Қанат Жолдықараев: Түркістандық жастардың зор жетістікке жететініне бек сенімдіміз

27 шiлде 2023, 13:37

Түркістан облысындағы жастар саясатының бір бағыты – жас өркеннің спортпен айналысуына, салауатты өмір салтын ұстануына жан-жақты жағдай жасау. Осы орайда біз Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жарылқапұлы Жолдықараевпен сұхбаттасқан едік. Әңгіме барысында салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спорттық дамуына түркістандық жастардың қаншалықты үлес қосып жатқанын сұрадық.

– Жастар саясатының қарқын алуына спорт саласының да қосар үлесі зор. Сұхбатымыз осы тақырыпта өрбитіндіктен, алғашқы сауалды облыс әкімдігінің спорт саласын көтеруге қосып жатқан үлесіне қатысты қойсам деймін. Жергілікті басқарушы органның осы салаға жанашырлығын айтсаңыз.

— Жалпы облыс спортшыларының, оның ішінде жастардың спорт түрлері бойынша республикалық және халықаралық жарыстарда жеткен жетістіктеріне облыс әкімдігі тарапынан көрсетіліп отырған қолдауы өте жоғары. Қашанда қамқорлығын аяған емес. Өңірде спорттық нысандардың салынуына да тікелей себепкер болған Түркістан облысының әкімдігі дер едім.

– Түркістандық жастардың спортпен шұғылдануына қандай жағдай жасалған? Жастар саясатының жүйелі жолға түсуіне мұның да тигізер үлесі қомақты емес пе?

– Бұқаралық спортты дамытудың ажырамас бөлігі балалар мен жасөспірімдерді дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға тарту болып табылады. Бұл өскелең ұрпақтың толыққанды дамуына ықпал етеді және денсаулықты нығайтуға, қозғалыс біліктері мен дағдыларын жетілдіруге бағытталған. Балалар мен жасөспірімдерді дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға тарту да жоғары санатты спортшыларды даярлау үшін елдің спорттық резервін тәрбиелеу де негіз болып табылады.

Спорт саласында облыс бойынша 100 мемлекеттік спорт мекемелері мен мемлекеттік-жекешелік әріптестігі кәсіпорындары жұмыс істейді.
Аталған спорт мекемелерінде спорттың 61 түрі дамытылып, онда 2426 бапкер 58 574 баланы жаттықтырады.
Облыс тұрғындарының, жастардың салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен тұрақты түрде шұғылдануына ықпал жасау мақсатында 4674 спорт ғимараттары жұмыс істеп тұр. Қазақстан Республикасы Үкіметі тарапынан қолдау тапқан Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, 2022 жылы облыс аумағында дене шынықтыру және спорт саласына бағытталған нысандарының құрылыс жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр.

– Облыстың бөлініп, киелі Түркістанның орталық болғанына да бес жылдан асты. Облыс спортының қазіргі жай-күйі қалай? Ел болашағы жастардың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасалып жатыр ма?

– Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылдың 19 маусымдағы №702 Жарлығына сәйкес, облыс орталығы Түркістан қаласы болып Түркістан облысы ашылғанына 5 жыл толып отыр. Осы жылдар аралығында облыс әкімдігі облыстың 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын дайындап, Үкімет қаулысымен бекіттіріп алды. Бұл қаулыда дене шынықтыру мен спорт спорттың жағдайы да ескеріліп, бірқатар спорт нысандарын салу көзделіп отыр және бірқатары салынып, пайдалануға берілді. Атап айтқанда: Облыс орталығы Түркістан қаласында осы уақытқа дейін, 7,0 мың орындық «Түркістан-Арена» стадионы, «Олимпик Центр» спорт кешені, «Мұз Сарайы», «Теннис Орталығы», Түркістан қаласы аумағында 40,0 шақырымнан астам вело және жүру жолдары салынды. Сондай-ақ, спортпен таңертең, кешке шұғылдануға мүмкіндік беретін ойын алаңшалары мен саябақтар күнделікті жұмыс істейді. Түркістан облысындағы 2 миллионнан астам тұрғынның, соның ішінде жастардың да дене шынықтыру және спортпен айналысуына мүмкіндік өте зор. Барлық жағдай жасалып жатыр деп сеніммен айта аламыз. Облыс әкімдігі де халқымыздың бірінші байлығы — денсаулығының жақсаруына бірден-бір себеп спорт екенін жете біледі, әрі соған сай лайықты көңіл бөліп, қолдау да көрсетіп келеді.

– Алда Париж жазғы Олимпиадасы тұр. Облыс спортшылары қанша жолдама иеленеді деп үміттенесіздер?

– Париж қаласында (Франция) 2023 жылдың 26 шілдесі мен 11 тамызы аралығында өтетін жазғы Олимпиада ойындарына қатысуға спорттың тоғыз түрі бойынша Түркістан облысының үміткер 11 спортшысы күнделікті оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп, алдағы өтетін лицензиялық жарыстарға дайындалуда. Олимпиада ойындары спорттың шыңы болып табылатындықтан біздің облысымыздың спортшылары барынша көп лицензия алу үшін тиісті жұмыстар тұрақты атқарылып жатыр.

– Жастар арасында боксшы Махмұд Сабырхан сынды таланттар өсіп келе ме?

– Біздің облысымыздың спортшылары әрқашан әлемдік деңгейдегі жарыстарда еліміздің көк туын асқақтатып келеді. Қазіргі таңда жас буын спортшыларымыз үлкен нәтижелерге қол жеткізуде. Атап айтатын болсақ: бокста — Төрехан Сабырхан, Бақтияр Анарбаев, Ахмет Үсен сияқты спортшыларымыз — Азия чемпионатының жеңімпаздары. Әйелдер боксынан Аида Сарибарова, Гауһар Шайбекова Азия чемпионатының жүлдегерлері атанды. Әйелдер күресінен жас спортшы қызымыз Нулифар Райымова — Әлем және Азия чемпионатының жеңімпазы, Ауыр атлетиткадан жас спортшымыз Омаров Ерасыл — Әлем және Азия чемпионатының жүлдегері. Сол секілді спорттың барлық түрінен жас спортшыларымызға үлкен мақтаныш әрі зор сеніммен қарап отырмыз. Осы жастарымыз өсіп, келешекте еліміздің намысын байрақты бәсекелерде қорғайтын спортшыларға айналатынына бек сенеміз.

– Салауатты өмір салтын ұстанатын жастардың қатары қаншалықты?

– Облыста 2022 жылдың қорытындысымен 4-18 жас аралығында 719 465 адам тұрса, соның 398 981 бала (62 178 адам аудандық, қалалық, облыстық спорттық ұйымдарда шұғылданса, 336 803 бала жалпы білім беретін мектептердегі спорттық секцияға тартылған) спортпен тұрақты түрде шұғылдануда. Бұл 4-18 жастағы шұғылданушылардың 55,4 пайызын құрап отыр.

– Облыста бұқаралық спорттың дамуы қандай деңгейде?

– Қазақстанның дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясатының маңызды бағыттарының бірі – бұқаралық спортты дамыту. Халық арасында бұқаралық спортты насихаттау салауатты ұлтты қалыптастырудың кілті болып табылады.
Түркістан облысында дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар саны 871 673 адамға жетіп, бұл облыстағы жалпы халықтың 40,95 пайызын құрап отыр. Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарына сәйкес 2025 жылға 50 пайызға жеткізу жоспарланған.
2023 жылғы бекітілген жоспарға сәйкес, облыс аумағында 1113 бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізіліп, оған 160 845 адам қатысса, оның ішінде, ауылдық жерде 849 іс-шара өткізіліп, 99 742 адам қамтылды.
Бұқаралық спортты дамыту мақсатында 11 аудан, қалаларда 16 спорт клубтары ашылды. Онда 317 жаттықтырушы 9201 адамның тұрақты түрде спортпен шұғылдануына бапкерлік қолдау көрсетіп отыр.

– Марқұм Бекзат Саттархановтан кейін Түркістан облысының спортшыларына жазғы Олимпиада ойындарының алтын медалі бұйырмай келеді. Осы олқылықтың орны қашан толады деп ойлайсыз? Тек бокстан ғана емес, басқа спорт түрлерінен де бұл жағы олқы соғып тұр.

– Дұрыс айтасыз, Қазақ елінің бағына туған Бекзат Саттархановтай алтын ұлдың Олимпиада алтынын олжалағанына да 23 жыл болды. Одан кейін түркістандық боксшылар жазғы Олимпиада ойындарының жеңіс тұғырына көтеріле алған жоқ. Олқылығымызды алдағы уақытта бүтіндейтін талантты жастар өсіп келе жатқаны қуантады. Жоғарыда атап өткенімдей, біздің облысымыздың жеке бөлініп шыққанына бес жылдың жүзі болды. «Балапанды күзде санайды» демеуші ме еді, спорттағы орасан жетістіктерге түркістандық жастар алдағы уақытта қол жеткізетініне бек сенімдіміз. Соған сай бар күшімізді салып еңбек етіп келеміз.

Бекзат Саттархановтың жеңісті жолын жалғайтын жастарымыз бар, үмітімізді үзбейік. 2021 жылы Токиода өткен Олимпиада ойындарында жерлесіміз Сәкен Бибосынов Бекзат ағасының жеңісін қайталауға бір қадам жақын болды, алайда сәл ғана сәттілік жетіспеді. Қазіргі таңда біздің спортшыларымыз 2023 жылдың 23 қыркүйегі мен 08 қазан аралығында өтетін Азия ойындарына дайындық жұмыстарын жүргізуде. Азия ойындарында нәтижелі өнер көрсеткен спортшыларымыз 2024 жылы Париж қаласында өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алады деп сенемін.

— Түркістан жеке облыс болғалы қандай халықаралық турнирлерді қабылдады, келешекте қандай маңызды додаларды өткізеді?

— 2022 жылы Түркістан қаласында алғаш рет қазақ күресінен ересектер арасында «Тұран Барысы» Азия кубогі халықаралық жарысы өтті. Аталған жарысқа түркі тілдес мемлекеттер — Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Мажарстан (Венгрия) қатысты.
Жыл сайын Түркістан қаласында дәстүрлі халықаралық жарыстар ұйымдастырылып, өткізіліп келеді. Олар: Бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы, ҚРЕССШ Б.Саттархановты еске алуға арналған халықаралық турнирі; бокстан ересектер арасында КСРО СШ, ҚРЕСЖ Ә.Нұрмахановты еске алуға арналған халықаралық турнирі; грек-рим күресінен КСРО-ға еңбегі сіңген жаттықтырушы Х.Аққалиевті еске алуға арналған республикалық турнирі; қазақ даласының батыры Қажымұқан Мұңайтпасовты еске алуға арналған қазақ күресінен халықаралық турнирі; еркін күрестен жастар арасында Совет Одағының Батыры, генерал-майор Сабыр Рахымовты еске алуға арналған халықаралық турнир.

– Әрине, қысы жайлы өңірде қысқы спортты қарқынды дамыту әсте мүмкін емес, дегенмен де елімізде кенжелеп қалған қысқы спорттың өркендеуіне Түркістан облысының спортшылары қаншалықты үлес қосып келеді?

– Осы жылдың маусым айында «Мұз сарайы» спорт кешені ашылды. Түркістан қаласы мен облыс тұрғындары үшін қысқы спортты дамыту мақсатында аса маңызды спорт нысаны болып отыр.
«Мұз сарайы» спорт кешені 1200 адамға арналған. Қыс мезгілі ұзаққа созылмайтын Түркістан өңірінде спорттың қысқы түрлері, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, шайбалы хоккейді жастар мен жасөспірмдер арасында дамыту арқылы, спорттың жоғары жетістіктері мен бұқаралығын арттырамыз деген ойдамыз.

— Әңгімеңізге рахмет!

Қуаныш Нұрданбекұлы

30 қыркүйек, 22:33
Заңсыз қаруды тапсыру – игі іс
30 қыркүйек, 19:47
Мал шаруашылығы – өрісті сала
30 қыркүйек, 16:35
Қазақстан - АҚШ: Инвестициялық ынтымақтастықтың басым бағыттары
30 қыркүйек, 16:04
Түркістан: Жастарға заңгерлік кеңес берілді
30 қыркүйек, 16:03
Түркістан: Қылмыс пен жаза
30 қыркүйек, 13:20
Түркістан: Полиция жастар мен жасөспірімдерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді
30 қыркүйек, 12:55
Назерке Тәнекеева: Қолдау бар. Тек тәуекел етіп, кәсіп бастау керек
29 қыркүйек, 22:52
Су үнемдеудің сәтті тәжірибесі
27 қыркүйек, 16:46
Түркістан: Жан-жақты іс-қимыл - мал ұрлығына тосқауыл