
Бүгінде мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі рөлін арттыру – ел дамуының маңызды бағыттарының бірі. Әсіресе өңірлік деңгейде тіл саясатын тиімді жүзеге асыру, оны бизнес, медиа және білім беру салаларымен ұштастыру өзекті мәселеге айналып отыр. Осы орайда Түркістан қаласында атқарылып жатқан жұмыстар, олардың қоғамға әсері мен болашағы туралы білу үшін Jas Qazaq тілшісі Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиевпен сұхбаттасты.
– Қадырболат Қабдірұлы, қалада тіл саясатын жүзеге асыруда бизнес, медиа және білім беру салаларымен байланыс қалай жолға қойылған?
– Түркістан облысында Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Әсіресе бизнес, медиа және білім беру салаларымен тығыз байланыс орнатуға ерекше мән берілуде.
Кәсіпкерлік субъектілерімен тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып келеді. Негізгі мақсат – қызмет көрсету саласында мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту. Мәселен, Түркістан қаласында базар әкімшілігіне қарасты кәсіпкерлердің қатысуымен «Сыртқы және ішкі жарнамаға қойылатын талаптар» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
Бұл шара барысында көрнекі ақпараттардың заң талаптарына сәйкестігі, мемлекеттік тіл нормаларын сақтау, сондай-ақ қала дизайн-коды мен сәулеттік талаптар кеңінен түсіндірілді. Қатысушыларға «Тіл туралы» Заңның 21-бабына сәйкес жарнамалар мен маңдайшаларды мемлекеттік тілде орналастыру міндеттері айтылып, анықталған кемшіліктерді жою бойынша нақты ұсынымдар берілді.
Жалпы, мемлекеттік тілдің күнделікті қолданысын арттыру үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, әдістемелік қолдау және бақылау шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
– Қазақ тілін дамытуға бағытталған өңірлік жобалардың қоғамдағы нақты әсері қандай?
– Өңірлік жобалардың нәтижесі нақты көрсеткіштер арқылы байқалып отыр. Ең алдымен, мемлекеттік мекемелер мен қызмет көрсету саласында қазақ тілінде қызмет алу мүмкіндігі едәуір артты. Бұл – халықтың ана тілінде сапалы қызметке қолжетімділігін жақсартудың маңызды көрсеткіші.
Сонымен қатар, кәсіпкерлік нысандардағы көрнекі ақпараттардың мемлекеттік тілде берілу үлесі көбейді. Бұл тіл нормаларын сақтау мәдениетінің қалыптаса бастағанын көрсетеді.
Жалпы алғанда, мұндай өзгерістер мемлекеттік тілдің қоғамдық кеңістіктегі мәртебесін арттырып, оның қолданыс аясын кеңейтуге оң ықпал етуде.
– Шаһарда мемлекеттік тілдің күнделікті қолданысын арттыру үшін қандай ынталандыру шараларын ұйымдастырып келесіз?
– Бұл бағытта елімізде және өңірімізде түрлі мотивациялық әрі ынталандыру шаралары қолға алынған. Атап айтқанда, мемлекеттік тілді еркін меңгерген азаматтар мен ұжымдарды қолдауға бағытталған дөңгелек үстелдер мен семинарлар тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Бұл іс-шаралар арқылы үздік жобалар, сапалы контенттер мен озық тәжірибелер кеңінен насихатталады. Сонымен қатар, қазақ тілін дамытуға үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, олардың тәжірибесі көпшілікке үлгі ретінде ұсынылады.
Мемлекеттік қызмет саласында да тілдік талаптарды кезең-кезеңімен күшейту, құжат айналымын қазақ тілінде жүргізу аясын кеңейту маңызды ынталандыру тетігі болып отыр.
Бұдан бөлек, мәдени-рухани іс-шаралар, әлеуметтік жобалар және цифрлық контентті дамыту арқылы қазақ тілінің тартымдылығы артып келеді. Бұл өз кезегінде азаматтардың тілді күнделікті өмірде қолдануға деген қызығушылығын күшейтеді.
Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық