Бала тәрбиесін уыстан шығарып алсақ, ертеңіміз бұлыңғыр болады

01 шiлде 2022, 12:10

Жазушы Смағұл Елубай біраз бұрын «Жұлдыз» журналында қаламын қару еткен әріптес, тұстас, замандастарына ұран тастап, балалар әдебиетінің астауын оқылымды шығармалармен толтыру жөнінде бастама көтерген болатын. Биыл да Балалар жылы, балауса балғын балдырғандар жылының да жартысы аяқталды. Біз қарымды қаламгерге балалар әдебиетіне қатысты сауалымызды жолдап, өзі көтерген бастаманың жайын, қоғамның бүгінгі беталысын сұрап, әңгімеге тарттық.

Jas qazaq: Аға, биыл да Балалар жылы болып жарияланғаны белгілі. «Туған ай – тураған ет» деп тегін айтылған ба, бұл жылыңыз да орталанып қалды. Сіз ертеректе ұран тастап, балалар әдебиетін нығайтуға, бүгінгі жас өскіндерді тәрбиелеуге үлес қосуға үндеп, бастама көтеріп едіңіз. Сол турасында тарқата айтып берсеңіз.

Смағұл Елубай: Ең алдымен, сіздердің кәсіби мерекелеріңіз – Бұқаралық ақпарат құралдарының күні құтты болсын. Бүгінгі қоғамда қазақ тілінің жанашыры, қазақ тілінің насихатшысы журналистер деп білемін. Ал енді журналист қауым қазақ тіліне, ана тілімізге опасыздық жасаса, біздің күніміз бітті дей беріңіз. Күн сайын мыңдаған ақпарат, жылт еткен жаңалық жарияға тарайды. Біз де журналистика факультетінің түлегіміз, еңбек жолымыз журналистикадан басталған. Өзімнің қазіргі әріптестерімнің кейбір оғаш әрекеттеріне іштей күйінемін. Ол қандай дейсіз ғой. Әсіресе, телеарнадағы бағдарлама, ток-шоу бар, телеөнімдердің кейбірінде қойылған тақырып, атауларының жартысы ағылшынша жазылады. Осы не сорым енді? Ағылшын сөзінде жазуға әбден әуестігіміз артып барады. Қазақ тілді журналистсің бе, ағылшын сөзіне, ынтаң ауып, өз тіліңді ысырып, ағылшынша ребранс жасауға ұмтылуға болмайды. «Жата алмай жатсам бүргеден, қандала кірді іргеден» дегеннің кері қазіргі тірлігіміз. Өзге тілге еліктеп, өз ана тілімізді сорлатып алмайық дегім келеді.

Тілге қатысты болған соң айтып отырмын, оңтүстіктегі Түркістан қаласы да жаңарып, жайнап келеді. Облыс орталығы, қазақ руханияты мен мәдениетінің алтын қақпасы саналатын қалада салынған зәулім үйге «Яссауи тауэрс» деп ат қойып, айдар тағыпты. Тауэрсің кімге дәрі, «Яссауи мұнарасы» деп атауға болмас па? Түркістандағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана атауы – «Farab Library». Айналайын-ау, сол кітапхана бір ағылшын кіріп көрді ме екен, тізімін берсін, қане! Жағымпазданудың, жарамсақтанудың қажеті қанша? Ақсақал, үлкендеріміз деп арқа тұтатындар кейінде телеарнаның эфирінде отырып алып ойын орысша жеткізуге, осылай көстеңдеуге ынтық. Күлкілі ме, күлкілі. Ұрпақтың алдында қазақ тілі керексіз екенін осылай айғақтауға ұмтылады. Қазақ тілі керек деп қанша жерден шырылдағанымызбен де, қалалық жердегі балалардың тілін қазақша шығару мұң болып барады.

Сұрағыңызға ойысып отырмын. Қалалық жердегі аула балаларының ойын тілі орысша шығып жатыр. Бұл тіпті күш бермеуге айналды. Мың жерден ауыздықтай алмайсың. Не істемек керек? Аға буынды әдебиетпен тәрбиелеу маңызды емес. Еліміздің болашағын, келешек ұрпағымызды ана тілімізде сусындату жөнінде жазушы замандастарымызға ұран тастап едім.

Бердібек Соқпақбаев, Сайын Мұратбеков бастаған қазақ әдебиетінің қара нарларынан қалған әдеби шығармалардың өміршеңдігі сұрапыл. Қаншама буынды тәрбиеледі, әлі де оқылымды. Осындай дәреже-деңгейдегі шығармаларды неге жазып насихаттамасқа, жас ұрпақтың санасына сіңірмеске. Балаларға арналған тұшымды, сүйекті шығармалар жинағын шырақ алып іздейтін жағдайға жеттік. Осыны ойлай отырып, өзімізден бастайық деп шештік. Қалам ұстаған қазақпыз, балаларға арналған кітап жазу бағытында «Балалық шақ баяны» деген әңгімелер жинағын шығардық. Бұл әңгімелердің желісі біздің балалық шағымызды қамтыды. Қарақалпақстанның маңындағы Маңғыт деген көшпелі ауылда өмірге келген біздің 14 жасымызға дейінгі көрген-білген оқиғалар қамтылып жазылды. Ашаршылық жылдарында елден ауып, Қарақалпақстанға көшіп барған көшпенді қазақтың шаңырағында өмірге келдік.

Маңғыттан Түркіменстанға қоныс аударып, Амударияның арғы жағында Ауғанстан шекарасында тұрдық. 1961 жылы Алматы облысына қайта көшіп келдік. Міне, осы кезеңдегі оқиғалар «Балалық шақ баянында» бейнеленеді. Қаламгерлерге ұран тастап, «өз балалық шақтарың туралы толғаныстарыңды жазып, жас ұрпаққа ұсынсаңдар» дедік. Бердібектің де, Сайынның да балаларға арналған әңгіме, хикаяттарының дені өзінің балалық шағындағы басынан өткен оқиғалары. Біз де сол үрдістің негізінде шығарма жазсақ, бүгінгі балалардың әдебиеті толыға түсер еді. Балаларды біз ана тілімізде, әдеби тілде тәрбиелеуді қолдан сусытып алсақ, өзіміз ілініп тұрған бұтақты өзіміз балталаған Қожанасырдың кебін киеміз. Бізге аға буын, алдыңғы толқынды тәрбиелеу маңызды емес.

Біз үшін жас буынды дұрыс бағытқа, ұлттық негізде өсіретін жұмысты қолға алу керек. Әсіресе, балаларды, жас өскін жеткіншектерді әдебиетпен сусындатып, өсірмесек, мәңгүрттер шығады. Жас буын қазақ тілін білмесе, ана тілінде оқи алмаса, әдеби кітаптардың бетін ашу былай тұрсын, кітаптарды лақтырады. Бұл жайт қазір де болып жатыр. Қазақ әдебиетінің мүйізі қарқарадай қабырғалы қаламгерлері балаларын орыс тілінде оқытқаны себепті өз қағынан шыққан ұлы мен қызы әкесінің жазған көркем әдебиетін оқымайды. Өйткені мәңгүрт, ана тілін білмейді. Оқымаған соң, білмейтіндіктен, қадірін түсінбей, кітапты қоқысқа тастамай қайтеді.

Jas qazaq: Кино да тәрбиелеудің үлкен көсеуі ғой. Бұл бағытта да балалар әлеміне арналған туындыларды көптеп түсіру қажеттігі айтылып келеді.

Смағұл Елубай: Киноиндустрияға бөлінетін қаражаттың есебінен балаларға арналған кемінде бір кино түсірілуі керек. Кинотуындылардың басым бөлігі үлкендерге арналған. Тағы да айтам, біз балаларды тәрбиелеуді уыстан шығарып алсақ, ертеңіміз бұлыңғыр болады. Сондықтан да аға буынды емес, жеткіншек өскіндердің дұрыс өсуіне күш салып, балаларға арналған фильм түсіруді бір ізге салып, жыл сайын жалғастырып отыру қажет. Мультфильмдер, басқа да телеөнімдер сапалы әрі салмақты негізбен түсірілуі керек. Бұл салада түк шаруа атқарылған жоқ деп ауызды қу шөппен сүрту емес біздікі. Рас, іске асырылып жатқан жоба да, басқа да игі амалдар бар. Дегенмен де бұл салаға үнемі назар аударылып, елеусіз қалмауы керек.

Jas qazaq: Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болғаныңызда да айтылды, биылғы қаңтар оқиғасы бұл тек Жаңаөзендегі газ бағасының шарықтап екі есеге қымбаттауынан тұтанған жоқ. Жарылуға шақ қалған соқтаның әбден сыздап мезетіне келген сәті емес пе?

Смағұл Елубай: Солай болды, соны басқа бір күштер пайдаланып кетті. Мұның тереңіне үңілер болсақ, себебі сан тарау. 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін бұрынғы колхоз-совхоздарды жекешелендіру желеуімен таратып жібердік. Бұл үлкен қателік екенін кеш ұғындық. Беларусь елі олай олақ ойға барған жоқ. Тек колхоздың да, совхоздың да атауын жаңашалап, жұмысын бұрынғыдай жүргізіп, таратуға жол бермеді. Нәтижесінде ел экономикасының өркендеп, өрге басуына үлкен септігін тигізді. Ал біз таратуға асық тұрдық. Мал-мүлікті де, техниканы да талан-таражға салдық. Жұмыссыздық белең алды, тепсе темір үзетін жасында жұмыссыз қалған жастар қалаға шұбырды. Олардың барлығына да айлығы жоғары жұмыс табылмайтыны айдан анық. Көпшілігі базар жағалады, қара жұмысқа жегілді. Міне, солардан туған баланың өзі отыздың о жақ, бұ жағында. Солар әкесі мен шешесінің тапқан-таянғаны тамағына әзер жететін көріп, соның ортасында өсті. Үйсіз-күйсіз, жұмыссыз, жұмысы болғанымен де тапқан-таянғаны жыртығына жамау болмайтын жастар да, жасамысы да көшеге шықты. Олардың ойынша, ұран көтеріп, дауысын жоғарыға жеткізсе, мәселе шешіледі деген үміт басым еді. Бірақ олай болмады, мұны ішкі, сыртқы деструктивті күштер оңтайлы пайдаланып, халықты өз дегендеріне ілестіргісі келіп, түрлі әрекеттерді іске асырды. Арам пиғылды топтар жастарды қолшоқпарына айналдырып, солардың қолымен от көседі. Қан төгілді, қаншама адамның ғұмыры қиылды. Тәуелсіздікке қатер төнді, сын сәтінде Президент батыл шешім қабылдап, билікті уысынан шығарған жоқ. Егер жағдай басқаша өрбігенде, біз егемендіктен айырылып қалар едік. Өз ішімізде алатайдай бүліну, бөліну, тартыс орнайтын еді. Арам пиғылдылардың көздегені билікті күшпен, заңсыз жолмен басып алу болды. Егер бұл жоспар орындалғанда анархия, үлкен хаос орын алатын еді. Осы аласапыранда ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы К.Мәсімов бастаған бір топ Президентке кіріп «ұшағыңыз әзір тұр, елден кетем десеңіз» дегенді де айтқан. Егер де солардың сесі басып, Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік билікті қолдан беріп, Ақордадан шығып кеткенде аласапыран сонда басталар еді. Құдай бетін аулақ етсін, азаматтық соғыс тұтанып кетуі де мүмкін болды. Сепаратизм бас көтергенде еліміз бөлшектеніп кетуі ғажап емес.

Jas qazaq: Қаңтар оқиғасы кезінде зиялымыз деп жүргендердің көбі үнсіз жатты. Көшеге шықпай-ақ қойсын, телеэфир арқылы болса да, жастарға басу айтып, райынан қайтуға үндеуі керек еді ғой. Бірен-саран қайраткерлердің сөздерін қайталап көрумен болдық. Сізге өтініш түспеді ме?

Смағұл Елубай: Біріншіден, біздің қолымызда шынайы ақпарат жеткілікті болған жоқ. Расында да, жағдайдың қалай өрбіп, өрістеп отырғанын хабарлап айтқан жоқ. Шешімдер мен байламдардың барлығы да кабинеттерде жасалды. Ал біздің көрген-баққанымыз тек көшедегі қырғын, атыс-шабыс. Қолымызда толыққанды ақпарат, нақты дәйек-дерек болмаған соң, ел алдына шығып, бос сөз айтуға болмайды. Екіншіден, жоқшылық айдап, ашу мен ыза буған жастардың алдына біз түгілі, үш биіміз тіріліп келіп басу айтса да, тоқтата алмас еді. Өйткені алаңдағы жастарға, қалың шоғырға қаңтардың қақаған күндері мен түндерінде ақыл айтып, мардымсу керек емес-тұғын. Осыны сезініп білгендіктен, жастардың алдына шығып, абырой таппасымызды білдік. Әрі олардың айтқан мәселесін шешіп беретіндей қолымызда тетік те, билік те жоқ. Үнсіз қалудың себебі де сол.

Маған көптеген адамдар «Жаңа Қазақстанды құрамыз деп шаруаларды қолға алдық. Бұдан былай тәуелсіздікке қатер төндіретін жауы кімдер болуы мүмкін?» деген сауалды көлденең тартады. Менің айтар жауабым: жаңа Қазақстанды құру жолында екі үлкен жау бар. Біріншісі – жоқшылық. Жастардың жұмыссыздығы, оның ішінде ауылдан қала жағалап келген зіңгіттей жігіттердің қол қусырып тұрақты жұмыс таппауы да үлкен кесел. Екінші жау – басшылардың, қолына билік тізгіні тиген пенделердің желбезегінен өтіп, жұлынына түсіп алған жемқорлық. Міне, осы екеуінен үлкен қатер төнеді. Жұмыссыздықты, жемқорлықты оңтайлы жолмен шешіп, жеңе алса, жаңа Қазақстанның төбесі көрінеді деп айта аламын. Осындай кедергі, кесепаттарды жеңе алмасақ, қаңтар қырғыны қайталанбасына кім кепіл? Әрине, Алла мұның бетін аулақ қылсын.
Одан кейінгі үлкен мәселе – шетел асқан Қазақстанның капиталын қалай болғанда да елге қайтарып, халықтың игілігіне жұмсалуы. Президент те бұл мәселені төтесінен қойып отыр. Қазақстанның қазба байлығынан ұрлап-жырлап тапқан қаржыны шетелде жасырып, сақтап келген байшыкеш манаптардың есеп беретін, елге ен қазынаны қайтаратын кезі туды. Олардың қылмыстық жолмен иеленген қазынасын елге қайтарту керек. Ендігәрі мұндайға жол бермей, қатаң қадағалау қажет. Жаңа Қазақстанның болашағы сонда ғана жарқын болады.

Jas qazaq: Рахмет, аман болыңыз, аға.

Сұхбаттасқан
Қуаныш Нұрданбекұлы

Бүгін, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді