Сочи әуежайы. Бірінен соң бірі қонып жатқан әуе кемесі. Толассыз ағылған жолаушы нөпірі. Көбінің беталысы Қара теңіз жағасындағы жайлы да жылы қала емес. Бұл маңнан 50 шақырым жердегі шаңғы тебу орталықтары. Туристік фирмалардың өкілдері оларды жергілікті таксишіге «бұйыртпай», топ-тобымен сырттағы автобусқа қарай әкетіп жатыр. Үстіміздегі күртешедегі жазуды оқыса керек, бір жігіт келіп, өзінің Алматыдан екенін, жер-жердегі әріптестері – әуе диспетчерлерімен келгенін айтты. Біз ұйымдастырушылардың бірі ретінде Халықаралық шаңғышы-журналистер клубының (SCIJ) 67-ші кездесуіне келген қонақтарды қарсы алуға барғанбыз.
Бір кезде қоңырқай жүзді бір әйел күртешедегі жазуды көріп, Hi! Are you from Kazakhstan? (Сәлем! Сіз Қазақстаннансыз ба?) – деп сұрады. Жауапты күтпей, I now Dimash Kudaybergen. He is a great singer! (Мен Димаш Құдайбергенді жақсы білемін. Ол – керемет әнші) – деп бас саусағын көрсетті. Барселона радиосында жұмыс істейтін Тереса Линаспен осылай таныстық. Жасы келіп қалғанына қарамастан өзі сондай ширақ. Алдын ала кетейік, giant slalom (таудан құлдилау) бойынша журналистер арасындағы бейресми әлем чемпионатына бірінші рет қатысқан ол қола медаль иемденіп, жұртты таңқалдырды.
Қазақстан мен Ресей журналистері бірлесе ұйымдастырған SCIJ кездесуінің ашылу рәсімі аяқталар сәтте Тереса сүйікті әншісіне деген құрметін былай білдірді. Ол 26 елден келген 130 журналистің алдына шығып, «Димаш, Димаш!» дегенде бәрі оған қосылып, тау беткейін жаңғыртып жіберді. Шет жерде қазақ өнерінің құдыретін жер-жиһанға мойындатқан даңқты Димаштай бауырымыз бар екенін сезіну бөлек бір ғанибет. Мұндайда кеудеңді еріксіз мақтаныш пен қуаныш сезімі кернейді.
Әлем журналистері күндіз шаңғы теуіп, өзара сайысқа түскен, кешқұрым бас қосып, түрлі тақырыптар төңірегінде мәслихат құрған мекенді «Роза Хутор» деп атайды. Күні кеше Қап тауының қалтарысында жатқан елеусіз мүйіс-тұғын. Курортты басқаратын компанияның өкілі Аркадий Марковтың айтуынша, XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында бұл жерде Балтық өңірінен көшіп келген Адул Рооз есімді эстон мекен еткен. Оның тұрағын жұрт «Рооз хуторы» деп атаған. Кейінірек «Роза Хутор» болып кетіпті. Шаңғы тебетін орынға шындап айналуы 2003-тен бері. Ал тұңғыш халықаралық жарыс 2011 жылы өткізілді. Қазір Ресейдегі әйдік шаңғы курорты. 2014 жылы Сочи қысқы Олимпиадасында қысқы спорт түрлері бойынша жарыстардың елеулі бөлігі осында өтті. Дүбірлі додадан кейін өз аумағын ұлғайтып, шаңғы тебу жолдарының ұзындығын 102 шақырымға жеткізді. Салыстыру үшін айта кетейік. Біздің Шымбұлақта бұл көрсеткіш әлі 25 шақырымнан аспай тұр.
Әділін айтқан жөн, біздің Шымбұлақтың деңгейі Еуропадағы атақты орталықтармен шамалас. Сочимен салыстырғанда қалаға қол созым жерде тұруы, жұмысты ұйымдастыру сапасы, шаңғы жолдарының қысқы маусымға дайындығы, демалушылардың сырғанау мәдениеті, бағаның имантаразы болуы секілді көп критерий осындай ой түюге мүмкіндік береді. Бір ғана кемшін тұсы – өрісін кеңейте алмай жатқаны. Соның салдарынан кейінгі кезде, әсіресе, тауда сырғанауға ден қойған жастардың сұранысын қанағаттандыру қиын болып барады. Аптаның былай қойғанда, жұмыс күндерінің өзінде Шымбұлаққа қарай ағылған жұртта есеп жоқ. Жуырда сырғанауға келген бір әйел кісімен кабинада тілдесіп қалдық. Жұма күні үлгеру үшін Жапониядан арнайы ұшып келіпті. «Соның өзінде келушілер көп екен. Мұнда бос жатқан шатқалдар көп қой. Еуропада мұны пайдаланар еді. Неге басқасын (шаңғы орталығын) салмайды?» – дейді әлгі кісі сұраулы жүзбен. Әңгімеге жастар араласты. Шетте отырған біреуі «Басында Көкжайлауға мен де қарсы болғанмын. Қазір қарап тұрсам, соным дұрыс емес екен. Көкжайлауды салу керек. Шымбұлақ екеуін қосса, сырғанайтын жер анағұрлым көбейер еді» деді. Көпшіліктің көкейіндегі бұл тілек билік басындағыларға жетсе, қанеки! Біз («SCIJ Қазақстан» командасының мүшелері) өз тарапымыздан Көкжайлау сияқты жобалар еске асса, қысқы туризмнің дамитынын айттық. Сочиде көрген-түйгенімізді ортаға салдық.
Әрине, Сочи сияқты жерге тау шатқалын шаңғы тебуге лайықтау, техникалық тұрғыдан күрделі аспалы жол салу, заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін қыруар қаржы қажет. Осы саладағы әлемдік озық тәжірибеге жүгіну керек. Демеуші де табылды. Құрал-жабдығымен мамандар да келді. Сөйтіп, аз уақыттың ішінде қазіргі заманғы талапқа жауап беретін алып спорт кешені салынды. Қонақ үй, сауда-саттық пен тамақтандыру орындары бой көтерді. Туризм кластері өркендеп, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары ашылды. Елдің түкпір-түкпірінен шаңғы мамандары мен нұсқаушылар келді. Бізден барып, сол жердегі шаңғы мектебінде сырғанаудың қыр-сырын үйретіп жүрген мамандар да баршылық.
Айта кеткен жөн, SCIJ Meeting 1977 жылы Бакурианиде (Грузия) өткен басқосуды есепке алмасақ, Ресейде тұңғыш рет өтіп отыр. Айта кеткен жөн, «Роза Хутор» мен «Шымбұлақ» арасында тығыз іскерлік байланыс орнаған. Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америкадан келген журналистер терістік көршіміздегі туризм әлеуеті туралы жан-жақты мағлұмат алды. Елдің мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін танытатын әртүрлі бағдарлама дайындады. Ақпарат құралдарының өкілдеріне Сочи Олимпиадасына арнап салынған спорт нысандарының бүгінде қалай жұмыс істеп жатқанын көрсетті.
«Роза Хуторға» келіп жатқан шетелдіктер арасында яһуди мемлекетінің өкілдері көп. Тель-Авивтен тікелей әуе сапары да бар. Біз Мәскеу арқылы бардық. Қара теңіз жағасына Air Astana және ресейлік Nord Star компанияларының ұшағымен жеткенімізді ризашылымызды білдіре отырып айтқымыз келеді. Кез келген турист мінсіз қызметті бағалайды. Осы тұрғыдан алғанда, ұшағы әлемнің көптеген қалаларына тікелей қатынайтын отандық әуе компаниясының туризмді дамытуға қарымы да әлеуеті мол-ақ. Ұлттық «Қазақтуризм» компаниясының тізгінін білікті менеджер, Шымбұлақты биік белеске көтерген Ержан Еркінбаев ұстағалы саланы бұрынғыдай жеке-дара емес, түрлі мекемелердің ортақ күш-жігерін жұмылдыру арқылы өркендету қолға алынды. Ал бізде көрсететін көрікті мекен де, мақтанатын мүмкіндік те мол.
Бұл Сочиде әйгілі «Рахат» фабрикасының шоколады мен кешегі министр, бүгінгі кәсіпкер Зейнолла Кәкімжановтың Arba Wine компаниясының шарабынан дәм татқан шетелдік журналистердің пікірі. Көрікті жер демекші, «Қазақтуризм» еліміздің түрлі өңірлері бейнеленген роликті көрсетіп, алдағы жылы SCIJ Meeting-ті Алматыда, Шымбұлақта өткізуді ұсынды. Қазақ елінің болмысы мен көркем табиғаты мен баурап алса керек, SCIJ Бас ассамблеясында журналистердің басым бөлігі тағы бір үміткер Словенияға емес, Қазақстанға дауыс берді. Бұл жерде «Роза Хуторда» биылғы кездесуді өткізуге тікелей мұрындық болып, ресейлік журналистермен бірге ұйымдастыру жұмысын жоғары деңгейде жүргізе білген Қазақстан командасы мүшелерінің тәжірибесі де ескерілгенін айтқан артық емес.
Бұйырса, әлем журналистері келер жылы Алматыда, Шымбұлақта бас қосады.
Срайыл Смайыл,
Алматы – Сочи