Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың Циндао қаласына келді. Мұнда Елбасы ертең өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының 18-ші саммитіне қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін Қытай тарапы саммитке қатысатын Мемлекет басшыларына ресми қабылдау шарасын өткізді. Оған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Ресей Президенті Владимир Путин, Қырғыз Президенті С.Жээнбеков, Пәкістан Президенті М.Хусейн, Тәжікстан Президенті Э.Рахмон, Өзбекстан Президенті Ш.Мирзиеев, сондай-ақ ШЫҰ жанындағы байқаушы елдердің басшылары — Иран Президенті Х.Рухани, Ауғанстан Президеніт М.Ғани, Беларусь Президенті А.Лукашенко, Моңғолия Президенті Баттулга қатысып, қытайлық өнерпаздар дайындаған мәдени шоуды тамашалады. Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға мемлекеттік сапар аясында 7-8 маусым күндері Бейжің қаласында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді. Нәтижесінде бірнеше құжатқа қол қойылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянмен жүздесті. Ал ертең ҚР Президенті Циндао қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне қатысады.