«Ел аумағының қорғаны – әскери авиацияның қуатында»

15 шiлде 2022, 11:04

Тоқтар ӘУБӘКІРОВ, Қазақстанның Халық қаһарманы, тұңғыш қазақ ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, авиация генерал-майоры:

– Тоқтар Оңғарбайұлы, күні кеше Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «Бүгін ғарышкер, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровпен кездесіп, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқыладық» деп жазды. Әр кезде де көзі қарақты, құлағы түрік жүретін газет оқырманы бұл кездесудің мән-жайын білуге ынтық екенін сізге жеткізгім келеді…

– Солай ма, онда рахмет… Өздеріңізге мәлім, таяуда құрылған Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы 16 маусымда Ұлытауда өтті. Мен құрылтай мүшесі ретінде Мемлекет басшысының өзі Төрағалық ететін ол жиынға қатысуға міндетті едім. Бірақ, бір ай бұрын, Швейцарияға, одан кейін Мәскеуде өтетін тағы бір кездесуге шақырылған ем, иә, алдын-ала ұшаққа билеттерім де брондаулы тұрған. Сол себепті, уақытты созбай дереу ұйымдастыру алқасымен хабарластым. Ұшақ билеттерін кері өткізуге де даяр едім. Бірақ түсіністік танытқан Мемлекеттік кеңесші шетелдік екі сапарымды үзбестен барып қайтуыма келісімін берді. Кешегі кездесудің басты сыры сол. Біз Ұлытауда өткен жиынның беташар мазмұндамасы туралы әңгімелестік. Құрылтайдың алғашқы басқосуы мен болашаққа бағытталған жоспарларына сай Президентіміз алға қойған міндеттерге қанықтым. Мен де өз тарапымнан өз ойларымды ортаға салдым. Жаңа Қазақстанның болашақ өзекті мәселелерін де талқыладық, тіпті қорғаныс, әскери авиация туралы да көкейкесті мәселелер айтылды. Ақордадан көңілім толып шықтым.

– Әлемдік авиацияның таңдаулы тұлғасы, даңқты сынақшы-ұшқыш санатындағы сіздің сала бойынша шетелдік түрлі жиындар мен кездесулерге жиі шақырылатыныңыздан хабардармыз, Тоқтар аға. Алайда соңғы саяси ахуалға байланысты, қазір күллі дүниежүзінің назары Мәскеуге ауып тұрған сәтте, әрине, кешіріңіз, соғыс жағдайында… сіздің кешегі кеңестің, бүгінгі ресейлік әскери ұшақтардың кәнігі сынақшы маманы ретінде сол қалаға бас сұғуыңыздың астарынан әлдеқандай бір сыр іздеуге бола ма?

– Бірден ашып айтайын, мұнан ешқандай да сыр іздемей-ақ қоюыңа болады… (Күлді.) Өзің білесің, кеңестік «МиГ» констукторлық бюросында «аңыз адам» – даңқты сынақшы-ұшқыш, авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының Батыры, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Александар Федотов деген кісі өмір сүрген… 1984 жылы сәуірде сынақ кезінде әскери ұшақ апатына ұшырып, қаза тапты.

Ұстазым әрі ақылшым, әскери авиация әлеміндегі теңдессіз жан-жолдасым Александр Васильевичтің 90 жылдық еске алу шарасы Ресей астанасы Мәскеу мен конструкторлық-сынақ бюросы жайғасқан Жуковский қаласында өтті. Көрген түстей болған сол күндерді көзі тірі әріптестері, әскери авиациядағы бүгінгі оның ізбасарлары еске алдық, рухына тағзым еттік.

– Сізбен болған қандай сұхбатта да, әскери авиация, «МиГ» туралы айтпай өту мүмкін емес қой!.. Әңгімемізді өрбіту үшін сіздің жаныңызға жақын бір сауал қояйын: кезінде дыбыстан жылдам «МиГ-29К» әскери жойғыш ұшағын «Адмирал Кузнецов» (бұрынғы «Тбилиси») ұшақ тасымалдаушы крейсеріне ешбір компьютерлік бағдарламаның көмегінсіз «қолмен» қондырып, «қолмен» ұшырған едіңіз. Авиация тарихында тұңғыш рет! Сол үшін де есіміңіз Гиннестің рекордтар кітабына жазылды. 2016 жылы арасы жиырма күннің ішінде әлгі алып әскери кемеге Ресейдің ең үздік деген екі ұшағы дәл қона алмай, суға батты. Ұшқыштар катапульта жасап, аман қалды. Осы оқиғадан хабардар болғанда сіз қандай күй кештіңіз?.. Қалай ойлайсыз, сондағы авиациялық апатқа не себеп – техника ақауы ма, адам факторы ма?

– «Теңіз жобасы» деген әскери авиациялық жобаның ең алғашқы жетекшісінің бірі болғандықтан, кезінде бәрін де өз басымнан өткізгендіктен, бұл үлкен бағдарламаның техникалық детальдарын өз қолыммен өз орнына қойғандықтан да мен оны төтенше оқиға деп қабылдадым. Рас, адамдар да өзгерді, компьютерлік технология дамыған кезде мұндай тосын оқиғалар болмауы тиіс те. Бірақ, техниканың аты техника, көшеде жап-жақсы жүріп келе жатқан автокөліктің өзінен де кейде аяқ астынан кінәрат табылып қалып жатады. Бірінші, «Су-27» супер-ұшағының құлауы – техниканың ақауы. Белгілі тетіктері істен шығып, әскери ұшақ теңізге батты. Екінші, «МиГ-29К» жойғыш ұшағына қатысты айтарым…

– Кешіріңіз… «МиГ-29К» – әскери өндірісте дыбыстан жылдам бұл жойғыш ұшақтың болашақта мінсіз қызмет етуі үшін кезінде оның тұсауын өзіңіз кескенсіз. Шығармашылық тілмен айтқанда – авторысыз! 1986 жыл, қараша, қара суық, тынышсыз толқып жатқан Қара теңіз… Төбеден құйылып келе жатқан самұрық-машинаның ұшақ кабинасынан бет-әлпеті ап-анық көрініп тұрған 40 жасар сынақшы-ұшқыш Әубәкіровтың сабырлы бейнесі көз алдыма елестеп кетті…

– Жарайды, жарайды… иә… Әскери қызметте жүрген ұшақ «Адмирал Кузнецов» авиатасымалдағыш крейсеріне келіп табан тірегенде палубадағы ілгек-қондыру механизмі жұмыс істемей қалған. Ол жағы… маған беймәлім. Жанармайы 0-дік көрсеткіште тұрған ұшақтың көк аспанға тез көтеріліп кетуге, әрине, дәрмені жоқ… Өзің айтқандай, ғылымның ең дамығын дәуірі дегенімізбен, техниканың аты техника. Оқыстан сыр беріп жатады.

Компьютерлік технологияға қатысты да осы ойымды айтар едім. Өйткені менің қазір қолымның қалт еткеніндегі жұмысым – пернетақта мен мониторда. Компьютерді біресе қайта жүктеуге тура келіп жатса, енді бірде интернет желісінің қуаты түгесіліп қалады. Ел астанасының өзінде сондай жағдай… Байланыс сапасы ойдағыдай емес.

– 1990-ыншы жылдардың басы. Ол кезде сіз Қазақстанның жаңадан құрылған қорғаныс министрлігінде министрдің бірінші орынбасары қызметін атқардыңыз. Әрі Жоғарғы Кеңестің депутатысыз. Жаңадан қабылданып жатқан әскери доктринаға қатысты газет тілшісі ретінде менің сауалыма орай, «Қазақстанның жер аумағының кеңдігіне байланысты Қарулы Күштерімізде ең алдымен әскери авиацияның алысқа ұшу ауқымы мен қуатын арттыруымыз керек. Авиация, авиация және авиация…» деген едіңіз. Содан бері де отыз жылдай уақыт өтіп барады екен. Сіздің сол тұжырымыңыз қазақстандық әскери салада жүзеге қаншалықты асты. Асып келеді?

– Өте күрделі бұл мәселеге қатысты менің ол кездегі ойым да, пікірім де әлі еш өзгерген жоқ. Сол қалпында. Қазір Украинада не болып жатқанынан ел-жұрт, бүкіл әлем хабардар. Мен былай айтар едім: бұрын да солай болған, қазір де маңызын одан да асырып күшейтпесе, әлсіреген жоқ, соғыс жағдайындағы аспан төрінің иелері – ұшақтар.

Шиеленісті жағдайда тек қана жетілдірілген ұшқышсыз ұшатын аппараттар, тікұшақтар және зымырандар негізгі роль атқарады. Сол кезде қазақстандық авиациядан бір тиын да аямауымыз керек деп айтудайын айттым. Қазіргі соғыс жағдайында, танк дегеніңіз, кешіріңіз, жер бауырлап жүрген жәй ғана металл қорытпасына айналды…

– Сөзіңізге төтеннен мен де қосыла кетейін, сол танктің (негізінен кеңестік танкілердің) ең болмаса, ұшақтар сыныбындағы секілді қорғану үшін айналасына от-шашу да шаша алмайды…

– Иә, қаншама қуатты деген танктер авиацияның аспаннан төккен от-жалынына төтеп бере алмай жатыр. Бүгінгі соғыстың шындығы осындай. Кезінде Қарулы Күштерімізді қуатты әскери авиациямен нығайтайық дегенімнің өзі де алдымыздағы ондаған жылдарымыздағы әскери күшімізді, еліміздің қуатты қорғанысын ойлағандығым еді. Ол кезде мен бұған дейін негізгі атқарған әскери құпия қызметімнің тәжірибесіне, көзбен көргеніме, көңіліме тоқығаныма сүйендім. Мысыр, Иран-Ирак, Ливияда өткен соғыстарды әркез сараптама жасап отырдым…
Шынын айтсам, біздің Қарулы Күштеріміздегі авиацияның қорғаныс, қауіпсіздік әлеуеті бүгінгі таңда қандай күйде екенін мен білмеймін. Білетінім, небір «ақылды», мықты жойғыш ұшақтардың орнына біздің аспанымызда қатардағы жауынгерлік ұшақтардың ұшып жүргені.

– Өте өкінішті, әрине…

– Ақыры еліміздің Қарулы Күштерінің мәселесін көтеріп, сұрақ қойып отырсың, мына жайтты құнттап ал: қазір біздер, қазақстандық әскери генералдар тобы еліміздің армиясына сәйкестендіріп Әскери доктринаға қатысты тұжырымдама мәтінін жазу үстіндеміз. Таяу арада дайын болады. Оны Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұсынамыз.

Кезінде Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Қазақстандағы әскер қатарындағы жалпы қызметті бір жылға түсіргенде мен қарсы болдым. Жауынгер бір жыл ішінде әскери техниканы ғана емес, қолына берілген қаруын да дұрыстап меңгеріп үлгермейді. Бізге екі жылдық әскери борыш өтейтіндер есебінен армиядағы солдаттарымыздың да санын ұлғайтып алуымыз керек дегенмін. Сонда ең лауазымды азаматтардың өзі «Біз жан-жағымыздағы елдермен тату-тәтті көршіліктеміз. Бейбіт елміз. Ешкіммен соғыспаймыз. Әскердің санын ұлғайту, ақшаны далаға шашу деген сөз» деп пацифистік уәждер айтты.

– 1992 жылы Жоғарғы Кеңесте Қазақстанның Қарулы Күштері туралы екі заң жобасын қызу талқылау жүріп жатқан тұста бір сұхбатыңызда осы тұрғыда әйгілі қолбасшы Наполеонның «Өз әскерін асырамаған халық, өзгенің әскерін асырайды» деген нақылын айтқаныңыз есімде қалыпты…

– Ежелгі Римде латынша жазылған мынандай да қағида бар: «Бейбіт өмір сүргің келсе, соғысқа дайындал». Сондықтан да, біздің еліміздің болашақ қорғанысы мықты болуы үшін – жастарымыздың әскери дайындығын мектептен негіздеу керек. Әскери дайындық сабағы мектепте аптасына бір рет емес, алты рет өтуі тиіс. Менің кейінгі кезде бір байқағаным, тіпті мектепті былай қояйықшы, әскерден келген кейбір жас жігіттің өзі қолына мылтықты дұрыс ұстай алмайды. Неге? Ол әскерде қар күреген, аула сыпырған, ары кетсе, еден жуған… Жас өрен ел басына күн туса, елін қалай қорғамақ? Біздің мектептеріміздің өзіндік әскери-патриоттық тұжырымдамасы болуы керек. Қыз балаларын әскер қатарына Израил жайдан-жай шақырып жатпаған шығар?! Өйткені ол – ел қауіпсіздігі! Біздің жеріміздің байлығына, кеңдігіне қызықпайтын сыртқы дұшпандарымыз жоқ дейсіз бе? Халық та, басшы да ең алдымен осыны жадында мықтап сақтауы тиіс. Қорғаныс министрінің қызметін жыл сайын ауыстырғанмен, Қарулы Күштеріміздің тұғыры мықты болмайды. Жәй бейбіт заманның өзінде Кеңес Одағындағы полигондық, базалық-далалық әскери жаттығу кезінде өте төменгі пайыздық мөлшерде болатын адам шығынына дейін ескерілетін. Құрама Штаттар әскерінде ол қағида әлі де сақталған. Азаматтық өмірде жол апатынан қайтыс болып жатқандар саны қазір кейбір тарихи соғыстағы шығыннан асып кетті. Ойланатын жайт па? Ал сол әскерде техникадан ақау шығып, автомобиль соғыспай ма, мысал үшін айтқаным?! Түйткіл көп! Бұл біздің әскери саламызда ең үлкен, ең көкейтесті мәселе дер едім. Халық түсіну керек, менің өз басым әскерімізге қатысты бұл мәселені екі Парламенттің басшысына да, кезіндегі Мемлекеттік хатшыға да айттым.

Біртұтас мықты ағзаға айналған сондай бір қуатты күш соңғы отыз жыл ішінде әскери қорғанысымыздың техникалық тұрғыдан болсын, әміршілдік саяси саладан болсын, адымын аштырмайтын ең негізгі жойқын тежеуші күш-тетігіне айналды. Оның нақты мысалын, залал-зардабын үстіміздегі жылдың басында болған Қаңтар оқиғасынан байқадық та ғой?

– Қаңтар оқиғасы: осыдан тура он жыл бұрын белгілі тарихшы-ғалым Әзімбай Ғали менің бір телевизиялық сұхбаттасуымда «Өтпелі транзиттік сипаттағы мемлекетті Президент Назарбаев бөлшектемей, осы күнге аман-есен алып келді. Қазір саяси трансформация пайда болып келе жатыр. Ел толқиды… Сондай жұрт абдырап, басшылар дүрбелеңге түскенде Тоқтар Әубәкіров секілді өмірде сыналған, саяси-беделді тұлғалар ғана ел алдына шыға алады» деп еді. Әулие екен Әзімбай Ғали! Айтқаны айдай келді. Қаңтардың жан қысылған сол бір күндері елге танымал азаматтар қатарында бірінші болып теледидарға сіз шықтыңыз. «Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің әскері кірсін елге, тек жеке-дара Ресей әскері кірмеуі керек» деп шырылдадыңыз, қайталай ескертіп жаттыңыз…

– Ғалымның өз сараптамасы шығар, рахмет. Ал қаңтарды еске алсақ, менің өз басым ел дүрлігіп жатқан уақытты бір жарым тәулік қатты мазасызданып отырып бақыладым. Сындарлы уақыт оқтай зулап өтіп жатты. Кеудесін ұрған, билікке өте жақын кісілер бір күнде жоқ болып кетті. Газеттерде күн құрғатпай ақыл айтатын, ел басшыларына кеңес беріп жүрген азаматтар қайда? Қиыншылық келген кезде бәріміз жұдырықтай жұмылуымыз керек емес пе? Мен сол күндері жан-жағымдағы өзім білетін беделділердің барлығына телефон соқтым да. «Қолдау керек, қолдау керек, Тоқа айт!» дегеннен басқа ештеңе естімедім.

Оны айтасың, ертеңіне ше, мүлдем… басқа әңгімелер шығып кетті: «Тоқтардың әйелі орыс болған соң орыстар әскерін кіргізді, соларды жақтады» деп. Жарайды. Ұжымдық қауіпсіздік әскері кірмегенде елімізде не болатын еді? Ақырында қандай күй кешетін едік? Айтыңызшы маған? Экстремистік ұйымдардың дегеніне көнуміз керек пе? Біз баяғыдан, Тәуелсіздік тарихының алғашқы парағын ашқан күннен бастап мүлдем жаңа, саясаты зайырлы мемлекет құру бағытын ұстанып келеміз. Ғылыми өрістеу арқылы әлемнің озық ойлы мемлекеттерінің қатарынан көріну – ең асыл мақсатымыз.

– Иә, ол күндерді еске алу – жүрекке мұң ұялатады… Өзіңіз айтқандай, ғылым қай кезде де жалпы қоғамның дамуына озық үлгі болып келеді! Ғылым академиясының соңғы жиналысында ел өмірімен жіті сабақтасқан Қазақстан ғылымының болашағы туралы маңызды да мазмұнды мәселелер көтерілді. Міне, осыған орай, сіздің, академик-ғалым ретіндегі ойыңызды білгім келеді?!

– Ресейдің, кейде алыс шетелдердің де, авиация-ғарыш бағытында жарық көріп тұратын ғылыми-техикалық журналдарында авиация әлеміндегі кешегі, бүгінгі және ертеңгі нақты прогрессивті қадамдар туралы еңбектерім үздіксіз әрі кең көлемде жарияланып келеді. Салалық оқу орындарында тәжірибелік дәріс оқуым да тоқтаған емес. Ғылым докторлығын ертеректе Мәскеуде қорғағанмын. Осы еңбек жолым себепші болды ма, әлде Мәскеудегі әріптестердің Қазақстан Ғылым академиясына жіберген ауқымды дерек-құжаттары ілік болды ма, әйтеуір, Ғылым академиясының Президенті Мұрат Жұрынов ғылым ордасына мүше болуыма ұсыныс жасады. Академиктеріміз бір ауыздан менің де олардың сапында болуыма қарсы болмады, сайландым. «Құттықтаймыз» деген сүйінші хабар алдым. Сенің «Академиксіз» деп отырғаның сол…
Ал енді ғылымсыз мемлекеттің, елдің, халықтың болашағын болжау мүлде мүмкін емес. Бұл – заңдылық. Ғылымның жолы даңғыл, мемлекет ол жолдан сәл бұрыс кетсе, тарихи-табиғи жүрісінен жаңылады. Мемлекет өзіндік тарихи даму, толысу жолында қай кезде де ғылымға, оның нағыз ордасы Қаныш Сәтбаев тұғырын мықтаған Ғылым академиясына арқа сүйейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұны жақсы түсінді. Ол жай ғана дипломат емес, білімді тұлға екенін көрсетті. Әр ғалымның өз ойы, алуан-алуан өз пікірі, ұсынатын тосын жаңалықтары бар. Сондықтан да Президенттің жоғарыдағы алқалы жиналыстан соң ғылымды оқшаулаған шешімі өте дұрыс деп ойлаймын. Бәрі де ел игілігі үшін, мемлекеттің болашағы үшін, Жаңа Қазақстанның нақты болашақ бағдарламасының жүзеге асуы үшін бүгінгі жасалынып жатқан айшықты қадамдар дер едім.

– Тоқтар Оңғарбайұлы, мазмұнды да қызықты әңгімеңізге рахмет.

– Сізге де рахмет. Халықтың күші – бірлікте, іргеміз мықты болсын десек, әрқашан да басымыз бірге болсын!!!

Сұхбаттасқан Талғат СҮЙІНБАЙ,
Алматы

Бүгін, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
Бүгін, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді