Еңбек адамы

Алматы облысы, Қарасай ауданы, Іргелі ауылдық округінде «Айдони» компаниясы бар. 40-қа тарта адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған компанияның басшысы Кәкен Тоқтаровтың өнегелі ісі көпке үлгі. Алматы облысының экономикалық әлеуетінің артуына, кәсіпкерлік саласының өркендеуіне өзіндік үлесін қосып келе жатқан жанның компаниясы өндірген өнімдері тек еліміздің ішкі нарығында ғана емес, Ресейге, Қырғызстанға да экспортталады. Jas qazaq тілшісі белгілі кәсіпкер, меценат азаматпен еңбексүйгіштік тақырыбында сөз қозғап, дидарласып қайтты.
– Кәкен аға, Алматы облысындағы ірге компаниялардың бірі саналатын ұжымды басқарып келесіз. «Әкенің жиған малы балаға дүние болмайды» дейміз. Десе де, бүгінде әкесінің тапқанын басып қалып, байып жатқандар да жоқ емес. Сізді осындай биікке, дәрежеге жеткізген нендей күш?
– Дұрыс айтасың, бабаларыңнан, болмаса әкеңнен қалған мал балаға бітпейді. Әркімнің ырыс-несібесі өзінің пешенесіне жазылып қойған. Енді сауалыңа жауап берейін, осы күнгі жетістігімді Алланың еңбегіме берген сыйы, несібесі деп білемін. Біз үйде көп ағайындымыз. Әкем колхоздың жұмысын атқарды, анам өмір бойы үй шаруасында еңбек етіп, бізді өсіріп бақты. Мен он баланың ішінде сегізіншімін. Алдымда әпкелерім, ағаларым, өзінен кейін қарындасым мен інім болды. Он жасымнан анама қолғанатқа жарадым. Өзеннен су тасимыз, малды жайғаймыз. Ағаларымыз оқуды тәмамдап әскерге кеткенде тіпті салмақ ауырлай түсті. Осындай еңбекпен шыңдалып өскендікі шығар, өмірдің сан түрлі сынағына мойымай, кедергілерді еңсеріп келеміз. 7-сыныпты тәмамадаған жылдың жаз айынан бастап совхоздың жұмысына араласып, еңбекақы алатынмын. Сиыр бағамыз, отар-отар қойды алдыңа салып береді. Қала берді, егін жинау, шөп шабу науқанында тракторшылардың қасында көмекші болып жүреміз. Алғашында қызық көріп сыныптағы он шақты бала барып тізімделдік, жазғы демалыс уақытында жұмыс істеуге. Шаруаның ауырлығына шыдамай көбі кетіп қалды да, досым екеуміз ғана қалып, жаздай еңбек етіп жалақы алдық. Еңбекақымды жинап анама бергенде ерекше толқып, «қолғанатым болды деген осы» деп қуанғаны әлі күнге дейін көз алдымда.

– Қазір жасыңыз алпысты алқымдады. Еліміздің экономикалық әлеуетін көтеруге өзіңіздің үлесіңізді қосып келесіз. Жаңа бір сөзіңізде осындай дәрежеге еңбегіммен жеттім дедіңіз. Бала күніңізден табыс табуға, кәсіпкерлікке бейім болған екенсіз.
– Мақтанғандай болмайын, өзің сұраған соң айтып отырмын. 7-сыныптан бастап еңбекақы алып дағдыланғандікі шығар, мектепті бітірген соң әскерге шақырғанға дейін совхоздың малын бақтым. Айлығымды жиыстырып, ата-анама беріп тұратынмын. Кейін әсем қала Алматыға келдік. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінде көпшілік ала қабын арқалап базар жағалады. Сауда саласында біз де бағымызды сынап көрдік.
Рас, барлық жетістік тек еңбекпен келеді. Күннің аязды суығына да шыдап, аптап ыстыққа да төзіп жүріп осы күнге жеттік. Қазіргі таңда Алматы облысының Қарасай ауданында жеке компаниямыз бар. 40-қа жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп, облыстағы жұмыссыздық деңгейініің төмендеуіне өзіміздің үлесімізді қосып жүрміз. Әңгіменің өзегі еңбекқорлық тақырыбы жайында өрбиді дедің ғой. Қазіргі жастардың кейібірі, жасыратыны жоқ, ақ қаптал. Иә тура мағынасында солай, «жеңілдің асты, ауырдың үстімен жүргенді» жаны қалайды. Ауыр жұмысқа шыдас бермейді, ақшаны оңай тапқысы және бірден байып шыға келгісі келеді. Оңай олжа қайдан болсын. Бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпын, арасында еңбекқор, бала күнінен жұмыс істеп шыныққан жастар да бар. Алғыр, елгезек, айтқаныңды екі етпей орындайтын, ісі тындырымды жігіттер бар. Тапсырманы да тиянақты орындап, тыңғылықты атқарады. Баланы жастайынан еңбекқорлыққа баулу қажет. Сонда ғана ол тапқан табыстың оңай олжа еместігін бағамдайды, қадіріне жетеді.
Біздің компаниямыздағы қызметкерлердің арасында өз ісінің шыңына шыққан, жетістігі жоғары саналған мамандарды ынталандыру мақсатында құрмет көсретіледі. Мұның барлығы да еңбек адамының жұмысын жоғары бағалау үшін жүзеге асырылады. Расында да, қоғамда еңбек адамдарының өнімді жұмысы насихатталып, өзгелерге үлгі ретінде айтылуы тиіс. Оны мақтангершілік, даңғазалық деп қабылдауға болмайды. Кейбір жандар өзінің қоғамның алға жылжуына қосып жүрген орасан үлесін, қайырымды ісін, еңбегін көрсетпейді, айтпайды. Меніңше, әр салада биік деңгейге жеткен жанның өнегелі өмірі, ғтбратты ісі кейінгі толқынға үлгі болуы тиіс деп санаймын.
Сұхбаттасқан Қуан Рахмет