Іздегені жұмақ еді. Тозақ болды

08 желтоқсан 2017, 10:42

Ресейден Сирияға жиһадқа кетіп, елдеріне кері қайтуды сұраған әйелдер бұл қауіпті аумақтан құтқарылып, 13 қараша күні Грозный қаласына ұшақпен жеткізілді. Олардың арасында жалғыз Қазақстан азаматы болды. Алды бес жасар, арты 3 айлық төрт баласын арқалаған 29 жастағы Жанар (есімі өзгертілді-ред) Ресей мен Қазақстан арасындағы өзара келісімге сәйкес 15 қараша күні Мәскеуден туған жері Орал қаласына ұшақпен жеткізілді. Біз Жанармен кездесіп, әңгімелескенбіз. Жат жерден жұмақ іздеп кеткен қазақ қызы алты жыл от пен оқтың ортасында өмір сүрген. Оны сенімі алдапты. Қасиетті исламның асыл қағидалары аяқасты болған Сириядағы тозақтан аман-есен елге оралған Жанар басынан кешкен азабы туралы әңгімелеп берді.

Ақтаудан Ыстамбұлға дейін…

– Жанар, әңгімені әріден қозғасақ… Намаз оқуды қашан, қалай бастадыңыз?
– 2008 жылы Оралдағы бір колледжде оқып жүрдім. Сол кезде намаз оқығым келді, ораза ұстадым және қажыға барып келіп жатқан адамдарға қатты қызықтым. Ара-тұра мешітке барып тұрдым, ол жерде намазды қалай үйренуге болатынын сұрадым. Араб тілін оқи бастадым. 2009 жылы намазды бастадым.
– Қай мәзһабпен оқыдыңыз?
– Ханбали мәзһабымен.
– Осы мәзһабпен оқығаныңыз себеп болды ма, елден кетуге?
– Жоқ. Мен елден бір-ақ мақсатпен – тұрмысқа шығу үшін кеткенмін. 2010 жылы интернетте бір жігітпен таныстым. Ол мені тұрмысқа шығу үшін Ауғанстан-Пәкістан шекарасына келуімді өтінді. 2011 жылы Ақтау қаласынан Түркияның Ыстамбұл қаласына ұшып бардым.
– Қай елдің азаматы, ұлты, есімі кім?
– Ресей азаматы. Дағыстандық, есімі – Асбек.
– Ол кезде 23 жаста екенсіз. Жалғыз өзіңіз қорықпай қалай жолға шықтыңыз? Оның үстіне ол аймақтар қауіпті ғой.
– Еш қорыққан жоқпын. Мақсатым тұрмысқа шығу ғана болды.
– Кетерде әке-шешеңізге күйеуге шығам деп айттыңыз ба?
– Жоқ. Оларға ештеңе айтпай кетіп қалдым. Екі аптадан соң «Тірімін, уайымдамаңдар, күйеуге шықтым» деп хабарлама жазып жібердім.
– Онымен интернет арқылы таныстыңыз. Қандай адам болады деп болашағыңызға алаңдап, ойланбадыңыз ба?
– Жоқ. Ол жағын ойлаған жоқпын. Оны маған керемет жігіт деп мақтаған…
– Кім мақтады оны?
– Мен интернетте одан бұрын бір адаммен танысқан едім. Ол мені Асбекпен таныстырып, «Осы жігіт жақсы, таныс» деді. Шынында да, жақсы адам болып шықты. 7 жыл тұрдық. Егер ол жаман адам болса, мен баяғыда кетіп қалар едім.

«Некеміз Уәзірстанда қиылды»

– Иә, әрі қарай…
– Түркиядан ұшақпен Иранға жеттім. Ираннан көлікпен Пәкістанның шекарасына жеттім. Шекараға кірген соң Уәзірстан қаласына екі тәулік жүріп барасың. Ол жақта жігітім қарсы алды. Уәзірстан – Ауғанстан мен Пәкістанның ортасында. Сол жерде жүзбе-жүз көрісіп, таныстық… Некемізді қидық. Ол сол қалада 1 жыл медреседе оқыпты.
– Ол жердегі өмір қалай екен?
– Мен ол жерге шариғат бойынша жақсы тұрамыз деп ойлап барғанмын.

Бірақ мұсылман елі болса да, ол жерде ислам жоқ сияқты. Әйелді адамға санамайды, дамымаған ел екен. Үйлері саз балшықтан салынған, жарық жоқ. Төбемізден үнемі бомба тастап жатты. Оның үстіне жергілікті тұрғындар мен әскерилер бізге күн көрсетпеді. Ол жерде 1 жыл 3 ай ғана тұрдық. Тұңғышымыз сол жерде дүниеге келді. Нашар тұрмысқа шыдай алмадық.
Түркияға өтіп, Ыстамбұл қаласына тұрақтадық. Екінші қызым сол жерде дүниеге келді. 2014 жылы Әбу Бәкір Әл Бағдади деген адам халифат жариялады. «Мұсылман баласына одан өткен қандай бақыт керек» деп, біз «халифатқа» жиналдық. Хадис бойынша халифат жарияланған жерге хижра істеу керек. 2015 жылы екі баламызды алып, Сирияға кеттік.
– Сирияда соғыс болып жатқанын білдіңіздер ме?
– Жоқ. Барғанға дейін түк білген жоқпыз. Түркияда тұрғанымызда бейнероликтер қарадық. Әдемі түсірілген роликтер. Аурухана, жақсы дәрігерлер, балалар ойнайтын парктер…Тұрмыс тегін, нағыз жұмақ болар деп ойлағанбыз.
– Қалай қарсы алды?
– Бірден тінту жүргізді бізге. Түрмедегідей қолыңды артыңа ұстап тұрасың. «Тұр! Жүр! Тез!» деп бұйрық береді. Бәрі дөрекі, айқайлап зәреңді ұшырады. «Халифат» деп алып-ұшып келген біз не істерімізді білмей қалдық.Тұла бойыңды түгел тінтіп, телефон, флешка, жеке бас құжатымызды, пайдаға асатынды тартып алды.
– Құжатыңызды қайтып берген шығар?
– Бермеді. Сол әкеткеннен құжатымызды көрмедік. Олар бізге «Енді сендерге құжаттың керегі жоқ, келдіңдер, енді өмірлеріңнің соңына дейін осында қаласыңдар» деді.

«Барақта тұрамын деп ойламаппын»

– Үй берді ме?
– Мен барақта тұрам деп ешқашан ойлаған жоқпын. Барамыз, бізге тегін үй береді, бәрі тегін, рахат, мұсылмандар арасында тату-тәтті өмір сүреміз деп ойладық. Бізді Ракка қаласына апарды. Адам тұратын жер емес. Күйеуімді бірден алып кетті… Әйелдерді балаларымен 3 бөлмелі үйге орналастырды. Әйелдер балаларымен сол үйден шықпай отырып, күйеулерін күтеді. Кішкентай бір бөлмеде 15 адам тұрдық. Сыртқа шығармайды. Балалар ауыра бастады. Емдейтін дәрігер жоқ. Барының өзі түк білмейді. Аурухана лас, еш пайдасыз бір антибиотикті балаға да, үлкенге де бере береді. Ота жасарда үстіндегі киіммен жатқызады да сол жерде бірден ота жасап, екінші бөлмеге апарып, лақтырып тастайды. Шаң болып жатқан құралмен ота жасайды да, ол құралды сол жерге қайта лақтырып тастайды және екінші адамға жумай қолдана береді. Әйелдер жеңілденгенде де сол…
– Күйеуіңізді қайда әкетті? Соғысқа қатысты ма?
– Жоқ, соғысқа салмады оны. Қару қоймасында істеді. Сирияға барған отбасын сол күні-ақ екі жаққа бөліп жібереді. Күйеулері басқа жерде шарият сабағын алады, әскери дайындықтан өтеді. Ал әйел-баласы қамауда отырады. Мен сол әкеткеннен күйеуімді 3 ай көрмедім. 3 айдан соң ол келіп, бізді алып кетті.
– Қайда әкетті?
– Ракка қаласынан 3-4 шақырым жердегі бір қалаға көштік. Көшер алдында бізге әмірлер: «Сендерге жаңа үй жабдықтарын береді, кір жуатын машина, тоңазытқыш – бәрі-бәрі бар. Қойманы ашады, ал сендер тек таңдап алыңдар» деген еді. Барсақ, қаладан адамдар көшіп кеткен, қаңырап бос жатыр. Қойма да, дүние де жоқ…10 шақты отбасы көшіп барғанбыз, бос қалған үйлерден үй таңдап алдық. Газ жоқ, қаланы аралап жүріп кір жуатын ескі темір машина, сынық плита, шіріп, сасып жатқан тоңазытқыш тауып алдық. Үйге әкеліп, тазалап жуып алдық…
– Тамақ, ақшаны қайдан алдыңыздар?
– Сирияға келісімен күйеуің сол жердегі ұйымға, жамағатқа кіреді. Жамағатта болмасаң, сені бірден түрмеге жабады. Ал солардың қарамағына кірген соң қайда жұмсаса да, барасың. Топқа бөліп тастайды. Біреуі кеңседе құжатпен отырады, біреуі қару жинайды, тазалайды, біреуін соғысқа салады. Сол үшін ақша алып тұрады.
– Қанша ақша беріп тұрды?
– Алғаш барған кезде әйелдерге айына 50, балаларға 35 доллардан беріп тұрды. Ал соңғы кезде 6 адамнан тұратын отбасына бар болғаны 30 доллар берді. Ол тамаққа жетпеген соң әйелдер компьютер, артық киімдерін сатып жатады. Сириялықтар дүкен ұстайды. Бірақ сататын тамағы жоқ. Түркиядан жүк көлігімен тамақ келеді кейде. Бірақ АҚШ пен Ресейдің «беспилотнигі» (дрон-ред) ол тамақты бізге, ДАИШ-тың ішіне кіргізбеу үшін бомба тастап, жарып жібереді. Базар, дүкендер жабылды. Адамдар ашығып жатыр. Кей адамдар бір жылдық тамақ қорын жасайды. Бірақ кез келген уақытта бомба түседі, болмаса, басқа жаққа көшуіне тура келеді. Бас сауғалап қашқанда барлық тамағы сол жерде қалады. Соңғы кезде олар «АҚШ-тың доллары да, Сирияның ақшасы керек емес, динармен өмір сүреміз» деп өздерінің алтын динарын шығарды. Бірақ жергілікті сириялық дүкеншілер динармен сауда жасамап еді. ДАИШ-тың адамдары дүкен аралап, оларды қорқытып, динарды алуға көндірді.
– Жанар, бір сөзіңізде ол жақта ислам жоқ дедіңіз. Тарқатып айтсаңыз…
– Ол жердегі өмір біз ойлағандай, шариғат бойынша емес, керісінше, екен. Шынында да, ислам жоқ ол жерде. ДАИШ бастығының ережесімен жүруің керек. Қарсы шықсаң, түрмеге қамайды. Ақида жағынан сабақ беретін «браттардың» айтқанын теріске шығарған ДАИШ-тың адамдары «Жоқ, сен олай үйретпе, біздің айтқанымызды үйрет» деп бұйырады. «Браттарды» түрмеге қамап, өздерінің адамдарына сабақ бергізеді. Видеода «Бізге келіңдер, ұнамаса, кері кете беріңдер» дейді. Алдап шақырып алады, келдің бе, кері кете алмайсың. Ол жақтан кері шығу өте қиын. Еркектерді жертөлеге 2-3 ай қамап, сол жерде жазалайды, өлтіреді. Кетіп бара жатқан адамды «кафирлар» (кәпір-ред) дейді. Өлтіріп тастайды да, отбасына «жол апатынан өлді» деп өтірік айтады. Ол жерде қаншама «сестралар» жылап отыр кері кете алмай, қор болған балалар қаншама? Сонда бұл сұмдықтың несі ислам?
«Халифат» деп хижра істеп барып, қаншама мұсылман өлді. Мосулда қоршауда қалғандарды шығармады. ДАИШ басшылары «Бұл жерден жан баласы шықпасын!» деп бұйрық берді. Әскерилер қолына түскен әйелдер мен балаларды жаппай өлтірді. Баласын анасының көзінше өлтіріп жатыр немесе керісінше. Әйелдерді құлдыққа сатуда. Мосулда көп адам тұтқында отыр. Көбі қашып жатыр, бірақ жолда ұсталып өлуде. Ол жерде ешқандай халифат жоқ. «Халифат» деп барған мұсылмандар «Әбу Бәкір Әл Бағдади қайда, неше жыл өтті, өзі көрінбей ме бізге, әлде басқа видеосын шығармай ма? Бізге әрі қарай не істеу керегін айтпай ма?» – деп шулады. Бізге оны «ес-түссіз жатыр» деді. Қыркүйекте араб тілінде 6 сағаттық бір видео шықты. Естігендер «Оның дауысы емес» деп айтып жатыр. «Ал Әбу Бәкір Әл Бағдади ақшаны алып, Америкаға қашып кетті, өзі еврей екен» – дейді. Мақсаты – мұсылмандарды бір жерге жинап, құртқысы келіпті.
– Күйеуі өлген әйелдердің одан әрі тағдыры қандай болады?
– Күйеуі өлген соң әйел төрт ай иддасын өткізіп, қара жамылып отырады. Төрт айдан соң «күйеуге шық» деп мазасын ала береді. Ал күйеуге шықпасаң, күн көре алмайсың, ауырсаң, қарамайды. Бір бөлмеде он бес шақты әйел отырады, су, тамақ бермейді. Әйелдер амалсыздан күйеуге шығып жатыр. Кейбірі 5-6 рет шықты. Еркектер әйел етіп алады да, 3-4 күн немесе бір аптадан соң талақ береді. «Маған ұнамадың» – дейді. Ештеңе істей алмайсың.Талақ болған «сестраны» жаңағы үйге апарып, лақтырып тастайды. Әйел сосын 4 ай иддасын күтіп тағы да отырады, 4 айдан соң тағы күйеуге шығады, сөйтіп, қолдан-қолға өтіп жүреді. Күйеуі өлсе, әйелді тұрған үйінен қуып шығады.
Ал еркектер соғыстың бірінші күні-ақ өліп жатыр. Оларды бір ай әскери дайындықтан өткізеді. Дайындық деген аты ғана, мылтық ұстатып, әрі-бері жүгіртеді, болды. Ал соғыс тәсілдерін білмейтін, соғыс көрмеген еркектер қаруларын тастап қашып жатыр. Әуе соққысынан қырылып жатыр. Сирияда бір күн тыныш ұйықтай алмайсың, әскери ұшақ күндіз-түні тоқтаусыз ұшып, атқылауда. Бір бұрышта тығылып отырасың, сыртқа шығуға қорқасың. Қанша бала өлді, бомба түскен үйдің астындада қаншама «сестралар» қалды балаларымен?!
– Оларды қазып шығара ма, іздей ме?
– Көбі үйіндінің, қираған үйлердің астында қалды. Оларды аршып алатын адам да, уақыт та жоқ. Егер адамдар бір жерге топ болып тұрса, дереу бомбалап тастайды. Сондықтан ол жерде әркім өзі үшін бас сауғалауда.
– Үйінді астында қалғандар жиһад, халифат деп барғандар ма?
– Иә, олар да бар. Жергілікті тұрғындар да қырылып жатыр.
– Ол жерде қазақтар болды ма?
– Жоқ. Ол жерден қазақ көрмедім. Мен ресейліктердің тобында болдым, көбі дағыстандықтар. Сирияда көп ұлт бар, француз, үнді, орыс, ағылшын, қара нәсілділер және басқа елден келген арабтар көп.
– Ол жердегі бей-берекет жыныстық қатынас туралы не айтасыз? «Сестраларыңыз» ондай жағдайға тап болды ма?
– Ол жағын білмедім. Менімен бірге болған «сестралар» ондай жағдайға тап болған жоқ. Күрдтердің бір лагері бар… Сол лагерьге тап болса, күйеулерін өлтіреді де, әйелін, қызын тірі қалдырады. Олар үй қызметін істейді, тамағын пісіреді, сол жердегілерге төсек қызметін де көрсетеді. Бізді, мухажирларды (қоныс аударғандарды – ред) ондайға бермеді. Олар тек қана өзінің дұшпандарының әйел-қыздарын ғана солай пайдаланады.

Ракка мен Мәскеу арасы

– Өзіңіздің айтуыңызша, бір барған соң ол жақтан кері кету қиын екен. Сириядан қалай шықтыңыз?
– Қашып шығам деген адамдарды алып шығатын жолбастаушы болады. Ол адамды әрең іздеп таптық. 800-ден 4 мың долларға дейін ақша алады. Мені күйеуім отырғызып жіберді. Себебі ер адамдарға жол жоқ. Қасымда балаларымен басқа да «сестралар» болды. Кассехаға жеткен соң бізді көліктен түсірді. Сол жерде бізді Түркияға апармайтынын, орта жолда далаға тастап кететінін түсіндік. Бір сөтке (тәулік) жаяу жүрдік. Күн салқын, балалар қызуы көтеріліп, ауырып қалды. Түнде жолда түнеп, таң атқан соң тағы да жолға шықтық. Түс ауа жолда әскерилер кезікті. Күрдтер екен. Біз оларға барып берілдік. «Су, нан жоқ, балалар өлейін деп жатыр. Түркияға жеткізем деген сириялық ақшамызды алып, өзімізді алдап, жолда тастап кетті» – деп жағдайымызды айттық. Олар бізді көлігіне отырғызып, өзінің базасына апарды. Тағы да тергеу басталды…Түнге дейін солардың қарауында отырдық. Олар бізге тиіскен жоқ. Су, тамақ берді, балаларға тәтті үлестірді. Бізді бұрын ДАИШ-тың адамдары «Егер күрдтердің қолына түссеңдер, сендерді зорлайды, балаларыңды қорлап өлтіреді» – деп қорқытқан болатын. Сол себепті көп мұсылмандар жолға шыға алмай, қорқып отыр. Күрдтер «Қорықпаңдар, тиіспейміз» деді. Бұл жерде әйелдер отыратын түрме бар екен. Бізді сонда отырғызды. Төрт қабатты сол үйде ұсталған әйелдер балаларымен отыр екен. Оларды елдері сұратпаса, тергеу біткенше сол жерде отырады.
– Ол түрмеде қанша уақыт отырдыңыз?
– Бір жарым ай отырдым сол түрмеде. Қамап тастады, әжетханаға сұранасың, шығарғысы келсе шығарады, көңілі соқпаса солай қысылып отыра бересің… Бір күні бізді, 14 әйел, 23 баланы Камышлы деген жердегі босқындар лагеріне апарып тастады. Себебі бізді алып кетуге Ресейден адамдар келеді деген хабар келіпті. Ол жерде «Қызыл Крест» ұйымы бар екен. 10 күн сол лагерьде болдық. Жағдайымыз жақсарды, әр отбасына бөлек палатка берді, тамақтандырды. 10 күннен соң бізді автобусқа тиеп, басқа жерге апарды. Ол жерден Латакия деген жерге ұшақпен апарды. Латакия – Башар Асадтың туған жері. Бізді қонақүйге орналастырды. Ал келесі күні ұшаққа отырғызды. Таңғы сағат 8-де Грозныйда болдық. Грозныйдан Мәскеуге ұштық.

«Балаларым бейбіт өмірде өскенін қалаймын»

– Елге жеткенше төрт баланы қалай алып жүрдіңіз? Екеуі өз аяғымен жүре алмайды ғой.
– Грозныйға дейін балаларды көтеріп жүрдім. ДАИШ-тың аумағынан шыққан соң курдтарға жеткенше балаларды кезек-кезек көтеріп келдім. Сондай қиын болды. Бір сөтке жаяу жүрдік. Жолда су, тамақ болған жоқ.
– Жанар, сіз елге қайтқыңыз келді ме, әлде топпен бірге еріп, амалсыз шығып кеттіңіз бе?
– Өзім қайтқым келді елге.
– Күйеуіңіз Кавказға бар деген жоқ па?
– Қайын жұртымнан енемнен басқа ешкімді танымаймын. Анасы біз Ыстамбұлда тұрғанда келіп, мені көріп, бір жұма қонақ болып кеткен еді. Тұңғыш қызымызды, немересін көріп кетті.
– Әке-шешеңіз қалай қабылдады?
– Жақсы қарсы алды.
– Соғысты көріп, тұтқында, түрмеде болып, көп қиындық көріпсіз. Көзқарасыңыз қандай қазір?
– Сириядағы неше түрлі жауыздықты көрген соң ойландым. Елде болсам, жұмыс істеп, балаларымды өсірсем деймін. Бейбіт өмірді қалаймын.
– Оралда «сестраларыңыз», яғни діни теріс бағытта жүрген достарыңыз бар ма?
– Жоқ. Мен намаз бастаған кезде елден кеткенге дейін ешкіммен араласқан жоқпын. Өзіммен-өзім болдым.
– Сирияда намазды Ханбали мәзһабымен оқыпсыз. Қазақстанда дәстүрлі Ханафи мәзһабын ұстанады.
– Намаздың оқылуында айырмашылық аз. Айырмашылық көзқараста деп ойлаймын.
– Онда көзқарасқа байланысты бір сұрақ. Қазақстандағы теріс бағытта жүргендер намаз оқымаған әке-шешесін «кәпір» деп жатыр. Бұған қалай қарайсыз?
– Мен әке-шешемді намаз оқымағаны үшін ешқашанда «кәпір» деп айтқан жоқпын. Пісірген тамағын жеп отырмын.
– Еліміздің саясатына деген көзқарасыңыз қандай?
– Көзқарасым қалыпты. Мен елде 7 жыл болған жоқпын. Елдегі өзгерістермен таныс емеспін.
– Сирияда жүргенде елді сағындыңыз ба?
– Әрине, сағынасың. Мен туғандарыммен үнемі хабарласып тұрдым. Ыстамбұлда тұрғанда «скайппен» сөйлесетінбіз.
– Оралға келіп, ұшақтан түскенде қандай сезімде болдыңыз?
– Елге, үйге жеттім бе, жетпедім бе деп сенбедім. Көзімнен жас шықты.
– Күйеуіңіз қайда қалды?
– Күйеуім Сирияда. Менімен бірге шығуға амалы болмады. Ол бүгінде елге оралуға жол іздеп жатыр. Күйеуім – Ресей азаматы. Оны елге кіргізе ме, жоқ па, ол жағын орыстар біледі… Біз Түркияда жақсы тұрдық. «Халифат» жарияланған соң мұсылман баласы оған бару керек деп алданып қалдық. Видеодан соғыс, жазалау, адам өлтіруді көрген жоқпыз. Мұсылман елінде мамыражай өмір сүреміз деп ойлап қалдық. Бірақ Сирияға жеткенде ол жерде ешқандай шариғаттың жоқ екенін білдік.
– Елге келдіңіз. Не істемек ойыңыз бар?
– Құжаттарымды істеп жатырмын. Ар жағы қалай болады, белгісіз. Бастысы – елге аман жеттім. Мен екі баламды Сирияда дүниеге әкелдім. Балаларымды бейбіт өмірде өсіргім келеді.
– Жанар, өзіңіз сияқты шетелдікке тұрмысқа шығуды армандап, елден кеткісі келіп жүрген қыздарға, жалпы жиһадқа кетуді ойлап жүргендерге не айтасыз?
– Мұсылмандарға «Сирияға бармаңдар!» дер едім. Бүгінгі көріп жүрген видеолар өтірік түсірілген. Мысалы, ДАИШ-тың адамдары сириялық балаларды күлдіріп, ойнатып, қолына тәтті мен сыйлық беріп, видеоға түсіреді. Ал өмірінде тәтті тамақ, жақсы киім көрмеген ол балалар мәз болып күліп, киноға түседі. Түсіріп болған соң балаларға айқайлап, қуып жібереді. Сосын ол видеоларды интернетке салып, «Міне, бізде жағдай тамаша, келіңдер» деп шақырады. Ол жерде балалар оқымайды, бәрі надан. Медресе бар, бірақ баланы ұрып, соғып, қараңғы бөлмеге қамап, қорқытып, өзінің ахидаларын үйретеді. Сирияға барған адамның бүкіл өмірі бұзылады, қор болады. Бізде жұмыс, үй бар, бала тәрбиелеп, бақытты өмір сүруге бар жағдай бар. Елден кетпеңдер!
– Жанар, басыңнан кешкен оқиғаларды жасырмай бөліскенің үшін рахмет!

Сұхбатты жүргізген
Ұлдай САРИЕВА,
Орал қаласы

(Редакциядан: Кейіпкердің
сөйлеу мәнері сақталды)

Бүгін, 11:30
Әлішер Сатыбалдиев: Индустриалды аймақ Алматы экономикасына серпін береді
27 наурыз, 16:38
Ұсақ-түйек емес: шұлық өндірісіне де қолдау қажет!
27 наурыз, 12:30
Берік Солтанбаев: Алматыда кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау жасалып отыр
26 ақпан, 15:10
Дархан Мыңбай: Кәсіпкерден дәметіп күнелтетін масылдар, әкімдік есігінен сығалауға машықтанған тоғышарлар бар
26 ақпан, 12:34
Қазақ баспасөзі: Сантараулы салалық журналистика
25 ақпан, 14:23
Фатима Жүнісова: Диванда жатып, «мемлекет асырасын» дейтіндер жетістікке жете алмайды
22 ақпан, 15:50
Кәдірбек Құныпияұлы: Газет санасы сарабдал, ойлы да сауатты оқырманмен бірге мәңгі жасай бермек!
21 ақпан, 16:51
Масылдық психологиядан қалай арыламыз?
21 ақпан, 14:48
Мақсұтбек Пірметов: Бізге артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр