Білім саласында біз еліктемеген ел жоқ

17 маусым 2022, 11:41

Білім және ғылым министрлігі оқу-ағарту министрлігі және жоғары білім министрлігі болып екіге бөлінгені күні кеше.

«Білімді мыңды жығатын» заманда бұл министрлікті қайта құрылымдап, еншісін бөліп, жеке-дара ведомство құру туралы осы күнге дейін айтылып келген. Осы мәселені көтеріп, «жартасқа барып, күнде айғай салмаса» да, ел ішінде жүргенде, сөздің реті келгенде, ойын бүкпей айтқан жанның бірі – сенатор Мұрат Бақтиярұлы. Қайбір күні Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады. Біз сенаторға хабарласып, өзекті мәселенің өзегін қуалай сауал қойып, жауабын жазып алдық.

Jas qazaq: Мұрат Бақтиярұлы, сіз Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған депутаттық сауалыңызда білім саласындағы қордаланып қалған мәселені көтердіңіз. Жалпы бұл саланың сан тарау сілемдеріндегі түйткілдерін бұған дейін де көтеріп, айтып жүргеніңізді білеміз.

Мұрат Бақтиярұлы: Бүгінгі заманда саналы ұрпақ тәрбиесі – болашағымыз үшін ең асыл мұра, ең қымбат құндылық. Дұрыс ұйымдастырылған білім мен тәрбиенің қуатына тең келетін пәрменді құрал мен рухани күш табу қиын. Ұрпақ білімі мен тәрбиесіне жұмсалған күш-жігер, уақыт, еңбек – болашаққа деген ең маңызды инвестиция, оның көл-көсір ырысын біз келешекте көреміз. Халқымыз «көре тұра айтпаған – көргенсіз, біле тұра айтпаған – жетесіз» дейді. Жұмыс барысымен өңірге ауық-ауық сапарға шығып, ауыл-аймақтарды көп аралаймыз, мектептерге барып, мұғалімдермен пікір алысамыз. Олардың көпшілігі білім саласында жүріп жатқан толассыз өзгерістерге көңілі толмайтындығын айтады. Осы кезге дейін білім саласында біз еліктемеген ел қалмаған шығар. Бірақ олар қоғамға қажет пе, мүддемізге сай ма дегенге бас ауыртпадық. «Оймақ пішсең де, ойлап пішуді» естен шығардық. Нәтижесінде тәуелсіздік жылдарында ең көп реформаға ұшыраған сала – білім саласы болды. Мысалы, соңғы бес жыл ішінде білім туралы заңға 29 рет өзгерту мен толықтыру енгізіліпті. Осылайша өзгеріс енгізуде алдымызға жан салмадық. Мемлекеттік білім беру стандарты 2000-2017 жылдар аралығында 7 рет өзгертілді. 17 жылдың ішінде 7 рет! Әрбір өзгеріс сайын оқулықтың мазмұны жаңарып, қыруар қаржы жұмсалып, жаңадан оқулықтар басылып жатады.

Jas qazaq: Өзіңіз айтпақшы, білім туралы заңға 17 жылдың ішінде бір емес, жеті мәрте өзгертудің залалы ең алдымен оқушыларға тимей ме?

Мұрат Бақтиярұлы: Тигенде де оңдырмайды. Дамыған елдерде, оның ішінде Жапонияда мемлекеттік білім беру стандарты бірнеше жыл талқыланып, соңғы рет 2010 жылы өзгертіліп, осы кезге дейін өзгеріске түскен жоқ. Көрдіңіз бе, жапондар қандай әдіске барды. Өзгерту мен толықтыруды төпелеп енгізе берген жоқ. Әбден иін қандыра илеп, пісіп-жетілген, талқыдан өткен өзгертуді ғана енгізді.

Орта мектептерде жаңартылған білім беру бағдарламасын жасауда тым асығыстықпен андағайлап алға ұмтылдық. Айналдырған төрт жыл ішінде 3,5 млн оқушыға білім беру реформасын жасап тастап, мектепті шексіз реформалардың тәжірибелік алаңына айналдырдық. Бірақ реформалардың нәтижесі мен олардың қандай деңгейде білім алғандарына ешкім жауап берген емес. Соңғы 30 жылда Қазақстанның білім беру жүйесінде 10 миллион адам білім алған екен. Осы тұста біз тұлға қалыптастырушы орта мектептерге ерекше назар аударуымыз керек еді. Өйткені жаңа ұрпақтың өзіне деген сенімінің төмендігіне, маман, тұлға ретінде тиісті дәрежеде қалыптаса алмауының салдары мен қайшылықтарына біз де жауаптымыз. Бір-бірінен алшақ әлеуметтік топтардың болуы, олардың бір-біріне ашық қарсы шығуы, қатыгездік пен озбырлыққа баруының түп-тамыры білімде жатыр. Себебі, шын мәніндегі, сапалы білімге қолы жететін орта бізде жеткіліксіз. Әлемдік банк зерттеуі бойынша, елдегі оқушылардың 1 пайызы ғана сапалы білім алып жатыр. Оқушыларымыздың басым бөлігінің таңдау жасауға мүмкіндігі жоқ.

Jas qazaq: Таңдау жасағаны былай тұрсын, үш ауысыммен оқитын мектепке әрең ілігеді ғой.

Мұрат Бақтиярұлы: Дұрыс айтасыз, оқушылардың көпшілігі негізінен екі не үш ауысымдық мектептерде білім алып келеді. Солай оқуға мәжбүр, себебі мектеп жетіспейді. Оның үстіне, соңғы үш жыл ішінде елімізде 1 млн 277 мың сәби дүниеге келді. Бұл білім саласына түсіп тұрған үлкен демографиялық салмақ. Олар үшін келешекте кем дегенде үш мың мектеп салынуы қажет. Тағы да сол әлемдік банктің зерттеуіне сүйеніп айтар болсақ, бүгінде еліміздегі адами капитал индексі 63 пайыз. Бұл индекс бала туғанынан бастап 18 жасқа дейінгі қалыптастырылуы тиіс оқушылардың қабілеттері мен дағдыларының жиынтығы. Біздің білім жүйесі осылардың 63 пайызын беріп отыр. Осыған қарап-ақ білім саласына қыруар қаржы бөлінгенімен көптеген білім алушылардың алған білімі біліктілікке айналмай жатқандығын көрсетеді.

Бізде білім берудегі теңсіздік пен алшақтық қаржыландыру саласында да, қала мен ауыл мектептерінің арасындағы арасалмақ айтарлықтай үлкен. Мысалы, Назарбаев зияткерлік мектебі мен қарапайым мектеп арасындағы қаржыландыру айырмасы 6 есе болса, еліміздегі оқушылардың 44 пайызын құрайтын ауыл мектептерінде оқитын оқушыға Назарбаев зияткерлік мектебі оқушысының білім деңгейіне жетіп алу үшін 6 жыл уақытын сарп етуі керек.
Тағы бір үлкен мәселе – үш тілді қатар оқытумен байланысты. Жақсы, сапалы білімге ауылдың да, қаланың да баласының қолы жетімді болуы тиіс.

Jas qazaq: Тіл демекші, сөзіңізді бөлейін, ендігі жылдан бастап балаларға 1-сыныптан шет тілін оқытпайтын болды. Сіз бұл мәселені бұған дейін де айтқан едіңіз.

Мұрат Бақтиярұлы: Мен бұл мәселені бұрын да айтқам, әлі де айтамын. Жалпы менің ұғымымда бала бастауыш сыныпта тек өзінің ана тілінде білім алуы керек. 5-сыныптан бастап қандай тілге қызығады, соған қарай бейімдеу қажет. Менің жеке пікірім, орыс тілінен гөрі, әлемдік тіл саналатын ағылшын тіліне көп көңіл бөлуіміз қажет. Орыс тілінің аясы соншалықты ауқымды емес, ал ағылшын тіліне деген сұраныс күн санап артып барады. Сонымен қатар мектеп бағдарламасында орыс әдебиеті, одан сырт шетел әдебиеті де арнайы пән есебінде оқытылады. Менің ұсынысым, орыс әдебиетін шетел әдебиеті пәніне қосып, біріктіру қажет. Орыс әдебиеті де шетел әдебиеті болып саналады емес пе.

Жастарымыздың ағылшын тілін оқып үйренуі – заман талабы. Ағылшын тілін білу, оны терең игеру еліміздегі 3,5 миллион оқушының барлығына бірдей қажет пе? Балабақшадағы, бірінші сыныптағы ойлау жүйесі әлі толық жетіліп қалыптаспаған қазақ сәбилеріне бірден үш тілді оқытудың қандай қажеттілігі бар? Ғылымы мен білімі жоғары Жапония, Финляндия, Франция, Қытай 10 жасқа дейін балаларын өзге тілде неге оқытпайды? Әлемнің ең озық, дамыған елдердің көш бастаушы 30 мемлекеттің бастауыш сыныптарында қанша тіл оқытатынын зерттеп қараңыз, қайран қаласыз. Екі тіл – 1-ші сыныпта төрт елде ғана, 2-ші сыныптан бастап шет тілін оқытуды 5 мемлекет қолданады, 4-ші сыныптан өзге тілді меңгеруге 12 елде ғана мүмкіндік бар. Ал Қазақстаннан басқа әлемнің бірде-бір мемлекетінде үш тіл мүлдем оқытылмайды. Демек шет тілін білу сауатты болудың басты көрсеткіші емес, ол әлемдік білім-ғылымның биігін игеру үшін қажет құрал ғана. Ал шынайы сауаттылық – өзі таңдаған кәсіпті терең игеру әрі өмірдің сұранысына жауап беретін дағдылар мен қабілетін қалыптастыру. Бұл – әр ұлттың өзінің ұлттық тілімен ғана қалыптасатын өнеге. Сондықтан да ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «шет тілін оқытуды ата-аналардың қалауымен 5-ші сыныптан бастау орынды, әрі тиімді болады» деген өз пікірі орынды. Біз алдағы уақытта балабақшалар мен бастауыш сыныптардағы барлық пәндер тек ана тілінде оқытылуын қолға алуымыз керек.

Jas qazaq: Министрлік екіге бөлінді. Президент Жарлығымен бұдан былай мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру, қосымша білім беру, балалардың құқығы сынды жауапкершілікті оқу-ағарту министрлігі арқаламақ. Ал жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру, ғылымның сапасын арттыру, жоғары білім беруді цифрландыру секілді өкілеттіліктер енді ғылым және жоғары білім министрлігіне жүктеледі.

Мұрат Бақтиярұлы: Жуырда ғана екіге бөлінген, бұрынғы білім және ғылым министрлігі жазған қазіргі ережеге сай 200-ден астам қызмет түрлерін көрсетіп келеді. Атап айтқанда, 900 мың бүлдіршіні бар – 10 300 балабақша, 3,5 млн оқушы оқитын – 7 500 орта мектеп, 500 мың контингенті бар – 820 колледж, 600 мың студенті бар – 120 жоғары оқу орны жұмыс істейді. 120 жоғары оқу орны дегеніңіз, бізге көптеу, тым болмаса, 80 жоғары оқу орны жеткілікті болар еді. Жоғары оқу орындарының ректорын тағайындауды министр емес, ұжымның өзі сайлау арқылы анықтайтын жүйені енгізу қажет. Бізде керек десең, проректордың өзі министрдің пәрмені арқылы іске асады.

Жоғары білім беру дегеннен шығады, бізге жарты миллионнан астам мұғалім дайындауда талапты күшейтіп, санға емес, сапаға жұмыс істейтін кез әлдеқашан туды. Бұл бір министрлікке өте үлкен салмақ салып келді. Енді жұмыс жеңілдеуі тиіс. Мектеп оқушыларының сапалы білім алуы кадрлардың біліктілігіне тікелей байланысты. Сондықтан бәсекелестікті күшейту керек. Жоғары оқу орындарының саны көп болғанымен, білімді маманға деген зәрулік әлі де күшінде тұр. Тағы бір қабылдауыңа сыймайтын нәрсе – жоғары оқу орындарындағы оқытушылардың, әсіресе, педагогтерді даярлайтын мамандардың айлық еңбекақысы мектеп мұғалімдерінен әлдеқайда төмен. Бұл – абсурд. Мектеп мұғалімдерін даярлайтын оқытушылар өздерінің оқытып, баулып баптаған шәкірттерінен тым аз жалақыға жұмыс істейді.

Мемлекет басшысы айтқандай, министрліктің басқару жүйесін оңтайландыру жолдарын қарастырып, оң шешім қабылданды деп санаймын. Дамыған елдерде тәжірибе сондай. Қоғамдағы көп күрделі мәселенің тамыры білім саласында екенін негіздей отырып, жаңа әрі әділетті қоғам құру да бірінші кезекте білімді және саналы ұрпақ тәрбиелеуден басталатынын айтқым келеді. Білім саласындағы реформа үшін жасалатын реформа емес, баршаға тең мүмкіндік беретін, осы елдің азаматы ретінде ойлауға және әрекет етуге дайын болатын ұлттық мүддені кішкентай кезінен санасына сіңіріп өсетін азаматтар тәрбиелейтін білім жүйесін қалыптастыруымыз керек.

Сұхбаттасқан
Қуаныш Нұрданбекұлы

Бүгін, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
Бүгін, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады