WBA/WBC/IBF/IBO тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин 16 қыркүйек күні өткен алғашқы жекпе-жекте оның қарсыласы Сауль Альварестің тыйым салынған заттардан «таза» болғанына күмән келтіруде.
Бұдан бұрын 17 және 20 ақпанда алынған екі допинг-сынамада «Канелодан» кленбутерол табылған еді. Бірақ кейін мексикалық боксшы үш рет қосымша тест тапсырып, одан ешқандай допинг ізі табылмады. «Оның бұлшықеттерінен инъекцияның іздері айқын көрініп тұрды. Суретке қарап, дәрігерлерден сұраңыз», — деп келтіреді Los Angeles Times журналисі Лэнс Пагмайр GGG-дің сөзін. Головкин мен Альварестің реваншы 5 мамырда Лас-Вегаста өтеді. Еске салайық, наурыз айының басында Сауль Альварестен алынған допинг сынамалардың бірінен тыйым салынған препарат табылды. Оның мүддесін қорғайтын Golden Boy промоутерлік компаниясы боксшының қан құрамынан тыйым салынған препарат — Кленбутерол табылғаны туралы ақпаратты растаған болатын. Ал кеше Головкин допинг дауынан кейін «Канелоға» айқасуға тыйым салынса, келесі жекпе-жегін кіммен өткізетінін айтты.