jasqazaq.kz

Келте үзілген ән

02 ақпан 2018, 13:02

 

«Музыка ұлтқа бөлінбейді» дейміз. Иә, біз кез келген елдің музыкасына құдды бір ана тілімізде тыңдап отырғандай құмарта құлақ тосамыз. Ондағы тылсым күш жүрек түкпіріне терең бойлап, саз сиқырына қалай арбалып қалғаныңды сезбей қаласың. Музыка жан-дүниемізді өзге бір әлемге жетелеп, сезім пернелерін дәл басады. Әсем әуен ой-қиялымызға қанат бітіріп, көңіл сарайына нұрын төгеді. «Музыканың үш түрі бар. Біріншісі, жәй ғана рахат сезімін туғызады, екіншісі құмарлықты, ынтықтықты білдіреді, үшіншісі біздің қиялымызға бағытталады. Жағымды сезім оятатын музыка демалыс үшін қолданылады, ол бізді жақсы тынықтырады», — деп ұлы Әбу Насыр Әл-Фараби айтпақшы, музыка адамның көңіл-күйіне қатты әсер беріп, шаршаңқылықты басып рахаттандырады.
Бұл дүниеде музыканы сүймейтін адам жоқ. Тек әркімде өзінің жанына жақын сүйікті музыка жанрлары бар. Қазақтың әндерін атап өткім келіп отыр. Мысалы, Ұлы Абай қазақ музыкасынан ерекше орын алады. Абай әндері басынан аяғына деін қазақ музыкасының халықтық интонациясына құрылған. Жалпы, халық музыкасында адам таңқаларлық көркемдіктер аяғыңды аттап басқан сайын кездеседі. Олар даладағы ешкім сеппей, ешкім бақпай өзінен-өзі өскен гүл тәрізді болады. Қазақтың отаншылдық жігеріне толы халық музыкасының ешкімге, ештеңеге ұқсамайтын ерекше тартымдылығы сондай, қазақ әнін тыңдағанда күллі дала көз алдыңнан өткендей болады.
Қазақтың ән өнері – сонау көне заманнан бері қалыптасқан халқымыздың асыл қазынасы. Баяғыдан келе жатқан ән-күй туралы халықтың аузында қалыптасқан көптеген мақал-мәтелдер, аңыздар, жырлар осының айғағы. Халықтың: «Сөз күміс – ән алтын», «Ел көркі – қыз, той көркі – ән» сияқты асыл сөздері осы өнерге арналған. Қай дәуірде болмасын қазақ халқы өлеңнің, әннің, тапқырлық және нақыл сөздің, мақал-мәтелдің, ұйқастырып шумақ құрудың шебері. Оған табиғат сұлулығы, ат жүйріктігі, аң аулаушылық, саятшылық мысал бола алған. Қазақ жыршылары ұзақ сарынды байырғы ерлік және лирикалық поэмаларды жатқа айтып, ұрпақтан ұрпаққа ауызша жеткізе білді.
Өмір – уақытша, ал музыка – мәңгілік. Қазақтың қаншама сазды әуендерімен, мықты дауысымен тек ел ішін ғана емес, басқа мемлекеттерді де баурап ала алған әншілеріміз болды. Аса талантты әншілер өз еңбек жолын жалғастырып, жаңа әндер шығарып, қазақтың өнерін дамытуда өз үлесін қосу жоспарларында болды. Бірақ, фәни дүниеден өту адамның маңдайына жазылса, одан қашып кету мүмкін емес, әрине. Өмірдің мәні – артыңнан із қалдыру болар. Өнер адамдары өмірден өтсе де, шырқаған әндері ешқашан ұмытылмайтыны шындық. Қазақстанның музыка әлемінен танылған ерекше атап өтетін өнер адамдары: Мұрат Насыров, Батырхан Шүкенов, Мәдина Ералиева, Ержан Серікбаев, Болат Сыздықов, Нәби Аймұратов, Ажар Түзелбекқызы, Руслан Бөлебаев, Бағлан Сәдуақасов және т.б.
Мұрат Насыров – Алматы қаласында 1969 жылы дүниеге келген қазақстандық әнші. Балалық шағында математика мен физикаға қызықса да, бойындағы таланты бірінші орынға шыққан еді. 1995 жылы Ресей еліне көшіп, Арман Дәулетиярұлымен бірге жұмыс жасап, шығармашылық жолын жалғастырды. «Мальчик хочет в тамбов» әні арқылы танымал бола бастады. «Я – это ты, ты – это я» әнін білмейтін жан жоқ шығар. Дәл осы әннен бастап ол махаббат туралы әндер айтуға бекінген болатын. 2007 жылы Насыров Мәскеудегі пәтерінің балконынан құлады, соның салдарынан өкінішке орай дүние салды. Қаза болмас бұрын, үйлену тойын жасап, жаңа альбом шығару ойында болған. Мұраттың қызының айтуы бойынша, әкесі сары уайымға салынып, мұңайып, жабығып жүргенін айтты. Ол әкесінің жанында «Заря Востока» зиратында жерленді. Лия атты қызы мен Аким атты ұлы бар. Мұрат сабырлы мінезімен, ақкөңілділігімен, өнерімен қазақстандықтар мен ресейліктердің есінде.
Батырхан Шүкенов – Қазақстандық танымал «Арай» тобында Роза Рымбаевамен бірге жұмыс істеді. Кейіннен «Алма-ата» тобында саксафон ойнаумен қатар, вокалмен айналыса бастайды. «Джулия» әнінен соң Алла Пугачева топпен танысып, оларды Мәскеуге шақырады. 1989 жылдан бастап «А Студио» тобы болып өзгереді. Пугачева Батырханды әрдайым «балам» деп атайтын. Батырханның тұңғыш ұлы шетінеп қалған соң, ол музыкамен айналысуды тоқтатуға бел буып, топтан шығады. Біраз уақыттан соң жеке шығармашылықпен өнер жолын жалғастырады. Батырхан сапалы әндерімен, музыканы шынайы сүюімен ерекше, басқа елде өмір сүрсе де, өз туған жерін, елін ешқашан ұмытпаған жан. «Отан Ана», «Твои шаги», «Дождь», «Сағым дүние» т.б жүректі тебірентер әндері көп. Батырханның әрбір әні жүректен жүрекке жетеді. Көзінен жылулық пен махаббаты көрініп тұратын. 2015 жылы 28 сәуірде дүние салды. Қазақстан мен Ресей елдерінде Батырды ұзақ уақыт бойы қимады, қазақ елінің жоқтауын сөзбен жеткізу қиын. Алайда, Батырханның жаңа туындыларды жарыққа шығару жоспарында болды. Әттең, тағдырға ешкім қарсы шыға алмайды. Батырханның әндері өлмейді, жүрегімізде мәңгілік.
Мәдина Ералиева – Қазақстанның халық әртісі. Бұл атты естігенде барлығының «Қош енді қош, күрең күз» әнінен үзінді мәтіні есіне түсетіні сөзсіз. Нәзік те сыршыл үн, өзіндік мәнерімен халықтың сүйікті әншісіне айналды. Оның орындауындағы «Ақбаян», «Ай қарагөз», т.б. әндері Ералиеваның өзіне ғана тән әншілік мәнерімен, өзіндік орындау ерекшелігімен, нақыш-бояуымен халық жадында қалды. 2000 жылдың 27 қараша айында қайтыс болды. Ералиева халқымыздың ұлттық ән өнерін насихаттауға елеулі үлес қосты.
Ержан Серікбаев – әнші және сазгер Арыс қаласының тумасы. 70-тен аса ән жазған Ержан Серікбаевтің «Шымкенттің салқын сырасы», «Мейлі», «Қала», «Көтерейік, кәне, достар» сияқты шығармалары ел сүйіп тыңдайтын тамаша туындыларға айналды. Дауысының өзіндік ерекшелігі бар әнші жол апатынан 50 жасқа толған шағында дүниеден озды. Серікбаев қазақ шансон әндерін дамытуға үлкен үлес қосты.
Болат Сыздықов – «Арай» және «А-Студио» топтарында өз шығармашылық жолын бастады. 1982 жылы Бүкілодақтық эстрада әртістері конкурсының лауреаты атанып қана қоймай, кейіннен Нью-Йорк қаласындағы халықаралық «Big Apple Music» музыка конкурсындағы 1-ші сыйлықтың лауреаты атанды. 1992 жылдан бастап «Мюзикола» тобын құрып, басқарды. «Мюзикола» тобын құрған уақытта Карина Абдулинаны 16 жасынан бастап сахнаға тәрбиеледі. 2012 жылы ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері атағын алды. Ол өте қайырымды, адамгершілігі мол адам еді. Батырхан Шүкенов қайтыс болған соң, бір жылдан кейін көз жұмды. Жақын досы Асылбек Еңсепов «Жақында ғана демалуға аттанып, аса көңілді жүрген. Ол үлкен концерт қоюды армандап, үлкен жоспарлар жасаған.» деген еді. «Құстар ай құстар», « Арман жолдар», «Сен мұңыңды бер маған» сияқты өлеңдері үлкен танымалдылыққа ие.
Нәби Аймұратов – «Гүлімсің», «Ең алғашқы махаббат», «Маралым» өлеңдерінің орындаушысы. Қоржынында аса көп әндері болмаса да, Нәбидің тыңдарманның көңіл-күйін көтеретін әндерді шырқауы өзіне ұнайтын. Қазақстандық әншілермен дуэт ретінде ән айту жоспарында болған екен. Досы, композитор Естай Әлікеев Нәбиге арнап «Омыраудан үзілді түйме ғұмыр, домалап кете барды, өмір құрғыр. Қайда апарып соғады, білмейміз-ау, көрінбейді айнала… жол бұлыңғыр» өлең шумақтарын жазған еді.
Ажар Түзелбекқызы – әдемі үнімен ерекшеленген қазақтың әнші қызы. Балалық күндерінен бастап қазақ әніне ғашық болып өскен Ажардың арманы өнер ордасына айналған Алматыдай алып шаһарды жаулау еді. Әншілік жолға түсіп, мақсатына қол жеткізіп, өнерінің өрісін бұдан да кеңейте түспекші еді. Айтыстың ақтангері Оразалы Досбосыновтың жары. Қазақ тыңдармандарына «Анаға хат» әнімен есімі жақсы таныс, жүрегінен мұңлы да сырлы саздар құйылып тұратын әнші жары Оразалы өмірден озғаннан кейін оның мұрасын жинақтап, жоқтаушысы бола білді. Бірақ 6 жылдан соң, 33 жасында әнші де көлік апатынан көз жұмды. Жолдасына арнап «Сағындым сені» жүрек шымырлатар шерге толы әнді мұңды сазбен өрнектеуші еді. Өкініштісі, өзі де сағынышқа айналып кетті…
Руслан Бөлебай – әнші, журналист. ҚазҰУ-да журналистика факультетінің магистратурасында білім алған. Көптеген бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет атқарған. Ұлан газетінен бастау алды, сонан соң НТК, КТК телеарналарында жұмыс жасады. Соңғы кездері эстрада саласында әншілік қырынан танылды. «Кең дала», «Жанарым», «Махаббатпен ойнама сен» әндерін мәнеріне келтіре орындап, көрермен ықыласына бөленді. Сұм тағдыр қатал екен… Руслан 2009 жылы 16 тамызда жол көлік апатынан қаза болды. Ол 25-ке де жетпей, жауқазындай солған жас ғұмыр таң алдында үзілді. Өмірге деген құштарлығы зор бозбаланың жарқын жүзін әріптестері бүгін егіле еске алуда.
Бағлан Сәдуақасов – 1989 жылы Болат Сыздықовтың орнына гитарист ретінде «А-Студио» тобынан өнер жолын бастап, өмірінің соңына дейін осы топта жұмыс жасайды. 2004 жылы ең алғашқы және жалғыз «Хоумуорк» альбомын жарыққа шығарады. 2006 жылы жарымен бірге жол көлік апатынан дүние салады. Топтың көпшілік әнін Бағлан шығарған. Бағлан Сәдуақасов жұмысын сүйетін, әрбір туындысы махаббатқа, жігерге толы еді.
Жүректе сақталатын әрбір әуеннің өз орны болады. Музыка ешқашан өмірден өтпейді, мәңгілік адам жадында болады. Қазақтың талантты азаматтарының өнері ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырады, еш уақытта сөнбейді, өшпейді.

Ажар Сейдазымова

09 шiлде, 17:14
Түркістан: Қазығұрттағы әлеуметтік нысандардың құрылысы қадағаланды
08 шiлде, 19:11
Рухани құндылық: Түркістанда домбыраны дәріптеген іс-шаралар өтті
08 шiлде, 17:31
Жыл соңына дейін Бостандық ауданында екі жаңа мектеп ашылып, 10 мектеп пен 5 балабақша жаңартылады
08 шiлде, 14:36
Түркістан: Тоқыма-мата өндірістік базасын салу жөнінде келіссөз жүргізілді
08 шiлде, 14:27
Түркістанда «Ақылды қала» жобасы жүзеге асып жатыр
08 шiлде, 14:14
Түркістан: «Оңтүстік Төртқұдық» уран өңдеу зауыты іске қосылды
08 шiлде, 14:05
Түркістан облысындағы Таскешу ауылында банан өсіреді
08 шiлде, 13:59
Түркістан: Бәйдібекте ынтымақтастық рухын арттыра түскен жастар сайысы өтті
08 шiлде, 13:56
Түркістан: Созақ ауданы экономикасы әртараптандырылады