«Бір өзеннің бойындағы елдердің мүддесі ортақ болуы керек»

14 мамыр 2021, 11:53

Су – тіршілік нәрі. Әлемде тіршілік нәрі үшін күрес жүріп жатыр. Мысалы, өткенде ғана қырғыз бен тәжік қақтығысы қара суға таластан шыққан жоқ па? Ал біздің елде тамшы суға қажеттілік жылдан-жылға артып келеді. Сырдарияны жағалаған жұрт егінін суара алмай қиналуда. Оған Сырға сүйенген Аралдың тағдырын қосыңыз. Балқаштың да жайы мәз емес. Жалпы біздің елде су – өзекті мәселенің бірі. Оны біз емес, осы саланың мамандары айтады. «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ төрағасының орынбасары Саят Құрбанбайұлы су қауіпсіздігіне қатысты қадау-қадау мәселе көтерді.

Jas qazaq: Саят мырза, қай тарихты алып қарасаңыз да, үлкенді-кішілі қақтығыстардың көбі судан шығып отырған. Қазақстанның су қауіпсіздігі қаншалық қорғалған?

С.Құрбанбайұлы: Иә, тарихта көп қақтығыс судан шыққан. Тіпті қуаңшылық кейбір өркениеттердің ыдырап жоғалуына да себепші болды десек, қателеспейміз.
Су қауіпсіздігі – жалпы ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі ретінде қоғамның басты қажеттіліктері мен сұраныстарын гидрологиялық қауіп-қатерлерден қорғау. География институты осы мәселемен 2000-жылдардан бері айналысып келеді. Соның нәтижесінде су қауіпсіздігі концепциясы жасалды. Әлемде су қауіпсіздігінің негізін жасап, қауіп-қатерлерді нақты белгілеп, көрсетіп, теориялық дәйекті тұжырымдамасын дайындай алған елдер көп емес.
Өзен суларының сарқылуы, сапасының нашарлауы, режимінің өзгеруі сияқты басты гидрологиялық қауіп-қатерлердің мүмкіндігінше алдын алу, кей жағдайда салдарымен күресу мәселелері еліміздің су саласын басқаруға арналған бағдарламаларда қарастырылып келеді. Олардың ішінде климатқа байланысты өзгерістердің салдарына экономика салаларын дағдыландыру, трансшекаралық сулардың тиісті мөлшерін талап ету, су ысырапшылдығымен күресу сияқты мәселелер басты назарда.

Jas qazaq: Қазақстанда жылдан-жылға қуаңшылық артып бара жатқан жоқ па?

С.Құрбанбайұлы: Климаттың өзгерісіне байланысты жауын-шашын онша азайған жоқ. Дегенмен жазық аймақтардағы ағын суларда сарқылу байқалады. Ауа темпертурасының көтерілуімен жалпы булану өскен сияқты. Нақты мәліметтер аз, буланудың өлшенген шамалары туралы деректер жоқ.

Сондықтан да өзен суларының шамасын қуаңшылықтың жанама көрсеткіші ретінде талдап отырмын. Ал биік таулы оңтүстік-шығыс өңірлерде қалыпты жағдайдан жоғары ағын сулар кездеседі.

Екінші бір маңызды мәселе – трансшекаралық өзендер. Қазақстанда сегіз су шаруашылық алап болса, соның жетеуі трансшекаралық. Ертіс пен Іле Қытайдан, Шу мен Талас қырғыздан, Жайық Ресейден, Сырдария Өзбекстаннан келеді. Ертіс, Тобыл, Есіл өзендері ары қарай Ресейге ағып барады. Нұра ғана өзімізде. Сондықтан, Қазақстан үшін көрші елдермен су саласында ынтымақтастықты дамыту – су қауіпсіздігінің кепілі. Сіз бірінші сұрағыңызда су қауіпсіздігі қаншалық қорғалған дедіңіз. Соған енді келдік. Кеңес Одағы кезінен бері көрші Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей елдерімен су мәселесі бойынша келісімдер бар. Бірақ ол келісімдердің бәрі мінсіз, әділ деп айту қиын. Әлі де шешілетін, әлі де жетілдірілетін тұстары баршылық. Ол жұмыстар жүргізіліп те жатыр. Ал бізде шешілмей тұрған судың мәселесі Қытай елімен ортақ су алаптарында. Ынтымақтастықты дамыту, су ресурстарын бірлесе қорғап пайдалану, су үлестерін анықтап белгілеу жөнінде келісім бар, күрделі жұмыстар атқарылып жатыр. Бірақ нақты келісімшартқа әлі қол жетпей отыр.

Jas qazaq: Қытаймен трансшекаралық су мәселесіне арнайы тоқталамыз. Биыл су мәселесі жылдағыдан да күрделеніп кетті. Әсіресе, Түркістан облысындағы мақта егетін шаруалар мен Қызылордадағы күрішшіге су жетпей отыр. Өзбекстан Сырдарияны жібермей жатыр дейді шаруалар. Қазақстан мен Өзбекстан арасында су мәселесі бойынша келісімшарт неге орындалмай жатыр?

С.Құрбанбайұлы: Сырдария алабында жалғыз Қазақстан ғана емес, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдері арасындағы өзара келісімшарт бар. Келісімшарт бойынша, орташа сулы жылдары Қазақстанға жылына көлемі 12 км3-тен кем емес су келуі керек. Тұздылығы да көрсетілген. Талаптың орындалып-орындалмай жатқаны туралы ешнәрсе айта алмаймын, оған жауапты өкілетті орган бар, қолда нақты ақпарат жоқ. Белгілісі, жылда Сырдария алабы елдері өсіп-өну кезеңі, жай сөзбен айтқанда, егін суармалау кезеңдері үшін болжамды сулылыққа лайықтап, нақты су мөлшерлерінің лимиттерін келіседі. Шаруаларға су жетпеуі, меніңше, суды таратып пайдалануды жоспарлаудағы кемшіліктерге байланысты болса керек. Оған қоса, келісімнен бөлек, келісімді іске асыру жағы бар.

Әрине, Сырдария алабындағы су бөлісу жөніндегі келісімшарттың жетілдірілуі тиіс жақтары көп. Елдер арасындағы суға байланысты қарама-қайшылықтар түгел шешілген деу қиын. Қырғыз елі электр энергиясын өндіру мақсатында жазда су жинап, қыста суды мол жібереді. Ал Өзбекстан мен Қазақстан егін егу үшін суды жазда көбірек пайдаланғысы келеді. Бұл жерде қазақ пен өзбектің мүддесі бір болып тұр. Ал Аралдың экологиясы жөнінен қырғыз бен өзбек мүдделес, біз жалғыз қаламыз дегендей. Міне, осындай қарама-қайшылықтар бар. Бұл бұрыннан келе жатқан жағдай.

Jas qazaq: Өзбекстан Сырдың суын қыста ағытып, жазда тосып алады. Ерте көктемде арнасынан асқан өзен былтыр Мақтарал жұртын әбден әбігерге салды. Сардоба су қоймасы сияқты алып жобаны саларда оның қауіпсіздік мәселесі бойынша трансшекаралық өзендерге кіретін Қазақстанмен келісім жасалып па еді?

С.Құрбанбайұлы: Трансшекаралық өзендерге байланысты келісімшартта өзен бойында қандайда бір құрылыс жұмысы жүргізілсе немесе су қоймалары салынса, сол алаптағы елдермен келісім жасалуы тиіс. Сардоба су қоймасын, ресми емес ақпаратқа сай, Өзбекстан көрші елдермен ешқандай келісімсіз салған. Сондай-ақ су қойманың сапасыз салынғандығы Сардобаға байланысты жариялап жүрген ақпарат құралдарында да айтылды.

Jas qazaq: Қытай Іле мен Ертісті бірнеше жерінен буып, су электр стансаларын салуда. Біздің мамандар қытай жақпен қаншама келісімшарт жасасты. Бірақ көрші ел біздің тараптың талабын елемейтін сияқты. Әлде, бұл жерде біз түсінбейтін әңгіме бар ма?

С.Құрбанбайұлы: Жаңа айтып өткендей, Қазақстан мен Қытай елі арасында трансшекаралық суларды өзара ынтымақтаса қорғап пайдалану жөнінде келісім бар. Бірақ нақты су үлестері әлі келісілген жоқ. Кезіндегі одақтас елдермен қандай болса да, нақты су үлестері келісілген құжат бар деп айтып жатырмын ғой. Ал Қытаймен ондай келісімге әлі қол жеткізе алмай отырмыз. Нақтылықтың жоқ болатыны – әр мемлекет, әрине, өз сұранысын бірінші орынға қояды. Ортақ позицияның қалыптасуы өте қиын. Мысалы, Іле өзенін айтайық. Іленің басы – Текес (өзені) Нарынқолдан басталып, Қытайға асады. Су мөлшері шамамен 1 км3. Бізге Іле өзенімен Қытайдан 12 км3 су келеді. Бұл дегеніміз – Іле өзенінің бар суының 80 пайызына жуық, ал Іле суы Балқаш көліне құятын сулардың 80 пайызын құрайды. Ортақ су жиналатын алап, демек, суы ортақ. Балқаш алабын сақтауға, қорғауға біз ғана емес, Қытай да жауапты болуы керек. Бұл, әрине, біздің ойымыз. Ал Қытай жағы «Біз өз аймағымызда суды жеткілікті деңгейде алып отырған жоқпыз. Бірінші халық пен экономика, содан кейін ғана экология» деген көзқарас ұстанып келеді. Ал біз Балқаштың жағдайын ойлап отырмыз. Жалпы су мәселесі өте күрделі, нәзік тақырып.

Jas qazaq: Іленің суы азайса, Балқаш Аралдың тағдырын қайталай ма?

С.Құрбанбайұлы: Балқаш та, Арал да шөлейт аймақтардағы тұйық алаптың аяғы. Тұйық алап дегеніміз – өз алабынан тыста орналасқан қандай да бір су нысандарымен байланысы жоқ аумақ. Арал да, Балқаш та сондай. Ал географиялық, гидрологиялық ерекшеліктері тұрғысынан екеуін бірдей деп айтуға болмайды. Әрине, Іле өзенінің Балқаш көлі үшін рөлі орасан, Балқаштың 80 пайызы Іледен, Іленің 80 пайызы Қытайдан келетінін айттым. Балқаштың тағдыры Ілеге байланысты. Қазақстан мен Қытайдың арасында су пайдалану, қорғау жөнінде белгілі қарама-қайшылықтар бар екені де рас. Сондай-ақ суды экологиялық сұраныстарды ескере отырып, жұмсау қажеттілігі түсінігі де бар. Аралдың жайын қайталайды деу – асыра айту. Неше жылдан бері екі елдің бірлесе жүргізіп келе жатқан зерттеу, зерделеу жұмыстарының басты мақсаты – екі елдің де қауіптенген мәселелерін оңтайлы шешу. Әрине, бұл оңай міндет емес, бірақ іске асады деп ойлаймын.

Jas qazaq: Су мәселесі бойынша келісімшарт қалай жасалады: қарапайым есеппен айтсақ, жартысын бізге, жартысын сендерге деген сияқты ма?

С.Құрбанбайұлы: Халықаралық құжаттарда келтірілген ұстанымдар барлық жағдайда бірдей көрсеткіш бола алмайды. Су тақырыбының күрделілігі сонда. Сіз айтқандай жағдай да бар: жартысы саған, жартысы маған деген сияқты.

Су саласындағы ең дамыған халықаралық қатынас түрі – суды бірлесе реттеп пайдалану. Бұл – өзеннің басынан аяғына дейінгі судан түсетін экономикалық табысты бірдей бөліп, зиянды бірдей көру саясаты. Осы саясатқа ұқсас жағдай Дунай өзені алабындағы мемлекеттерде орын алған. Бірақ Дунай алабы – суы жеткілікті аймақ, яғни су тапшылығына бас қатырмайды. Қауіп тек тасыған судан. Ал бізде судың қалыптасу табиғаты да, әлеуметтік– экономикалық жағдай да, бәрі басқа. Демек олардың үлгісін көшіру мүмкін емес. Экологиялық мәдениетіміз де басқа.

Jas qazaq: Өткенде қырғыз бен тәжік арасында қақтығыс болды. Кикілжің суға таластан туған. Орталық Азияда «болашақтың бомбасы» – су тапшылығы болмас па екен?

С.Құрбанбайұлы: Бомбамен салыстырып айту артық болар. Бірақ жағдай мәз емес. Қақтығыс ешнәрсе шешпейтінін сіз де, біз де білеміз. Сондықтан көрші елдер, әсіресе, ортақ өзен бойындағы елдердің мүддесі ортақ болуы керек екенін түсінетін күн жетті. Бірін бірі түсініп, бірінің жағдайына бірі қарайлап, ортақ пайдалануға, сондай түсінік қалыптастыруға ұмтылу керек. Мысалы, бір жылдары қырғыздар жазда біздің диқандар мен шаруалардың, ауыл шаруашылығы нысандарымыздың жағдайына қарап, су қоймаларына жеткілікті су жинай алмай, қыста электр энергиясын жеткілікті өндіре алмай қалды. Есесіне, Қазақстан қыста көмірмен өтеді. Сондай механизмдер болды ғой. Демек шешілмейтін мәселе жоқ.

Jas qazaq: Қайбір жылы Қытайға журналистік сапармен бардық. Шыңжаңның оңтүстік аймағы Қашқарияда болдық. Шөлді аймақ. Бірақ қытайлар сол Қашқардың құмды-шөлді даласына егін салып, бау-бақша өсіріп отыр. Олар тамшылатып суару әдісін қолданады екен. Біздің шаруаларға да суды үнемдеп пайдалануды үйрену керек шығар?

С.Құрбанбайұлы: Суды үнемдеу, суды көп қажет ететін дақылдардан бас тарту – дамыған озық елдерде көп айтылатын әңгіме. Мұны су қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларының бірі деуге болады. Тамшылатып суғаруға мемлекеттен субсидия беріліп жатыр. Аз да болса іске асуда. Бірақ осы салада алға озып кеткен Қытай, Израиль сияқты елдерден тек тамшылатып суару технологияларын ғана үйреніп жүрміз ғой. Ал оларда, Қытайда, күріштің өзін өте аз сумен, тіпті тұзды сумен өсіру технологиялары зерттелген. Оны үйренген жоқпыз. Қытайдың экология және география ғылыми-зерттеу институтында болдым. Өсімдік өсіру саласында неше түрлі эксперименттік зертханалар бар. Мемлекет жағынан мұндай технологиялар көп қаржыландырылады. Қытайлар құмды, тасты немесе құнарсыз жерлерді де барынша пайдаға асырып отыр. Бұл жағынан Қытай бізден көш ілгері.

Әңгіменің қысқасы, бір өзенге тәуелді елдер ынтымақтасып, суды үнемдеу, тұзды суларды тұщыландыру және басқа озық технологиялар бойынша білгенін өзара алмасып, суды ысырап қылмай, ортақ пайдалануды үйренуіміз қажет. Сонда ғана су тапшылығының, қауіп-қатерлердің алдын алуға, ортақ алапты сақтауға болады.

Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет!

Жарас КЕМЕЛЖАН

22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде