
Жақында қолыма тиген бірнеше әдеби-сын және әдеби танымдық кітаптарды, әдеби газет, журналдарда жарияланған сын мақалаларды шолып шықтым. Көңілге сенім ұялататын, көз тоятын біршама туындылар жарияланған екен.
Алдымен кітаптарға бір тоқтап өтейін. Бұлар соңғы екі, үш жылдың көлемінде оқырман қолына тиген шығармалар. Солардың бірі – абайтанушы, әдебиет сыншысы Ғарифолла Есімнің «Мұң» деп аталатын кітабы. Бұл жинаққа автордың көркемдік фәлсафалық толғаулары, әдебиет туралы көркем эсселері және әдеби портреттері еніпті.
Мұң – дүниетанымдық, фәлсафалық, мазмұндық және көркемдік, метафоралық тұрғыдан талдауға болатын күрделі ұғым. Мұң – әлем, жаратылыс, адамның тағдыры, ғұмыры. Мұң – жанды құбылыс. Осынау метакатегорияны автор көркем туындының бітім, болмысын тануға, таразылауға ұтымды пайдаланыпты. Ғарифолла Есімнің соңғы жылдардағы пассионарлық ізденістерінің бірі десем қателеспеймін.
Кітаптағы «Абай мұңы туралы», «Жұмекен мұңы», «Адам дағдарысы: Шыңғыс Айтматов», «Адам дағдарысы: Иван Бунин», «Лев Толстой мұңы», «Экзистенция – мұң түрі» атты мақалаларын ерекше бөліп айтар едім.
1895 жылы басталып 1905 жылы аяқталған Лев Толстойдың күнделіктеріндегі жазбаларына ой көзімен үңілген. Жалпы шығармашылық еңбек, оның адам жанын тазартатын құдыреті, ақындық өнер, адам пенденің жер бетіндегі қиямет ғұмыры туралы әдеби толғаулары Толстой күнделігіндегі астарлы жолдармен терең сабақтасады.
Автор өз еңбегін «еркін ізденіс» әдісімен жазғанын ескертіпті. Бір жанрдың ғана шекарасымен шектелмеген. Онда қаламгердің эссе жанрының, әдеби портрет жасаудың мол мүмкіндіктерін пайдаланып, қысқа, мағынасы өте терең афоризмдерді, көркемдік метафораларды ұтымды пайдаланғанын байқаймыз.
Келесі кітап әдебиет сыншысы, жазушы Бекен Ыбырайымның «ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясы» атты еңбегі. Жиырмасыншы ғасыр – тек қана қазақ поэзиясы үшін ғана емес, жалпы тұтас қазақ әдебиеті мен өнері үшін де маңызды тарихи кезең болды. Бұл тұста қазақ поэзиясына зор ықпал еткен саяси-әлеуметтік, тарихи-мәдени құбылыстар сан алуан. Соған сәйкес аталған кезеңдегі әдеби үрдіс те күрделі де қайшылықты көркемдік ізденістер мол. Осы мәселелерге терең үңілген, терең тарихи-әлеуметтік талдаулар жасаған сыншы-ғалым тың, толымды түйіндеулерін ұсынады. Бүгінгі көтерілген биігімізден бағалайды.
Бұл зерттеуде қазақ поэзиясының 1920 жылдан бастап 60-жылдарға дейінгі аралықтағы өзіндік сипаттары байыпталады. Бірінші бөлімде – 1920-1956-шы жылдардағы қазақ лирикасы сөз болады. Екінші бөлімде – отызыншы жылдардағы қазақ поэмалары қарастырылады. Үшінші бөлім тұтастай қазақтың көрнекті ақындары Ғ.Орманов, И.Байзақов, Қ.Аманжолов, С.Мәуленов, Жұбан Молдағалиев, Қ.Мырзалиев, М.Мақатаев, М.Шаханов, Ж.Әбдірашев, Г.Салықбай, Керім Елемес шығармашылығына арналыпты. Автордың ұзақ жылдар үзбей ізденіп, тиянақтап жүргізген әдеби, ғылыми ізденістері жақсы нәтижеге қол жеткізіпті. Бүгінгі көзбен ұлаңғайыр қазақ поэзиясының жүріп өткен жолын саралап шығу, бағалап шығу оңай емес.
Әдебиет сыншысы, зерделі қаламгер Әмірхан Меңдекенің екі еңбегі қолыма тиді. Бірі – «Жалғыздық сені қайтейін…» атты әр жылдары жарық көрген таңдаулы мақалаларының жинағы. Екіншісі – «Тіліңді әулие тұт, сөзіңді — пір» — деп аталатын қазіргі әлемдік жаһандану мен жабайы нарық заманындағы ұлт тағдырына, ұлттық тілімізге, ұлттық тарихымызға, ұлттық әдебиетіміз бен өнерімізге қатысты ділгір мәселелерді арқау еткен толғауларын топтастырған жинағы.
Екі кітаптың да тұщымды дүниелері мол екен. Оқырманға әрдайым ой тастай сөйлейтін қаламгердің өзіндік қолтаңбасы, ешкімді қайталамайтын қалыптасқан стилі бұл еңбектерден де анық аңғарылады.
Кітаптағы «Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлуы», «Жалғыздық сені қайтейін…», «Менің Темағам» атты көлемді талдау мақалаларын ерекше бөліп айтар едім. Өткен жылы ғана жүз жиырма бес жылдығын бүкіл әлем болып атап өткен Мұхтар Әуезовтің әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясынан коммунистік цензура қысқартып тастаған бір сөйлемнің тарихын тарата айту арқылы автор ұлы суреткердің тағдырындағы көп түйткілдердің астарына үңіледі.
Жазушының ой азабы мен жан азабын қалайша қатар арқалағанын, қиямет қайымда ғайыптан аман қалғанын өзгеше өрбітеді. Отызыншы жылдары бір рет, елуінші жылдардың басында екінші рет Әуезовке жасалған қиянат, түрме, қайта қудалау, қызғаныш, қастандық, барлық азапты жылдары заман шындығы мен сол тұстағы қазақ әдебиетінің ахуалы айналасында сөз болады.
Шынайы суреткерлер Ғабит Мүсіреповтің, Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын да қатар тілге тиек ететін әдебиет сыншысы тарихымызда орын алған осынау құбылыстың қоғамдық, адами, әлеуметтік салмағын таразы басына салады. Тереңіне үңіледі.
Дарынсыздар мен талантсыздардың талауына түскен ұлы Мұхаңның тағдыры неге солай болды? – деп сұрақ қояды.
Ақын Темірхан Медетбектің Махамбет тағдырын толғау арқылы бүгінгі күніміздің бет-пердесін ашатын толғақты өлеңінің поэтикалық қуатын да дәл аңғарыпты. Осы бағыттағы, яғни терең әлеуметтік талдауға құрылған сүйекті дүниелерді екінші кітабынан да оқыдық. «Ұлтбезерлік», «Өз анамды өз қолыммен бауыздап өлтірдім!», «Көрмейін десем көзім бар», «Кімді алдап жүрміз!», «Тіліңді әулие тұт, сөзіңді – пір» атты сүбелі мақалаларды туған әдебиетімізге қатысы жоқ деп айта алмайсыз. Қаламгердің иін қандыра айтатын пікірлеріне айызың қанады.
Сөз өнерінің серті мен дертін түбірінен қаузап талдай білетін, ащы шындықты бүркемелемей аршып айта алатын, соны төгілтіп ақ қағазға түсіруді қаламына дарытқан әдебиет сыншысының осынау екі кітабы да жылдың олжасы болды десем артық емес.
Ал енді Әмірхан Меңдекенің қазақтың ұлтсыздануына қатысты жазған мақалалар сериясын таратып айтуға уақыт тар болғандықтан, кітабын алып оқуға ұсыныс берер едім. Өкінбейсіздер…
Келесі кітаптың авторы – ақын, ғалым Бауыржан Жақып. Әдеби-сын, әдеби шығармашылық портреттер, эсселері енген еңбегін «Жүректен қозғайын» деп атапты. Бұл кітаптың ішіне кірген, әр жылдары жазылған мақалаларында автор туған әдебиетіміздің әралуан тақырыбын түгелдей қамтыған. Уақыт тынысын тап басып тани алғандықтан бұл дүниелер де тереңдігімен, өзектілігімен назар аудартады.
Тақырып арқауына өзек болатын ақын, жазушылардың есімін санамалап шыққанның өзінде аталған кітаптың ауқымдылығы мен көркемдік көкжиегін аңғаруға болады. Абай, Ахмет Байтұрсынов пен Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сүйінбай, Жамбыл мен Кенен, Үмбетәлі, Қасым Аманжолов, Әбділдә Тәжібаев, Сафуан Шаймерденов, Қадыр Мырзалиев, Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, Жұматай Жақыпбаев, Ұлықбек Есдәулет, Нұрлан Мәукенұлы, Маралтай Райымбекке дейінгі қазақ әдебиетінің ұзына тарихын санамалап, бүгінгі уақыт мінберінен бағалап, бағамдап, талдап, кестелеп шыққан әрбір мақаланың рухани-танымдық, әрі көркемдік құндылығын айрықша бөліп айтуға болады. Қазақ поэзиясында орны бар, қолтаңбасы қалған бірде-бір ақын сыншы назарынан тыс қалмаған.
Кітаптан орын алған «Халқына сәуле шашқан жарық жұлдыз», «Ахмет пен Мұхтар», «Ілиястың ақындығы», «Арманда кеткен есіл ақын», «Өмірі өлеңге, өлеңі өмірге айналған ақын», «Сөйлейді сенің тіліңде барлық құс біткен…», «Сендей саңлақ өмірге келер ме екен қайтадан…» атты әдеби-талдау мақалаларды автор жүрек нұрына, жан жылуына орап жазған екен. Терең толғаныстан туғандықтан оларды тебіренбей оқу мүмкін емес.
«Бір жетсе, менің ажалым жетеді,
Найзағай оттарынан,
Сатқындар оқтарынан,
Өйткені мен теңіз боп ақтарылам…
Өле берсін күншілдер күйігінде,
Өз ғасырым өзімнің иінімде.
Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты,
Мен өлемін өзімнің биігімде.
Бұл шын ақынның шындық алдындағы шырқыраған жан дауысы» — деп түйіндейді бір мақаласын.
Мұқағали Мақатаев пен Төлеген Айбергеновті қатар алып талдайды. Қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешкен қазақтың дарынды қос ақынын өз өлеңдерін сөйлете отырып оқырманға ой тастайды. Шығарманың өзін сөйлете отырып, көркемдік құндылығын дәл тауып айту Бауыржанның қаламына дарыған. Шығарманың тереңіне үңіліп, дәнін, нәрін ажыратып талдау шеберлігі бүгінгі әдеби сынға ауадай қажет-ақ. Осыны автор дәлелдепті. Түйіндей айтқанда Бауыржан Жақыптың кітабын тәуелсіздік алғаннан кейінгі отыз жылда қазақ поэзиясының жүріп өткен жолын, қол жеткізген белестерін бедерлеп берген бірегей еңбек деп бағалауға болады.
Өткен жылы жарық көрген құнарлы еңбектің бірі – ақын, қытайтанушы ғалым Дүкен Мәсімханның «Ұлт пен рух» кітабы. «Ұлт және тұлға», «Сөз және рух» деп аталатын екі бөлімнен тұратын әдеби зерттеу негізінен әдеби сын және әдеби портреттерден тұрады.
Ұзақ жылдардан бері өзі жүйелі түрде жинастырып, хатқа түсіріп, зерттеп, әркезде жариялап қойып жүрген мол деректерді, сирек қолжазбаларды, ел ішіндегі көнекөз абыз ақсақалдардың аузынан жазып алған қойын дәптеріндегі ой оралымдарын әр ғасырдағы орын алған тарихи оқиғалармен сабақтастыра отырып қағаз бетіне түсірген автордың қажырлы еңбегін бөліп айтар едім.
Бірінші бөлімдегі тарихи тұлғалар Қабылиса ақын (Қабан жырау), батыр, күйші Қожеке Назарұлы, жаужүрек Оспан батыр, есімі күллі елге тараған Нақысбек шешен, сөз саңлағы, дарынды сазгер Садықожа Мошанұлы, Қалибек хакім Райымбекұлы, еліне қорған болған Жарты баба, атағы алысқа кеткен Мұрын ана (Ақбүбі), барлығының өмір-тағдырын, шығармашылығын бұлтартпас тарихи деректермен баяндау арқылы Дүкен Мәсімханұлы олардың шынайы бейнесін сомдап шығады.
Өзіне дейінгі жарық көрген ғылыми, әдеби-танымдық жарияланымдардың барлығына сілтеме жасап отырады. Шығыс Түркістанның саң қилы, терең қатпарлы тарихы да, оның қазақ тағдырына әсер-ықпалы қатар сөз болған тұстарда бұрын айтылмаған мол, тың ақпараттардың көзі ашылады.
Екінші бөлімдегі ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа, жазушы, кинодраматург Бұқара Тышқанбаевқа, жазушы Жолдасбай Тұрлыбайұлы және оның «Райымбек батыр» дилогиясына, суреткер қаламгер Мұхтар Мағауинге, тарихшы Хасан Оралтайға, оның «Елім-айлап өткен өмір» туындысына, фольклортанушы ғалым Сейіт Қасқабасовқа, шығыстанушы ғалым Әбсаттар Дербісәліге, саңлақ сыншы Сағат Әшімбаевқа арналған көлемді мақалаларында тағылым алаларлық терең ой-толғамдарын құнарлы тілмен, лирикалық шегіністер арқылы оқырманына ұтымды жеткізеді. Олардың өмірдеректеріндегі, шығармашылығындағы елеусіз жатқан, айтылмай келген беттерді қайта тірілтеді.
Қазақ әдебиетінің бай тарихын толықтыратын, көрші жатқан Қытай Халық Республикасындағы қазақ қаламгерлерінің өмірбаянын, тағдыр жолын, шығармашылығын кең қамтып талдаған «ХХ – ғасырдың алғашқы жартысындағы Қытайдағы қазақ әдебиеті» атты әдеби зерттеу кітабы құнарлы, сирек деректерді қазақ оқырманына таныстырады. Авторлары – көрнекті әдебиеттанушы ғалым, педагог, профессор Ахметбек Кіршібай мен қытай тілі мен әдебиетін зерттеуші Гүлжан Ахметбек.
Шығармашылығы жан-жақты, талдау арнасында қарастырылатын Әсет Найманбайұлының, Ақыт Үлімжіұлының, Көдек Маралбайұлының, Жүсіпбек қожа Шайхысламұлының, сондай-ақ Төлеубай, Күдері, Әріпжан сынды ақын-жазушылардың туындылары мен өмір сүрген кезеңі тарихи тұрғыдан сөз болады.
Бұл қатарға кейіннен қосылған Таңжарық Жолдыұлы, Қажығұмар Шабданұлы, Нұртаза Шалғынбайұлы, Асқар Татанайұлы, Нығмет Мыңжани сияқты азаттық үшін күрескен қаламгерлердің де қаламынан шыққан танымал еңбектері де қазіргі күннің биігінен бағаланған.
Ұзақ жылдар түрме азабын көрген Қажығұмардың прозасын, Таңжарықтың поэзиясын да жаңа қырынан қарастырған. Мол тарихи деректерге, нақты өмірлік мәліметтерге табан тіреген әдеби зерттеудің рухани, танымдық, көркемдік маңыздылығын атап өтуіміз керек. Осы кітапқа енген ірі-ірі тұлғалардың, қазақ тарихында із қалдырған ержүрек, күрескер қаламгерлердің әрқайсысына бір-бір монография арнасақ та артық етпейді.
Ал енді ақын, әдебиет сыншысы Болат Шарахымбайдың «Қайшылықтар дилеммасы» атты әдеби-сын еңбегін әу дегеннен тұщынып оқыдым. Әрдайым өз тақырыбын терең қаузап, алдымен зерттеп алып қолына қалам алатын қаламгердің қолтаңбасын тағы да айнытпай таныдым.
Автор аталған еңбегіне үлкен дайындықпен келіпті. Бір топ қаламгердің шығармаларындағы нақты көркем мәтіндерді арқау ете отырып, ой-толғамдарын ашып айтады, әділін айтады. Көркем туындының шынайы құндылығын дөп басып тани білудің өзі де әдебиетке деген адалдық. Болат Шарахымбайдың осы қасиетін баса айтқым келеді.
«Егемен Қазақстан» газеті өткен жылы әдебиет пен өнер тақырыбында жүйелі түрде, жаңалығы бар мақалаларды үзбей жариялап отырды. Осынау басылымдағы екі қаламгердің – жазушы Жүсіпбек Қорғасбек пен сыншы Амангелді Кеңшілікұлының әдеби сын, әдеби танымдық мақалаларын бөле жара айтуға болады.
«Егемен Қазақстанның» әрбір нөміріндегі өткен жылы жарық көрген қаламгерлер Ғарифолла Есімнің, Серік Негимовтің, Қуандық Түменбайдың, Дихан Қамзабекұлының, Рақымжан Тұрысбектің, Гүлжаһан Орданың, Ерлан Жүністің, Жәнібек Әлиманның, Дүйсенәлі Әлімақынның, Маржан Әбіштің, Батырхан Сәрсенханның, Азамат Есенжолдың мақалалары талдау мәнерімен, суреткерлік тілімен, өзіндік баяндау стилімен көзге түсті. Бұл мақалаларда лирикалық шегіністерге, қаламгерлердің поэтикалық метафора тудырудағы қолтаңба ерекшеліктеріне айырықша ден қойылады.
Әділғазы Қайырбектің Сәбит Мұқанов және Ғабит Мүсірепов жайында жайында жазған әдеби-танымдық мақалалары жаңалығымен құнды.
Қазақ әдебиетімен шектелмей, әлемдік әдебиеттің де айтулы, үздік туындыларын тосын қырынан, яғни ішкі көркемдік әлемі, поэтикалық қуатын, стильдік ерекшеліктерін, сюжеттік құрылымын салыстыра қарастыратын осынау жарияланымдардың да маңызы ерекше. Бұл оқырманның танымын, талғамын қалыптастыруға қажет.
Көлемі шағын мақалалардың да өз айтары болады екен. Компьютерге басқанда бар болғаны екі-үш беттік дүниеде әдебиеттің өткір мәселесі көтерілуі мүмкін. Осыны жоғарыда есімдері аталған әдебиетші қаламгерлердің қысқа-қысқа әдеби танымдық жарияланымдары дәлелдеді.
Жекелеген көркем туындыларды немесе жекелеген суреткердің шығармашылық тағдырын сөз ететін осынау мақалалар оқуға жеңіл әрі уақытыңды үнемдейді. Маған осынау әдебиетке арналған шағын, шымыр мақалалардың көркемдік сапасы, бейнелі тілі көбірек ұнады.
Мұқағалидың шығармашылығына арналған, терең талдауға құрылған әдебиет сыншысы, әдебиет зерттеушісі Аманкелді Кеңшілікұлының сериялы мақалалары қалың оқырманды елең еткізді. Әдебиет зерттеушісі, қаламгер Жақыпжан Нұрғожаев Мұқағали өмірінің әр сәттерін күллі туындыларымен сабақтастыра, түгел қамтып талдайтын «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін» атты кітабы да жылдың атап айтарлық табысы болды.
Мұқағали Мақатаевқа арналған соңғы жылдардағы зерттеу еңбектер, кітаптар құдайға шүкір аз емес. Ал мына аталған зерттеу еңбегінің бұрын айтылмаған жаңалықтары мол екен. Сонысымен оқырман назарын өзіне аударды.
«Егемендегі» Ахмет Байтұрсынұлына арналған Қойшығара Салғараның, Әуезовке арналған Дархан Қыдырәлінің, Кенжехан Матыжанның «Әуезов және түркі әлемі», «Әлемнің Әуезові» атты мақалалары әлемдік әдебиеттің, күллі түркі әдебиетінің аясында мәселе қоя алғандығы таным көкжиегін кеңейтті.
Өткен жыл – Ахмет Байтұрсынұлының 150-жылдық, Мұхтар Әуезовтің 125-жылдық, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90-жылдық, ақиқаттың алдаспаны Шерхан Мұртазаның 90-жылдық мерейтойына арналған дүниелердің молынан жарияланған жылы болды.
Бұл орайда, әсіресе бас әдеби, өнер, рухани газетіміз «Қазақ әдебиеті» газеті әдеби-танымдық, әдеби-сын, әдеби портрет, көркем эссе бағытындағы мақалаларды жүйелі түрде, үзбей жариялап отырды. Бұл мақалалардың тақырыбы әралуан. Және көбінесе туған әдебиетіміздің өткір, ділгір мәселелерін арқау ететін тақырыптарды тереңнен қаузап, үлкен-үлкен әлеуметтік, рухани мәселелерді де қоса қабат сөз ететін дүниелер болды. Қасымхан Бегманның «Жырларын уақыт жеңе алмаған ақын» атты мақаласы Ә.Абайділданов шығармашылығына арналыпты.
«Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде жас ақындар мен жас прозашылардың шығармашылық қарымын кең, терең толғап талдаған мақалаларға мол орын берілді. Жас әдебиеттанушы Айнұр Ахметованың «ХХI ғасыр: жаңа буынның дауысы қандай?» мақаласы жастардың туындыларын талдайды.
Ақын, әдебиет сыншысы Сағыныш Намазшамованың «Геометрге кеңістіктің бар екенін дәлелдеудің қажеті жоқ» атты көлемді мақаласы тұтастай жас ақын Ерлан Жүністің шығармашылығына арналыпты.
Ой ауқымын кеңге салатын, әлем әдебиетін де назарына ұстайтын сыншы бір тұста: «Жалпы Ерланның поэзиясының күш-қуаты зор. Ерланның интеллектуалдық бастаулары қайда жатқанын, қашан, қалай толысқанын дөп басып айту оңай емес. Бірақ ол төл әдебиетінің ұлыларымен қатар әлем руханиятының ақыл-ой алыптарымен оңашада көп сырласқан ақын екені анық. Бұл – шығармашылық адамның міндетті түрде жүріп өтуге тиіс жолы» — деп түйіндейді. Мақаланың лирикалық астары, баяндау мәнері талантты ақынның әріптесіне деген шынайы ықыласын танытады.
«Алқа» деп аталатын рубрикамен жарияланған «Саудагерден суреткер, тауардан өнер туындысы жеңілмеуі керек» деген мақала дөңгелек үстелдің сұхбаттары негізінде жарық көріпті. Пікір айтушылар: жазушы Дидар Амантай, қаламгер Шархан Қазығұл және әдебиеттанушы ғалым Айгүл Үсен. Бүгінгі көркем сөздің көрінісі, қазіргі қазақ әдебиеті қай деңгейде деген сұрақтарға нақты авторлардың нақты туындыларын атай отырып, баға беретін қаламгерлердің ауқымды, білікті талдаулары оқырман назарын өзіне аударды. «Алқа» жиынын жүргізген Мөлдір Райымбекова.
Газеттің жастар шығармашылығына арналған «Жас тұлпар» қосымшасы осы мақсатта үлкен жүк арқалап келеді. Қосымша жас қаламгерлердің үні.
Газеттің әрбір нөміріндегі театр және кино өнеріне қатысты талдау, өнер тарихына және оның бүгінгі аяқ алысына, көркемдік табыстарын сөз етуге арналған кәсіби арнайы маман өнертанушылардың көлемді дүниелері де оқырман көңілінен шықты.
«Қазақ әдебиеті» газетінің бүгінгі көзі тірі классиктеріміз Дулат Исабековтің, Төлен Әбдіковтің, Мұхтар Шахановтың сексен жылдығына орайластырып жариялаған мақалалары аталған қаламгерлердің шығармашылығын әр қырынан талдаған, тілдік құнарына, суреткерлік стиліне бүгінгі күннің биігінен баға берген тағылымды дүниелер дер едім.
Қабдеш Жұмаділовтің, Шерхан Мұртазаның, Қадірбек Сегізбаевтің т.б. қабырғалы қаламгерлеріміздің шығармашылық тағдырына арналған мақалаларда жаңаша талдау мәнерін, қазіргі уақыттың мінберінен ой тастайтын терең толғамдарды елемеу, көрмеу, бағаламау мүмкін емес.
Газетте Абай шығармашылығына, Абайтану мәселелеріне қатысты да сүбелі дүниелер жарияланды. «Абай жазған хаттар» деген мақалада ұлы ақынның інісі Халиоллаға, ұлы Мағауияға жазған хаттары арқылы сирек, бұрын айтылмаған тарихи деректер сөйлейді.
Баса айтылуға тиісті бір ерекшелік – өткен жылы газет бетінде айтар тағылымы мол, жаңалығы бар, туған әдебиеттің тағдырын, мәдениет, білім, ғылым, тәрбие мәселесін толғайтын әралуан тақырыптағы әдеби сұхбаттарға көп орын берілді. Газет қызметкерлері: Тоқтарәлі Таңжарықтың, Мөлдір Райымбекованың, Асылан Қуанышұлының сұхбаттары оқырманға ұнады. Ой салды.
«Қазақ әдебиетінің» бетінде өзімді елең еткізген, терең тебіреніске түсірген келесі әдеби сын, танымдық мақалаларды атап айтқым келеді. Олар: М.Әуезовке арналған «Алаштың бағы», Ермек Аманшаевтың терең талдауға құрылған «Қорғансыздың күні», Қасымхан Бегманның «Жырларын уақыт жеңе алмаған ақын», Айгүл Үсеннің «Абай поэзиясы – өлең өлшемі, «Оқыған азамат трагедиясы», Смағұл Елубайдың «Қажығали», жас әдебиеттанушы Айнұр Төлеудің «Симулякр – адамзат ойлап тапқан тажал» атты мақалалары.
Роллан Сейсенбаевтың «Қападан қан құсқан титан – тұлға» атты мақаласы да үңіле қараған адамға тосын, терең дүние. Автор Данте Алигьеридің «Құдіретті комедия» туындысынан ой өрбітеді.
«Қазақ әдебиеті» газеті Шерхан Мұртазаның шығармашылығына арналған көлемді, елеулі мақалалар жариялады. Жазушы Тұрсын Жұртбайдың Әуезов тағдырына, оның туындыларына арналған тың ой-толғамдарын, жанашырлығын жеткізетін «Мұңлы, қоңыр туған жерім», ақын Мырзан Кенжебайдың «Жағдайың қалай, жас қалам?», жас әдебиеттанушы Ақерке Асанның жас прозашы Ғалымбек Елубайдың шығармашылығын талдаған «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі…» атты мақалалары есте қалды.
Жалпы, жас сыншылар Ақерке Асанның, Сағыныш Намазшамованың қаламынан жаңаша талдау мәнерін аңғардым. Бұл жастардың көркемдік талдауларының жаңа дискурсын байқататындай.
Өткен жылы «Жұлдыз» журналында танымы терең, тілі құнарлы бірнеше сын мақала және әдеби портреттер жарық көрді. Солардың ішінен сыншы Мырзан Кенжебайдың «Киелі өнердің кейпін кетірмейік», әдеиеттанушы ғалым, эссеист Бауыржан Омарұлының «Арогонның оппоненті» атты мақалаларын ерекше бөліп айтар едім. (№8, 08.2022).
«Бүкіл Шығыс халықтары, оның ішінде қазақ халқы өлең, жыр өнерін, шайырлық өнерді өте киелі, қасиетті өнер деп білген» — деген сөзден бастаған сыншы құдыретті қазақ поэзиясының өткеніне бір сәт тоқталады. Арғыдағы Абай, Асанқайғы, Қазтуған, Доспанбет, Әбубәкір Кердері, Сары шолақ Боранбайұлы, Есенкелді, Ақпан жырау, Шораяқтың Омары, Балқы Базар, Тұрмағамбет, Нұртуған сынды тума дарындардың сөз киесін қалай ұстағанын үлгі етеді. Бергідегі Мағжан, Ілияс, Қасым, Жұмекен, Мұқағали, Сағилардың поэзиясындағы адамды баурап алатын сиқырын, поэтикасын тебірентіп, төгілте талдайды. Осыдан келіп бүгінгі қазақ поэзиясындағы олқылықтарды, тайыздықты, жасандылықты, жәреуке поэзия жасаушыларды аяусыз сынға алады.
Қазақтың тұнып тұрған поэзиясын қойыртпаққа, арзан өнерге қалайша айналдырып алдық деп күйінеді. Ашынады. Оқырман талғамының түсіп кеткенін айтады.
Бауыржан Омарұлының әдеби-портрет эссесі дарынды ақын Өтеген Оралбайұлының шығармашылығына арналыпты. Бауыржан қаламының лирикалық астары, оқырманға терең әсер тастайтын юморы, төгіліп тұрған тілі, танымдық ауқымы кім кімді болсын тәнті етеді. Қаламгердің шығармашылық портретін жасаудың нағыз шебері болып алған эссеист Бауыржан Омарұлы бұл жолы да мүлт кетпепті…
Біздің республикалық, ұлттық деңгейдегі газеттеріміз бен журналдарымыз осынау үрдісті тереңдете түскені дұрыс. Газет, журналдарымызда жыл бойы жарық көрген әдеби-танымдық мақалалардың басым бөлігінде бұрыннан белгілі туындыларға, танымал қаламгерлерге ғана басымдық беріледі.
Әдебиеттің тарихын қайта-қайта жаңғыртып отырғаннан әрине ұтылмаймыз. Дегенмен мерейтой мақалалары, марапат сөздер көбірек жазылды. Жаңадан оқырман қолына тиіп жатқан тың шығармаларды таныстыру, тұсауын кесу, талдау, кемшілігін айту немес сынау саусақпен санарлық қана…
Әдеби сынды жаңа белеске, жаңа көркемдік сапаға көтереміз десек бүгінгі әдеби үдеріске, әдебиетіміздің бүгінгі аяқ алысына, ақсап жатқан тұстарына, әсіресе жас қаламгерлердің ізденістеріне көбірек назар аударуымыз қажет. Сыншы Мырзан Кенжебайдың дүркін-дүркін жас қаламгерлерге ащы болса да ашығын, әділін айтатын сынына ренжімеуіміз керек. Әдебиетіміздің болашағын ойласақ. Сонда ғана көркем сын әдебиетіміздің олқы тұстарын, кемшіліктерін көрсете алады.
Жаңадан жарық көрген барлық жанрдағы тың туындыларды толықтай қамтып, баға беретін көлемді шолу сын мақалаларын байқай алмадым. Туған әдебиетіміздің жиырма бірінші ғасырдың басында қандай бағыттарға, қандай тақырыптарға басымдық бергендігі, нендей көркемдік құндылықтарды мақсат етіп отырғандығы туралы әдеби-теориялық, көркемдік таным биігіндегі зерттеулер, зерделеулер, талдаулар, болжамдар, сұхбаттар бүгінгі тарихи кезеңнің сұраныстарына жауап берер еді.
Әлемдік эстетика, әлемдік әдеби-көркем сынның бүгінгі бағыты осыны бізге көрсетіп отыр. Әдеби сынға аударма өнері призмасымен баға беру, көзқарас орнықтыру дискурсы бірте-бірте күш алып келе жатыр. Әдебиетке енді белсене араласа бастаған жас сыншылардың мақалаларынан осынау бағыттағы алғашқы қадамдардың нышаны аңғарылады.
Әдеби көркем сындағы философиялық тереңдік, жан-жақты, ауқымды әлеуметтік-рухани талдаулар оның тынысын ашар еді. Сын мақалалардың танымдық, теориялық деңгейін де түптеп келгенде осы құндылықтар анықтайды. Зерттеу бағытында гуманитарлық ғылымдармен немесе пәнаралық байланыстармен ғана шектелмей, жаратылыстану ғылымдарының да қазіргі қол жеткізген жаңалықтарымен сабақтастыра сөз ететін көркемдік талдаулар әдеби сынға нәр береді. Озық елдердің әдебиеті, өнері осыны дәлелдеп отыр.
Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры,
филология ғылымдарының докторы,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты