
Масылдықтан арылу қоғамның сана деңгейінің биіктігін көрсетсе керек. Бірақ бүгінгі заманда «алма піс, аузыма түс» дейтін жатыпішерлер аз емес. Сондай өзінің несібесін еңбекпен табудан гөрі өзгенің есебінен «жан баққанды» жақын тұтатындар біздің бүгінгі кейіпкерімізден үлгі алса дейсің. ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жан Берік Ізмағамбетов — параволейболдан ұлттық құраманың белді ойыншысы. Талантты спортшыдан масылдық мәселесіне қатысты сұхбат алып, бірер сауалымызды қойдық.
Jas qazaq: Қазір қоғамда патерналистік көңіл-күй, масылдыққа арқа сүйеу деген ұғым да белең алып тұр. Масылдыққа бой үйретушілер көп қоғамда. Он екі мүшесі сау, тепсе темір үзетін кейбір азаматтар тіленіп жүреді. Ал сіз күніне төрт сағат жаттығу жүргіземіз дедіңіз. Құрама мүшелері, яғни отырып ойнайтын волейбол шеберлерінің барлығы да мүмкіндігі шектеулі жандар. Олар «бізді қоғам бағып-қақсын» демейді. Керісінше, елдің спортын көтеруге, туымызды желбіретуге барын салып жүр. Мұны қалай бағамдар едіңіз?
Берік Ізмағамбетов: Дұрыс айтасыз, көшеде де, қоғамдық орындарда қайыр тілеп, ақша сұрап жүргендердің қылығын қабылдай алмаймын. Әсіресе, он екі мүшесі сау ер-азаматтардың алдыңнан шығып ақша сұрағаны жирендіреді. Қай заманда да қолы қимылдағанның аузы қимылдайды. Жұмыс жоқ деген жай сылтау. Еңбектенгенде ғана сен мақсат-мұратыңа жетесің. Жалқаулық, енжарлық кейінгі буынды қатты жайлап бара жатқаны ойландыратын мәселе. Тіпті қазір дүкенге де бармаймыз, бәрін де онлайн тапсырыс беріп алдыруға болады. Сосын қарның ашатыны зіңгіттей жігіттердің теріс жолды таңдап, араққа әуестеніп алғаны. Онымен де қоймай, ата-анасының зейнетақысына ортақтасуға арланбайтыны, қысылмайтыны қынжылтады. Өзім 2011 жылы аяғымдағы жарақатты емдету үшін ота жасаттым. Сол кезде тамырды қоса тігіп, бітеп тастаған екен. Кейін қан ұйып, ақырында аяқты кесуге тура келді. 26 жасымда аяғымды кесті. Бірақ тағдырдың сынағына сынғам жоқ. Жігерімді қайрап, сол жылы отырып ойнайтын волейбол спортын таңдадым да, осы салаға мықтап бекініп бет бұрдым. Ұлттық құрамаға бірден қабылданбайтының белгілі. Тер төгуің керек, қолыңнан келетінін дәлелдеу қажет. Барлығы да тынымсыз жаттығудың нәтижесінде жүзеге асты. Қосымша еңбекақы тауып отбасымызды да асырап жүрміз. Ал қоғамға масыл болып, «мені мемлекет асырасын» деген қасаң түсінікпен өмір сүруді түсіне алмаймын. Бұл қоғамның дерті шығар.
«Еңбек етемін, кәсіп бастаймын, шаруамды дөңгелетемін» деген адамға барлық жағдай жасалған. Тек хәкім Абай «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар ақылың мен қайратың екі жақтап» дегендей, әркім өзінің арбасын өзі сүйреуі керек. Масылдыққа малдану түптің түбінде жарға жығады.
Jas qazaq: Расында қазіргі күнде, өзіңіз айтқандай, онлайн сауда жасап, дүкеннен қажетті азық-түлікті алдыруға да болады. Жалқаулыққа жақындай түсуімізге мұның да әсері тиюі мүмкін ғой?
Берік Ізмағамбетов: Әрине әсері бар. Қазіргі балалардың қолында бір-бір смартфон. Бесіктегі баланың белін ұстап отырған шағынан алдына телефон қоямыз. Дүкенге жұмсасаң да баруға ерінеді. Жаңа сөз басында біреулер ата-анасының мойнына мініп, зейнетақысына күнелтуге үйреніп алған дедім ғой. Ондай жандардың көпшілігі өмірдің титтей сынағына төзе алмай, не болмаса нәпсісін тыя алмай ащы суға әуестігі артқаннан осындай жолды таңдайды деп ойлаймын. Қай ата-ана баласын есейгенде де «зейнетақыммен асыраймын» деп өсіреді. Қызығына кенелсем, жақсылығына қуансам, ақ сүтімді ақтаса деп үміт етпей ме. Ал сол әке-шешесінің үмітін ақтайды деп сенген баласы қалада қаңғып жүреді, көшеге түнеп. Тіленіп тапқанын ашы суына жұмсайды. Ауылдық жерде де мұндай жандар жоқ емес.
Қарап отырсақ, өмірде кез келген жанның жолы тақтайдай тегіс емес, бұралаң бұрылыстарға толы. Қандай кедергіге тап болсаң да төзе білу қажет. Біздің қатарымызға қосылуды қалайтын жандар көп. Сосын кейбір адамдардың ұғым-түсінігінде бәрі бірден бола кетсе дейтін ой бар. Тез байып, дүниеге белшеден кенелсем деген қасаң таным бар. Тағы да айтам, еңбексіз ештеңе өнбейді. Параволейболға келгендердің арасында «маған бірден жоғары айлық төлесе ғана ойнаймын» деп кеуде керетіндер кездеседі. Біз де алғашында азын-аулақ еңбекақы алып жүрдік. Жаттығуға барымызды салып, өзімізді дәлелдедік. Қазіргі таңда шүкіршілік дейміз айлығымыз жоғары, еңбегімізге қарай жалақымызды аламыз. Пешенеме жазылған тағдырым солай шығар. Желігі басылмаған жігіт шағымда, күтпеген жерден бір аяқты кестіру маған психологиялық та, моральдық тұрғыдан да ауыр соққы болды. Бірақ менің бір аяғым құрбан болғанымен, қалған мүшем сау ғой. Неге мен өзгеге салмақ салып, масыл болуым қажет? Еңбектендім, қиындық кедергіні қайыспай көтере білдім, әлі де арқалап келемін. Әрине, айтар ауызға жеңіл. Бірақ әркім сынақты басынан өткізбесе, сезінбейді. Мектепте оқып жүргенде футбол ойнағанды қаладым. Кикбоксинг үйірмесіне жазылып, қыр-сырын меңгердім. Параволейболды таңдауыма спортқа жақындығым да әсер еткені анық. Қазір, шүкіршілік, жұмысымыз бар, айлығымыз тұрақты. Мемлекет тарапынан әлеуметтік көмекті де аламыз. Бәрі де тек тер төгумен, адал еңбекпен келетінін тағы да айтқым келеді.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет