Кәсіпқой бокста WIBA, WBU, WBC Silver және IBO Championship белдіктерінің иесі Фируза Шарипова Геннадий Головкиннің Билли Джо Сондерспен өткізуі мүмкін жекпе-жегі туралы пікір білдірді.
«Меніңше, Головкиннің Билли Джо Сондерспен өткізетін жекпе-жегі қызықты болады. Өйткені оған WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы тігіледі. Орта салмақтың абсолюттік чемпионы болу үшін Головкинге тек осы белдік жетпей тұр», — дейді Ф. Шарипова. «Әрине, мексикалықпен өтетін жекпе-жектің артында қыруар ақша тұр, бірақ оның ешқандай белдігі жоқ. Оның үстіне Альварес өз абыройына нұқсан келтіріп алды. Енді ол қазақстандық жанкүйерлердің алдында абыройын тіктей алмайтын шығар. Альвареспен жекпе-жек болуы мүмкін, бірақ Сауль одан бұрын жазасын алуы тиіс», — дейді қазақстандық боксшы. Сондерстің промоутері Фрэнк Уоррен егер Сауль Альвареспен өтуі тиіс атышулы жекпе-жек болмаса, қазақстандыққа қарсы өз боксшысын ұсынатындығын мәлім еткен болатын.