Интернетте иман жоқ

25 қараша 2022, 11:23

Кезінде Қожа Ахмет Яссауи «Нағыз ғылым иесін көрсем, бас иіп тағзым етер едім» деген екен. Интернетте шын ғалымның пікірін, адам баласына пайдасы тиетін нәрсені – асыл ойды, жүйелі тұжырымды, тиімді ұсынысты ұшыратсақ, біз де сондай күй кешеміз. Кейде «ғаламторға жариялау мен жариялану иелігін бірыңғай ғалымдарға, білгір мамандарға, кәсіби шеберлерге, көзі ашық, сауатты адамдарға берсек қой» деп қиялдаймыз. Сонда әйгілі ғұламаның өсиеті мың есе орындалған болар еді. Әйтпесе, бүгінгі ең озық, ең көп тараған байланыс құралы – ғаламдық әлеуметтік желіде кім жоқ, не жоқ дейсіз? Жақсыға да, жаманға да бірдей жариялылық, ашықтық, еркіндік берілген. Оны оңды-солды пайдалануға «әркімнің-ақ бар таласы».

Бұқпадан дау, бүйірден жау шығаруға бейім, мыңдарды, миллиондарды, миллиардтарды бас игізген, сүйіндірген, еміндірген, дәніктірген, құнықтырған Фейсбук әлемі пайда болғалы әліпті таяқ деп танымайтын, қалам түгілі сиясорғыш, өшіргіш көрмеген жазғыштар мен бейнетүсіргіштер қынадай қаптап кетті. Оның қалың көпшілігі, басым бөлігі жазбалар мен бейнелер арасында құнарға өскен өртеңдей жылт еткен жақсы жаңалыққа көз салмай-ақ, құнды хабарға құлақ түрмей-ақ, баса-көктеп, бір-бірінің үстінен таптап өтуге бар. Сондағы дәмесі – сойқан мен сұмдықты тіміскілеп тауып, масқара мен пәлені іздеп оқып, жаппай жарыса жамырау. Оның ішінде сырттан тас атуға, іштен іліп-шалуға, лағынет, қарғыс айтуға, жаға жыртысып, бет тырнауға дейін барады. Дұрысы мен бұрысын, қисындысы мен қисынсызын ажыратып жатпайды. Бос әңгіме-талқыға, қойыртпаққа алтын уақытын зая етеді. Жаладан жапа шеккендер, абайсызда арандап қалғандар мен жазықсыз күйдіргендер кіжінеді, қырғиқабақ болып, иттей ырылдасады. Бітіспес ұрыс-керістің қазан-ошағы да осында. Кейде жуынды төгетін жерді, шашылған қоқысты елестетеді. Естісе – құлақ сарситын, көрсе – көз ұялатын нәрселер ғаламторда қаптап-қанарлап жүр. Кәкір-шүкір елдің басты жаңалығындай ұсынылатын күйге жеттік. Бұрын көзқамандықты сынаушы едік, қазір оған көз үйреніп, ет өліп қалғаны соншалық, пысқырмайтын болдық. Біздіңше, бұл – қоғамға дабыл қағар құбылыс.

Жекелеген жарандар қолына іліккенін, тапқанын біліс-таныстарына танауын керіп таратқанына мәз. Қайсыбіреулер сөзі бөтеннің таптаурын тақпағын, сарытап сәлемін, құнсыз құттықтауын жатырқамай, оңды-солды жолдаса, енді біреулер діні бөтеннің теріс уағызын, жаман пиғылын, сұйық суретін, мағынасыз бейнесін, жылтыраған жарнамасын жасауға үйір. Бұл әрекетін мәртебе санайтындар да шаш етектен.

Жалпы мұндай тексіз таным, иінсіз идеология, надан насихат менталитетімізді қазірдің өзінде сорлатып отыр. Енді осы сорлатушылардың айналасы, ұрпағы, шәкіртсымақтары туралы ойлаудың өзі ауыр.

Бұл жадағай һәм жапатармағай үрдіс елдік, ұлттық дәстүрімізге, салт-санамызға қаншалықты зиянын тигізіп жатқанын кейін емес, қазір ойлауымыз керек.
Әрине, ғаламторды ақпарат көзі ретінде пайдалануға ешкім шектеу қоя алмайды. «Әр заманның өз ғалымы, өз құралы болады» дегендей, жаңа технологиялардың мүмкіндігі күннен күнге дамып келеді. Тіпті шегі көрінбейді.

Дегенмен адами ұғымға салып айтсақ, «интернетте иман жоқ». Бірақ ата дәстүріміз әр нәрсенің шегі, өлшемі болатынын ұмытпауды ескертеді.

Осы тоқтам-тұжырыммен келіссек, интернет желісіндегі жұмыс жүктемесінің адам денсаулығына әсерін ескерген жөн. Жаңа технологияларды игеру, меңгеру ісінде ортақ бір ғана сыншы бар. Ол – халық талғамы мен парасаты. Мұны Төле би сөзімен айқындасақ, «Адамның басшысы – ақыл, шолушысы – ой, жетекшісі – талап, қорғаушысы – сабыр, сынаушысы – халық».

Сондықтан бірінші кезекте халықтың талап-тілегі, қажеті мен мұқтажы ескерілгені дұрыс. Қоғамда сана-сезім, өре өскен сайын адамзаттық игіліктерді тұтыну мәдениеті қалыптасады. Ғаламдық интернет желісі талғам мен өлшем болмаса, білімі таяздың білімін тежеп, шектеп, тұқырта бастайды, яғни біржақтылыққа ұрындырады. Ал білімі мен талғамы бар адам сан мың-миллион ақпаратты бірден ұсынатын интернетті тиімді пайдаланып, өзіне керектісін ғана алды. Сол арқылы қабілетін арттырып, білімін толықтырады. Дүдәмал дерек пен жаңалықты интернет иірімі арқылы қайта-қайта тексерері де айдан анық.

Сонымен қатар, әлемде дамыған, өркениеттен адаспаған елдерде интернетті бұғаттауға емес, оның жұмысын жүйелеуге, жан-жақты реттеуге, яғни қолдану тәртібі мен мәдениетіне көңіл бөліп жатқаны тегін болмаса керек. Әйтпесе, «әттеген-ай» дегізетін өкініштер ушығып, қоғамды орасан зор қауіп-қатерге әкеліп соқтыруы мүмкін. Оның алдын алу үшін елімізде арнайы социологиялық зерттеулер жүргізіп, осыған сәйкес кешенді іс-шараларды атқарған маңызды. Өйткені интернет байланысы өркениеттің құрамдас бөлігі ретінде әр елдің экономикалық, әлеуметтік даму деңгейіне, тұтыну мәдениетіне қарай бейбіт өмірін тиянақтап, ортақ игілігін арттыруға қызмет ете бермек.

Дархан Мыңбай,
Мәжіліс депутаты

27 наурыз, 16:38
Ұсақ-түйек емес: шұлық өндірісіне де қолдау қажет!
27 наурыз, 12:30
Берік Солтанбаев: Алматыда кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау жасалып отыр
26 ақпан, 15:10
Дархан Мыңбай: Кәсіпкерден дәметіп күнелтетін масылдар, әкімдік есігінен сығалауға машықтанған тоғышарлар бар
26 ақпан, 12:34
Қазақ баспасөзі: Сантараулы салалық журналистика
25 ақпан, 14:23
Фатима Жүнісова: Диванда жатып, «мемлекет асырасын» дейтіндер жетістікке жете алмайды
22 ақпан, 15:50
Кәдірбек Құныпияұлы: Газет санасы сарабдал, ойлы да сауатты оқырманмен бірге мәңгі жасай бермек!
21 ақпан, 16:51
Масылдық психологиядан қалай арыламыз?
21 ақпан, 14:48
Мақсұтбек Пірметов: Бізге артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр
14 ақпан, 15:49
«Сізде болады. Бізге болмай ма?»