Ел ісіне араласқан жамбылдықтар

02 желтоқсан 2022, 11:22

2019 жылы өткен президенттік сайлау қарсаңында жариялаған бағдарламасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды бағыттардың бірі деп осы президенттік жастар кадрлық резервін құруды атап өткен болатын. Бұл жоба жастардың ел іргесін нығайтуға қосар үлесін молайтып, әлеуметтік баспалдақ болатынына басымдық берген еді. Атауы айтып тұрғандай, президенттік жастар кадрлық резерві тәуелсіздігін алғанына отыз жылдан енді асқан мемлекетіміздің келешегін кемел етуге ұмтылған буынға орасан мүмкіндік тудыратын даңғыл болып отыр. Бірнеше іріктеу мен сұрыптаудан өткен 300 жас кадр әкімшілік және саяси лауазымдарға бос орын жарияланып, конкурс ұйымдастырылғанда өздерінің кандидатураларын ұсына алады. Тағы бір басы ашық жайт, іріктеуден өткен кадрлардың барлығы, яғни резервке алынған 300 жастың бәріне бірдей лауазымды қызмет беру міндет емес. Десе де, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында оқып, өзінің білімін молайтып, біліктілігін нығайтуына мүмкіндік беріледі. Бағдарламаға жасы 35-тен аспаған, білімі жоғары, бес жылдан кем емес еңбек өтілі бар, қазақ тілін В1 деңгейінде (еркін білетін) меңгерген әрбір жас қатыса алады. Міне, осы президенттік жастар кадрлық резервіне Жамбыл облысынан да бірнеше жас қатысып бағын сынады, өресі мен білімі биік көрінген таланттар резервке енді де. Тіпті әкімшілік, саяси лауазымды қызметке тағайындалғандары да бар. Біз Жамбыл облысы жастары арасынан бағы жанып, таңдаулы 300 жастың сапына қосылған азаматтарды газет оқырмандарына кеңінен таныстыруды ұйғардық.

Президенттік жастар кадрлық резеріне өткен 300 жастың бірі – Жамбыл өңірінің тумасы Әбутәліп Мүтәлі. Әбутәліп «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-та білімін жетілдіріп, біліктілігін арттырып келген маман. Бүгінде білім мен ІТ саласында белді кәсіпкер атанған жас маманның еліміздегі оқу ағарту саласына қосып жатқан үлесі зор. Кәсіпкер демекші, Әбутәліп өзінің кіндік қаны тамған ауылындағы орта білім беретін мектепке компаниясынан тарту жасады. Жамбыл облысы Меркі ауданында Тәтті деген ауыл бар. Осы ауылдағы Мәншүк Мәметова атындағы орта мектепке кәсіпкер Әбутәліп Мүтәлі «Жомарт жүрек» жобасы лабораторияны сыйға берді. Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі, кәсіпкер Әбутәліп Мүтәлі мырзамен әңгімеміз жастарға үлкен мүмкіндік тудырған осынау жоба, кәсіпкерлік бағытындағы жұмыстары жайында өрбіді.

Jas qazaq: Әбутәліп мырза, Президенттік жастар кадрлық резервіне енген 300 жастың бірісіз. Жалпы осы жобаны, бағдарламаны тарқатып айтып берсеңіз. Артықшылығы қандай, тиімділігі мол ма?

Әбутәліп Мүтәлі: Ең бірінші артықшылығы мемлекеттік аппараттағы басқару ісінің жаңғырып, жаңаруына жолашар, түрткі болар бастама дер едім. Өйткені мемлекеттік аппаратқа жас буын алмасатын бүгінгі кезеңде, жаңашылдық, жаңа ойлайтын көзқарас ұстаным керек деп білемін. Байқасаңыз, осыған біртіндеп келе жатырмыз. Мемлекеттік, ұлттық компаниялар, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының тобын қарасаңыз, басқару ісіне біртіндеп осы президенттік жастар кадрлық резервіне өткен жас мамандар тағайындалып, жемісті еңбек етіп жатыр. Мемлекеттік басқару жүйесіне, жергілікті әкімдіктердің басқару сатысындағы лауазымды қызметтерге осы біздің замандастарымыз, яғни президенттік жастар кадрлық резервінде тұрған жастар тағайындалып, өздерінің әлеуетін көрсетіп, біліктіліктерін танытуда. Министр, облыс әкімінің орынбасары, аудан, қаланың әкімдері атанған жастарымыз мемлекетімізді нығайту ісіне белсенді араласып, білек түріп кірісіп кетті.

Jas qazaq: Демек бұл жоба өзін ақтайтын бағдарлама десек, жаңылыспаймыз ба? Білуімізше, іріктеу талаптары бірнеше кезеңнен тұрады. Мыңдаған талапкердің арасынан оза шауып, үш жүздікке ену оңай болмаған шығар?

Әбутәліп Мүтәлі: Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы сайлауалды бағдарламасында президенттік жастар кадрлық резервін құру қажеттігін, іріктеуден өткен жастар ел егемендігін нығайтып, мемлекетімізді дамытуға күш қосу қажеттігін айтқан болатын. Бұл бастама сөз жүзінде қалып қоймай, іске асырылып келеді. Дұрыс айтасыз, іріктеу бірнеше кезең бойынша өтті. Бес кезеңдік іріктеу талаптары бойынша сынақтан сүрінбей өткен жастар іріктелді.

Jas qazaq: Десе де, қоғамда үш жүздікке өту барысында «бармақ басты, көз қысты» болды, тамыр-таныстықты араға салады деген де қаңқу айтылды, соншама сұрыптаудан өткізу әділетті болды ма?

Әбутәліп Мүтәлі: Жел сөз қай кезде де айтылады. Өзіміз бел ортасында жүріп, білім мен біліктілік, тәжірибе мен тәлім қатар додаға түскен конкурс әділ өтті. Ешқандай да тамыр-таныстық, ара ағайындық жүрген жоқ. Рас, президенттік жастар кадрлық резерві конкурсына ата-анасы лауазымды қызмет атқарған азаматтар да қатысты. Шалғай ауылда қатардағы қызметкер болып жүрген жастар да, шетелде оқыған азаматтарға да бірдей құқық берілді, алалау болған жоқ. «Әке-шешесі лауазымды қызметтегілердің балалары қатыспайды» деген талап, шектеу қойылмайды. Білімі мен білігі толысып, талапқа сай келіп, сынақтан сүрінбесе, неге өтпейді? Бұл жобаның мақсаты – жастардың томағасын сыпырып, ірі қызметтерге араласуына мүмкіндік туғызу. Сондықтан да «бармақ басты, көз қысты» әрекет болды деген сөзбен мүлде келіспеймін. Бәрі де талапқа сай, конкурс шартына лайық болған жастар өтті.

Jas qazaq: Президенттік кадр жастар резервіне өткен соң қандай лауазымды қызметтерге шақырту түсті? Бардыңыз ба ұсынған қызметке?

Әбутәліп Мүтәлі: Шақыртулар болды. Бірақ өзім бас тарттым. Осы жылдың наурыз айынан бері қарай «Amanat» партиясы хатшысының штаттан тыс кеңесшісі деген қоғамдық жұмысты атқарамын. Білім және ІТ саласында кәсіпкерлікті өрістетіп, «STEM Academia» компаниясының іргесін қалап, жас ұрпақтың бойына инжинерия саласын сіңіруге үлесімізді қосып келеміз. Менің жеке пікірім, кәсіпкер бола жүріп те елдің ертеңіне үлес қосуға болады, ешқандай тосқауыл жоқ. Мемлекеттің қозғаушы күші, экономиканың күре тамыры – шағын және орта бизнес. Осы саланы өрістету арқылы мемлекетті нығайта аламыз. Сол ұстаныммен кәсіпкерлік саласына үлесімізді қоссақ деп осы бағытты өрістетіп жүрміз. Біздің инжинерия саласындағы өнімдеріміз экспортқа да жөнелтіліп жатыр.

Jas qazaq: Өзіңіз іргесін қалаған бағдарламадағы білім беру жүйесінің қазіргі жай-күйі туралы, бағыт-бағдары жайында айтсаңыз. Жуырда ауыл мектебіне лабораторияны сыйға тарттыңыз, туған ауылыңыздағы орта мектеп қой.

Әбутәліп Мүтәлі: Біз ақпараттық қауіпсіздік саласында, мемлекеттік, мемлекеттік емес ұйымдарда істерді автоматтандыруды жүзеге асырамыз. Әкемнің оқыған мектебіне тарту жасадық. Өзім жоспарлап жүргем, сол білім ошағына компаниямыздан сый жасасам деп. Мұндай лаборатория еліміздің әр мектебінде болуы тиіс. Қазақстанда STEM бағдарламасы ұғымын қалыптастырып, мектептерге енгізіп жатырмыз. Оқушылар теориялық тұрғыдан алған білімдерін тәжірибе арқылы ұштастыруға келгенде осындай лабораториялық кабинеттердің аздығынан тығырыққа тіреледі. Біз косинус, синус ұғымдарын геометрия пәнінен жақсы білеміз, химиядан да элементтерді жатқа соғамыз. Физика, биология пәндерінен де теорияда қамшы салдырмаймыз, ал тәжірибе жасауда шорқақпыз, өйткені қолымыз қысқа.

Мұны АҚШ-та білім алғанда өзіміз де бастан өткердік. Сосын бізде топ болып, командалық жұмыс істеуде, шаруаны жүзеге асыруға келгенде шорқақтаумыз. Елімізде мектептердің оқу кабинеттерін модернизациялау бағдарламасы бар. Біз де STEM бағдарламасын мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде модернизациялауға қостық. Енді мемлекетіміз 2025 жылға дейін біздің де бағдарлама STEM зертханасын ашатын болады.

Тәтті ауылындағы зертханалық кабинетте оқушылар робототехника, бағдарламалау, 3D-модельдеу, инжинерия бағыттары бойынша алған білімді жабдықтар арқылы жүзеге асырады. Тәтті ауылының оқушылары зертханалық тәжірибе жасаудың нәтижесінде ғылыми жобаларда, пәндік олимпиадаларда оза шауып орын алып, ауылдастарын қуантып жүр. Зердеңе тоқыған біліміңді тәжірибемен ұштастырудың маңызы өте зор.

Jas qazaq: Жастарды ғылымға, білімге үйретуде теориядан гөрі тәжірибеге арқа сүйеудің артықшылықтарын дамыған елдердің нәтижесінен байқаймыз. Бізге де сол бағытты ұстанудың мезеті келген жоқ па?

Әбутәліп Мүтәлі: «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-та білім алдым дедім ғой. Біздің елдің білім саласы тым баяу дамып келеді, ақсап тұр деп айтуға болмайды. Бізден артықшылық көп деп те айта алмаймын. Бізде жоғары білім беру өте жоғары деңгейде. Білімді жастарымыз өте көп, дамыған елдерде өзін дәлелдеп үздік атанып жүрген. Бұл – білім жүйесінің орнығып, бір ізге түскенінің көрінісі. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді, бір әттеген-айы, біз жаңа да айттым, жиған білімді іс жүзінде, тәжірибе ретінде қолдануда тығырыққа тірелеміз. Көзіміз көрген АҚШ-та студенттері топтық білім алу, өздерінің ойларын көптің алдында бірлесіп қорғау, жобасын таныстырудың тәсілдерін жетік меңгерген. Алған біліміңді іске асырып, тәжірибе жинауда зертханаң да тұр, басқа да мүмкіндік жетерлік.

Сұхбаттасқан
Нұрдан Көшімбай

Бүгін, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
Бүгін, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады