Перзентінің тұсауын Қарақат Әбілдинаға кестіргісі келетіндер көп. Себебі көпшілік әсіресе, қыз балаларының әншіге ұқсағанын қалайды. Қарақат сияқты өмірден өз орнын тапса, көп балалы ана атанса деп ырымдайды.
Stan.kz хабарлағандай, халық тарапынан сұраныс көп болғандықтан, Қарақат арнайы тұсау кесу кештерін ұйымдастыратын орталық ашты. Әнші бұл қадамын ақша табудың амалы емес, қазақтың салт-дәстүрін жаңғырту жолы деп түсіндіреді.
Бір қызығы, Қарақатқа ұл-қызының тұсауын кестіретін ата-аналар перзенттерінің жасын елеп-ескеруді қойған. Мәселен, алматылық тұрғындар қыздары 5 жасқа келгенде тұсауын Қарақатқа кестірді.
Бұл туралы Әбілдина желідегі парақшасында жазды.
“Бүгінгідей мерекеде сонау Жезқазғаннан ниеттеніп келген бұл ботақанға жоқ дей алмадым енді. Тәй-тәй басқан қадамың құтты болсын Айкүміс ботам. Ал келесі құлыншақтың тұсауы 5-жасында кесілді. Ата-анасы ырымдап осылай шешкен екен, қайтем енді. Алматыға барған сапарымда кесіп бердім”, – деді ол.
Желі оқырмандары: “Дардай қыздың тұсауын кескен біртүрлі екен”, – деп пікір білдірді.