Ертеңгі күніңді ойласаң, есірткіге елтіме

15 қараша 2023, 15:50

Алмас алғаш мәрте 26 жасында есірткінің дәмін татты. Достары үгіттеп, ермек үшін бір рет көрейінші деп… әрі әсері қандай болады деген қызығушылық та маза бермеген. Бірақ ол сол күні есірткінің есінен айырып, соған тәуелді болып, құмарлықтың құлына айналып, өмірінің тас-талқаны шығатынын ол ойламаған еді. Содан 23 жыл есірткінің құрсауынна шыға алмады. Жақын адамдарынан, достарынан айрылды. Абырой мен беделден жұрдай болды. Жұмыссыз. Бір түйір улы ұнтақты тату үшін тиын-тебен іздеп, ұрлық жасап, әке-шешесін жерге қаратты. Қартайғанда қариялар Алладан тілеп алған жалғыз баласын құрдымға жіберген кеселмен алысты. Ақырында ата-ананың жүрегі тоқтап, кенеттен қайтыс болды.

«49 жастамын. Өзімді жер бетінде тозақта жүрген адамға теңеймін. Мені ағайындарым, туыстарым әлдеқашан ұмытқан. Қазіргі жүзімді көрсе, танымайтын шығар. Сүйікті кәсібіммен еңбек ету мүмкіндігінен айрылдым. Әр жұмыстың басын шалып, ақырында жалғыз қалдым. Туыстарым наркологиялық орталықтарды шарлап, мәжбүрлі түрде емдеуге тырысты. Бес мәрте оңалту орталығы, жекеменшік клиникаларда емделдім. Емшілерді аралап, мені бұл кесапаттан құтқаруға бар күш, қаржысын жұмсады. Өкінішке қарай, санамды, ойымды билеген тәуелділіктің құрығы ұзын. Нашақорлық әзәзіл сияқты. Үмітімді ұрлады. Дәрменсіз едім. Онымен күресуге бәрібір бел будым. Қазір «Асар» орталығында өзім сияқты тәуелділіктің зардабын тартып, тіршіліктен түңілген науқастарға кеңес беремін. Өмірден түңілмеу, есірткіге тәуелділіктен арылуға мүмкіндік бар. Үйлендім. Он бес жыл көрмеген, сөйлеспеген ұлыммен қауыштым. Қазір жанымда қолдайтын, қорған болатын отбасым бар. Менің енді осы өмірімді өзгерткім келмейді. Бұл нашақорлықпен күресті тоқтатпаймын»,- дейді ол.

Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы — Алмас сияқты есірткінің тұзағынан құтылуға ұмтылған науқастарға үміт сыйлайтын мекен. Осы орталықтың Павлодардағы бөлімшесінде есірткіге, ішімдікке және құмар ойынға тәуелді науқастар емделеді. Жалпы қазіргі таңда елімізде 108 мың адам есірткіге тәуелді. Бірақ мамандар науқастардың саны бұдан көп болуы мүмкін деген пікірде. Себебі көп адам ұлының, қызының, күйеуінің немесе басқа жақындарының нашақор екенін жасырып, көбінесе жекеменшік клиникалардың көмегіне жүгінуі мүмкін.

Республикалық орталықтың Павлодардағы бөлімшесінің аға дәрігері Шайзат Тілеубековның айтуынша, нашақорлық — есірткі және басқа да психотропты заттарға тәуелділіктен туындаған созылмалы ауру. Осыларға елтіген адамның азғасы өзгеріске ұшырайды. «Миы, психикасы тежеліп, күш-қуаты кеміп, мезгілсіз өлімге әкелетін дерт», — дейді маман.

Шайзат Тілеубаева, Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталықтың Павлодардағы бөлімшесінің аға дәрігері:

«Біздің орталық үш кезеңдік оңалту бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. Бірінші кезеңде науқастардың физикалық, соматикалық жағдайын түзету мақсатында дәрі-дәрмекпен көмек көрсетіледі. Екінші кезеңде психотерапевтер мен психологтар топпен және жеке науқастармен осы орталыққа келу мақсаты және мазалаған сұрақтарына қатысты мәселелерді зерттейді. Үшіншісі — «Асар» бөлімшесі. Мұнда көбінесе емделушілердің әлеуметтік мәселелері шешіліп, әрі қарай оңалту бағдарламасын жалғастырады. Бұл бағдарлама бойынша науқастар бір айдан бір жарым жылға дейін емделеді. Жыл сайын «Асар» бөлімшесінің туған күнін атап өту дәстүрге айналған. Осы күні біздің орталықта емделіп, есірткі, алкоголь өнімдерінен бас тартқан және тәуелділікті жеңген бұрынғы емделушілер келіп, басынан өткен қиыншылықтар, қазіргі өмірі жайлы сыр шертіп, тәжірибесімен бөліседі».

Есірткіге елтіген адамның алғашқы белгісін оның жарыққа реакциясынан байқауға болады.

«Әдетте көз қарашығы жарыққа кішірейіп, қараңғы кезде кеңеюі керек. Тағы бір белгісі — тері түсінің өзгеруі. Терісі бозарып, қатты немесе сұрғылт тартуы мүмкін. Масайған жағдайда себепсіз тежелуі, қозуы, маужырауы да нашақорлық дертіне шалдыққан адамның әдеті. Тағы бір ерекшелігі бір иіс сезіліп тұрады. Денесінен дәрілердің немесе спирттің иісі шығуы мүмкін. Иненің іздері, гематомалардың пайда болуы, иммунитеттің төмендеуіне байланысты жиі тұмаурату, жөтелу, ұйқысыздық мазалайды. Бұған қоса, психикалық өзгерістер пайда болады: енжарлық, ашуланшақ, себепсіз қозып, көңіл-күйінің тұрақсыз, тұйықталып, өтірік айтуға бейім тұрады, өзінің бұрынғы қызығушылықтарын жоғалтады. Үнемі шаршап жүреді, тазалыққа мән бермейді. Оның айналасындағы адамдар да өзгереді. Нашақорлық бұл ұзақ уақытты емдеуді талап етеді», — дейді Шайзат Тілеубаева.

Биыл алып шаһарда есірткіге қарсы күрес кезінде 522 қылмыс анықталып, сатуды көздеген 172 күдіктінің қолына кісен салыныпты. Сонымен бірге тәртіп сақшылары 73 тонна прекурсорларды тәркіледі. Алматы қаласы полиция департаментінің есептеуінше, осы мөлшердегі химиялық элемент 8 миллион синтетикалық есірткінің дозасын жасауға жетеді екен. Оның көзі жойылды. Жыл басынан бері он төрт синтетикалық есірткі жасайтын зертхананың есігіне құлып салынды.

Жария етілген ақпараттарда барлық есірткі зертханалары жалдамалы үйлерде, пәтерлерде орналасқаны айтылады. Ең қауіптісі, есірткінің ағзаға зияны мен уланудан басқа, ажал құштыратын антисанитариялық жағдайда, түрлі бактерияларға толы өте лас жерде жасалатыны.

Арыстанғани Заппаров, Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы:

«Наурызбай ауданында 20-23 жас аралығындағы алты жас жігіт, кәдімгі жалдамалы үйде есірткі зертханасын ұйымдастырған. Үйді тінту кезінде химиялық реактивтер, синтетикалық есірткі заттарын дайындауға арналған түрлі компоненттер, сондай-ақ сатуға дайын «a-PvP» синтетикалық есірткі заттары (альфа-пирро-лидино-пентио) тәркіленді -фенон) 4 килодан жоғары, мефедрон — 300 г және 15 литр «тулуола» (прекурсор). Бұл тауардың бағасы сату кезінде 150 млн теңгені құрауы мүмкін. Электрондық төлемдерді пайдалана отырып, интернет арқылы байланыссыз әдіспен синтетикалық препараттардың таралуы өзекті мәселелердің бірі десек болады.

Қала аумағында 71 «закладчик» ұсталды. Олардың барлығы есірткі заттарын өткізгені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды және сот бас бостандығынан айыру кезінде ең жоғары мерзім тағайындап, өте ауыр үкім шығарды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 4-бөлігіне сәйкес, білім беру ұйымдарында есірткі заттарын өткізгені үшін, не кәмелет жасқа толмаған адамға сатқаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген. «Ертеңгі күніңді ойласаң, бесігіңді түзе» деген нақылға сүйеніп, еліміздің болашағы – жастардың өміріне қауіп тудыратын есірткі қылмыстарына қарсы жұмыс тоқтамайды».

Айта кетейік, елімізде нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023=2025 жылға арналған кешенді жоспары бекітілді. Осы жоба аясында бірнеше мемлекеттік мекемелердің өкілдері есірткіге қарсы жұмылып күрес жүргізуде. Қазіргі уақытта жастар арасында нашақорлықтың зияны мен оны таратқан, сатқан және тұтынған адамның қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны жайлы жиындар өткізіп, түрлі сала мамандары кездесулер ұйымдастыруда.

 

«Мен барлық азаматтарға, еріктілерге, танымал адамдарға, спортшыларға, мәдениет қайраткерлеріне және басқа да қоғамдық пікір көшбасшыларын белсенді азаматтық ұстанымы бар азаматтардың есірткі тарату туралы ақпаратты қамтитын 6 мыңнан астам граффити-жазуларын тауып, белгі қоюшыларды әшкерелеуге, бояуға көмектескендеріне ерекше алғыс айтамын. Есірткіні таратумен және жарнамалаумен айналысатын 380 интернет-сайт анықталды. Бұл сайттардың кәмелетке толмағандар арасында танымал болғаны алаңдатады. Біздің бастамамыз бойынша олардың барлығы бұғатталды. Біз интернеттегі жағдайды бақылауды жалғастырамыз және сайттарды қайта ашуға мүмкіндік бермейміз», — дейді Алматының бас тәртіп сақшысы Арыстанғани Заппаров.
Елімізде есірткіге тәуелділіктен құтылу үшін емделу тегін. Облыс орталықтарында, қалаларда психикалық денсаулық орталықтары тұрғындарға ақысыз және тегін медициналық, психологиялық көмек көрсетеді. Бұған қоса, барлық медициналық мекемелерде науқас туралы деректер, мәліметтер құпия сақталады. Сондықтан өмірін өзгертіп, қоғамның бір кірпіші болып қалануға үмітті, бұл дерттен емделуге ниетті жандардың мүмкіндігі бар. Тек нашақорлықтың денсаулыққа, адамның өміріне және жалпы өзінің отбасына әкелетін орасан зор шығыны, қасіреті мен шексіз зиянын түсініп, бұл қиыншылықты жеңуге бел буатын шешімді ертерек қабылдауға бел буыңыз. Әр адам өз өмірі өзінің қолында екенін ұмытпағаны абзал.

Жазира Бегалы,
журналист

25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген
15 қазан, 14:20
Армения - уақыт сынынан өткен жақын серіктес
30 қыркүйек, 23:28
Жұлдыз Сүлейменова: Жайбасарлыққа жол беруге болмайды!
30 қыркүйек, 22:33
Заңсыз қаруды тапсыру – игі іс
30 қыркүйек, 19:47
Мал шаруашылығы – өрісті сала
30 қыркүйек, 16:35
Қазақстан - АҚШ: Инвестициялық ынтымақтастықтың басым бағыттары