Алматы — білім мен ғылымның, мәдениет пен руханияттың ордасы. Еліміздегі ең алғашқы оқу орны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті де осы Алматыда. Биыл бұл оқу орны 95 жылдығын атап өтеді.
Аталған білім ордасының еліміздегі педагогика ғылымының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі зор. Оқу орнының бүгінгі әлеуеті қандай? Университет жоғары білім мен ғылымды дамыту бағытында қандай жұмыстар жүргізіп келеді? Осы сынды сауалдарға Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма мүшесі, зерттеу ісі жөніндегі Проректор, заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Бөрібаев жауап берді.
— Ермек Әбілтайұлы, өзіңіз жұмыс істейтін жоғары оқу орны болашақ ұстаздарды даярлайды. Бүгінде университеттің алға қойған мақсаты мен жоғары білімді дамытуға арналған жоспарын айтып өтсеңіз?
— Біздің университетті еліміздегі ең көне жоғары оқу орны деуге болады. Біздің университетте әйгілі ғалымдардың бірнеше толқыны еңбек етті. Олардың ішінде М.Әуезов, О.Жандосов, С. Сейфуллин, Б.Алманов, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, І.Қабылов, Т.Жүргенов сияқты ғалымдардың елімізде педагогика ғылымының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі орасан зор. Біз де алдыңғы буын өкілдері қалдырған мұраға дақ түсірмей, олардың «Ғылымға қызмет етеміз» деген ұранын ұстанамыз. Бүгінгі профессор-оқытушылар құрамы олардың жолын лайықты жалғастырып келеді.
ҚазҰПУ тәуелсіздікке дейінгі даму кезеңінде өркендеудің бірнеше сатысынан өтіп, алға жылжуды бір сәтке де тоқтатқан емес. Жыл сайын әлемдегі ең үздік университеттер арасында Әлемдік және ұлттық рейтингтерде өз позициясын жақсартып келеді.
«Өнер және гуманитарлық ғылымдар», «Білім және оқыту» мамандығы бойынша «Әлеуметтік ғылымдар және менеджмент» санатында университет жаһандық рейтингте 76-орынға ие болды. Бұл көрсеткіш Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында бірінші орынға сәйкес келеді.
— Жоғарыда университеттің ғылымды дамытуға белсене кіріскенін айттыңыз. Нақты қандай бағдарлама жасалды?
— Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ерекше мақтаныш етер тұсы — ғылымға басымдық беруі. Соңғы жылдары ғылыми әлеуеттің айрықша өскені байқалады. ҚазҰПУ-да республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландыру соңғы екі жылда үш есеге жуық өсіп, 1 млрд теңгеге жетті. Erasmus+, DAAD, ЮНЕСКО, Дүниежүзілік банк, Research Foundation (DFG) сияқты ықпалды қорлардан қаржыландырылатын халықаралық жобалар да жұмыс істейді.
Шындығында, кімнің қандай ғылым саласына қабілеті мен бейімі мол болса, сол адам қоғамға нақты әрі маңызды пайда әкеледі. Бұл университеттің жас ғалымдарының жетістігінен айқын көрінеді. 2022 жылы жас зерттеушілердің 43%-ы ғылыми жобаларға қатысты, бұл жас ғалымдардың 244-нің 105-і жобалық қызметте екенін көруге болады.
Университетте ғалымдарды қолдау басымдыққа ие. ҚазҰПУ ғылыми әлеуетті арттыру және қолдау үшін алғашқылардың бірі болып постдокторлық бағдарламаның стипендиаты және зерттеуші-профессор лауазымдары енгізілді. Олар бүгінде өз тиімділігін көрсетті. Мақсатты-бағдарламалық қаржыландыру мен мемлекеттік бағдарламамен қаржыландырылатын барлық жобалардың 60%-ы постдокторанттар мен зерттеуші профессорлар қатарынан қатысу мен басшылық етуден тұрады.
— Университет тарапынан жас ғалымдардың ғылыми жұмыспен айналысуына қандай жағдай жасалған?
— Университет білікті және бәсекеге қабілетті зерттеушілерді қалыптастыру мақсатында өз гранттарын бөледі. Биыл өз қаражатынан 60 миллион сомасында 25 жоба қаржыландырылды: оның ішінде жас ғалымдарға 15 жоба, университет профессорларына — 10 жобаға бөлінді.
«Болашақ» халықаралық бағдарламасының контингенті де артты. 2022 жылы 16 оқытушы ғылыми тағылымдама байқауының жеңімпазы атанды. Олардың ішінде постдокторанттар — Д.Сабырова, А.Сейілхан, Педагогика және психология институтының оқытушылары — К.Бекбенбетова, А.Қасымбек, С.Сайфілмәлікова, А.Еранқызы, М.Әбсатова, Жаратылыстану және география институтының оқытушылары – Т.Ақылбекова, Д.Қасымбекова, К.Сыман, Өнер, мәдениет және спорт институтынан А.Шорабек, Тарих және құқық институтынан – А.Қасымбек, Сорбонна-Қазақстан институтынан – Қ.Жұмаш.
Бүгін ҚазҰПУ өз өмірінің жаңа парағын ашты. Ол өткенді мақтан тұтады, бүгінмен өмір сүреді және болашаққа жоспар құрады. Әрине, негізгі бағыт – ғылым болып қала береді.
Мақпал Ноғайбаева,
Алматы қаласы