Баланы буллингтен қалай қорғаймыз?

28 қазан 2022, 11:52

Соңғы 10 жылда елімізде жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, мектепте оқушылардың 65 пайызға жуығы буллингке ұшырайды екен. Сондықтан қоғамдық ұйымдар тың жобаларды қолға алған. Соңғы бір жылдың ішінде ел көлемінде 5000-нан астам тренинг өткізілген. Алайда бір ғана тренинг арқылы мәселені шешу мүмкін емес, заңдық тұрғыдан нақты қадамдар жасалғанда ғана белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге болады.

Алматы қаласының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Халида Әжіғұлованың айтуынша, Қазақстанның 12 облысында балалар буллингі тақырыбына арналған тренингтер ұйымдастырылған. Бірақ ауыз толтырып айтатындай нәтиже жоқ. Өйткені білім ошағының басшылары шындықты айтудан қорқады. «Мектебінің жаман аты шықпасын деп, мәселені барынша жасырын ұстайды. Бала қандай да бір оқыс жағдайға ұшыраса, ең алдымен, ата-ана кінәлі болады. Біздің тренингтердің нәтиже бермеу себебі де осы. Мәселе терең зерттелмейді. Оқиғаны бүркемелеп, жасырып, жауып жіберуге тырысады. Ақырында қорқыныштан арыла алмаған бала өзіне-өзі қол жұмсауға мәжбүр болады», – дейді.

Just Support қоры директорының міндетін атқарушы Светлана Богатырева: «Аталған ұйымға республика бойынша 6 айда 42 өтініш түсті. Бұл мәселеге бірінші кезекте мектеп құлақ түрсе»,- дейді. Ол ұйымның негізгі жұмысын былай деп түсіндірді: «Біз бүгінде қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істейміз. Астанадағы «Қадыр-Қасиет» қоғамдық бірлестігі заң тұрғысынан көмек береді. Біз қазір буллингке қатысты барлық тараптың бірлесіп, бір арнаға тоғысып диалог құруын дұрыс деп санаймыз. Бізге хабарласқан ата-ана мектеп басшылығымен ондағы мұғалімдермен байланыс орнатқысы келеді. Байқауымызша, мектеп пен ондағы жауапты тұлғалар буллинг тақырыбына жолағысы жоқ. Олар мұндай жағдай туралы жұмған ауыздарын ашқысы келмейді. Сондықтан да көп директорлар буллинг тақырыбына келген кезде ат-тонын ала қашады. Бұл дұрыс емес. Керісінше, ашық айтқан дұрыс, Оған жан-жақтан шешімін табуға ықпал етуіміз керек. Біз 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Осы жылдар ішінде жасөспірімдер суициді көбіне буллингпен байланысты екеніне көз жеткіздік. Бұл туралы ашық айтыла бастағанда жұрт бізге хабарласа бастады. Әр баламен жеке жұмыс істейміз, бірақ өтініш жасағандардың барлығын бірден қамту мүмкін емес. Сол себепті бізге құзырлы орындардың да көмегі керек. Мамыр айында буллингке қатысты заңға өзгеріс енгізілді. Мектеп бұл заң жобасын жүзеге асыруы керек. Алайда ол мектеп қабырғасында жүзеге аспай отыр. Сол себепті оларға жоғарғы жақтан нақты тапсырма ретінде талап етілуі керек», – дейді.

Баласы буллингтен зәбір көрген Анна Орлованың айтуынша, мектеп басшылығы мәселені ушықтырмай өз ортасында ғана шешкен. Ал кінәлі жоғары сыныптың оқушыларына ескерту ғана айтылған. Олардың ата-анасымен де ешқандай жұмыс жүргізілмеген.

«Менің үшінші сыныпта оқитын ұлым жоғары сыныпта оқитын ұлдардың темекі шегіп тұрғанын көрген. Ол оны дене шынықтыру пәнінен беретін мұғалімге айтқан. Оны білген оқушылар баламды қорқытып, терезеден лақтырып жібереміз деп қоқан-лоққы көрсеткен. Сол оқиғадан кейін балам мектепке барудан қатты қорқып қалды. Мектеп тарапынан ешқандай шара қолданылмады. Сондықтан баламды басқа мектепке ауыстыруға тура келді», – дейді Анна Орлова.

Қоғамдық ұйымдар бірінші кезекте балалар буллингіне қарсы шара қолданбайынша, суицидті болдырмау мүмкін емес дейді.

«Ауруын жасырғанның өлімі әшкере» демекші, мәселе ашық талқыланып, оған қарсы аяусыз күрес жүргізу керек. Зәбір көрген бала қоғамдағы қатыгездікке жалғыз қарсы тұра алмайды. Осыны ұмытпайық.

Мақпал Махаметқызы

30 қыркүйек, 22:33
Заңсыз қаруды тапсыру – игі іс
30 қыркүйек, 19:47
Мал шаруашылығы – өрісті сала
30 қыркүйек, 16:35
Қазақстан - АҚШ: Инвестициялық ынтымақтастықтың басым бағыттары
30 қыркүйек, 16:04
Түркістан: Жастарға заңгерлік кеңес берілді
30 қыркүйек, 16:03
Түркістан: Қылмыс пен жаза
30 қыркүйек, 13:20
Түркістан: Полиция жастар мен жасөспірімдерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді
30 қыркүйек, 12:55
Назерке Тәнекеева: Қолдау бар. Тек тәуекел етіп, кәсіп бастау керек
29 қыркүйек, 22:52
Су үнемдеудің сәтті тәжірибесі
27 қыркүйек, 16:46
Түркістан: Жан-жақты іс-қимыл - мал ұрлығына тосқауыл