке қаншалықты пайда тигізгенін білмеймін, бірақ халық сақшылары өз қаласын адал қорғады, аман сақтады.

Jas qazaq: Аға, «Сақалдылар бәрін құртты» деген сыңайдағы сыпсың сөздерге не айтқан болар едіңіз?

Қ.Абзалов: Ол сыпсың сөздердің соңы сақал емес, «мұртты – бәрін құртты» болды ғой. Біз иектің астын аңдып жүргенімізде қылмыскеріміз мұрнымыздың астында тұр екен. Міне, жалған сөйлеп, жала жабудың зияны сол, шын дұшпаныңды көрсетпей, көзіңді бітеп қояды. Әйтпесе, есім-сойы жиі аталатын сіз айтқан екі кісіде титтей бір кінә болса, бөгет жасауға мемлекеттің күші жетпейді дейсіз бе? Сондықтан арам айтты екен деп, адалға кір жағуға болмас. Жалпы «сақалдылар» деген сылтау жақсы болды қазір, бәріне. Ашылмаған қылмысын да, жабылмаған бюджетін де соларға аудара салады. Керісінше, сол сақалға тығылып, талай беті жылтыр адам жүрген сияқты. Жоқ емес, жат ағымға жармасқаны да, адасқаны да бар шығар. Жасағанына қарай жазасын да алып жатқаны көп. Бірақ әр содырдың ісін әкеліп басқаға жабу беру әділетсіздік. «Сақалдылар» деген ұранды да тоқтату керек. Әйтпесе, дінбасымыз Наурызбай Тағанұлына тікелей тиеді. Ол кісі де сақалды.

Jas qazaq: Сіз көп жерде өткір сөйлейсіз. Айтыста да күйіп тұрған мәселелерді айтасыз. Соған орай өзіңіз қысым көрген кезіңіз болды ма?

Қ.Абзалов: Әрине, қысым көргенім жоқ. Себебі мейлі сахнада, мейлі әлеуметтік желіде болсын, мен билік пен халықтың арасын жақындатуға тырыстым. Дұрысты да жаздым, бұрысты да жаздым. Бірақ ешқашан елді патшасына, халықты билігіне айдап салған кезім жоқ. Өйткені екі ортаға от салу мәселені шешпейді.

Jas qazaq: Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтарды «Жаңа Қазақстанды бірге құруға» шақырды. Сіз Жаңа Қазақстанның келбетін қалай елестетесіз?

Қ.Абзалов: Отыз жылда не өзгермеді, бәрі өзгерді. Ел арасында жүріп, қайырымдылық қорлармен бірігіп, қанша мұқтаж отбасыларды көзімізбен көріп, қолдан келген көмегімізді бердік. Бірақ ол отбасылар әр көшеде бір-екеу ғана. Ал бұрын ше, шетімізден мұқтаж едік. Жарықсыз өстік, суды тасып іштік, нанды қарызға жедік, киімді ауысып кидік. Сонда да ел қанағатты, билік аманатты түсінетін. Ал қазір бәрі өзгерді.

Өзгерткіміз келсе, өзіміз өзгеруден бастайық. Себебі тұлға шықса, тұншықтыра беретін, ер көрсе, езгілей жөнелетін, бір-бірін талап жеуден тайынбайтын, желісі жел сөз, телеарнасы тәрбиесіз болып кеткен кейпімізбен жаңа мемлекет құра алмаймыз.

Алла бұйырмаған бақытты, алаңнан таппайды екенбіз. Газдың құны адамнан қымбат емес екен. Көз жетті, көңіл сенді. Арандатушы топ анықталды. Бітті. Бізде бір ғана басшы бар. Біреуге тіреу болайық! Енді елді шеруден де, шеруге еруден де Алла сақтасын! Алла елге сабырлық, патшаға әділдік берсін.

Jas qazaq: Айтқаныңыз келсін! Әңгімеңіз үшін рахмет.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ,
Шымкент қаласы

Бүгін, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
Бүгін, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады