Ресейдің Хабаровск қаласында допты хоккейден өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы АҚШ командасын 14:1 есебімен тізе бүктірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл ойында команда капитаны Рауан Исалиев төрт голдың авторы атанды. Сондай-ақ қарсыластар қақпасына Виктор Чернышев үш, Евгений Леонов пен Артем Вшивков екі-екіден доп енгізді. Ескендір Нұғманов, Руслан Галяутдинов және Максим Өтебалиев бір реттен көзге түсті. Америкалықтардан Кевин Браун бір ғана голмен жауап қайырды. Еске сала кетейік, кеше Ильяс Хандаевтың шәкірттері Венгрия құрамасын 29:0 есебімен ұтқан болатын. Онда Рауан Исалиев сегіз гол соққан еді. Ертең қазақстандықтар Германия құрамасымен айдынға шығады.