Байқаймыз, соңғы жылдары Алматы көшелеріндегі жарнаманың қазақшасы дұрысталып қалды. Бұл, әрине, Алматы әкімдігіне қарасты Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің еңбегі. Jas qazaq тілшісі осы бөлімнің басшысы Бақыт Қалымбетов мырзаға хабарласып, оңтүстік астанада мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы жұмыстары жайында сұрап-білді.
— Бақыт Әбиірұлы, Тілдерді дамыту және ономастика бөлімі Алматыда тіл саясатын дамытуға қандай үлес қосып отыр?
— Алматы қаласы әкімі аппараты тілдерді дамыту және ономастика бөлімі — еліміздегі тіл саясатын жүзеге асырушы уәкілетті орган. Бөлімде қазақ тілінің мемлекеттік басқару мен іс жүргізудің негізгі тілі ретіндегі әлеуметтік-коммуникативтік қызметін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар жүзеге асырылады. Аудан әкімі аппараттары мен басқармалардың жалпы құжат айналымындағы қазақ тілінде ресімделген құжаттардың үлесіне мониторинг жасалып, мемлекеттік тілде іс жүргізуге әдістемелік көмек көрсету, тіл туралы заңнама талаптарын түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Кейде ақпараттың мемлекеттік тілде нұсқасы жоқ немесе толыққанды емес, сапалы болмай жатады. Сондықтан мекемелердің сайттарына жауапты мамандардың біліктілік талаптарына қазақ және орыс тілдерін жетік білуі тиіс деген талап енгізу қажет. Мекеме басшылары деректеме мен көрнекі ақпараттардың заңнама талаптарына сай ресімделуі және ресми сайттың қазақ тіліндегі нұсқасын жетілдіру бойынша тиісті шаралар қабылдауы қажет. Бөлім тарапынан жеке, заңды тұлғалардың өтініштерінде немесе БАҚ және әлеуметтік желі материалдарында көрсетілген заң бұзушылықтарды анықтау үшін кәсіпкерлік объектілерге бару арқылы тіл туралы заңнаманың сақталуына мониторинг жүргізіледі.
— Бөлімнің алдағы уақытта мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы мақсат-міндеттеріне тоқтала кетсеңіз.
— Жыл басынан бері жеке тұлғалардан түскен 64 арыз-шағым негізінде 995 кәсіпкерлік нысанға жүргізілген мониторинг барысында сауда, қоғамдық тамақтандыру, денсаулық сақтау нысандарда Тіл туралы заңнама талаптары сақталмағандығы, яғни деректемелер мен көрнекі ақпараттар мен ас мәзірлерінің қазақ тіліндегі нұсқасы жоқ екені анықталды.
Тұтынушылар көбіне қоғамдық тамақтану орындарына, оның ішінде қазақ тіліндегі ас мәзірінің жоқтығына шағымданады. Осыған орай біраз жұмыс атқарылды. Кәсіпкерлік нысандарға мониторинг жүргізу кезінде шағын және орта бизнес өкілдері көп ретте тiл туралы заңнамадан хабарсыз екендіктерін, деректемелер мен көрнекі ақпараттардың мемлекеттік тілде жазылуын білмейтіндіктерін айтады. Демек кәсіпкерлер арасында тіл туралы заңнама талаптарын насихаттау және түсіндіру жұмыстарын көбейту керек. Осы себепті 2022 жылы Алматы Кәсіпкерлер палатасы мен Алматы әкімдігі арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Оның аясында жарнама, деректемелер мен көрнекі ақпарат саласындағы ынтымақтастықты дамыту және мемлекеттік тіл саясатының өзекті мәселелері бойынша бірлескен іс-шаралар өткізілді.
— Соңғы кезде қала көшелеріндегі билбордтар мен жарнамалардың қазақшасы дұрысталып қалғаны байқалады. Мұндай нәтижеге қалай қол жеткіздіңіздер?
— Алматы көшелеріндегі жарнама мәтіндерінің мемлекеттік тілдегі нұсқасының сапасын арттыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. 2023 жылдың басынан бері қала көшелерінде орналастыруға рұқсат алу үшін ұсынылған 1842 сыртқы жарнама эскизі қаралды. 1041 эскиздің қазақ тіліндегі мәтіні дұрыс деп танылып, 684 эскиздегі мәтіннің грамматикалық қателері түзетілді. Барлығы 1725 жарнама эскизінің қазақ тіліндегі мәтініне келісім берілді. Әйтсе де, жарнама өнімдерінде калькалық, тура мағынасындағы аудармалар, лексикалық-грамматикалық қателер әлі де кездеседі. Жарнама мәтінін қазақшалағанда ұлттық ойлау, сөз қолдану тәсілдерін пайдалану жарнама өнімінің сапасын арттырады. Жарнамаланып отырған тауарды, немесе қызметті сатып алуға тұтынушының ынтасын оятып, ықыласын туғызады. «Айтып жеткізе алмайсың – көру керек», «Уақыт тарту етеміз», «Су жаңа KIA көлігі», «Қаланың қақ ортасында», «Атакент көктей түсті», «Боямасыз театр» және тағы басқа да жарнама аудармаларында ең алдымен қазақ тілінің ұлттық ерекшелігі ескеріліп жасалды.
Алдағы уақытта жарнама агенттіктері өкілдерімен бірлесіп жұмыс атқарып, түрлі бағыттағы іс-шаралар өткізу — күн тәртібінде.
Мақпал Ноғайбаева,
Алматы қаласы