Қара кемпір

27 мамыр 2022, 12:41

Бала кезден есте қалған қорқыныштың бірі, неге екенін білмеймін, аса мейірімді Күміс апамен байланысты.
Ауылымызда сондай кемпір болған. Өлеңдетіп сөйлегенде, аузың ашылып қалады. Өзгеше бір ырғақпен төпелетеді кеп. Кез келген тақырыпқа. Дүкенге бара жатып та жол бойы ұйқастырып өлең шығарады. Фельдшер система қойғанда былай деп төгіп-төгіп жіберіпті:
– Ақ сиса, қызыл сиса, сиса, сиса…
Мен алып жатырмын капельниса.
Әжей қызық болатын. Оны бәрі жақсы көрді.
Бұйығы ғана, қарапайым тірлік кешті. Жападан-жалғыз. Үш ұлы мен күйеуі соғыста өлген…
Бүкіл мал-мүлкі: мүйізі сынық көтерем ешкі, үш тауық, бір қораз.
Болды.
Ә, сосын иті.
Ит демекші, соның ит боп үргенін естімеппін. Ауылдағы басқа иттер сияқты емес. Мейірімді. Тіпті ит деуге аузың бармайды. Бәріне еркелейтін. «Ит иесіне тартады» деп бекер айтпайды ғой. Күміс апаның жанынан бір елі қалмайды. Оны ешқашан байлаған емес. Сабалақ жүнді, ақсақ. Қақ маңдайында – ақ таңдақ.
Әдетте Күміс апа бақшасында тырбанып жатады. Не ауланың ішінде күйбеңдеп жүреді.
Нан пісіреді. Наны қандай! Пияз қосылған. Сол нанның дәмі таңдайымнан кетпейді.
Әлі көз алдымда.
Күміс апа алдымен бәрін дайындап алады. Қол астында тұрсын деп. Алжапқышын байлап, басына орамалын тағады. Жез тегешке ұн салып, үстіне жұмыртқа жарады. Шөмішпен су құяды. Бәрін араластырады. Лыпылдатып нан илейді.
Мен оның ширақ қимылына арбалғандай, тамыры білеуленген қолдарынан көз алмаймын. Бір кезде нан жая бастайды. Күміс білезіктері сыңғыр-сыңғыр етіп.
Пияз турайды. Неге көзінен жас шықпайды деп таң қаламын. Анамның көзі ылғи жасаурап кететін. Менің де. Бәрінің. Ал Күміс апа былқ етпейді. Ойға шомып, бүкіл дүниені ұмытатындай.
Сосын ол жалпақ табаның түбіне май жағады. Оған таба нанды салады. Саусағымен басып-басып, күндей дөңгелетеді. Қақпақпен жабады.
Аулада от жағады. Ағаш әбден жанып бітті-ау дегенде ауыр ыдысты қақ ортасына қояды. Оттың ыстық табына. Кішкентай қысқышпен шоқ алып, табаның жан-жағына тастайды.
Бітті. Енді тек күту керек.
Көп ұзамай аулада ыстық нанның иісі бұрқырай бастайды.
Кейде ол жеті күлше пісіреді. Кішкентай етіп. Далаға шығып, оны балаларға таратады. Біздің төбеміз көкке жетеді. Оның жеті нан екенін білмейміз. Балаға бәрібір ғой. Әйтеуір, күйсеп алсақ болды. Ал сол нан қандай дәмді еді…
Көршінің қақысымен бір кесе айран ішуге немесе құрт алуға кейде үйіне кіремін. Құрт қораның төбесінде жаюлы тұрады.
Осылай өмір сүріп жаттық.
Бірде ол мені қатты қорқытты. Күміс апа. Шынымды айтсам, өзім қорықтым…
Мамыр айы болатын. Ұмытпасам, тоғызыншы мамыр. Мейрам. Жеңіс күні.
Клубтың жанындағы репродуктордан музыка ұрып тұр. Ара-тұра жергілікті аккордеоншы Қалижан аға марш ойнайды. Оң қолының шынашағын соғыста жұлып әкеткен. Бірақ онысы түк те кедергі келтірмейді. Дарылдатып ойнайды кеп.
Қызыл ту желмен желбірейді. Жұрт көңіл көтеріп, қыдырып жүр. Топ ішінде ардагерлер. Сәнді киінген. Үтіктен жаңа шыққан кәстөмдерінің кеудесі толған орден-медаль.
Сол күні оқушылар өнер көрсетті. Клубта ән айтып, тақпақ оқыды. Лимонад пен бәліш сататын буфетің әне. Шат-шадыман күлкі. Мерекелік көңіл-күй.
Күн тас төбеде. Ыстық болған соң ба, таңдайым кеуіп, қатты шөлдедім. Колонкаға дейін алыс, лимонадқа ақша жоқ. Әдетімше, Күміс апаға кіре салайыншы деп ойладым. Айран ішуге.
Ауласына кіріп, есікті сәл аштым да… сампылдаған дауысын естідім. Біреумен сөйлесіп жатыр екен. Қонақтар шығар деп, аяғымның ұшымен дәлізден өттім. Сығалап есіктен қарадым.
Ал онда…
Қонақ бөлменің ортасында үстел. Әппақ дастархан жайылған. Бауырсақ пен шелпекті шашып тастаған. Кәмпит пен прәндік. Басқа да тәттілер.
Бірнеше кесеге шәй құйылған. Буы шығып тұр. Қаймақ қатқан қою күрең шәй. Қариялар тек осындай шәй ішеді.
Самаурынның жанында Күміс апа. Жүзі бал-бұл жайнайды.
Төбе шашым тік тұрды.
Өйткені…
Өйткені ол жалғыз еді. Үстел басында ешкім жоқ. Ал Күміс апа отыр… әңгіме айтып. Ұлдарының атын атап сөйлейді! Арасында мәз болып күледі. Сықылықтап! Ішек-сілесі қатып!
Өткенде біреудің бақшасына кіріп кетіп, қырыққабатын жеп қойған ешкісі туралы айтады. Көршілердің сол үшін ұрсысқанын. Әлгі ешкінің сүтін кіреңкеге құйып көршілерге апарып бергенін.
– Міне, дедім оларға! – Сылқ-сылқ күледі Күміс апа. – Алыңдар. Міне, кәпөстәң. Ешкі сендерден кешірім сұрап жатыр!
Зәрем ұшты. Жылыстап сыртқа шықтым. Жын қуғандай үйге қарай зымырап келемін.
Құйындатып жеттім де, табалдырықта тұрып:
– Апа! Апа! Анда Күміс апа! – деп бақырдым.
– Не болды?
– Жынданып кетті!
– Немене?
– Жынданып кетті деймін!
– Қалайша?
– Анда жалғыз өзі шәй ішіп отыр!
– Онда тұрған не бар? Іше берсін, – деді анам.
– Қасында ешкім жоқ! – деймін ентігіп. – Өзімен-өзі сөйлесіп отыр!
Анам мұңая жымиды. Ештеңе демеді. Мені өзіне тартып құшақтады да, басымнан сипады.
– Әй, балам-ай, – деп күрсінді. – Отыра берсін. Оған кедергі жасамағаның дұрыс болған.
Содан кейін Күміс апаның үйіне бармайтын болдым.
Сескеніп қалдым.
Бір күні ол далаға жеті күлше алып шықты. Балалар тұра ұмтылды. Күлшені таратып жатып:
– «Тие берсін!» айтуды ұмытпаңдар! – деп ескертті.
Маған да күлше берді.
– Сен келмей кеттің ғой? – деді күлімсіреп.
– І-і, мен… ауырып қалдым, – деп міңгірледім. – Мен өткенде…
Күміс апа әрмен қарай сөйлетпей, құшақтай алды. Төбемнен иіскеп:
– Қорықпа, – деді. – Қорқатын ештеңе жоқ.
Сөзі жүрегіме жылы тигені сонша, сол мезетте бәрін ұмытып кеттім.
Қайтадан айран, ірімшік, құрт алу үшін үйіне бара бастадым…
Бір қыста ол маған арнап шұлық тоқыды. Ешкінің жүнінен. Жып-жылы.
Балалардың ол туралы ойдан-қырдан құрастырып әңгіме айтқаны ұнамайтын.
– Е, жынды ғой ол! – дейтін Нұркен, арамыздағы ересек. – Шын айтам, жынды.
– Сен қайдан білесің? – деймін өзеуреп.
– Оны бәрі біледі, – деп мырс етті Нұркен. – Бірақ айтпайды.
Мұндай кезде төбелескім келеді. Себебі Күміс апаны қорғауға сөзім жетпейді. Бірақ Нұркен менен күшті. Бір жағынан ешкімге зияны да жоқ. Сараң емес.
Бірде Күміс апа ауырды.
Туған-туыстан ешкім қалмаған. Көршілері қарады. Кезектесіп. Бір күні тіпті нашарлап кетті. Көзі онша көрмей, орнынан тұра алмай. Сол кезде Күміс апа ұлын шақырды. Кенжесін. Жәнібекті…
Оның «қара қағазы» ең соңында келген.
Үлкендердің есі шықты. Сенделіп кетті. Енді қайттік?!
Ауылдың зоотехнигі Әшім бұрыштағы сандықты жәймен ашып, ішінен күпәйке алып шықты. Жуыла-жуыла өңі кеткен. Бір кездері Жәнібек соны киіп мектепке барыпты.

Денесі шағын болса да күпәйкеге әрең сыйды. Күміс апаның қасына барып отырды. Жұдырығын аузына апарып, бір жөтелді. Күміс апа селк етті:
– Бұл кім, әй?
Денесін сәл көтеріп, жан-жағын қармады. Ербиген сұлбаға қолын созды. Жеңінен тас қып ұстап алды. Қысып жібермей:
– Жәнібек, – деді толқып. – Жәнібек, балам-ау, кайда жүрсің?…
Содан кейін ұза-а-ақ сөйлесті. «Жәнібекпен». Әлденені айтып, әзілдеп қояды. Тура өткендегі самаурынның жанындағыдай.
Күміс апа сөйлегенде Әшім тапжылған жоқ.
Қозғалуға қорықты. Тек көзінен бір тамшы жас үзіліп түсті де, тікірейген мұртынан сорғалап өтіп, еденге тамды.
Сәлден соң Күміс апа әлсіреді. Қолын босатты.
– Жарайды, – деді. Көңілі орнына түскендей. – Мен болдым. Сен маған қарама, бара бер.
Әшім орнынан тұрды. Ақырын басып аулаға шықты. Дірілдеген қолымен темекісін тұтатты.
… Күміс апаны бүкіл ауыл болып жерледі. Шал-шауқан «Қара кемпір жақсы кетті» десіп жатты. Күміс апаны бізде солай атайтын. Өз төсегінде өлді. Басқа жақта емес. Ел-жұртының ортасында. Содан шығар, күлімсіреген күйі дүниеден озды.

Ермек Тұрсынов,
жазушы, кинорежиссер

Бүгін, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
Бүгін, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады