Данияр Қасқарауов: ХҚКО, банк, салық қызметкерлері деректерді сатады деген қауесет бар, осыны тексеру керек

19 желтоқсан 2023, 14:59

Жақында Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов еліміздегі жеке деректердің қорғалмауы мен алаяқтық фактілерінің көбейгеніне дабыл қағып, құзырлы органдарға депутаттық сауал жолдаған болатын. Депутаттың айтуынша, соңғы ақпараттарға сәйкес 9 айда елімізде 15 мың интернет алаяқтық тіркеліпті. Оның ішінде, 3 мыңнан астамы ресми банктердің атын жамылып азаматтарды алдаған. Jasqazaq.kz тілшісі Данияр Қасқарауовпен арнайы сұхбаттасып, осы мәселелер жайлы кеңірек әңгіме өрбітті.

— Данияр Алдабергенұлы, өткенде жеке деректеріміздің құпиялығы туралы Мәжілісте мәселе көтердіңіз. Өзіңіз айтқандай, интернет алаяқтығының құрбандары күн сайын көбеймесе, азаяр емес. Осыны қалай тоқтатуға болады?

— Ең алдымен ақпараттық қауіпсіздікті күшейту керек. Ол үшін электронды үкіметтің деректер базасын әркімнің қолына бермеу керек. ХҚКО, банк, салық қызметкерлері деректерді сатады деген қауесет бар ел арасында. Осы фактілерді тексеру керек, базаға кірген адамды анықтайтын жүйе ойлап табу керек. Сол арқылы тексеріп, заңсыз біреудің дерегіне қол сұққандарды қатаң жазалау керек. Сонымен қатар жауапты министрліктер алаяқтықпен күресте жүйелі бағдарлама жасауы қажет деп ойлаймын.

Жақында бір танысым хабарласты. Алаяққа 80 мың доллар аударып жіберген. Әрине, ол бұл қаржыны бірден аудармаған, біртіндеп, ақшасын көбейтемін деген оймен белгісіз шотқа сала берген. Осы сынды мысалдар өте көп. Одан бөлек, бізде нақты статистика бар ма? Алаяқтық бойынша қанша қылмыс ашылды, оның ішінде қанша қаржы қайтарылды? Міне, бізге осы туралы нақты ақпараттар керек. Тағы бір мысал келтірейін. Жаңадан ғана тіркелген компанияға бір күнде бірнеше банктен ұсыныс түсіпті. Сонда банктер ол компания туралы деректі қайдан алды? Демек электронды порталға енді тіркелген компанияның деректерінде қауіпсіздік болмай тұр ғой.

Жақында ғана отандық ток-шоудан шымкенттік әйелге алданғандар туралы бағдарламаны көрдім. Онда да алаяқтықтың түрлі схемасы қолданылған. Қазір интернеттің дамыған заманы. Адамдар ел алдында жүрген танымал адамдардың да жарнамасына сеніп қалып жатыр. Сондай-ақ халықтың санасында тез байып кетуге деген ұмтылыс басым.

Ал ақпарат қауіпсіздігіне келсек, оған жауапты әділет министрлігі, цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен ішкі істер министрлігі бар. Осы жауапты органдар алаяқтықтың алдын алуда жүйелі жұмыс жүргізуі керек деп ойлаймын. Ішкі істер министрлігінің міндеті дер кезінде қылмысты анықтап, жауапты тұлғаларды ұстау. Әрине, жұмыс жасалып жатыр. Күрес жүргізілуде. Дегенмен алаяқтық күннен күнге көбейіп барады. Оның схемалары да түрленіп бара жатыр. Сондықтан мықты тосқауыл керек. Ішкі істер министрі депутаттармен кездесіп, алаяқтықпен күрес жайында статистикалық мәліметтер келтіріп, күресудің жаңа тетіктері жайында да айтып өтті. Жаңа технологиялардың да қолданылатынын сөз етті. Киберқауіпсіздік деген мәселе бар. Жақында өздеріңіз білесіздер, элиталы тұлғаларға қызмет көрсететін қыздар мен танымал тұлғалар туралы ақпарат тарап кетті. Ол ақпарат қайдан шықты? Әрине, өз араларынан таратып жіберіп отыр, яғни оған жауапты органдарда да қалаймақан деп айтуға болады. Сондықтан осы мәселелерге қатысты заңды күшейту керек. Бұл мәселе бүгін ғана айтыла салған дүние емес. Бұрыннан айтылып жүр. Бірақ соңғы кезде тым өршіп кетті.

— Желіде отырып халықтың қалтасын қағатындармен күрестің қалай жүргізілетінін өзге елдердің тәжірибесінен іздеп көрдіңіз бе?

— Мен әлі бұл мәселені толық зерттемедім. Мен бұл тақырыпты қайта қозғап, үн қосуды, еске салуды жөн көрдім. Құзырлы органдар мәселені шешуде қандай жұмыстар атқарып жатыр? Қандай жаңа технология қолданып жатыр? Сол жағына қайта қозғау салу керек болды. Мәселенің екінші жағы да бар. Адамдар бұқаралық ақпарат құралдарынан алаяқтық жайында біліп жатыр. Айтылып жатыр. Соның өзінде әлі күнге алаяққа алданатындар бар арамызда. Күні кеше өзіме де хабарласты бір нөмірден. «Төленбеген айыппұлыңыз бар екен. Осы нөмірге төлесеңіз болады» деп.

— Көбінесе алаяқтық жасағандардың өзге елдің азаматы екендігі айтылады. Оларды анықтау, қылмыстық жауапкершілікке тарту мен жәбірленушілердің қаржысын кері қайтару процестерін қалай жүргізуіміз керек?

— Бізде қазір IT саласы дамып келе жатыр. Жасанды интеллект жүйесі де қолға алынды. Осы саланы мықты меңгерген жастарымыздың қатары көбейіп келеді. Министрлеріміз де шетелде білім алған азаматтар. Сондықтан алаяқтықпен күрес бір жүйеге келеді деген ойдамын. Біз өзіміздің тарапымыздан халықтан түскен талап-тілектерді назарға алып, мәселе көтеріп отырамыз.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Мақпал Ноғайбаева

02 мамыр, 16:01
Түркістан: Жер қойнауын заңсыз пайдалануға қатаң тосқауыл қойылады
30 сәуiр, 13:48
Нұрбақыт Теңізбаев: Халықтың үні қашанда маңызды
29 сәуiр, 15:09
«Ұлттық қор – балаларға»: Алматы облысы алдыңғы лекте
29 сәуiр, 11:52
Нұрлан Дәулетбаев: Алматыдағы тұтынушылар құқығын қорғауға үлес қосамыз
26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді