Еуропа, Азия және Израиль чемпионы!

17 ақпан 2017, 15:41

Асқар Оразалинов – су добынан КСРО-ның 2 дүркін чемпионы (1981,1982), дүниежүзілік Универсиаданың 2 мәрте жеңімпазы (1983,1985), Еуропа чемпионы(1985), КСРО кубогінің иесі (1982), Кеңес одағы чемпионаттарының 2 дүркін күміс, 5 мәрте қола жүлдегері, Азия ойындарының 3 дүркін жеңімпазы (1994,1998, 2002), Азияның 3 мәрте чемпионы (1995, 1997, 1999). Венгрия чемпионатының үздік мергені.

Қазақ елінің су добы спортында Асқар Оразалиновтың өз орны бар. Ол ойыншы ретінде қандай атақты болса, бапкер ретінде де өте беделді болды.
Әуелі ойыншылығына тоқталайық. 1980 жылы он тоғыз жасында КСРО жастар құрамасы сапында Еуропаның күміс жүлдегері атанды. Қаршадай ғана бозбала шүу дегеннен Кеңес одағының үздік ойыншыларының қатарына қосылды.
Асқардың жастайынан Еуропа деңгейінде көзге түсуі тегін емес. Қу тақырға шөп шықпайтыны тәрізді, бұл жігіттің әкесі Сабалақ 18 жасында көзсіз ерлік жасаған ердің сойы. Бір қырғын айқас үстінде немістің дзоты кеңес әскерлерін бас көтертпей атқылайды. Жаңбырша жауған оқтан талай әскер жер жастанады. Асқардың әкесі ажал бүркіп тұрған пулеметке граната лақтырады да, артынша дзоттың аузын денесімен жаба құлайды. Кеңес әскері жауды түре қуып, ілгері кетеді. Қансырап жатқан Сабалақты санитар қыз тауып алады. Дәл сол сәтте екі аяқтан айырылған Сабалақтың Асқардай жампоз ұлы болады, десе, ешкім сенбес еді.
Асқар Оразалинов 1983-1986 жылдары Кеңес одағының ұлттық құрамасы сапында ойнады. Бұл айтуға ғана оңай. Сол жылдары КСРО құрамасы әлемдегі ең азулы команданың бірі болды. Тарихқа жүгінсек, 1980 жылы кеңес спортшылары Олимпиаданың бас бәйгесін жеңіп алса, 1982 жылы әлем чемпионатында жеке-дара шықты. 1981,1983 жылдары Әлем кубогін ұтып алған КСРО құрамасы 1986 жылы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Асқар осындай аузымен құс тістеген құраманың белді ойыншыларының бірі болды. Бұл дегеніңіз – сол тұста саны бес миллионнан зорға асқан қазақ жұрты үшін зор мәртебе еді.
Оразалинов көгілдір айдында өзіндік қолтаңбасымен дараланған саңлақтың бірі. Ол қақпаға ту сыртын беріп тұрып, өзіне қарай ұшқан допты торға түсірудің нағыз майталманы. Мұндай жағдайда небір әдемі голдар соғылып жатады. Ал Асқардың голы ерекше. Ол оңтайымен келген допты қақпаға қарай шиыра бағыттайды. Оның осы әдісті қапысыз орындайтынына сүйсінген мамандар: «Асқар допты саусақтың ұшымен бұрап жібереді» дейді. Оразалиновтың қақпашы қос қолын судан шығарып үлгергенше зу еткізетін әбжілдігі тағы бар. Немесе қақпашы бір жағына жантайған сәтте қарсы бүйірден тартып жібереді. Мұның бәрі айтуға ғана жеңіл. Әлемдік су добының серкелері саналатын Еуропаның кез келген қақпашысы анау-мынау ойыншыға алдырта қоймайды. Асқар солардың талайын сан соқтырды.


Асқар «полукач» деп аталатын соққыны да керемет меңгеріп алды. Яғни ойыншы допты қыса ұстаған күйі құлаштай лақтыратындай сыңай танытады да, оңтайлы сәтте сілтеп кеп қалады. Оразалиновтың допты желке тұсында толғап тұрып күтпеген жерден қарсы қақпадан бір-ақ шығарғанын сары тіс жанкүйерлер ұмыта қоймағаны анық.
Еуропа мен Кеңес одағын мойындатқан Асқар Сабалақұлын осы саланың білікті мамандары «Азияның қара маржаны» деп атайды. Ол отыз жасында Венгрияға ауысты. Су добынан Олимпиаданың 8 дүркін чемпиондары болған мадиярлар елінде біздің жігіт нағыз жампоз екенін танытты. Ол қатарынан екі жыл Венгрия чемпионатының ең үздік мергені атанды. Міне, біз кейде қадіріне жете бермейтін Асқардың көпшілік біле бермейтін тағы бір ерлігі. Бұдан кейін Оразалиновқа Нидерланды, Испания, Италия және Израиль бапкерлері «құда» түсті. 1998-1999 жылдары Израиль чемпионатында сынға түскен Асқар «Тивон» клубы сапында осы елдің чемпионы әрі кубок иесі атанды.
2000 жылы Асқар Оразалинов Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындалды. Бас бапкер болған Асқар ойыншылықтан да қол үзбейді. 2002 жылғы Азия ойындарында 41 жастағы Оразалинов құраманы баптаумен қатар жігіттермен иық қағыстырып, айдынға шықты. Сол сапарда оның командасы Азия ойындарының алтын медалін қанжығаға байлады.
Асқар тізгінін ұстаған Қазақстан құрамасы 2000, 2004 жылдары Олимпиада ойындарында ел намысын қорғады. Ал Оразалинов ойнаған және ол баптаған Қазақ елі ватерполшылары 1994 жылдан 2006 жылға дейін Азия құрлығындағы ресми жарыстарда үнемі жеңімпаздар қатарынан көрінді.
Кейінгі толқын бауырлар біле жүрсін деп, Асқар бауырдың жеңісті жолын хатқа түсірдік.

Қыдырбек Рысбек

Бүгін, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
Бүгін, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді