ЭКҰ (ЭКО) әдісімен дүниеге келгендер болашақта табиғи жолмен ата-ана бола алады. Әлем бойынша ең алғаш қолдан ұрықтандыру арқылы өмірге келген Браун есімді ағылшынның екі ұлы бар, ал ЭКҰ –мен туған ресейлік азамат 1 ұл, 1 қыз өсіріп отыр. Алғаш осы әдіспен өмірге келген адамның жасы шет елде 40 жас болса, біздің елдегі ЭКҰ әдісімен өмірге келгендер биыл 18 жасқа келді. Дегенмен елімізде бала сүю мүмкіндігінен айырылғандар саны жыл сайын 20 мың отбасыға көбейіп келеді. Ал бұл тек Қазақстанға ғана төнген қауіп емес, әлем халқына төнген қауіп.
Осыған орай Алматы қаласында «Бедеулікті емдеудің заманауи тәсілдері. КРТ: Бүгіні мен болашағы» атты X халықаралық конргесс өтті. Шараға Беларусь, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Израиль, Испания, Италия, Үндістан, Қырғызстан, Қазақстан, Ресей, АҚШ, Өзбекстан, Украина, Тәжікстаннан келген репродуктивті технологиялар саласының мамандары – акушер-гинеколог дәрігерлер, ЭКҰ орталықтарының өкілдері, андрологтар, бедеулікті емдеумен айналыстан эндокринологтар, генетиктер қатысты.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде биыл 7000 адамға қолдан ұрықтандыру жасалған. Оның басым бөлігі балалы болғысы келетін шетелдіктер екен. Өйткені ақылы түрде ЭҚҰ жасату кез келген отбасының қалтасын көтере бермейді. Құтыдан құрсаққа бала салып, оны өмірге әкелудің құны елімізде 800 мың мен 1 миллион теңге арасында. Репродуктивті медицина саласының мамандары Қазақстан билігі ұрпақ сүйгісі келетін отбасыларға тиісті деңгейде көңіл бөлінсе дейді. Биыл ел қазынасынан ЭКҰ жасатуға 900 квота бөлінген. Ол өте аз дейді мамандар. Қазіргі таңда елімізде 26 ЭКҰ клиникасы жұмыс істеп тұр. Салтанат Байқошқарова басқаратын ЭКОМЕД клиникасы 1995 жылдан бері қолдан ұрықтандыру арқылы 7000 баланы өмірге әкелген. Бірақ ЭКҰ-ға кезек күту тым ұзақ екен.

Салтанат Байқошқарова, биология ғылымдарының докторы:« 30 жастағы әйел кезекке тұрса, кезегі жеткенше 35-ке келеді. Ол кезде аналық ұрықтардың сапасы да, көлемі де азаяды. Сондықтан қазір біз мәселе көтеріп отырмыз, кем дегенде 17-20 мың квота бөліну керек мемлекеттен. Қазіргі таңда елімізде медицина саласы қарқынды дамып келе жатыр. Соның бірі бір саласы репродуктология саласы. Яғни адамның ұрпағын өрбіту мәселелері. Соңғы жылдары әлем бойынша генетикалық жолмен берілетін аурулар көбейіп келе жатыр. Дені сау адамдардан ауру балалар туылып жатыр. Дүние жүзінде 10 мың моногендік аурулар бар екен. Сол жер беті бойынша 760 миллион адамда кездеседі екен. Болашақта экстракорпоральді ұрықтандыруға генетикалық диагностика мен геномды редакция жасап, дені сау ұрпақты дүниеге алып келу үшін бедеу жұптар емес жалпы дені сау адамдар да соған жүгінетін болады. Бүгінгі негізгі қаралып жатқан мәселе осы. Дүние жүзі бойынша генетикалық талдау жасау үлкен мәселе болып отыр. Бұл үлкен ғылым. Ал елімізде бұл ғылым қарқынды дамымағаен. Сондықтан біз осы жолға түсіп келеміз. Бізге келген адамдар бедеулікті емдейміз, әйтеуір бір бала дүниеге әкелсем деп ойлайды» — деді.
Сондай-ақ ол «Қазіргі таңда аутизм деген ауру жиілеп бара жатыр. Басқа да әр түрлі ауытқулар бар. Соның барлығы дүниежүзілік факторлардың, ауа ластануының әсерінен болуда. Тіпті жаңадан туылған сәбилердің өзінде қатерлі ісіктің пайда болуы соның барлығы ойланарлық мәселе. Бедеулік ол әйелде де еркекте де бірдей кездеседі. 50/50 пайыз деп айтуға болады. Қазіргі кездегі химиялық, физикалық экологиялық факторлардың да әсері мол екенін айтты.

Қазір бала туу өз алдына, сау бала туу өте маңызды. Сондықтан ұрпақты эмбрион күйінде қауіпті аурудан айықтыратын генетикалық деңгейде жаңалықтар ашылып жатыр екен. Қазақстаннан 20 жыл бұрын АҚШ-қа көшіп кеткен Шухрат Миталипов 2017 жылы әлемде тұңғыш рет генетикалық төңкеріс жасапты. Ол пайда болған ұрықтан ауру жасушаны алып тастау әдісін ойлап тауып, сәтті жүзеге асырған.

Профессор Шухрат Миталиповтің айтуынша, генетикалық жолмен тұқым қуалайтын қауіпті ауруларды жасуша деңгейінде өзгертіп, сау ұрпақты өмірге әкелуді іске асырдық. Алғаш болып Англияда қолдандық. Қазір сол әдіспен туған бала да бар. Болашақта түрлі ауытқумен туатын балалар санын азайтуға болады екен.
1978 жылдан бері қолдан ұрықтандыру арқылы әлем бойынша жеті миллионнан астам бала туған. Ең алғашқы құтыдан шыққан ұрпақ 40 жаста. Оның табиғи жолмен туған балалары бар. Көпшілік күмәнмен қараған әдіс қайтадан бала сүйгісі келетіндерге үміт сыйлауда.

Астаналық репродуктолог Алмас Ибрагимовтың айтуынша, еліміздегі репрудоктология саласы дүние жүзілік деңгейге жеткен. Техникалық жабдықталуы да алдыңғы қатарлы Жапония, Германия елдерімен бірдей. Өйткені соңғы жылдары осы елдермен тығыз қарым-қатынастың нәтижесінде еліміздегі ЭКҰ саласы қарқынды өсіп келеді. Елімізде ЭКҰ әдісіне квота бөлінгеніне 7-8 жыл болды. Кезінде квота сандары аз болды.
Алғашқыда 100 квотадан бөлінсе, биылғы жылы квотаның саны 900-ге жетті. Алайда бұл біздің мемлекетіміз үшін өте аз. Өйткені біздегі қажеттілік өте жоғары. Біздің Астанадағы орталықтың өзінде жылына 2000- нан астам әйелге ота жасалады. Олардың көп бөлігі ақылы түрде жасалғандықтан, өз қалтасынан төлеуге мәжбүр. ЭКҰ әдісімен біріден көтеріп кете алмайтындар да бар. Сондықтан ол отбасыға тағы да мүмкіндік беру үшін квотаны екі рет беру керек. Өйткені ол адам қаншама жыл кезекте тұрды. Сондықтан ондай отбасыларға тағы бір мүмкіндік беру керек екен.
Алматы қаласының тұрғыны Яна Петрова (есімі өзгертілген) осыдан екі жыл бұрын яғни 2016 жылы «Персона» клиникасында ЭКҰ жасатқан.
Ол: « Біз отбасымызбен 4 жылдан аса уақыт балалы болуды күттік. Көптеген сараптамалардан өтсек те сәби көтере алмаудың нақты диагнозы табылмады. Жақын туыстарымның нұсқауымен Алматыдағы «Персона» клиникасындағы білікті маман репродуктолог Шолпан Кеңесқызын таңдадым. ЭКҰ әдісімен бірден көтере алмадым, тек төртінші рет жүгінгенде нәтижесі болып, қазір кішкентай қызымызды тәрбиелеп отырмыз»- деді. Соңғы уақытта әлем бойынша бедеулікті емдеудің түрлі тәжрибесі жиналды. Ал осы әлемдік әдістердің көбісі біздің елде де жүзеге асырылып келеді. Алдағы уақытта еліміздің ЭКҰ саласының мамандары тың әдістерімен дені сау ұрпақтың санын арттырады деп сенейік.
Мақпал Ноғайбаева