“Atamnyn Amanaty” қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің қолдауымен және «ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері» РҚБ, «Тарландары заставасы», «Ауғанстан және жергілікті соғыс ардагерлері одағы» сияқты ұйымдармен бірлесе отырып бүгін Астана қаласында орналасқан колледждер арасында шағын футболдан турнир ұйымдастырды. Бұл турнир Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов пен Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына,, сондай-ақ жаңа заман батыры Раджан Батырқанов ерлігінің 30 жылдығына арналып отыр.
Өкінішке орай, қазіргі жастардың көпшілігі Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының тумасы он тоғыз жасар батырдың ерлігін біле бермейді. Ол 1994 жылы 28 қыркүйекте тәжік-ауған шекарасында саны жағынан басым содырлармен қанды шайқаста ерлікпен қаза тапқан болатын. «Қазбат» батальонының жаужүрек сарбазы кейін «Айбын» орденімен және Тәжікстан Республикасының жоғары әскери наградасымен марапатталды. Раджанның есімі бүгінде Душанбедегі орта мектеп пен бір көшеге берілген.
Жарыстың ашылу салтанатында «Atamnyn Amanaty» ҚБ басқарма төрағасы Мұрат Молдағалиев былай деді:
— Бүгін біз, Раджанның құралпы жастарды жинап отырмыз. Ондағы мақсат, біріншіден, Қазақстанның бұрынғы және қазіргі батырларының ерлігін насихаттау, екіншіден, осы жарқын мысал арқылы ұрпақтар сабақтастығын паш ету. Біздің қоғамдық ұйымның барлық қызметі тарихи жадыны сақтауға, жастардың рухани-адамгершілік және әскери-патриоттық тәрбиесіне бағытталған.
«ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері» РҚБ төрағасының орынбасары, генерал-майор Марат Нағұманов болса жарысқа қатысушыларды республикалқ ардагерлер ұйымының басшысы Халық Қаһарманы, армия генерал Мұхтар Алтынбаевтың атынан құттықтады. Сосын сөзін былайша сабақтады:
-Осы жарысқа қатысушы әрбір жас болашақ Отан қорғаушысы болып табылады. Сондықтан сіздер әскери сапқа тұруға әрдайым сақадай-сай болуларыңыз керек. Сағадат Нұрмағамбетов Берліинді алғанда, Рақымжан Қошқарбаев Рейхстагқа ту тіккенде, кешегі Раджан Батырқанов еліміздің сыртқы шекарасын қорғауда қыршын кеткенде сендер сияқты өрімдей жастар болатын. Демек, ерлік дәстүрі жалғасын табуға тиіс.
«Ауғанстан және жергілікті соғыс ардагерлері одағы» Айтуған Күзербаев өз кезегінде он жылға жуық тәжік-ауған шекарасында бітімгершілік миссиясын атқарған жауынгерлер туралы естеліктерімен бөлісті.
«Жалпы 1994-2001 жылдар аралығында ТМД-ның оңтүстіктегі ортақ шекарасын қорғауға он мыңнан астам қазақстандықтар қатысты. Осы уақыт ішінде «Қазбаттың» жеке құрамы жүзден астам шекара бұзушылықтың бетін қайтарып, бірнеше тонна есірткі заттарын, қаншама қару-жарақтарды тәркіледі. Отан алдындағы борышын өтеудегі ерлігі үшін 55 әскери қызметші жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды. Соның бірі Раджан Батырқаноав. Жыл өткен сайын батыр бейнесі биіктеп, асқақтай бермек»,- деді Айтуған Күзербаев.
Шағын футбол турниріне 13 команда қатысып отыр, олар екі күн бойы үздік атағын сарапқа салатын болады. Жүлделі орындардан бөлек «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы», «Үздік шабуылдаушы» номинациялар бойынша да мықты ойыншылар анықталмақ.
Әбубәкір Смайылов