Дархан Мыңбай: Кәсіпкерден дәметіп күнелтетін масылдар, әкімдік есігінен сығалауға машықтанған тоғышарлар бар

26 ақпан, 15:10

«Сөздерінде жалын бар, Жаннан қымбат оларға ар. Мен жастарға сенемін!». Елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын жастарға  ақиық ақыны Мағжан Жұмабаев осылай үміт артқан. Алаш аманатына адал бүгінгі Қазақстанда жастардың сапалы білім алып, қажырлы еңбек етуіне барлық жағдай жасалып отыр. Мемлекет басшысы жас буынды ерінбей еңбектенуге,  білімді ізденіспен ұштастыруға, ғылым мен технологияның жетістіктерін игеруге өркениет көшінен қалып қоймауға шақырды. Бұл ретте қоғамда масылдық, патернализм, жатыпішерлік, жалқаулық сияқты әлеуметтік кеселдерге жол бермеудің мәні зор. Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Мыңбай жастарды жасампаздыққа тәрбиелейтін құндылықтар мен теріс әдеттерден аулақ болу туралы ой-пікірін ортаға салды. 

Жақында Мемлекет басшысының қатысуымен өткен келелі жиын Президенттік жастар кадрлық резерві мәселесін қараумен ғана шектелмеді. Келешегіне қам жеп, көңілі күпті болып жүрген түрлі санаттағы ұл-қызға ой салды, ертеңге деген сенім ұялатты. Мемлекетке қызмет сапасын талап етудің, қадірін білудің және лайықты бағалаудың тәртібін, өзге де өзекті міндеттерді айқындап берді. Президенттің қысқа да нұсқа тұжырымы:

«Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын шынайы бағалайтын нақты өлшемдер болуға тиіс. Бұл — бағалау жүйесін ұдайы жаңартып отыру қажет деген сөз. Мемлекеттік қызметшінің іс жүзінде атқарған жұмысы міндетті түрде ескерілуі керек». Бұл — мемлекет пен қоғам арасындағы әріптестіктің жолы. Өмір тәжірибесі көрсеткендей, қасаң қағида қағазбастылық пен жалған есепке ұрындырады. Күн сайынғы күйбең әрекет кез-келген қызметтің мәнін кетіреді. Жиында қозғалған жаңашылдық жастардың ынтасын оятудың жөні десе де болады.

Сондай-ақ «бәріне бірдей мүмкіндік беру» талабы сөз жүзінде қалып қоймауы үшін Мемлекет басшысы тиісті орындарға нақты тапсырма берді. Атап айтсақ, «Мемлекеттік қызметтің гибридті моделін енгізуді жалғастырған жөн. Ол үшін жеке сектордан білікті мамандарды мемлекеттік қызметке қабылдау ережесін анағұрлым еркін, жеңіл етіп жасау мәселесін мұқият пысықтау қажет».

Шындығына келсек, бүгінгі жастар алдында білім алып, жұмысқа тұрудан да басқа қиындық жетіп артылады. Шәкәрім қажы суреттеген «ұшқаны білінбейтін ұшқыр заманда» алған білімді жетілдіріп отырмаса, көп салада, қарапайым тіршілікте, тұрмыста көш соңынан табылуы ықтимал. Әлемдегі, соның ішінде еліміздегі  өзгерістер салт-дәстүрді сақтай отырып, адамдар арасында лайықты қарым-қатынас, жаңа іс-әрекет, коммуникация орнатуға бағытталған. Қаласа да, қаламаса да оны меңгеруге, оған бейімделуге тура келеді. Ұлт ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымын, ұстанымын қазіргі ақпараттық технология мен инновация қалыптаған әлемдік өлшемге, озық үлгіге сәйкестендіруі тиіс. Рухани-мәдени таным әлеміндегі аласапыранда бұл оңайға соқпайды. Мұның бәрі жастардың санасына зіл батпан жүк деуге болады. Ал олардың жағдайын түсініп, мүмкіндігінше жеңілдету — үлкендердің парызы, көргені мол тәлімгерлердің тікелей міндеті. Өйткені білімнің кілті — кітапта ғана емес, оны басқаларға үйрететін адамның қолында. Соның ішінде, олардың ұлттық дәстүріміз бен  құндылықтарымызды меңгеруі кез келген қиындықты еңсеруіне жол ашатыны сөзсіз. Әсіресе, білімге, тәжірибеге деген сұраныс көп нәрсе үйретеді.

Аяқ астынан байып кету, жеңіл жолмен табыс табу — алаяқ пен қудың «бір жұттық» жолы. Бірақ көзі ашық бүгінгі жастар бұл соқпақ алысқа бармайтынын көріп-біліп отыр. Сонымен бірге он екі мүшесі сау болса да, құмар ойындарына бой алдырып, кәсіпкер қауымнан дәметіп күнелтетін масылдар, әкімдік есігінен сығалауға машықтанған жекелеген тоғышарлар да жоқ емес. Ата-баба ұстанымындағы «Адам өзіне тіленшіліктің бір есігін іздесе, Алла Тағала оған кедейліктің жетпіс есігін ашып қояды» деген парасаттан тәлім алмаған, тіпті сұраншақтық пен алақан жаюға намыстанбайтын жандар азаймай тұр. Төгілген тер, еткен еңбек түбі жақсылыққа апарып, абыройға кенелтетіні — олар үшін бос сөз. Осы түсініктен арылту мен психологиялық күйден сауықтыруды да ойлауымыз керек.

Ал жалынды, талапты жастарға келсек, олар елге қызмет қылып, сыйлы болу —  мақсат-мұраты екенін түсініп отыр.

Алаш арысы Жүсіпбек Аймауытұлы: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл — жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» деген екен. Мұны біздің жас азамат, жас буын өмірлік бағдары ретінде қабылдағаны жөн.

Көкірегінде сәулесі бар адамның тағы бір міндеті — үй болу, парасатты ұрпақ тәрбиелеу. Жастар құрған, құратын шаңырақтың бекемдігі — мемлекет бекемдігінің көрсеткіші. Осынау сауапты істің жауапкершілігін терең сезініп, зерттеп-зерделеуге, дәстүрімізге сай ғылыми-құқықтық жағынан негіздеуге көңіл бөлмесек, елімізде әлеуметтік дерттің асқынатын түрі бар. Ал дәм-тұзы жараспай, ажырасқан отбасында өсіп жатқан балалар тәрбиесіне қатысты тәлімдік бағдарлама, қажетіне қарай заңнама жасап, қоғамның, соның ішінде зайырлы мемлекетіміздегі билік, дін өкілдерінің де ата-анаға шынайы жанашыр ретінде бет бұруы да ерекше маңызды деп есептейміз.

Астанадағы жастар жиынында ұрпақ, қауым жадында тұратын мынадай ой айтылды: «Тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, жалпы қоғам заңға бағынуы тиіс».

Бұл — қоғамды тұтастандыратын пайым. Бізде «Адам өз ақылы жетпеген жерін ашумен толтырады» деген аталы сөз бар. Құқықтық мәдениеттің төмендігінен, отбасында, қоғамдық орындарда, көліктерде  ұрыс-керіс болып жатады. Оның бір ұшы білімсіздікке барып тіреледі. Сондықтан қазіргі әрбір жас азаматты қаржылық сауаттылығына қарап та бағалауға болады. Тұрғын үйге үлескер болу, несие алу, мүлікті, жеке өмірін сақтандыру ережесін білмей, оны бұзғаннан опық жеп жатқандар қаншама? Сондықтан қоғамымызда жан-жақты құқықтық мәдениетті қалыптастырудың жол картасы жасалғаны дұрыс. Мұнымен барлық қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар бірыңғай  айналысса, Әділетті Қазақстанды құруға қосқан нақты үлес арта түсері сөзсіз.

Жалпы мемлекеттік қызметшінің жұмысын ғана емес, барлық саладағы адал еңбекті әділ бағалау қағидаты нақты өлшем болғаны жөн деп санаймыз. Бұл — кәсіби біліктілігіне қарай лайықты жалақы төлеу, өмір сүруі мен тұрмыстық жағдайын толығымен ойластыру деген сөз. Сонда озық ойлы жастар да табыс табудың қамымен алыс шетелге сабылмайды. Қайта туып-өскен жерінде еңбек етуге, өз елін көркейтуге құштарлығы артады.

Бұл еңбек еселеніп қайтып, мемлекетімізді дамытуға, игі дәстүр қалыптастыруға себепші болады.

Дархан МЫҢБАЙ

26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады