Теміртауда жарақат алған науқастың қолына таңылған гипс шытынап кеткен соң дәрігерлер оны скотчпен жабыстырып берген.
Nur.kz хабарлағандай, Instagram желісіндегі shock_krg паблигінде жария етілген видео елдің жағасын ұстатты. Онда ақ халаттылардың жұмысына наразы болған ана жарақат алған баласын мазақ еткендей үйіне қайтарған дәрігерлердің әрекетін видеоға түсіріп алыпты. «Теміртау қаласындағы №4 емханадағылар осылайша жарақатты таңып береді. Гипс наурыздың 27-сі күні салынды. Араға үш күн салып ол уатыла бастады. 2 сәуірде дәрігердің қабылдауына бардық. Травматолог дәрігер баланың қолын осылайша скотчпен жабыстырып берді. Бұнымен не істеуге болады?», — деп жазған ашынған ана. Видеоны көрген желідегілердің көбі дәрігердің бұл әрекетіне таң қалып, тіпті елдегі кейбір дәрігерлер расымен де білімсіз мамандар екенін алға тартты. Ал кейбірі «дәрігер баланың қолын скотчпен жабыстырып жатқанда анасы неге тосқауыл болмады?», — деп ашуға булықты.