jasqazaq.kz

Ержан Төлек: Ақпаратты сараптай білу – сауаттылық белгісі

25 сәуiр 2023, 14:43

Менің пікірім

Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жалған ақпарат пен адамның ой-санасын алдап-арбайтын өтірік хабарға тосқауыл қою қоғамда тұрақтылықты баянды етудің маңызды міндетіне айналды. Jas Qazaq-тың «Менің пікірім» айдары БАҚ майталмандарының осы тақырыпқа қатысты ой-пікірін ұсынады. Айдардың бүгінгі қонағы журналист Ержан Төлек.  

Пандемия кезінде мектепте сабақ тоқтап, оқушылар интернет иірімінен шыға алмай жатқанда ақтөбелік психолог дабыл қақты. Сөйтсе, ғаламтордағы әлеуметтік желіде біздің елімізге лайықтап, қазақ тілінде жасалған қосымшалар мен топтар қаптап кеткен. Талай жеткіншекті өлімге жетелеген кесірлі «Көк китке» ұқсайды. Ақырзаманды айтып, күн сайын тапсырма береді. Оған имандай сенген бала ең соңында өзіне өзі қол жұмсауы тиіс.

Мұндай мысалдар қазір де көптеп кездеседі. Таяуда әлеуметтік медиада әлдебір «жоспар» туралы хабар тарады. Оған сәйкес, «2050 жылға қарай 4 миллиард арамтамақ жойылып, қарттар мен сырқат жандар эвтаназия (ине салып өлтіру) арқылы о дүниеге жөнелтіледі». «Өтіріктің құйрығы бір тұтам» дегендей, бар-жоғы белгісіз бір ұйымның кітабына жүгінгендер дені дұрыс дәлел дәйек те келтіре алмай дереу әшкереленді. Еске сала кетейік, коронавирус өршіп тұрғанда «кесел жер бетіндегі адам санын азайту үшін пайда болды, оның емі жоқ» дейтін ақпарат қаптап кетті. Оқығанның бойында үрей мен қорқыныш ұялату, жігерін жасытып, уайымшыл, боркемік болуын көздейтіндер осылай гибридтік соғыстың отын үрлейді.
Тасада жатып, ажалға итермелейтін қаскөйдің қатерлі де қорқынышты қаруы – сананы арбау. Замануи тілге көшсек, ақпараттық манипуляция. Әлі оң-солын танымайтын балақайдың ой-танымына жасалатын психологиялық шабуылға тосқауыл қою өзге мемлекеттер секілді, біздің елімізде де көкейкесті міндетке айналды. Біздің елімізде де. Соның дәлеліндей, өткен айда бекітілген Қазақстан Республикасының Ақпараттық доктринасында осы мәселеге айрықша мән берілген. Құжатта «Медиа кеңістікте түрлі манипуляторлық технологияларды пайдалана отырып, арандатушы және беделін түсіруші контентті тарату қаупі азаматтардың, әсіресе кәмелетке толмағандардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын көрсетеді» деп айтылған.
Әлемдік тәжірибеде қауіпті құбылыспен күрестің түрлі тәсілдері бар. Біздің ойымызша, отандық медиа кеңістікте ақпараттық манипуляция мен жалған ақпаратқа тосқауыл қоюға қатысты арнайы жобаларды дамыту қажет. Ең алдымен мәлімет пен деректі тұтынушының сауатын арттыру, ақиқат пен жалғанның аражігін ажырата алатын дәрежеге жеткізу сияқты амалдарды қолға алған жөн. Оның бірден бір жолы — сол әлеуметтік желіде, дәстүрлі БАҚ-та дереу үн қату, сананы арбаушы манипуляторлардың жымысқы, дұрысы, қылмыстық әрекетін әшкерелеу керек. Бұл ретте фактчекингтің рөлі маңызды екені айтпаса да түсінікті шығар.
Тарихқа жүгінсек, адам санасына, қоғамға, тіпті, тұтас бір елге ықпал ету үшін алдап-арбау, жұрт арасында үрей туғызып, дегеніне көндірудің санқилы сорақы тәсілдері қолданғанын білеміз. Ал бүгінде жаңа коммуникация құралдарының дамуымен медиа манипуляция яғни ақпарат арқылы адастыру әдістері күрделене түсті. Геосаяси ахуал шиеленісіп, алпауыт мемлекеттер арасындағы мүдделер қақтығысы өршіген сайын манипуляция ақпараттық-психологиялық соғыстың алдыңғы шебіне шықты. Соңғы жылдары пандемия, Қаңтар оқиғасы, сондай-ақ, Ресей-Украина қақтығысы төңірегінде таралып жатқан жалған ақпарат көп. Олардың бір бөлігі қарапайым тұрғындар арасында үрей туғызуға бағытталған. Немесе, «қақтығысқа қатысушы елге қару жөнелтті» дейтін қып-қызыл өтірікпен арандату сипаттағы ақпаратты таратып, манипулияциялық мазмұнға ие контенттерін таратқандарын көріп отырмыз. Бұл жерде көбіне әлеуметтік медиа арқылы адамның жанды жеріне «соққы жасайтындардың» қулық-сұмдықты, айла-шарғыны, арандатудың небір зымиян тәсілін пайдаланады. Сондықтан мұндай соғысқа әрдайым дайын тұрумыз қажет.
Жалпы, халық діни, психологиялық, ақпараттық диджитал манипуляция сынды арбаулардың жетегінде кетпеу үшін алда ауқымды міндеттер тұр. Атап айтқанда, халықтың ақпараттық сауатын арттырып, сыни ойлау қабілетін дамыту көңіл бөлуге тиіспіз. Ол үшін балабақшадан бастап, жоғары оқу орындарына дейін ақпараттық сауаттылық бойынша оқу бағдарламасын енгізген жөн деп есептейміз.

14 мамыр, 15:53
Ерғали Көшеке: Алматы облысында дінаралық татулық – тұрақтылық кепілі
14 мамыр, 14:15
Бижан Анарбеков: Расширение сферы применения государственного языка — наша общая задача
14 мамыр, 14:13
Туркестан: Продолжается модернизация систем электроснабжения и уличного освещения
14 мамыр, 14:11
В Туркестанской области продолжается модернизация систем водоснабжения
14 мамыр, 14:06
Туркестан: В Сайрамском районе развивается промышленное производство
14 мамыр, 13:44
Түркістан Ислам әлемінің мәдени астанасы мәртебесіне ұсынылды
14 мамыр, 12:56
Туркестан: Активно реализуются проекты по развитию социальной инфраструктуры
14 мамыр, 12:54
В Туркестанской области растёт объём высокотехнологичной медицинской помощи
13 мамыр, 18:38
Туркестан: «Келешек мектептері» - школа нового формата