Иран үкіметі импорт кезінде АҚШ долларын пайдалануға тыйым салды. Енді елдің кеден органдары Америка валютасымен транзакцияланған тауарға декларация толтырмайды.
Импорт тасымалдаушылар долларды еуроға немесе басқа кез келген валютаға айырбастауына болады. Бұл туралы Вaq.kz ақпарат агенттігі Press TV арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Иранның орталық банкінің хабарлауынша, қазір доллармен келетін тауар саны аз. Сондықтан халықаралық келісімшарт тоқтап қалуы мүмкін деген қорқыныш жоқ.
Аталған банк өкілі Мехди Касрейпурдың айтуына қарағанда, бұл шара импортерлерге ешқандай проблема туғызбайды. Иранның сыртқы саудасындағы доллардың үлесі төмен.
«Санкциядан соң елдегі банк секторы доллар пайдалана алмай келеді. Ирандық импортлер көбіне басқа валютамен саудаласады. Сол себепті доллармен есептелген шарт жасасудың қажеті жоқ», — деді Мехди Касрейпур.