Болатбек қажы Ұласқанұлы: Ислам діні бейбітшілік пен тыныштықты қалайды

11 маусым, 16:14

 Иcлам діні — қазақ халқының ұстанған діні болып табылады. Ұрпақтан ұрпаққа мирас болған, дәстүрімізбен астасқан ислам бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Тәуелсіз еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауда негізгі ірге тастың мықты болуы қашаннан да белгілі. Бұл дін мәселесіне де қатысты. Бұл туралы біз Алматы қаласы Бостандық ауданы «Бәйкен» мешітінің бас имамы Болатбек қажы Ұласқанұлымен сұхбат құрдық. Ол алдымен ислам діні жайлы ақпаратымен бөлісті.

Бас имам түсіндіргендей, ислам дінінің атауы – «сәлем», «бейбітшілік» деген сөзден туындаған. Мұсылмандар да бір-бірімен «Ассалаумағалейкум» деп осы сөз арқылы амандасады. яғни «Алланың тыныштығы мен сәлемі болсын» деп тілейді. Осыдан-ақ ислам дінінің бейбітшілік пен тыныштықты қалайтынын, қатыгездік пен бүлікті айыптайтындығын аңғаруға болады.

Құранда: «…Кім біреуді өлімнен құтқарып қалса, бүкіл адамзатты өлімнен құтқарғандай болады…» деген аятта ислам гуманизмге, жақсылық жасауға жетелейтінін байқауға болады. Бір адамға болса да жақсылығыңды тигізіп, оның өмір сүруіне мүмкіндік жасалса, бүкіл адамзатқа қол үшін бергендей сауап жазылмақ. Сондықтан ислам дінін толық бейбітшілік діні ретінде қарастырамыз. Ислам діні ешқашан – соғысты, жаманшылықты, қиянатты, біреуге қиыншылық көрсетуді насихаттамайды.

Ислам діні  бейбітшілікті насихаттайды, олай болса исламның  мәдениетімізбен дәстүрімізге сабақтастығының рөлі қандай? Болатбек қажы бұл сауалға былай деп жауап берді:

«VІІІ ғасырда ислам біздің жерімізге келгенде бабаларымыз қылыштың жүзі, найзаның ұшынан қорқып қабылдаған жоқ. Оны өзінің ақыл-парасатымен, ойымен хақ дін, Мұхаммед пайғамбар рас екенін мойындап, содан кейін қабылдаған. Діндегі барлық дүниелер біздің мәдениетімізге, өркениетімізге, тұрмыс-тіршілігімізге, салт-дәстүрімізге еш қарсы емес. Керісінше, бізге үйлесіп тұрды. Содан бері ислам дінінен айрылып қалған емеспіз. Кешегі кеңес дәуірінде де жойылып кеткен жоқ. Енді сол дініміздегі шариғат көрсеткен қағида негізінде ұстануымыз керек. Исламда негізгі 4 мазһаб бар. Біз Ханафи мазһабын ұстанып келеміз. Өйткені бұл мазһаб, яғни мектеп біздің халқымыздың ғұмыр-салтына томпақ келмей, үйлесіп тұрды».

Қазақстанда Әбу Ханифаның діни-құқықтық жүйесі ғасырлар бойы қазақ халқы санасына сіңісті болып, ұлттық дағдыға айналған дәстүрлі жол болып саналады. Ханафи бағыты қалың бұқараны ахлақ (мінез-құлық)  нормаларының биік бастауларына жетеледі. Ислам дініндегі діни-құқықтық жүйе халықтың дәстүрлі діни танымын тұғырландыруға, Қазақстандағы өзге дін өкілдері мен мұсылман қауымы арасындағы бірлікті қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

Еліміздің мұсылмандары ұстанатын Ханафи мәзһабы бүкіл адамзатқа ортақ рухани-адамгершілік, өнегелік құндылықтарға бай. Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы «Дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы» Заңының кіріспесінде «ханафи бағытындағы исламның халықтың мәдениетiнiң дамуы мен рухани өмiрiндегi тарихи рөлi танылады» деп атап көрсетілген.

Біз Болатбек қажыға «Қазіргі таңда еліміздегі діни сауаттылық деңгейі қандай? Тәуелсіздік алған жылдармен салыстырғанда елімізде мешіт имамдарының білімі мен біліктілігі едәуір жоғары шығар?» — деген сауал қойдық.

«Аллаға шүкір, қазір еліміздегі Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінде жоғары білімді имамдар дайындайтын жалғыз оқу орны. Одан бөлек, Қазақстанда 9 медресе жұмыс істейді. Діни басқармаға қарасты қайырымдылық мекемелермен қатар, қасиетті кітабымыз Құранды жаттауға арналған орталықтар бар. Бұрынғыдай емес, аудан мен ауылдарға білімді имамдар барып жатыр. Бұрын енді Тәуелсіздік алған жылдары Фатиха сүресін білетіндер имам болып кеткенін жасырмаймыз. Өйткені діндегі елге қызмет жасайтын азаматтар қарасы өте аз болды. Кейіннен қолдан үйретіп, екі жылдық Ислам институты ашылып, сол жерден білім берілді. Қазір мемлекет өзінің қарауына алып, гранттар бөліп, білім беруге жағдай жасап, имам болып қызмет атқаруына мүмкіндік бар.», — деп жауап берді ол.

Сонымен қатар, халқымыздың да діни сауаттылығын арттыруда діни басқарма қыруар шаруа атқарып келеді. Діни басқарманың ішінде Діни білім және кадр даярлау бөлімі және уағыз-насихат бөлімі ашылған. Бұл бөлімдер діни сауаттылықты арттыру және жат діни ағымдармен жұмыс жасау бойынша қызмет атқарады. Халықтың діни сауаттылығын арттыру үшін діни басқарма БАҚ құралдарын және әлеуметтік желілерді де қолданады. Еліміздің барлық аймағындағы мешіттерде діни сауат ашу курсы бар. Тек ізденіп талаптану қажет.

Сұхбат соңында Болатбек қажы өз сөзін былай түйіндеді:

«Ислам діні – білім мен ғылым діні. Құрандағы ең бірінші аят — «оқы!» деп түскен болатын. Одан бөлек, «білімді мен білімсіз тең бе» деп Құранда келтіріледі. Білім алуға байланысты жүздеген аяттар түсірілді. Өйткені білімді адам – адаспайды.

Еліміздің болашағы зор, жастарымыз өсіп келе жатыр. Біз Жаңа Қазақстан жолында жұмыс жасай бермекпіз».

Олжас Әбдіхалық

Бүгін, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде
05 шiлде, 14:06
Түркістан: Төлеби ауданында профилактикалық іс-шаралар басталды
04 шiлде, 16:10
Түркістан: Мақсат – қылмыстың алдын алу
04 шiлде, 16:02
Түркістан: Сауран ауданында рейдтік-профилактикалық іс-шаралар өтуде