Қазаққа қажет қағидат

30 мамыр 2023, 20:01

Осы айдың басы. Ауылдан уотсап арқылы видео жіберіпті. Көшедегі адамдар. шетелдіктерге ұқсайды. Бет-жүзі көрінбейтін біреу кадр сыртынан жанұшырып, аттан салып жатыр. «Алматыға қытайлар қаптады. Міне, көріңдер, әкімдіктің қасында жүр» дейді. Бұл маңнан кейде туристерді көруге болады. Түрлері ұқсас болғандықтан, олардың қытай немесе азияның күнгейіндегі елден екенін ажырату қиын. Бірақ белгісіз видео таратушыға бәрібір сияқты. Оның Көздегені – өтірік дабыл қағып, жұртты желідегі лаңнан бейхабар ауылдағы ағайынды қорқытып, үркіту.
Көп өтпей, тағы бір күмәнді дерек желдей есті. Шығыстағы көршінің бір сайтында «қазақтың жерін сатуға қатысты хабарландыру» жарияланыпты-мыс. Дәйек ретінде жыпырлаған иероглиф бейнеленген суретті алға тартады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл ақпаратты дереу жоққа шығарды. Мемлекет басшысының Аспан асты еліне мемлекеттік сапары қарсаңында мұндай фейктердің тарауы кездейсоқ емес, әрине. Бұлай дейтініміз, Қытай азаматтарының елімізге визасыз 14 күнге келуіне рұқсат беретін келісім бұдан үш жыл бұрын жасалған. Содан бері ешкім тырс етпеп еді. Енді оның мерзімі 30 күнге дейін ұзартылды. Айрықша атап өткен жөн, жаңа құжатқа сәйкес, біздің азаматтар да енді Аспан асты еліне бір айға рұқсат қағазсыз бара алады. Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, мәміле екі ел арасындағы іскерлік байланыс пен туристер санын еселеуге септігін тигізеді. Ал бір мезетте таралған инфодемияны мылтықсыз майданның жойқын қаруы – медиамен сырттан, яғни арнайы орталықта иін қандырып, бүге-шігесіне дейін ескере отырып жасалған ақпараттық – психологиялық шабуыл деп жатса, таңқалмаңыз. Өйткені fake news үшін сайтты, өзге тілді, сондайақ «жалдамалаы жауынгерлерді» пайдалану замануи технология мен қыруар қаржыны талап етеді. Болмашы тиын-тебенге өтірікті шын деп жазатын жалғыз-жарым блогердің қолынан келетін тірлік емес бұл. Құйтырқы әрекетпен қоғамдық пікірді бей-жай қалдырмайтын екі мәселені қозғап, наразылық пен жер митингісіне меңзейтін мысықтілеу ниетін іске асырғысы келгенін аңғару қиын емес. Бұған қоса, бір оқпен екі қоян атып үйренген гибридтік соғыстың сардарлары қанат жайған қазаққытай ынтымақтастығын осылай, тасадан тас атып, тежегісі келеді. Геосаясат тілімен нақыталасақ, олар Бейжіңнің біздің аймақтағы ықпалы күшейіп кетеді деп күйгелектейді. Осы сапар мен Сиан (Шиаң) қаласында өткен Қытай – Орталық Азия мемлекеттері көшбасшыларының тұңғыш Саммиті (С+5), асыра айтқандық емес, ғаламдық саясаттағы алпауыттардың назарын баурап алды. Бір өрісті әлемде жер-жиһанға әмірін жүргізіп келген Америка мен оның одақтастарының жайы мәлім: бәсекеге толы көп өрісті дүниені құп көрмейді. Ресейдегі қайсібір саясаткер мен сарапшы да мазасыз күйге түсті. Бұларды әрі-сәрі қылған – «Оңтүстіктегі бесеу енді теріс бұрылып кетпей ме?» деген сауал. Бір жетіден кейін Мәскеуде өткен Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің (ЖЕЭК) отырысы кезінде әлгілердің көңіліндегі күдікті қоюлатпаса, сейілте қоймаған сияқты. Қазақстан басшысы экономикалық одақта әр мемлекеттің ұлттық мүддесі ескерілуі қажетігін қатысушылардың қаперіне салған болатын. ЖЕЭК жиынындағы әңгімеге орай кейбір сарапшылар дүбара долбар мен боркемік болжамын тықпалауға тырысты. Осыған орай, Ақорда еліміздің қандай бір одақтық мемлекеттің құрамына кіруге ниеті жоқ екенін ашық мәлімдеді.
Сиан сапары жайында отандық және шетелдік ақпарат құралдарына сұхбат берген халықаралық сарапшы Әлкей Марғұлан қазақ – қытай серіктестігі қос тарапқа да тиімді өндірістік және энергетикалық мүддені көздейді деген пікірде. Былтыр өзара сауда айналымы көлемі 31 млрд долларға жетті. Бұл жолы жалпы сомасы 22 млрд долларды құрайтын 47 құжатқа қол қойылғанын ескерсек, көрсеткіштің өсетіні күмәнсіз. Ұлы Жібек жолы бастау алған Сиан (Шиаң) – «Бір белдеу, бір жол» атты алып бастаманың маңызды бекеті. Еліміздің логистикалық орталығын салу үшін дәл осы қаладағы құрғақ порттың таңдап алынуы бекер емес. Болашақта осы орталық Азия атырабы, Еуропа, Түркия және Иранға контейнер пойыздарын тікелей жөнелткенде негізгі хабқа айналады. Бұған дейін Ляниунган порты мен Қорғаста осындай хабтардың ашылғаны белгілі. Аягөз-Бақты теміржолын іске қосылып, Достық-Мойынты шойын жолы күрделі жөндеуден өткенде жыл сайын 20 млн тонна жүк тасымалдауға мүмкіндік туады. Осының өзі Астананың транзиттік тасымал мен көлік логистикасына айрықша мән беретінін көрсетеді. Бұл түсінікті де. Теңіздегі сауда жолынан жырақта жатқан елімізге (Landlocked Country), әсіресе, терістік көршіміздің бүйірінен қысқан санкциядан кейін саудасаттық қарқынын бәсеңдетпеу – кезек күттірмес міндет. Бұл ретте баламалы Транскаспий бағытының әлеуеті зор екенін айтқан абзал. Аспан асты елінен Кәрі құрлыққа жеткізетін төте жолдың ұзындығы орыс орманы арқылы өтетін Солтүстік дәлізден 2,5 мың шақырымға қысқа. Ал Каспийдің күнгейін айналып, «мазасыз өңірлер» арқылы өтетін Оңтүстік дәліздің келешегі әзірге күңгірттеу. Осы және өзге де жәйттерді ескерсек, Қазақ даласы – Шығыс пен Батыс арасындағы тасымалда оңтайлы һәм таптырмас күретамыр. Еліміз, сонымен қатар, Ресейден бастау алып, Таяу Шығысқа қарай бет алатын Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің Транскаспий бағытымен қабысқанын қалайды. Мәртебелі меймандарын құшақ жая қарсы алған Қытай төрағасы Ши Зиңпин өз елінің Орталық Азия мемлекеттерінің қауіпсіздігі, егемендігі мен жерінің тұтастығын сақтауға әрдайым қолдау көрсететінін мәлімдеді. Қ. Тоқаев Бейжіңнің ұстанымы еш өзгермейтінін, өзге мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау қағидатынан айнымайтынын тілге тиек етті. Мемлекет басшысы көкейкесті мәселеге орай «Қазақстан да Қытайдың Орталық Азияға қатысты жүргізіп отырған бейбіт сыртқы саясатын құптайды. Біз Бейжіңнің тұрақты дамуға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларын қолдаймыз. Орталық Азияның қашанда ынтымағы жарасқан, жасампаз аймақ ретінде дамығанын қалаймыз. Осы өңірді геосаяси текетірес алаңына айналдыруға қарсымыз», – деді. Қазақстан мен Кіндік Азияның тек шикізат секторына ғана емес, инфрақұрылымына қомақты инвестия салған Бейжің осы өңірдегі елдерге 3,72 млрд долларды қаржылай көмек ретінде бөлетінін білдірді. Салыстыру үшін айта кетейік, биылғы ақпанда елімізге келген Мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен АҚШ-тың 5 мемлекетке осындай мақсатпен 25 млн доллар беретінін айтып еді. Қытайда жоғары деңгейдегі келіссөздер мен С+5 жиыны өтіп жатқанда Алматыда Қазақ елінің мұрындық болуымен Орталық Азия –Еуропалық одақ екінші экономикалық форумы ұйымдастырылды. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов атап өткендей, Кәрі құрлыққа жөнелтілетін отандық өнімнің көлемін арттыру көзделіп отыр. Тауар түрі 175-ке дейін көбейіп, экспорт ауқымы 2,3 млрд долларға ұлғаяды. Әлемдегі геосаяси ахуал ушығып, санкция соғысы өршіген бүгінгі дүниеде дипломатия ең тиімді амал болып отыр. Тапқыр шешен айтатын от жаққан орны орыспен ормандас, қытаймен қыраттас, беталыс – бағыты Батыспен де бағдарлас Қазақ еліне бүгінде көпвекторлық саясатпен қатар экономикалық дипломатияға жүгіну – керекті де қажетті қағидат.

Срайыл Смайыл,

экономикалық шолушы

30 қыркүйек, 22:33
Заңсыз қаруды тапсыру – игі іс
30 қыркүйек, 19:47
Мал шаруашылығы – өрісті сала
30 қыркүйек, 16:35
Қазақстан - АҚШ: Инвестициялық ынтымақтастықтың басым бағыттары
30 қыркүйек, 16:04
Түркістан: Жастарға заңгерлік кеңес берілді
30 қыркүйек, 16:03
Түркістан: Қылмыс пен жаза
30 қыркүйек, 13:20
Түркістан: Полиция жастар мен жасөспірімдерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді
30 қыркүйек, 12:55
Назерке Тәнекеева: Қолдау бар. Тек тәуекел етіп, кәсіп бастау керек
29 қыркүйек, 22:52
Су үнемдеудің сәтті тәжірибесі
27 қыркүйек, 16:46
Түркістан: Жан-жақты іс-қимыл - мал ұрлығына тосқауыл