jasqazaq.kz

Белоруспен берік байланыс

08 желтоқсан 2017, 11:36

Минскідеміз. Бір топ журналист Беларусь астанасына келгенбіз. Екі миллиондай тұрғыны бар қала үлкен екен. Незалежнасці (белорус тілінде тәуелсіздік осылай аталады) даңғылы алыстан көзге түседі. Арғы-бергі тарихта талай оқиғаға куә болған мекен. Басқасын айтпағанда, Ресейдегі тұңғыш марксистік жұмысшы партиясын құрған РСДРП-ның I съезі осы қалада өтті. Коммунизм идеясы да, КСРО да әлдеқашан келмеске кеткен. Дейтұрғанмен, социализмнің кейбір белгілері бұл елде әлі де ұшырасады. Кеңестік жүйедегі жоспарлау, совхоз, мемлекеттік стандарт сияқты ұғымдар осыған дәлел. Жатыпішер масылды айыппұлмен жазалайтын заңы тағы бар.

Ал сауда-саттықта нағыз нарықтың ережесі үстем. Оны ұсақ-түйек алуға кірген шағын дүкенде байқадық. «Чекті алуды ұмытпаңыз» – дейді сатушы жымиып. Чекті бергені – түскен табыстан міндетті түрде салық төлейді деген сөз. Ал салықтан жалтармау – капитализмнің бұлжымас талабы, кез келген мемлекетті өрге сүйрейтін күш екені әмбеге аян. Социализмнен айырмашылығы – сөре тауарға толы. Шетелдің бұйымы отандық өніммен қатар тұр. Соңғысы көбірек. Екі мемлекет басшыларының кездесуі өткен зәулім Тәуелсіздік сарайын салғанда шатырынан шегесіне дейін жергілікті құрылыс материалын пайдаланған деседі.
Қазақстан Президентінің бұл жолғы сапарына белорус тарапы айрықша мән берді. Өйткені, еліміз Беларусьтің экономикалық, саяси және мәдени салалардағы аса ірі, ең бастысы, сенімді серіктесі. Мемлекет басшысы өзара байланыстың тарихи тұрғыдан орныққан достық сипаты бар екенін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев «Тарихи тұрғыдан қысқа уақыт ішінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Біз қиын жағдайларда екіжақты ынтымақтастықтың мықты саяси базасын құрдық. Мемлекеттеріміз ашық әрі сенімді қарым-қатынастағы берік серіктес болып саналады», – деді.
Ал саясатта екі жақтың мақсат-мүддесі айқын. Қандай да бір мәселеде түсініспеушілік, пікір қайшылығы жоқ. Беларусь басшысы бұған кеңірек тоқталды. Александр Лукашенко екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына биыл 25 жыл толғанын айтып, осы уақыта аралығында тек дос мемлекеттер ғана емес, стратегиялық және экономикалық серіктестерге айналғанын баяндады. Ол «Қазақстан біз үшін екі жақты қарым-қатынаста болсын, интеграциялық бірлестіктер мен халықаралық ұйымдар шеңберінде болсын, аса маңызды әрі уақыт сынымен дәлелденген одақтас»- деп ағынан жарылды. Мұны ТМД немесе Еуразия экономикалық одағы шеңберіндегі кейбір өткір пікірталаста үнемі еліміздің ұстанымын қолдап жүргенін меңзегені деп түсіндік.
Келіссөзде экономикалық байланыс пен сауда-саттық жан-жақты сөз болды. Нұрсұлтан Назарбаев биылғы өзара сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қарқынын оң бағалады. Деректерге жүгінсек, өткен 10 айда өзара сауда айналымы 65 пайызға өскен. Екі елдегі тауар сұранысы мен ұсынысты мұқият таразылап, топшыласа, бұл көрсеткішті еселей түсуге мүмкіндік мол. Оның үстіне Еуразия экономикалық одағы шеңберіндегі интеграция қос мемлекет арасындағы кеден кедергісін алып тастады. Елбасы осы орайда өнеркәсіптік кооперацияны күшейтіп, нақты салалар бойынша екі жақты сауда-саттықты жандандыруды ұсынғанын мәлімдеді. Кооперация демекші, біздің ел бірлескен кәсіпорындар арқылы комбайн, трактор, ауыр жүк көліктері, тіркеме және өзге техника шығаруға мүдделі. Мемлекет ауыл шаруашылығына мықтап көңіл бөле бастаған қазіргі кезеңде шаруа мен диқанға бағасы арзандау құрал-сайман қажет. Агрохолдинг сияқты ірі шаруашылық болмаса, ортанқол кооперативтің John Deer комбайнын сатып алуға шамасы жетпейтіні мәлім.
Беларусь басшысы бұл ұсынысты толық қолдайтынын, сауда айналымының көлемін арттыру қажеттігін айтты. Оның айтуынша, көрсеткіш бір кездері 1 млрд доллардан асатын. Тараптар қазір сол межеге жетуге күш салып жатыр.
Деректерге жүгінсек, өзара сауда-саттық мөлшері бүгінде 441 млн долларға жуық. Экспортта белорустың үлесі анағұрлым молырақ екенін айтқан жөн. Қазақстанда бұл елдің 260 кәсіпорны жұмыс істейді. Сонымен қатар автокөлік құрастыратын 6 бірлескен зауыт бар. Нарыққа жылдамырақ бейімделіп, интеграция мүмкіндіктерін ұтымды пайдаланған машина жасау, жеңіл және тамақ өнеркәсібі компаниялары өз өнімі мен қосалқы бөлшектерді біздің жаққа әкелу арқылы экспорт әлеуетін арттыра түсуде. Бұған қоса, Беларусь, мұны айрықша атап өткен жөн, Еуропалық одақ пен ТМД елдері арасындағы орасан зор нарықтың сауда торабы болып табылады. Теңіз жолдарына (сoasted countries) тікелей шыға алатын елдер қатарына жатпаса да, әлемдік мұхиттардан тым қашық емес. Бұл экспортта аса маңызды факторға жататын тасымал шығынын азайтуда әжептеуір басымдық береді. Ал теңіз жолдарынан алыс жатқан (landlocked countries) Қазақстанға өз тауарын жеткізу оңай емес. Ең алдымен, ол бизнесті жүргізу шарттарына әсер етеді. Өйткені кәсіпорын негізгі нарықтан неғұрлым алыста болса, көлік шығыны соғұрлым арта түседі. Осының салдарынан экспорт пен импорт бағасы қымбаттайды.

Елбасы осы орайда транзиттік тасымалдың берер мүмкіндігіне тоқталды. Н.Назарбаев «Соңғы 6 жылда Қазақстан мен Беларусь арқылы жүзеге асырылып жатқан Қытай мен Еуропа арасындағы транзиттік тасымал 100 есеге жуық көбейді. 2018 жылы бұл көрсеткіш екі есе өседі деп күтілуде. Біз Астана мен Минскінің осы саладағы ынтымақтастығы бойынша болашақ іс-қимылын пысықтап алдық» – деді. А.Лукашенко екі елдің географиялық тұрғыдан оңтайлы мекенде орналасқанын айта келе «Жаратқан бізге транзиттік мемлекет болуды жазыпты. Біз мұны Қазақстан мен Беларусь халықтарының игілігіне айналдыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз» деді.
Президенттер келіссөздер қорытындысы бойынша, Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы Әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастық туралы шарт және 2026 жылға дейінгі ынтымақтастық бағдарламасына қол қойды. Сонымен қатар екі ел арасында бұқаралық ақпарат құралдары, қорғаныс өнеркәсібі, мәдениет, дене шынықтыру мен спорт және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты көздейтін келісімдерге қол жеткізілді. Осы құжаттар, ресми тілмен айтқанда, екі жақты ынтымақтасты одан әрі дамытуға тың серпін береріне күмән жоқ.
Сапар барысында екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен бизнес-форум, сондай-ақ белорус өнімдерінің көрмесі өткізілді. Оған 350-дей іскерлер қатысты. Жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, тау-кен өндірісі, металлургия, байланыс жабдықтары өндірісі және өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының өкілдері бас қосып, өзара іскерлік жайын сөз етті.
Белорустар ЭКСПО көрмесін өткізу, транзиттік тасымал сияқты ауқымды жобалармен қатар, шетелдік тікелей инвестиция тартудағы көп қазақ елінің қырлы тәжірибесіне қызығушылықпен қарайды. Әсіресе, «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметіне ынта-ықыласы айрықша. Себебі де белгілі. Экономика диверсификацияға (әртараптандыру) зәру. Әзірге Ресейден келетін қаржы, арзан «қара алтын» және «көгілдір отынға» көбірек байланған. Ара-тұра шекара бойында мұнай мен сүт дауы өршігенде көршілер бір-бірімен қырғи-қабақ. Өзара сауда-саттықта да Мәскеудің мысы басып тұр. 2015 жылғы көрсеткішке көз жүгіртсек, Минск оңтүстік көршісінен 5,6 млрд долларға мұнай, 2,7 млрд долларға табиғи газ сатып алыпты. Рас, белорустар екі өңдеу зауыты арқылы әлгі мұнайды бензин мен керосинге айналдырады. Дайын өнімді көршілерге сату арқылы қазынаның бүйірін толтырып жатқан жайы бар. Бірақ Ресейге салынған санкцияның салқыны Белоруссияға да тиіп жатыр. Міне, сондықтан бұл ел саяси есеп-қисаптан ада, әркімге тиімді экономикалық байланыстың көкжиегін кеңейткісі келеді. Бұл ретте Елбасының «Интеграциялардың интеграциясы» деп аталатын бастамасы мұнда қолдау табары анық. Н.Назарбаев осыдан біраз бұрын екі ірі интеграциялық орталықты – Еуразия экономикалық одағы мен Еуропалық одақты бір-бірімен тығыз қарым-қатынас жасауға шақырған болатын.
Мұндай байланыстың тиімді екеніне бір мысал. Беларуське тақау тұрған Литвада шаруаларға арналған газет бар. Сол басылымның жетекшісі Стасис Григалиунаспен бір жиында аз-кем тілдескенбіз. Стасис айтады: «Ауыл шаруашылығына ақшаны аямай бөлетін Еуропалық одаққа кірген соң бізге компьютермен басқарылатын тракторлар келді. Ақылды мәшине бәрін өзі жасайды». Мұндай трактор алыстағы біздің диқанды айтпағанда, литвалықтың көршісі белорус фермеріне әзірге қол жетпес. Интеграциялардың интеграциясы жүзеге асса, оған да қолы жетіп қалар.

30 қарашада Минскіде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына қатысушы елдер басшыларының саммиті өтті. Осы кездесу алдында Елбасы қырғыз тарапының өтініші бойынша, президент Сауранбай Жиенбековпен кездесті. Сөйтіп, қазақ-қырғыз шекарасындағы кеден түйінін шешті. Екі жақтан бақылауды күшейтетін тәртіпті енгізді. Бұған дейін болған іске бей-жай қарап келген Еуразия экономикалық одағының комиссиясын кеденде тауар өткізу тәртібін өркениетті жүйеге көшіруге жұмылдырды. Осылайша, экономикадағы түйткілді мәміле арқылы шешуге болатынын паш етті.
Жалпы, қырғыз аумағынан заңсыз тауар ағыны аталған одақтағы бақылау және тосқауыл қою тетіктерінің әлсіз екенін, кейде экономикалық мүдденің саясат жетегінде кетіп қалатынын көрсетті. Бұл өте-мөте күрделі тақырып. Оған алдағы уақытта кеңірек тоқтала жатармыз.

Срайыл Смайыл,
Алматы-
Астана-Минск

Бүгін, 7:45
KPI – отандық өнім өндірудің озық үлгісі
29 шiлде, 19:18
Аралдық кәсіпкер қайықтың төрт моделін жасап, сатылымға шығарды
29 шiлде, 14:10
Түркістан: Бақша өнімдерін өсіруге басымдық берілуде
29 шiлде, 14:01
Түркістан: Бәйдібек ауданына мажарстандық инвесторлар келді
29 шiлде, 13:49
Түркістан: Сауран ауданында 200-ге жуық мал бордақылау алаңы салынады
29 шiлде, 12:55
Кентауда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тігін цезы ашылды
28 шiлде, 13:42
Түркістан: Ордабасыда ынтымақтастық рухын арттыруға арналған жиын өтті
28 шiлде, 13:40
Түркістан: Мақтаралда халықаралық өнлдірістік копперация орталығына инфрақұрылым тартыла бастады
28 шiлде, 11:43
Ынтымақтастық рухы: Ордабасыда қымызмұрындық өтті