Қостанай облысы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты өз әйелін өлтірген тұрғынға қатысты істі қарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс деректеріне сүйенсек, 2017 жылдың 23 мамырында Есмағамбет Жәкенов әйелін пышақтап тастаған. Көп қан жоғалтқан жәбірленуші жедел жәрдем көмегі келгенше көз жұмды. «Тәртіп сақшылары әйелін туған қызы мен 6 жасар немересінің көзінше өлтірген Жәкеновті құдықтан тауып алған. Қазір ол психикалық диспансерде ем алып жатыр. Стационарлық психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, ол әрекетке қабілетсіз деп танылды», — делінген соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада. Белгілі болғандай, Жәкенов жұбайымен 30 жыл бірге тұрған. Отбасы мүшелерінің айтуынша, ол соңғы кездері көп қызбалыққа салынып кеткен. Әрдайым әйеліне наразылық танытып отырған. Тіпті, көзіне шөп салып жүргенін айтып, оны үнемі соққыға жыққан. Мамандар Жәкеновтің психикасының бұзылғанын растап, «хроникалық сандырақтау » диагнозын қойды. Осылайша, ол қылмыстық жазадан босатылды. Енді ол психиатриялық стационардың қарқынды бақылауына алынып, емделетін болады.