Елге барған сайын Есенбай құрдасқа сәлем беру парыз. Елдегі жалғыз жамағайын Шолпан апайыммен ата көрші болған соң жүздесудің сәті түседі. Барған сайын өтініш айтады. Өтініші – асханада даяшы болып жүрген Қанатбек пен Жанатбек есімді екі ұлына өз мамандығы бойынша жұмыс тауып беру. Тауып берейін-ақ десең, екеуі де қара танымайтын кадр. Жоқ, әріп таниды ғой. Сауатты, оқи, жаза біледі. Орта арнаулы оқу орындарын бітірген. Бірақ бітіргені бар болсын, әлдеқашан көзден ғайып болған «Енисей», шынжыр табанды ДТ-75 тракторларын оқыпты. Көршілес Светлый селосындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысымен сөйлесіп көргенмін. Таниды екен. Оқыған оқуын да біледі. Білімнің қаншалықты екенін де. Тек әлгі екеуі оқыған техника түрі бұл шаруашылықта жоқ. Енді болмайды да.
Қанша қаржысын шығындап, кімдерді оқытып жатырмыз сонда? Жалғыз Қанатбек пен Жанатбек қана емес, қаншама қарағым қолғанатқа жарамай қалды. Оқыды деген аты ғана, әйтпесе, күн көруге жарайтын кәсіп емес. Болар еді, егер өз ісіне жауапкершілікпен қарап, дұрыстап оқытса. Осы ой жетектеп Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр селосындағы №3 агротехникалық колледжіне әкелген. Мұнда ауыл шаруашылығында техникалық қызмет көрсету және жөндеу, ішкі санитарлық-техникалық құрылғыларды, желдеткіштер мен инженерлік жүйелерді монтаждау және пайдалану, фермер шаруашылығы, тігінші, аспаз, шаштараз мамандықтары бойынша кадр даярлайды.
Мемлекет тарапынан белгілі бір мамандықты игеремін деп талаптанатын жастарға тамаша мүмкіндік тудырылып отыр. Білім алушыларға жатақханадан орын беріледі. Оқу тегін. Көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасылардың балалары айрықша қамқорлыққа ие. Тамағы тегін. Жылына екі рет жол ақысын төлейді. Бірінші семестрде бірінші курстың білім алушылары тегіс стипендияға ие. Әрі қарай жақсы оқитындарға ай сайын 16 450 теңге көлемінде стипендия төленеді. Ал үздік білім алушыларға төленетін стипендия көлемі 19 283 теңгені құрайды.
Материалдық-техникалық база да былай қарағанда талапқа сай тәрізді. Жалпы білім беретін 13 пән кабинеті, арнаулы пәндер бойынша 12 кабинет, 5 зертхана бар. Өндірістік шеберхана – жетеу, екі тігін цехы жұмыс істейді. Одан өзге дәнекерлеу, токарь цехтары, техникалық қызмет көрсету нысаны да бар. Жатақханасы, спорт залы, аумағы ат шаптырым акт залы, стадионы, жеке жылу қазандығы, облыс орталығындағы жүргізушілер даярлайтын оқу орындарының өзінде жоқ автодромы, қосалқы шаруашылығы, жылыжайы бар.
Былай қарағанда, заман талабына сай кадр даярлауға барлық жағдай жасалған. Осы арада заман талабына сай дейтұғын өлшемге тереңірек бойлайтын болсақ, мәселенің мәнісі тайға таңба басқандай айқын көрінер еді.
Мысалға, «Фермер шаруашылығы» мамандығын алайық. Колледж директоры Сайран Сейітқалиеваның айтуына қарағанда, өзге мамандықтар тәрізді бұл мамандық бойынша даярланатын кадр да жан-жақты білім алады екен.
Олар ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторшы-машинисі, ауыл шаруашылығы машиналары мен тракторларды реттеуші, слесарь-жөндеуші, оның үстіне «ВС» санатындағы автокөлік жүргізушісі болып шығады. Яғни тек қана механизатор ғана емес, ауыл шаруашылығына қажетті әлденеше мамандықтардың жиынтығы.
– Фермер шаруашылығы бойынша білім алып шығып, жеке шаруа қожалығын немесе серіктестік құрып, жұмыс істеп жатқан түлектеріңіз бар ма? – деп сұрадық біз колледж директорынан.
– Ондайлар жоқ, – деді колледж директоры.
Сонда қалай болғаны? Қанша жыл бойы фермер шаруашылығы бойынша дайындап, мемлекеттің қыруар қаражатын шығындап оқытып, үлкен өмірге жолдама берген түлектеріміз қайда? Міне, дәл осы жерден үлкен күмәннің құлағы қылтияды.
Шынын айтқанда, кәсіптік-техникалық колледжін тәмамдаған маманның елу пайызға жуығы жұмыссыздар қатарын толықтыруда. Сонда мемлекеттің қыруар қаржысы желге ұшып жатқаны ма?
Ақмола облысының жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметіне қарағанда, өткен оқу жылында 5018 білім алушы белгілі бір кәсіпті меңгеріп, үлкен өмірге жолдама алған. Қазір кәсіптік білім беру саласында қысқа мерзімді оқу жүйесі де бар. Мұндай оқыту әдісі жұмыссыз жүрген жастар үшін өте тиімді. Ағымдағы жылы 1475 жас әртүрлі мамандық иеленді. Механизатор мамандардың тапшы екендігі де рас. Бүгінгі күні облыс шаруашылықтарына 250-ден астам механизатор керек болып отыр.
Әр жылы көктемгі және күзгі науқандық жұмыстар кезінде ауыл шаруашылығы құрылымдарында механизаторлардың жетіспейтіні туралы дабыл қағылып жүр. Тіпті әріге бармай-ақ, Зеренді ауданына қарасты Жаңауыл елді мекеніндегі шаруа қожалығының жетекшісі Құлан Болатовтың айтуына қарағанда, бұл өте күрделі мәселенің бірі.
– Осы төңіректен механизатор таба алмаған соң Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Егіндіағаш ауылынан екі механизаторды ат-түйедей қалап әкеліп жүрмін. Науқандық жұмыстардың мерзімі онша ұзақ емес. Соның өзінде де әлгі механизатор тәп-тәуір табыс табады. Жұмыс беруші ретінде мен, жұмыс істеуші ретінде олар келісімшартты бұзбай орындағандықтан, әр жыл сайын байланысымызды үзбей келеміз, – дейді шаруа қожалығының басшысы.
Бұдан басқа да бірнеше шаруа қожалығы мен жауапкершілігі шектеулі серіктестік басшыларымен осы тақырыпта тілдесіп көрдік. Бәрі де қазір бесаспап механизатордың аздығын айтып қынжылып отыр. Білетіндердің айтуына қарағанда, бұрынғы механизаторлардың бәрі дерлік зейнет жасына жеткен. Одан соң ел тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары экономикалық байланыстардың үзілуіне байланысты механизатор мамандығы қадірсіз болып қалды. Ең бастысы, уақытында жалақы төленбеді. Көктемгі егіс, күзгі егін орағы науқандарынан басқа жалақы төленетін жұмыс болмады. Жұмыс істегендердің өздері еңбекақысын заттай алып жүрді. Содан барып байырғы механизаторлардың өкшесін басып келе жатқан кейінгі толқын түгілі, жастардың өзі бұл мамандық десе ат-тонын ала қашатын жағдайға жетті.
Жоғарыда біз кәсіптік-техникалық колледжде мемлекет тарапынан оқушы жастарға қаншалықты қамқорлық жасалып жатқандығын әдейі екпін түсіріп айттық. Шынында да, тегін оқыса, жатақханасы, ас-суы тегін болса, одан артық не қажет? Тек жалғыз дүдәмал жері – сұранысқа ие мамандыққа оқыту. Колледждегі бірқатар мамандыққа сұраныс бар. Осы тақырыпты індете іздеу барысында қалалық жарнамалық газеттерді де шолып шықтық. Әсіресе, аспаздар, газ-электрмен дәнекерлеушілер, құрылысшылар қат екен. Сонда колледж түлектері қалайша жұмыс таба алмай жүр?
Ең басты олқылық, бүгінгі күннің талап үдесінен шықпау болуы мүмкін. Таратып айталық. Мәселен, өзіміз болған агротехникалық колледж шеберханаларында 1986-1987 жылдары шыққан ДТ-75, Т-40 тракторлары мен «Енисей» комбайндары оқытылады.
Қазір қуатты серіктестіктер мұндай техника түрлерін ұмытқалы қашан?! Рас, кейбір шағын қожалықтар әлі күнге дейін пайдаланып жүруі мүмкін. Бірақ негізінен шетелдік егіс кешендері мен комбайндары Арқадағы астық алқаптарына енгелі талай жылдың жүзі болды. Колледждің ескі техникаларын оқып шыққан білім алушылар жаңа техниканың жай-жапсарын білмейді. Міне, сондықтан да олар қажетсіз.
Тығырықтан шығаратын төте жол «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасында жатыр.
– Бір кезде механизаторларды әрбір оқу орнында жүздеп шығарды. Соның өзінде жетіспей жатты, – дейді шаруа қожалығының жетекшісі Бауыржан Тастүлеков, – бірақ ол кеңшар мен ұжымшарлардың бар кезі еді. Қазір мұндай көлемде механизатор қажет емес. Өйткені қазіргі техника қуатты. Бұрынғы бес-алты комбайнның атқарған шаруасын қазір шетелдік қуатты техника жалғыз атқара береді. Енді өзіңіз есептеп қараңыз, алты механизатордың орнына бір механизатор жетіп жатыр. Екінші бір себебі, бұрын агротехникалық шараларды бұлжытпай орындау үшін пар жыртылатын, ылғал жабылатын, алқап химиялық өңдеуден өткізілетін, қар тоқтатылатын. Осылайша ауыл шаруашылығының науқандық жұмыстары бірінен соң бірі жалғасып, бас көтертпейтін. Қазір механизатордың қажет кезі көктемде – он күн, күзде – он күн. Бітті. Содан кейін ол қажет емес. Егіншілік саласы уақытша жұмысқа айналды. Кез келген адам уақытша жұмыс істеймін деп белгілі бір мамандықты бүге-шігесіне дейін игеріп, есіл өмірін өткізбейді. Оның үстіне техника тілін білетіндердің табысы да лайықты бағаланады деп айту әлі ертерек. Қанша дегенмен, қарапайым, бірақ адал еңбек еткендер ұшпаққа шыға алмай тұр ғой. Ал дәнекерші болуы тиіс маманымыз мейрамханада даяшы болып жүр.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Ақмола облысы