jasqazaq.kz

«Ділмардың» үздіктері анықталды

23 қазан 2024, 15:58

Бәріне ортақ журналистика

«Бәріне ортақ журналистика» — Jas Qazaq пен Chevron компаниясының бірлескен жобасы. Жобаның мақсаты – ерекше жандарды журналистика жанрларын меңгеріп, сауатты жазуға бейімдеу. Қазір журналистикаға құмар жандар компьютерлік сауаттылық, мерзімді баспасөз және тележурналистика бойынша дәріс алып, тәжірибесін шыңдап жатыр. Курсқа қатысушы Рустам Таипов Қаскелең қаласында өткен шешендік өнер байқауына барып, оқу ордасында өткен іс-шара туралы ақпарат дайындады.

Ұлттық рухани мұрамызды ұлықтау, ана тіліміздің, аталы сөзіміздің абыройын асқақтату, сөйлеу шеберлігін дамыту мақсатында С.Демирел атындағы университетте (SDU University) студенттер арасында ІІІ Республикалық «Ділмәр» шешендік өнер байқауы өтті.

Жан-жақты дамыған көшбасшы тұлға қалыптастыру мақсатында өтетін байқауға еліміздің әр өңіріндегі оннан астам жоғарғы оқу орынан іріктелген, сөз қадірін жете түсінген талантты студенттер қатысып, асыл сөздің арнасын байытып, тәжірибе жинады.

Байқаудың жалғыз әрі бас демеушісі, «Атамұра» корпорациясының президенті, ұлт жанашыры, қоғам қайраткері Рақымғали Құл-Мұхаммед.

Бабалардың бай мұрасын ұлықтайтын тағылымы мол байқаудың авторы  – журналист, Абай атындағы республикалық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының «Шешендік өнер» пәнінің мұғалімі, «Ділмар» республикалық шешендік өнерді дамыту клубының негізін қалаушы Жарқын Сәленұлы.

Байқау білімгерге сөз өнерінің ерекшелігі мен жүйелі сөз саптау шарттарын меңгерту, сауатты әрі жатық сөйлеу дағдысын — сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, сөз өнеріміздің тарихи-мәдени және этномәдени болмысын тану, сөз құндылығын бағалау, ұлттық тәрбие беру, сол арқылы әдеби тіл нормасына сәйкес мемлекеттік тілді қолданудың жаңа деңгейін қалыптастыру мақсатын көздейді.

Тартысты өткен байқауда бас жүлдені (600 000 теңге) әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің 1-курс студенті Аяулым Айдарқызы иеленді. Жүлделі І орынды (400 000 теңге) СДУ-дің 2-курс студенті Жалғас Серікболұлы қанжығалады. ІІ орынға (200 000 теңге) Шәкәрім университетінің 4-курс студенті Тұралы Санжар және Астана халықаралық университетінің 1-курс студенті Сейфуллин Насихат жайғасты. ІІІ орын (100 000 теңге) Абай атындағы ҚазҰПУ-дың 1-курс студенті Шәміл Тимурланұлы, Халықаралық ақпараттық-технологиялар университетінің 1-курс студенті Ақерке Ерболатқызы және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 4-курс студенті Аружан Нұржанқызына бұйырды. Қалған 5 қатысушыға алғыс хат пен 50 мың теңге ақшалай сыйақы берілді.

Сайысқа қатысушылар қисынды ойлаудың қиын екенін, сауатты сөйлеудің саналылықтың жоғары деңгейі екенін, шешендіктің мәртебелі өнер екенін жақсы түсініп, мол тәжірибе жинап қанаттанып қайтты.

Рустам Таипов,

Алматы

Суреттер: «Ділмар» шешендік өнерді дамыту  клубы

20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы басты назарда
20 тамыз, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда
19 тамыз, 12:15
InEco Fest 2025: Алматыда экология, инклюзия және қала мәдениетін біріктірген фестиваль өтті
19 тамыз, 11:59
Музыка – жасөспірім жанының айнасы
18 тамыз, 14:54
Заманауи аппараттардан – жақсы нәтиже
16 тамыз, 12:34
Шымкент: Жарты жылда 1181 ерекше бала оңалтудан өтті
15 тамыз, 12:19
Биғайша Нұрғазинова: Ерекше балалар қоғамға кірігуі тиіс
10 тамыз, 21:15
Түркістан: Абайдың сөзі – рухани құндылықтың алтын қазынасы
09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті