Естеріңізде болса, былтыр осы уақытта ковид күшіне мініп, өлім-жітім көбейіп кеткен еді. Биыл да мәз емес. Үнді, яғни «дельта штамы» деген пайда болды. Дәрігерлердің айтуынша, індеттің бұл түрі COVID-19 сияқты емес. Өте өткір, жұғымтал, өлім-жітім көрсеткіші көп, зардабы ауыр болатын сияқты. Үндістан жұрты бірнеше ай бұрын ғана осы «дельта штамынан» жаппай қырылған жоқ па?
Індет таралды. Енді мұның алдын алатын амал, шығар жол бар ма? Мәселе осында. Мамандар мұның жалғыз жолы екпе алуда дегенді айтып жатыр. Бірақ бүгінгі күнге дейін еліміз бойынша шамамен 3 млн адам екпе салдырыпты. Бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетованың мәлімдеуінше, вакцина алған 1500 адам қайтадан індет жұқтырыпты. Бұл жалпы егілгендердің 0.05 пайызы деген сөз. Демек қоғамда айтылып жүрген алып-қашпа әңгімеге орын жоқ. Біз халық әлі түсіне қоймаған үнді штамының табиғаты қалай, зардабы қандай, вирустан қалай сақтануға болады деген сауалдарды невропатолог дәрігер Қайырғали Қонеевке қойдық.
Jas qazaq: Қайырғали мырза, Алматы қайтадан «қызыл аймаққа» кірді. Коронавирустың мутацияға ұшыраған түрлері пайда болды. Мысалы, үнді штамын айтуға болады. Ол қаншалық қауіпті? Ауру белгілері қалай?
Қ.Қонеев: Үнді штамы өте қауіпті. Тез таралады, тез жұғады. Өйткені бұл клетканың ішіне тез кіріп, адамның қарсылық қуатын төмендетеді. Содан кейін, бұл вирустың табиғаты бөлек болғандықтан, бұрынғы ауырған адамдарға да, екпе алған азаматтарға да жұға береді екен. Әдетте коронавирус жұқтырған адамдардың 70 пайызы симптомсыз ауыратын болса, үнді штамымен симптомсыз ауру деген болмайды. Тіпті балалар да осы вируспен ауырып жатыр. Есіңізде болса, әдеттегі коронавируспен жас балалар көп ауырмайтын еді ғой. Үнді штамы олай болмай тұр. Нақтырақ айтқанда, 12-14 жас аралығындағы балалар үнді штамымен ересек адамдар сияқты ауырып жатыр. Демек бұл қауіпті, әрі өте жұғымтал вирус деген сөз.
«Дельта штамының» белгілері COVID-19-дан біршама бөлек. Ковидтегі сияқты дәм мен иіс сезуден айырылу сынды белгілер жоқ. Сондықтан болса керек, жұрттың көбі оны тұмаумен шатастырып алады да, ковидке шалдыққанын өздері де сезбей қалады.
Іш өтудің орнына адам тамақтан уланған сынды ауырады. Дәрігерлер аурудың төрт жаңа белгісін анықтады. Іштің өтуі, есту қабілетінің бұзылуы, асқазанның ауырсынуы және қанның ұюы сияқты симптомдары бар. Инкубациялық кезеңі 7 күнге созылады. ДДСҰ-ның мәліметіне сүйенсек, «дельта штамы» әлемнің 90-нан астам елінде анықталып отыр. Жақында ғана оның 74 мемлекетте аса жылдамдықпен таралғаны белгілі болды. Сондықтан мамандар бұл дерттің өте тез дендейтініне алаңдаулы.
Jas qazaq: Мамандар да бұл вирустың тез жұғатынын, өткір екендігін айтты. Үнді штамын қалай емдеу керек?
Қ.Қонеев: Бұл штамды емдеудің бөлек ем-дом шарасы жоқ. Коронавирусты қалай емдесек, мұны да солай емдейміз. Ем-шара протоколы бірдей. Тек бұған адамдар әдеттегі ковид сияқты жеңіл қарамауы керек. Аса жұғымтал екенін айттым ғой. Демек көпшілік орынға баруды қысқарту, той-томалақты, ас-жиынды азайту қажет. Олай болмағанда, індетті тізгіндеуге халықтың өзінің ерік-жігері болмай қалады.
Сингапур мамандарының айтуынша, үнді штамы COVID-19 пандемиясынан да асып түсуі мүмкін. Швецияда үнді штамына шалдыққандардың саны алғашқы бес күннің ішінде 70 пайызға жеткен. Румынияның вакцина жөніндегі ұлттық комитетінің басшысы Валериу Георгицэдің сөзінше, коронавирустың төртінші толқынын осы үнді штамы туғызуы мүмкін. Өйткені ол өте қауіпті вирус.
Jas qazaq: Қазір тойхана, кафе, демалыс орындары ашық жұмыс істеп, күнде той болып жатыр. Содан кейін Үндістаннан студенттер де келуде. Оларды оқшаулау жағы кемшін сияқты. Себебі вирус таралып кетті.
Қ.Қонеев: Үнді штамы дүниенің төрт бұрышына түгел таралды. Үндістаннан келетін студенттерден ғана жұғады деу қате пікір. Басқа елдерден келіп жатқан туристерден де жұғуы мүмкін. Оның үстіне, Қазақстанның ішінде де кең таралды. Енді не істеу керек? Бізде мұның алдын алатын бір ғана жол бар. Шекараны тарс жабу керек. Кіріс-шығысты азайтқанда ғана үнді штамы төмендейді. Осылай сақтанғанда ғана екі-үш айда ауру көрсеткіші азаяды. Әйтпесе, індетті асқындырып аламыз. Бұл «дельта штамы» ойнайтын вирус емес.
Jas qazaq: Екпе алудан әлі сылбырлық танытып отырған елдердің қатарында екенбіз. Неге? Екпеге сенбеуден бе, әлде түсіндіру жұмыстары кемшін бе?
Қ.Қонеев: Менің ойымша, халыққа түсіндіру жұмыстары өте сылбыр жүруде. Түсіндіру жұмысын жақсартудың орнына марапаттау, сыйлық тарату сияқты жұмыстармен айналысып кетті. Екпе алудың пайдасын халыққа өте сауатты түрде түсіндіру қажет. Екпені не үшін аласың? Алған жағдайда не болады? Алмасаң не болады? Осындай қарапайым әрі халықтың көкейіндегі нақты сұрақтарға жауап беріп, қоғамдағы алып-қашпа әңгімелерге нүкте қойған дұрыс. Екпені кім үшін, не үшін аламын деген сауал әрқайсымызда болуы керек.
Jas qazaq: Вакцина алған адамға да, алмаған адамға да вирус жұғады дейді. Қарапайым халықтың пікірі: вирус жұқса, ондай екпені алып қажеті қанша дегенге саяды. Дәрігер ретінде айтыңызшы, онда вакцина салдырудың не қажеті бар?
Қ.Қонеев: Вакцинаны ең алдымен өзің үшін, содан кейін үйіңдегі кәрі ата-анаң үшін, балаларың үшін аласың. Үлкен кісілердің жасына байланысты екпе алу қауіпті. Бірақ қатердің алдын алғыңыз келсе, кәрі әке-шешеңізге вирус жұқпасын десеңіз, сіз де екпе алыңыз!
Екпе үндінің «дельта штамынан» қорғамайды. Осыны түсініп алыңыз. Бірақ ауру жеңіл өтеді. Оның үстіне, бәріміз екпе алсақ, жалпы иммунитет қалыптасады. Сол үшін екпе алған дұрыс.
Jas qazaq: Былтыр осы індеттің кесірінен талай асыл азаматтарымыздан айырылып қалдық. Бірақ халық әлі бейқам. Тіпті коронавирусқа сенбейтіндер әлі табылады. Неге? Індет қаупін халыққа толық жеткізе алмай жатырмыз ба, әлде басқа себебі бар ма?
Қ.Қонеев: Мұның себебі көп. Денсаулық сақтау министрлігіндегі қоғамдық кеңестің ішіне дәрігерлерді емес, қоғам қайраткерлерін кіргізу керек. Былтырдан бері халықтың дәрігерге деген сеніміне селкеу түскені анық қой. Екпені қоғамға кеңінен насихаттау, жалпыға түсіндіру үшін қоғамға белгілі адамдарды, халық әртістерін, жазушылар мен спортшыларды, танымалы тұлғаларды пайдалану қажет. Сондай сыйлы адамдар баспасөз арқылы халыққа түсіндірсе, онда елдің екпеге деген көзқарасы өзгерер еді.
Еуропада екпені аламыз, алмаймыз деп жатқан адамдар бар. Бірақ салыстырып қарасаңыз, екпе алғысы келмейтіндер бізден әлдеқайда аз. Ол жақта екпе алатын орталықтарда халық кезек күтіп тұрады. Ал бізде басқаша. Екпені адам өзі үшін алмай ма? Оған көлік ойнатып, пәтер беріп жарыстырудың қажеті қанша? Шетелде коллективтік иммунитетті екпе арқылы көтереді.
Жарас Кемелжан