Бес қаруды сайламай…

05 қараша 2021, 13:49

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев «Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды.

«Таза парақтан» реттеудің жаңа тәсілдері мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылының негізгі қағидаттарын жетілдіруді, «1 in 2 out» қағидатын енгізуді, міндетті талаптар тізілімін, бизнес есептілігін цифрландыруды және мемлекеттік бақылауды жетілдіруді көздейді. Кәсіпкерлік қызметті реттеудің жаңа тәсілдерін іске асыру бизнеске жүктемені түбегейлі азайтуға және жаңа экономикалық шындық жағдайында іскерлік белсенділікті дамытуға серпін береді» деп сендірген заң жобасының бірінші оқылымдағы олқылығы орасан болып шықты.

Парадокстың көкесі Парламентке құжатын қолтықтап алып құстай ұшып келетін министрлердің заң жобасын ұсынғанда туа ма дейсің кейде. Атыраудан Алтайға дейінгі, Баянауыл баурайынан Қазығұрттың қолаттарына дейінгі атырапты алып жатқан, қиыр, қуыстағы ауылдардың ғаламтормен толық жабдықталмағанын біле тұра, электронды жүйеге өтеміз деуі парадокс емей немене?!

Екі қадамды бір адыммен-ақ алуға асыққан ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев құшағына қысып әкелген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқылауға ұсынған.

Карантиндік шектеу мен локдаунның шідерлеуінен әбден қажып, қарызға мелдектеген кәсіпкерлерге салық есептерін тапсыруды электрондық жүйеге өткізу талабы қойылса, жығылған үстіне жұдырық болатыны даусыз. Экономиканың алтын өзегі, әлеуметтің қажетін өтейтін шағын және орта кәсіпкерлікті көркейтуге септігін тигізеді деген заң жобасы әлі де шикі. Бір қайнауы кем заң жобасын таныстырған министр Әсет Ерғалиев салық есептерін тапсыруды электронды жүйеде жөнелту керек деді. Ана тілінен гөрі ресми тілде сөйлеуді тағалаған жорғадай көретін ведомство басшысы кәсіпкерлерді қағазбастылықтан құтқарғысы келген болуы керек. Бірақ онысы депутаттарға өте қойған жоқ. Мәжілісмендер құжаттарды тапсыру рәсімін қағаз жүзінде де, электронды нұсқамен де, яғни кәсіпкерге қайсысы қолайлы, сол бағытпен тапсыру керек деді. «Ол да дұрыс екен» деді министр. Ақырында үй тапсырмасын шалағай орындап, шатып-бұтқан баладай Мәжіліс төрағасынан сөз естіді. Ұрсатындай да жөні бар. Расында да, ұлттық экономика министрлігі заң жобасын депутаттар талқысына түсірмей тұрып, кәсіпкерлерді қолдау, қорғау ұйымдарымен, «Атамекен» палатасымен ақылға салып, өзара талқылап, тиімділігін саралауы керек еді. Цифрландыруды сүйегінен өткізе сіңіріп алған ба, министр электронды жүйеде құжаттарды, есептерді тапсыруға көшіріп, оны уақытында орындай алмағандарға аямай айыппұл салып, жауапкершілікке тарту керектігін де жүктеп қойыпты.

Шалғай ауылдарда ғаламтордың жетіспеушілігі, интернет желісі барған күннің өзінде тартуы нашар екені былтырғы онлайн оқу кезінде оқушы мен ата-анаға, мұғалімге аяздай батты. Ғаламтордың ұстайтын нүктесін іздегендер үйдің шатырына, терек, талдың ұшар басына өрмеледі, дөң-дөңесті қуалап, тау-белесті асып, ғаламтор іздеп кеткендері қаншама. Соған қарамастан, электронды жүйені тықпалау ақылға қонымсыз. Министрдің бес қаруды сайлап алмай, ұрандатуы қалай? Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі еліміздегі барлық ауылдардың интернетпен қамтылуы 2025 жылы бітеді деп отыр. Сондықтан бұрынғы тәртіп бойынша, шағын кәсіпкерлікті дамытушы кәсіпкерлер құжаттарын қадағалаушы органдарға қағаз күйінде де және электронды нұсқасында да тапсыра бергені жөн. Әйтпесе, Мәжіліс спикері Н.Нығматулин айтпақшы, өзгеріс қабылданса, есеп-қисапты жүргізу быт-шыт болады.

Нұрдан Көшімбай

17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды
11 сәуiр, 15:25
Түркістан полициясы жастар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді