Көкшетауда дипломдық жұмыс ұсынып, алаяқтық жасап келген 38 жастағы әйел ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Полицейлердің мәліметі бойынша, күдікті әйел танымал жарнама сайтына тіркеліп, дипломдық және курстық жұмыстарды ұсынған.
«Биылғы жылдың ақпан айында полицияға жергілікті тұрғынан арыз түсті. Арызданушының сөзінше, дипломдық жұмысты жасап беретіні туралы ақпаратты ол жарнама сайттарының бірінен тапқан. Кейін автормен телефон арқылы сөйлескен жігіт дипломдық жұмысқа қажетті өзінің талаптарын айтып, орындаушының есеп-шотына сұрған 25 мың теңге ақшасын аударған. Алайда, ақша қолына тиген күдікті телефонын көтермей қояды. Криминалды полиция қызметкерлері бірнеше ай бойы жедел-іздестіру шарасын жүргізіп, нәтижесінде 38 жастағы әйелді қолға түсірді», — деп түсіндірді ІІД баспасөз қызметіндегілер. Қазіргі кезде, күдіктінің үстінен ҚР ҚК 190-бабының 1-бөлімі бойынша соталды тергеу амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар, полицейлер алаяқтық қылмыстың құрбаны болған өзге де адамдарды іздестіруде. Егер зардап шеккендер болса, ІІД Криминалды полиция басқармасына 72-32-96 телефон арқылы хабарласуына болады.