
Түркістан облысының білім саласы бүгінде жаңа серпін кезеңіне қадам басты. Үкіметтің 2023-2029 жылдарға арналған мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білімді дамыту тұжырымдамасына сәйкес өңірде жүйелі реформалар іске асырылып жатыр. Осы орайда Jas Qazaq тілшісі Түркістан облысының білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орыновпен сұхбаттасып, Келешек мектерінің ахуалы, балалар қауіпсіздігі және тіл мәселесі жайында әңгімелесті.
– Ғалымжан Қалдыкөзұлы, бүгінде Түркістан облысының білім саласындағы басты стратегиялық бағыттары қандай?
– Үкіметтің 2023–2029 жылдарға арналған білімді дамыту тұжырымдамасы аясында облыста білім сапасын арттыру, цифрландыруды күшейту, қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру және ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбиені дамыту жұмыстары жүргізілуде. Түркістан облысы бұл бағыттағы көшбасшы өңірлердің бірі болуға ұмтылып отыр. Қазіргі таңда білім беру ұйымдарына пилоттық негізде бірнеше заманауи цифрлық платформалар енгізілді. Атап айтқанда, BilimCenter, Bilim.app, Eduser, Wonk.ai секілді жүйелер іске қосылды.
Әрине, жаңа жүйелерді енгізу барысында педагогтер сабақ кестесін жасау, қысқа мерзімді жоспар енгізу кезінде белгілі бір қиындықтарға тап болды. Бұл бізге мұғалімдерге қосымша әдістемелік қолдау мен оқыту қажет екенін көрсетті. Сондықтан цифрлық сауаттылықты арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасады.
– Оқушыларды бағдарламалауға баулу бағытында қандай нақты істер бар?
– Бұл бағытта үлкен жұмыстар атқарылуда. ҚР Оқу-ағарту министрлігі және Жасанды интеллект пен цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, Astana Hub халықаралық технопаркі базасында онлайн-платформа іске қосылды.
2024-2025 оқу жылында педагогтеріміз жасанды интеллект және Game Development бағыттары бойынша оқытылды. Қазір edu.astanahub.com платформасында облыс орталығынан 697 оқушы бағдарламалау курстарынан өтуде.
Ал 2025-2026 оқу жылында 1013 оқушыны қамту жоспарланып отыр. Бұл – болашақ IT мамандарын даярлаудың алғашқы баспалдағы. Келес ауданындағы №7 мектеп 2024–2025 оқу жылынан бастап CodiPlay жобасына қатысып келеді, жоба келесі оқу жылында да жалғасады.
Бұл жобаның ерекшелігі – балаларды ойын арқылы бағдарламалауға үйретеді. Оқушылар арнайы қосымша арқылы ойын құрастырады, IoT-гаджеттермен жұмыс істейді, робототехниканың негіздерін меңгереді. Arduino UNO арқылы жобалар жасап, логикалық ойлау, есте сақтау, математикалық және когнитивтік қабілеттерін дамытады. Алдағы уақытта бұл платформаны өңірде кеңейтуге арналған жол картасы әзірленеді.
– Облыстағы тілдік ахуал қалай? Мемлекеттік тілді дамыту бойынша қандай көрсеткіштер бар?
– 2025–2026 оқу жылында облыстағы 940 мемлекеттік мектептің 728-і қазақ тілінде, 4-еуі орыс тілінде, 208-і аралас тілде білім береді. Аралас мектептерде мемлекеттік тілді басымдықпен оқыту арқылы этнос өкілдерін қоғамға интеграциялау жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде биыл 2186 оқушы қазақ сыныптарына ауысты. Оның ішінде 2164-і өзбек ұлтының балалары. Бірінші сыныпқа қабылданғандардың 78 пайызы қазақ сыныбын таңдады. Бұл – ата-аналардың мемлекеттік тілге деген сенімінің артқанын көрсетеді.
– Балалар қауіпсіздігі мәселесі бойынша қандай жобалар жүзеге асуда?
– Бұл — біздің ең маңызды бағыттарымыздың бірі. Түркістан облысында “Қазақстан балалары” тұжырымдамасы өңір ерекшелігіне бейімделіп жүзеге асуда.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ әзірлеген Ai-Jan платформасы 1105 мектеп пен 50 колледжге кезең-кезеңімен енгізіледі. Ол тәуекел тобындағы балаларды ерте анықтауға көмектеседі.
Сонымен қатар прокуратурамен бірлескен «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы іске асуда. Ал Cheker жүйесі интернет кеңістігіндегі зиянды контент пен деструктивті қауіптерді ерте анықтауға мүмкіндік береді.
– Жекеменшік мектептердің жұмысы қалай бақылауға алынуда?
– Қазір облыста 165 жекеменшік мектеп бар. Онда 54 976 оқушы білім алады. Бұл – жалпы контингенттің 9,9 пайызы.
Сапаны бақылау мақсатында 19 адамнан тұратын жұмысшы топ 29 тәуекелі жоғары мектепке кешенді мониторинг жүргізді. Нәтижесінде мұғалімдердің біліктілік санатының жоқтығы, спорт залдары мен кітапханалардың жеткіліксіздігі, деректер сәйкессіздігі, заңсыз оқушы ауыстыру фактілері анықталды.
Осыған байланысты лицензиялық құжаттар тиісті департаментке жолданып, 1200 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Бұл жерде біздің ұстаным – жекеменшік секторды дамыту ғана емес, сапалы білім беруді талап ету.
– «Келешек мектептері» жобасының нәтижелері қандай?
– Бұл жоба облыста жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Қазірдің өзінде 29 мектеп іске қосылып, онда 17 954 оқушы білім алуда.
Арнайы облыстық жұмыс тобы құрылып, әр мектептің даму портреті жасалды. STEM бағыты бойынша NIS мамандарымен семинарлар өтті. Сонымен бірге мектеп директорларымен басқарушылық кездесулер ұйымдастырылды.
Алдағы кезеңде директор орынбасарларына арналған семинарлар өтіп, цифрлық мониторинг жүйесі толық енгізіледі.
– Оқуға құштар ұлт қалыптастыру бағытында қандай жұмыстар бар?
– Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасы аясында біз 2021 жылы облыстық «KitapХАН@» жобасын бастадық.
Жобаның мақсаты – кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, көркем әдебиетті күнделікті әдетке айналдыру. Жоба ZOOM платформасында өтеді. Оған мектеп басшылары, педагогтер, ата-аналар мен оқушылар қатысады.
2025 жылы жобаға мыңнан астам қатысушы қатысты. Нәтижесінде облыстағы білім беру ұйымдарындағы оқырмандар саны 96 пайызға жетті. Бұл – өте үлкен көрсеткіш.
– Алдағы мақсаттарыңыз қандай?
– Біздің мақсат – Түркістан облысын білім сапасы жоғары, қауіпсіз, цифрлық мүмкіндігі мол, ұлттық рухы биік өңірге айналдыру. Ол үшін мұғалім мәртебесін көтеру, балаларға сапалы орта қалыптастыру, жаңа технологияны тиімді енгізу және ата-анамен бірлескен жұмысты күшейту бағытында еңбек етеміз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық