Алматы — ғылым мен білімнің ордасы. Еліміздің болашағынан зор үміт күттіретін жас ғалымдардың шоғыры қалыптасқан мекен. Алматыдағы жас ғалымдардың әлеуеті қандай? Отандық ғылыми жетістіктерді ілгерлету мақсатында жас ғалымдар мен зерттеушілерге қандай мүмкіндіктер жасалған? Қазақ ғылымын қайтсек дамытамыз? Осы және өзге де сауалдарға алматылық жас ғалым Ерік Меркібаев жауап берді.
— Ерік Серікұлы, ең алдымен өзіңізбен танысып алсақ. Ғылым жолын таңдауыңызға не түрткі болды?
— Мен1991 жылы Алматы облысы Балқаш ауданы, Бақанас ауылында дүниеге келдім. Алматыдағы №120 көп салалы мектеп-гимназиясының түлегімін. Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТЗУ докторантурасын тәмамдадым. Жақын арада диссертациямды қорғамақпын. Ғылым жолын қалай таңдадым? Алдымен сол жайында айта кетейін. Отбасында баланың үлкенімін, менен кейін екі қарындасым бар. Мамандық таңдау кезінде ата-анаммен ақылдаса келе инженер мамандығын таңдадым. Оған себеп — кішкентайымнан темірлерді ерітіп, эксперимент жасап, алюминийден шаңғы, дөңгелек сынды керек заттарды жасауға әуес болдым. Ғылым жолына үшінші курстан бастап, яғни 2012 жылдан бастап келдім. Былтыр елімізде өткен «Жас ғалым» жобасына қатысып, 19 миллион теңге грант ұтып алдым. Ғылыми жобамды қарапайым тілмен түсіндірсем, ол металлургия саласына арналды. Жоба — күрделі балқытылатын кендерден мырыш пен қорғасынды бөліп алу технологиясы болып табылады. Бізде ондай кендер өте көп. Олар екінші деңгейлі шикізат деп аталады. Пайдалы қазбаларды шығарып алғаннан кейін оның ішінде металдар қалып қояды. Оларға сульфиттеп күйдіру әдісінің технологиясы қолданылады. Негізгі технологиясына келетін болсақ, осындай күрделі байытылатын кендерді ішіне перлит немесе күкіртті белгілі бір мөлшерде араластырып, белгілі бір температурада қыздырып, әрі қарай флотация әдісі арқылы бөліп алып, қорғасын мен мырышты таза металл күйіне дейін жеткізу болып табылады.
— Сіздің ғылыми жобаңыз металлургия саласына аса қажет екен. Жас ғалым ретінде тағы қандай жетістіктеріңіз бар? Жас ғалымдардың әлеуетін арттыру үшін не істеуіміз керек деп ойлайсыз?
— Қазіргі таңда металлургия саласына қатысты 50-ге жуық ғылыми еңбегім бар. Оның ішінде әлемдік Scopus, Web of Science қатарына кіретін мақалаларым бар. Екі монография мен патенттелген жобаларым да бар. Соңғы жылдары Алматыда жас ғалымдардың шоғыры қалыптасып келеді. Қаламыздағы жетекші университеттерде ғылымды дамытуға назар аударылып, жаңа мүмкіндіктер жасалуда. Бүгінде Сәтпаев университетінде жас ғалымдардың хабы қалыптасты. Мұнда жас ғалымдардың зерттеу орталығы ашылғалы жатыр. Бұл, әрине, ғылыммен айналысуды көздеген жастарға даңғыл жол. Әсіресе, бізге сараптамалық құралдар көбірек керек. Жас ғалымдар Алматыдағы Ұлттық ғылым академиясымен бірлесіп, әлеуетін арттыруға жұмыла жұмыс істеуде. Алматыдағы жас ғалымдар еліміздің тарапынан берілетін мемлекеттік грант иесі атануға, өз жобаларын әрі қарай дамытуға мүмкіндік алуда. «Алматы жастары» сынды жас мамандарға, әр саладағы мамандық иелеріне арналған бағдарламада жастарға үлкен серпін береді. Жас ғалымдарға да арналған осындай бағдарламалар көбейсе деген тілегіміз бар.
— Жас маманның көзімен қарап көрсек, қазақ ғылымын дамыту үшін не істеу керек? Жастарды ғылымға тарту үшін қандай жағдай жасауымыз керек?
— Қазақ ғылымын дамыту үшін біз халықаралық деңгейге шығудан қорықпауымз керек. Ғылыми жетістігі жағынан жоғары нәтиже көрсететін мемлекеттермен тәжірибе алмасып, бірлескен жобалар жасап, жан-жақты ізденуіміз керек. Ғылым жолында жүрген жастарға Қаныш Сәтпаев атамыздың мына бір сөзін айтқым келеді: «Еңбек етпесең, жиған білімің кәдеге жарамай жатқан минерал секілді. Оның ішін ашып, асыл екенін жарқырату үшін еңбек керек. Қол мен ой еңбегі қажет». Үнемі әрекет ету керек. Бар күш-жігерімізді ғылымды дамыту жолында жұмсауымыз керек деп есептеймін. Жас ғалымдарды қолдауға мемлекет тарапынан үлкен мүмкіндіктер бар. Жас ғалым ел игіліне арналатын жобамен айналысса екен деймін.
— Әңгімеңізге рахмет!
Мақпал Ноғайбаева