Бөдене асырау отбасылық бизнеске айналды. Шымкенттік Шахло Асанованың кәсіп бастауына мемлекет қолдау көрсетті. Ол мемлекет берген 260 мың теңге көлеміндегі атаулы әлеуметтік көмекті тиімді пайдаланып, кәсіп бастауға, яғни, бөдене асырауға жұмсапты. Осы кәсіп арқылы тұрмысын түзеп, кәсібін дөңгелетуді ниеттеніпті.
Шахло бөдене бағудың қыр-сырын бiзбен де бөлiстi. Айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек бағдарламасынан ақша бөліне сала, қаладағы бір кәсіпкерден 500 данасын сатып алыпты. Бөдене өте нәзік құс. Жылыны, жайлылықты жаны сүйеді. Ақ түсті құстар ет берсе, ала түстілері жұмыртқа береді.
Кейіпкеріміздің айтуынша, бөдене сағаттап өседі екен. Бейне бір қазақ ертегілеріндегі батырлар сияқты. Бірақ, қанша көз ілеспес жылдамдықпен өскенімен, сонша тез қартаяды. Яғни, өмір сүру циклі қысқа. 1,5-2 айдан бастап жұмыртқалай бастайды да, жұмыртқадан шыққаннан кейін 35-40 күнде үлкен құсқа айналады. Жалпы жұмыртқалау кезеңі бір жылдан асар-аспас. Бір жылдан кейін оны бордақылап, етке өткізеді.
«Қазір бәрі химиия, табиғи өнім аз. Сондықтан, табиғи заттарға сұраныс зор. Тұтынушылар көп алады жұмыртқаны, денсаулыққа пайдалы. Ас мәзіріне де көп қолданылады. Жұмыртқаның көлемі әр алуан болады. Ең аз салмағы 10 грамм болса, біреулері 15-20 грамға дейін барады. Алғашқы кезде біз шығарған құстың қоразының тірі салмағының өзі көп болса 100 грамдай-ақ еді. Мекиені 80 грамм. Қазіргілерінің салмағы 200 грамның жобасында. Сорпалап ішуге болады»,- дейді шахло Асанова.
Кәсіпкер келіншек іс бастағанына да 4 жыл болды. 2019 жылдың қазанында қолға алған тірлігі күн санап ілгері басып келеді. Қазiр еңбегiнiң жемiсiн көрiп отыр. Себебi, бөдененiң етi мен жұмыртқасына деген сұраныс артқан. Себебі бұл өнімдердің пайдасы орасан. Әзірге отбасы тек бөдененің жұмыртқасын ғана саудаға шығарып, пайда тауып отыр. Құс басын көбейткен соң, бөдененің етін де сатуға шығаруды жоспарлап отыр.
Айта кетсек, Шымкент қаласында өткен жылы мал өсіру бойынша жақсы өсім байқалып, 8,9 мың тонна ет, 51,4 мың тонна сүт және 142,0 млн дана жұмыртқа өндірілген. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 46 млрд теңгеге жетіп, ауыл шаруашылығы мен тамақ өнімдерінің негізгі капиталына 15,3 млрд теңге инвестиция тартылды. Көзделген меже 11,6 млрд теңгеден асып, жоспар 3,7 млрд теңге артығымен орындалып отыр. Қазіргі таңда қала аумағында 73,9 мың бас ірі қара, 15,4 мың бас жылқы, 82,5 мың бас ұсақ мал, 3,1 мың бас шошқа және 877,1 мың үй құсы тіркелген. Осының ішінде мыңнан аса асыл тұқымды ірі қара мал бар. Осы саланы дамыту үшін мемлекеттік қолдау да қаралған. Мемлекеттік қолдауды пайдалана отырып, биыл 9,1 мың тонна ет, 52,3 мың тонна сүт және 154,0 млн дана жұмыртқа өндіруді жоспарланып отыр.
Мерей Әлімбек