Бізге қандай депутат керек?

10 наурыз 2023, 17:41

Алдағы аптада сайлау. Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын таңдайтын күн. Саяси науқунның сипаты әдеттегідей емес. Бәсеке бар. Бұл бір мандатты жүйенің енгізілген соң анық байқалды. «той десе, қу бас домалайды» дейтін қазекең құр қарап жатпайын деді ме, әйтеуір, тайлы-тұяғымен додаға асықты. Бозбаладан сексеннің сеңгірін алқымдаған ақсақалға дейін бәрі осында.

Көптігі сондай, кейбір округте өзін-өзі ұсынғандардың тізіміне кемі бір беттік бюллетень керек. Танымал тұлға, кешегі мәжілісмен, былтырғы президент сайлауында үміткер, саяси партия өкілдері, «гламур» блогер, «оппозициямын» дейтіндер. «Ауылдағының аузы сасық» деп, алыстағы жарылқаушының ақшасына алақан жайғандар. Кім екенін көршісі де білмейтіндер, қарын қамын қалай күйттеп жүргені белгісіз жұмыссыз да депутаттықтан дәмелі. Әңгіме тіркеуден өткендер жөнінде. Кандидат болу бақыты бұйырмағандар да баршылық. Мәжіліс құрамының басым бөлігін (69 мандат) бұрынғыдай саяси бірлестіктер анықтайды. Бұл жолы 7 партия бақ сынайды. Бұрынғыдай 7 емес, 5 пайыз дауыс жинаған ұйымның өкілдері төменгі палатаға бара алады.

Кәсіпкерлер мен табиғат қорғаушылар үшін бұл алғашқы сынақ. Әдеттегідей, жұрттан жырақ, сайлауда ғана қимылқарекетіне жан бітетін бәзбір бірлестіктер бүгінде халықпен кездесуге құштар. Партиялардың сайлауалды бағдарламасы әр қилы. Мемлекет басшысының сан-салалы реформаларын қолдайтындар өзін билік пен қоғам арасындағы дәнекер деп біледі. Елдің еркін жолмен өркендеуі, тұрақтылықтың баянды болуы – басым бағыт. Әлеуметтік әділдік орнап, жемқорлық түбірімен жойылуы тиіс.

Біз партиялардың тізімі мен бір мандатқа үміткерлер арасынан Мәжіліс қабырғасында руханият пен сыртқы саясатты қозғап, экономика, қаржы, салық жүйесіндегі кесек-кесек мәселелерді көтеріп, күрмеуі көп түйінді шешу жолдарын көрсететін Омархан Өксікбаев, Аманжан Жамалов, Жамбыл Ахметбеков секілді өз ісінің білгірлерін көргіміз келеді. Әлемдегі геосаяси жағдай ушығып, оның зардабы біз сияқты шикізат пен саудасаттыққа арқа сүйейтін елдерге тиіп жатқан қазіргі уақытта экономиканы әртараптандыру (диверсификация), отандық өнім өндіруге басымдық беру, жастарды жұмыспен қамтамасыз ету үшін, әсіресе, ауылда шағын болса да өндіріс ошағын көптеп ашу – көкейкесті міндет.

Сондай-ақ жыл сайын тендер мен субсидияға деп қазынадан миллиардтап бөлінетін ақшаның орнымен жұмсалуын қадағалайтын халық қалаулысы керек боп тұр бізге. Өкінішке қарай, теңіздегі тасымал жолдарына тек көршілер арқылы ғана шыға алатын елімізді аймақтағы интеграциялық одақтан шығуға шақырып жатқандар, тіпті «аспандағы қаздың сорпасы» сықылды құрғақ уәдемен қияндағы Еуропалық одаққа жетелегісі келетіндер де бар. Жер жүзін титтей қауызына кіргізіп жіберген коронавирус кеселі біздің вирусолог дайындайтын оқу орнын жауып, қандай қателікке ұрынғанымызды көрсетті. Тек медицина емес, басқа салалар да білімді де білікті маманға зәру.

Жаңа Мәжіліске мектеп пен университеттегі оқу мен тоқудың сапасын айтатын, айтып қана қоймай, оң нәтижеге жетуге септігі тиетін депутат келсе игі. «Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын», Әз Тәуке ханның Күлтөбенің басындағы күнде кеңес болғанда «Жеті жарғысын» білмек керек» деген еді Абай. Ұлы ақын айтқандай, заң шығаратын Парламентте ең әуелі құжатқа құқықтық тұрғыдан баға беріп, кем-кетігін түзейтін заңгер керек!

Срайыл Смайыл

26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында ұздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 17:38
Түркістан: Есірткіге қарсы профилактикалық шаралар қарқынды жүріп жатыр
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу
23 шiлде, 12:11
Түркістан: Миллиондаған қарызы бар борышкер мен мас жүргізуші құрықталды
23 шiлде, 12:06
Түркістан: «Таза Қазақстан» аясында 21 000-нан астам құқық бұзушылық анықталды
23 шiлде, 11:56
Түркістан: Шардара ауданында профилактикалық іс-шаралар жалғасуда
22 шiлде, 14:26
Түркістан: Жетісай ауданында қауіпсіздік іс-шаралары өтуде