«Қамшымен» ұруға болмайды, ендеше «күлше» берейік

15 қазан 2021, 11:43

Көшедегі жарнаманың қазақшасына көңіл тола ма? Сауатты ма? Мағынасы түсінікті ме? Біз бұған үзілді-кесілді «ЖОҚ!» дейміз. Тіл мамандары қанша дабыл қаққанымен, ақсақ аударма әлі де үстем. Бұл өзі қашан түзеледі? Осы олқылықтарды реттейтін жауапты мекеме бар ма? Неге жарнамада қазақ тілі қашан көрсең де «сүмірейіп тұрады»? Jas qazaq осы және өзге де сауалдарды Алматы қаласы Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығы басшысының міндетін атқарушы Бақыт Қалымбетке қойды.

Jas qazaq: Көшедегі жарнамалардағы орашолақ аудармаларға тоқтау қойып, тыйым салатын, тіпті жауапқа тартатын тәртіп орнатуға болмай ма? Біздің елде тіл туралы заң бар, соған өзгеріс енгізіп, осындай қатаң талап қойылмаса, бұл жағдай қайталана беретін шығар?

Б.Қалымбет: Иә, тіл мәселесіне келгенде көптің көзіне ең бірінші түсетіні, назарына ілігіп, наразылығын тудыратыны – көшеге ілінген жарнамалардың қазақша нұсқасы.

Жарнаманың тілі «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның «Деректемелер мен көрнекi ақпарат тiлi» деп аталатын 21-бабымен реттеледі. Осы бапқа қазір өзгертулер мен толықтырулар енгізілгелі жатыр. Кеше ғана ол туралы заң жобасы Парламент Мәжілісінде екінші оқылымда мақұлданып, Сенаттың қарауына жолданды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 75-бабында Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық белгіленген.

Жақында республикалық деңгейде осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіру туралы үлкен жиын өтті. Тіл туралы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету мәселесі жан-жақты талқыланды. Өңірлердегі жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар берілді.

Қазақстан Республикасы «Жарнама туралы» Заңының 17-2-бабында жергілікті атқарушы органдар өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратыны, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңнамасын бұзушылықты жою туралы орындалуы міндетті нұсқамалар беретіні көрсетілген.

Алматы қаласында жарнама саласын мемлекеттік тұрғыда реттеу Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының құзіретіне берілген. Алматы қаласы әкімдігінде жарнама мәтінін қарап, қатесі болса түзетіп, келісім беру тәжірибесі бұрыннан бар. Сондай ішкі тәртіп белгіленген. Содан кейін ғана тиісті мемлекеттік мекеме жарнаманы орналастыруға рұқсат береді. Ал әкімдіктегі мемлекеттік қызметші мамандар жарнама мәтінінің қазақшасын қарап, қатесін түзетуге қаншалықты қабілетті? Ол бөлек мәселе. Дегенмен бұл жұмысқа барынша осы іске бейімі бар мамандарды тартуға тырысамыз. Кейде көп болып ақылдасып, кеңесіп, келісіп шешіп жатамыз.

Мысалы, жұмыс тәжірибемізде жарнама мәтініндегі орысша «умные люди» сөз тіркесінің «ақылды адам» деген нұсқасы «есті кісі» деп өзгертілді. Тағы бірде автокөліктің қысқы дөңгелектерін жарнамалаған «Зима под контролем» – «Қыс бақылауыңда» деген нұсқа «Қыс құрығыңда» деп түзетілді. Мұндағы мақсатымыз – сөз байлығы жағынан, образды түрде ойлау тұрғысынан кез келген тілмен терезесі тең түсетін қазақ тілінің мол мүмкіндігін кеңінен насихаттау, күш-қуаты мен әлеуетін көпшілікке таныту. Осылайша, кәсіпкерлердің өзінің белгілі бір қызметін немесе тауарын жарнамалау мақсатына мемлекеттік тілдің мүддесін де қосып жіберуіміз керек. Кез келген қазақша жарнама қазақтың сөз байлығын, көркем тілі мен көрікті ойын да жарнамалап тұруы тиіс.

Осы ретте дау туғызып жүрген бір мәселе бар. Қолданыстағы заңнамада деректемелер мен көрнекі ақпараттың, жарнаманың, тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет), сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы ақпараттың қазақ тілінде болуы қажеттігі туралы норма белгіленген. Алайда заңнамада ақпараттың мемлекеттік тілдегі (басқа тілдегі де) мәтінінде грамматикалық және орфографиялық қателерге жол беруге болмайтындығы туралы нақты норма қарастырылмаған. Мұндай кемшіліктер үшін кімнің кімді және қалай жауапқа тарта алатындағы көрсетілмеген.

Бір мысал келтіре кетейін. Еліміздегі бір танымал банктің түбіртегіндегі қазақша мәтініндегі қателерге байланысты жеке азамат банкті сотқа береді. Аудандық сот «ешқандай заң бұзушылық жоқ» деген шешім шығарады. Қазақ тіліндегі мәтін қып-қызыл қате болса да. Шағым иесі ол шешімге қанағаттанбай, қалалық сотқа жүгінеді. Қалалық сот, мәселені өршітпейін деген болуы керек, «заң бұзушылыққа жол берілген» деп, жауапкер банк тарапынан талапкерге 50 мың теңге моральдық өтемақы төлеуге шешім шығарады. Банк тарапы шешіммен келіспейді. «Қай заңның, қай бабының, қай тармағын бұзғанымыз нақты көрсетілсін» деген қарсы шағым жазады. Себебі қолданыстағы тіл туралы заңнама талабы сақталған. Қате болса да, түбіртектің қазақша нұсқасы бар. Біз бұл мәселені орталық уәкілетті органдардың қарауына ұсындық. Олар өз кезегінде қазір осы бағытта жұмыс істеп жатыр.

Jas qazaq: Тілді шұбарлау шаруасы ертеден айтылып келеді. Біз жарнама мәтіндеріндегі ақсақ аударманы қазақ тілін келемеждеу, тіпті қорлау деп есептейміз. Жарнама мен көрнекі ақпараттардың қате болу себебін түсіндіріп берсеңіз.

Б.Қалымбет: Бұл жердегі ең негізгі қателік – жарнама жасаушы азаматтардың орыс тілінде жасалған дүниені «калька әдісімен» қазақшаласақ болды деп түсінуінде. Тіл туралы заңнама талаптарын сақтап, қазақ тіліндегі аудармасы болуы қажет дейді де, соны аудара алады-ау деген адамға жасата салады. Бірақ көп ретте ол дұрыс шықпай жатады. Кейде тіпті бұл шаруа телефон арқылы бітеді. Телефонның ар жағынан дұрыс айтылған сөз бергі жақта қағазға қате түседі.
Жарнаманың ұранын (слоганын) аудару шығармашылық ой мен қабілетті қажет ететін жұмыс. Кез келген жарнаманың ұтымды мәтіні – ақыл-ой еңбегінің жемісі. Ол кез келген адамның қолынан келе бермейді. Оны қазақ тілін әдеби деңгейде терең меңгерген, сонымен қатар орыс тілін де жетік білетін, шығармашылық дарыны бар кісі ғана жасай алады. «Шымшық сойсаң да, қасапшыға сойғыз» деген бар. Ал оған енді өз кезегінде тиісті деңгейде ақы төлеу қажет. Кәсіпкерлер бір жарнамасын ілу үшін қыруар қаржы жұмсай отырып, оның қазақшасын жасатуға бір тиын шығарғысы келмейді. Жарнаманы қазақша сөйлетуге қабілет-қарымы жететін кәсіби білікті мамандарды жұмысқа алмайды, іздемейді. Сондықтан да жарнама мәтінін қазақшалаумен кейде «көлденең келген көк атты» кездейсоқ адамдар айналысып кетеді. «Арзанның сорпасы татымайды» дейді қазақ мұндайда. Бар гәп осында.

Біз бір нәрсені ащы да болса, ашық айтуымыз керек. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі қағажу көрген жерде, қазақ тілді кадр қағажу көреді. Қазақ тілі шеттетілген жерден, қазақ тілді маман да шеттетіледі. Мемлекеттік тілде жасалуы тиіс жұмысқа ақы төленбей жатса, мемлекеттік тілде жұмыс істей алатын ұлттық кадрларымыз тиісті еңбекақыдан қағылады.

Jas qazaq: Ана тіліміз, мемлекеттік тіл мәртебесіне ие қазақ тілінің мүшкіл жағдайын отыз жылда түзей алмауымыздың кілтипаны өзімізге келіп тірелетін сияқты. Сіз осымен келісесіз бе?

Б.Қалымбет: Бұл жерде расында да бәрі өзімізге байланысты. Қоғамның кез келген мүшесі өз орнында, өз деңгейінде мемлекеттік тілдің мүддесіне қызмет етіп, мемлекеттік тілді қолдануға мүдделі болған күнде ғана мемлекеттік тілдің мәселесі шешілмек. Тіл мәселесіне тиісті мекемелер мен сондағы жұмыс істейтін қызметкерлер, қазақ тілді журналистер, ақын-жазушылар мен өнер адамдары және сол сияқтылар ғана жауапты деген қате түсініктен арылуымыз қажет.

Осыған қатысты бір мысалды кезінде Ақселеу Сейдімбек ағамыздан естіп едім. Ташкенттегі ет дүкені. Бір топ кісі кезекте тұрады. Қасапшы – өзбек. Алушылар арасында ұлты орыс бір қария бар екен. Қарияның кезегі келіп, өзбек қасапшыдан орыс тілінде ет сұрайды. Ал қасапшы әлгі кісіні естімеген, көрмеген кейіпте, одан кейінгі тұрған кісіге қызмет көрсетіп кетеді. Ешкім ешкімге дауыс көтермейді. Ешкім ешкімнің намысына тиетін сөз айтпайды. Еріксіз шетке шығып қалған қария кезекке қайта тұрып, бірер минуттан кейін кезегі келгенде өзбекше тіл қатыпты дейді. Сонда бар жұмысы ет шауып, ет сатушының өзі өзбек тілінің мүддесіне қызмет етіп, бір еттің кезегінде бір кісінің екі ауыз өзбекше үйреніп кетуіне қажетті жағдай туғызып тұр. Бұл кешегі кеңес заманындағы болған оқиға. Осы әңгімені естігенге дейін ертеректе мұндай жағдай менің өз басымнан да өтті. Сол Ташкентте өзбекше білмейтініме қысылып, шатып-бұтып орысша сөйлегенім бар. Дәл жоғарыдағыдай елемей қойған фототауар сатушы өзбек әйелі кезектегілер кетіп, екеуіміз ғана қалғанда «қазақсың ба, қазақша айта берсейші» деген еді.

Бүкіл қоғам жұмылып жұдырық болып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, білек сыбана кіріскенде ғана оң нәтиже болмақ. Әйтпесе, қабылданған заң, бекітілген бағдарлама, шыққан қаулы, құрылған мекеме, бөлінген қаржы – бәрі қауқарсыз екеніне осы уақытқа дейін көзіміз жеткен сияқты.

Jas qazaq: Өзге ұлт өкілдерінің арасында ана тілімізді, қазақ тілін үйренгісі келетіндер баршылық. Солардың насихаты жеткілікті жағдайда жүзеге асырылып жатыр ма?

Б.Қалымбет: Қазақ тілін үйренгісі келетіндер, үйреніп жүргендер көп. Ал үйренейін десек, дұрыс әдістеме жоқ, дұрыс оқулық жоқ дегендердікі жай әншейін қырық сылтау. Іздеген адамға әдістеменің де, оқулықтың да түр-түрі бар. Арнайы онлайн курстар да бар. Интернетке кірсеңіз де толып жатыр.

Бір кездері білесіздер, мемлекеттің есебінен қыруар қаржы бөлініп, мемлекеттік тіл оқыту орталықтары, қазақ тілін үйрету курстары ашылды. Бірнеше жыл қазақ тілінің курсына қатысып, бір ауыз сөз үйренбей кеткендер де болды. Сол орталықтардың кейбірі қазір жабылды, кейбірі әлі бар. Бүгінде Алматы қаласында ол жоқ. Шын мәнінде, ойлап қарасаңыздар, оның керегі де жоқ. Қазақша үйренемін деген кісіге қиын емес. Ең бастысы, қазақ тілді орта бар, қазақ тілді кеңістік, қазақ тілін тұтынушы тұтас халық бар. Айналаның бәрінде қазақша ақпарат қаптап тұр.

Біз кезінде орыс тілін қалай үйрендік, қазір де қазақ тілін дәл солай үйрену қажет деп ойлаймын. Институттан кейін ауылда мұғалім болып жүріп аудандық комитетке қызметке ауыстым. Ондағы жұмыстың бәрі, жазылатын құжаттың бәрі орысша екен. Өзімнің орысшам өзіме белгілі. Содан күндіз-түні орысша кітап оқып, кез келген жерде орысша сөйлеп, орыс тілін үйренуге мәжбүр болдық. Өйтпесең, қызметің өспейді, қызметің өспесе, жалақың өспейді. Намысқа тырысып, тыраштануға тура келді. Бұл менің алдымдағы аға-апаларымның да, қатарларымның да барлығының басынан өткен жағдай. Қазір қазақ тілін білсем деп тыраштанып жүргендер көп байқалмайды.

Мұның қарапайым ғана шешімі – қазақ тілін күнкөріс көзіне, жоғары дәрежелі лауазымға орналасу, жоғары мөлшерде жалақы алу тетігіне айналдыру қажет. Мемлекеттік тілді білу талабын азаматтарды тіліне қарай кемсіту немесе жеке басының құқығын шектеу емес, қызметкерге қойылатын кәсіби біліктілік талабы деп түсіну керек. «Қамшы немесе күлше» дейді. «Қамшымен» ұруға болмайды, ендеше күлше беріп көрейік.

Бірінші кезекте мемлекет қаржыландыратын мемлекеттік мекемелерден бастасақ. Мысалы, мемлекеттік мекеменің екі қызметкерін алайық. Бірі – қазақ тілді маман да, екіншісі – орыс тілді маман. Қазір мекеменің бәрінде жұмыс та, іс қағаздары да екі тілде жүргізіледі. Бірінші маман қазақ тілінде де, орыс тілінде де жұмыс істей алады. Өйткені қазақтілділердің орысша білмейтіні кемде-кем. Ал екінші маман тек орыс тілінде ғана жұмыс істейді. Оның мемлекеттік тілде атқаруы тиіс жұмысының бәрін бірінші маман істейді. Екеуінің алатын айлық жалақысы бірдей. Бұл әділетсіздік емес пе? Осы ретте ағылшын тілін білетін мамандар қажет жердің бәрінің жалақысы жоғары екенін бәріміз білеміз. Бұл заңды да. Өйткені оның кәсіби біліктілігінің деңгейі тілдерді меңгеру тұрғысынан келгенде өзгелерден жоғары. Сол секілді, мемлекеттік тілді меңгерген мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі де жоғары бағалануы тиіс. Ол үшін қосымша қаржы да қажет емес, бәрін сол мекеме қызметкерлерінің жалақысына бөлінген қаражаттың шегінде шешуге болады. Бірінші маманға екінші маманның есебінен үстемақы беріліп, айлық жалақы көбірек шығады да, екіншісіне белгіленген мөлшерден азырақ жалақы беріледі. Осындай тәсілді тиісті органдар заңдастырып, тәжірибеге енгізсе дейміз. Ал бұл ең ары кетсе, алты айға созылуы мүмкін. Өйткені екінші маман да ешкім қамшыламай-ақ, есесін жібермеудің қамын жасайды. Қазақ тілді әріптесіне ауыртпалық салмай, қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, өз қотырын өзі қасып, өзіне тиесілі еңбекақысын алатын болады.

Jas qazaq: Қазақ тілінің дамуына үлес қосып жүрген қоғам белсенділерін, тіл жанашырларын да «жау көре бермей», керісінше, қолдау көрсетуіміз керек қой. Бізде ұлттық құндылықты қорғап сөйлесең, ұлтшыл атандырып жіберу тым оңай болып кеткендей. Бұған не айтар едіңіз?

Б.Қалымбет: Қоғамдағы тілдік кеңістік деген ұғым бар. Осы тілдік кеңістіктегі қазақ тілінің – мемлекеттік тілдің орны неге аз? Сіз айтып отырған қоғам белсенділері мен тіл жанашырлары осы бір өзекті мәселені қозғап жүргендер. Ниеттері дұрыс. Тілектері орынды. Алайда сол дұрыс ниеттері мен орынды тілектерін жеткізудің тиімді жолын таппай жүргендей көрінеді маған. Сондықтан да ұстараның жүзіндей өткір мәселеде өрелері жетпей, абайсызда қолдарын кесіп алып, ұлтшыл атанып жатқан жайлары бар.

Мысалы, олар дүкендегі орыстілді сатушыға келіп қазақша жауап беруді талап етеді. Ал ол қазақша білмейді. Екі жақ бір-біріне дауыс көтеріп, бірін-бірі кінәлай бастайды. Біріншісі мемлекеттік тілді менсінбейсің дейді, екіншісі сен ұлтшылсың дейді. Шын мәнінде, солардың қазақ тілін білмегеніне біз өзіміз, қазақтілділер ғана кінәліміз. Осыған дейін әлгі сатушының алдына келіп 999 қазақ сауда жасады. Бірақ соның біреуі де онымен қазақша тілдескен жоқ. Орыстілді екенін көрді де орысша сөйлесті. Мыңыншы қазақ келеді де қазақша қызмет көрсетуді талап етеді. Дәл сол жерде қылғынып құлап қалсаң да, ол саған қазақша қызмет көрсете алмайды. Соны біліп тұрып, артық айтсам айып етпеңіздер, бетбақтыққа барамыз. Бұл енді қарапайым адамгершілікке де, қоғамдық ортадағы мәдениеттілікке де жатпайды.

Белгілі саясаткер Дос Көшім ағамыз айтқандай, «ол өзі білетін тілде сөйлеп тұра берсін, сен өз тіліңде сыпайы ғана сөйле де, алатыныңды алып, шығып кет». Неге менің тілімді білмейсің деп жеккөрінішті болғанша, өз ісіңмен ой салып кетесің. Тоғыз жүз тоқсан тоғызымыз осылай істесек, мыңыншы бауырымызға ешқандай мәселе қалмайды.

«Орыстілділер отырған жерде орысша сөйлеу – оларға жасалған достық емес, керісінше, ешқашан қазақ тілін үйренбесін деген қастық» дейді тағы да Дос ағамыз. Біздің бағымыз да, сорымыз да сол орыс тілін білетіндігімізде. Мысалы, біз қазақ тілін білмейтін адаммен тілдескенде ол тіл білмейтіндігіне еш қысылмайды. Ойын орысша еркін айта береді. Өйткені ол сенің орысшаны түсініп тұрғаныңа 100 пайыз сенімді. Ал енді қазақ тілді кісі оның қазақ тілін білмейтінін көріп, өзінен-өзі орыс тілінде сөйлеп кетеді. Осы жерде қазақ тілінің мүддесін біз өзіміз құрбандыққа шаламыз. Содан келіп, барлығы орыс тілін білуге, сөйлеуге міндетті, ал «қазақ тілін білмесе де болады» деген сияқты қате түсінік қалыптасуына жол береміз.

Jas qazaq: Ертеректе өзіңіз де білесіз, көркемдік кеңес деген ұйым болды. Әсіресе радиода. Эфирден берілетін әндердің мәтінін, сазын, аранжировкасына дейін талқылауға салып, қатаң сүзгіден өткізіп қана тыңдарманға жіберетін. Қазір сол жоқ қой?

Б.Қалымбет: Иә, арзанқол кинофильмдер, қаптап кеткен мағынасыз әндер қазір эфирді жаулап алды. Әуенін айтпағанда, кейбір әннің мәтінін мәтін деуге келмейді. Мені таңқалдыратыны – сол мәнсіз, мағынасыз әндер, оның орындаушысы жастар арасында танымал. Олар өлең емес, өлеңдерді жатқа айтып жүреді. Абай атамыз «сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деген. Тыңдаушы талғамының өскенін қалады. Қазір кейбір түсіріліп жатқан фильмдер де, айтылып жатқан әндер де көрермені мен тыңдаушысының талғамын өсіруге емес, өшіруге бағытталғандай көрінеді. Негізі мәдениет, әдебиет пен өнер туындысы қалай болғанда да өз тұтынушыларының жоғары талғамына арналуы тиіс. Сондықтан да бұрынғыдай көркемдік кеңестер керек-ақ. Қазіргі коммерциялық арналар ақысы төленсе, кез келген нәрсені көрсете береді. Ақша деген құндылық алдыңғы қатарға шыққан уақыт.

Мысалы, бізде санэпидемиологиялық бақылау және қадағалау деген сала бар. Оның көп қызметінің бір саласы халық тұтынатын азық-түлік тауарларының, қоғамдық тамақтандыру орындарындағы тағамдардың оны тұтынушылардың денсаулығына, ағзасына қаншалықты қауіпті емес екенін тексеріп, құрамына сараптама жүргізіп тұрады. Тағам – тән азығы десек, өнер туындысы – жан азығы. Біз тән азығының ағзамызға қауіпсіздігін қадағалаймыз да, ал жан азығына ешқандай бақылау жасамаймыз. Жаны сау емес адамның, тәнінің саулығынан қоғамға да, отбасына да, өзінің жеке басына да пайдасы шамалы. Сондықтан мемлекет тарапынан халықтың тән саулығы қаншалықты қадағаланса, жан саулығы да соншалықты жіті бақылауда болуы керек.

Jas qazaq: Уақыт тауып, бізге сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан Мақпал Ноғайбаева

30 қыркүйек, 22:33
Заңсыз қаруды тапсыру – игі іс
30 қыркүйек, 19:47
Мал шаруашылығы – өрісті сала
30 қыркүйек, 16:35
Қазақстан - АҚШ: Инвестициялық ынтымақтастықтың басым бағыттары
30 қыркүйек, 16:04
Түркістан: Жастарға заңгерлік кеңес берілді
30 қыркүйек, 16:03
Түркістан: Қылмыс пен жаза
30 қыркүйек, 13:20
Түркістан: Полиция жастар мен жасөспірімдерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді
30 қыркүйек, 12:55
Назерке Тәнекеева: Қолдау бар. Тек тәуекел етіп, кәсіп бастау керек
29 қыркүйек, 22:52
Су үнемдеудің сәтті тәжірибесі
27 қыркүйек, 16:46
Түркістан: Жан-жақты іс-қимыл - мал ұрлығына тосқауыл