jasqazaq.kz

Бай болсаң Басбайдай бол…

15 сәуiр 2023, 17:40

Қазақ әдебиетінде тарихи тұлғаларға арналған шығармалар шоғыры мол. Солардың қатарында белгілі этнограф зерттеуші, қарымды қаламгер Зейнолла Мүбәрәкұлы Сәніктің қолтаңбасы өзіндік ерекшелігімен айқындалады. Ең алдымен, қазақтың бұрын-соңды дүниеден өткен көп малдысынан адамшылық, кісілік келбетімен, еліне, жеріне деген ерекше сүйіспеншілігімен ел жадында өшпес тұлғаға айналған Басбай Шолақұлы жайлы көлемді туындысында қаламгер өзінің де ұзақ жылғы ізденісі мен қаламгерлік, азаматтық ұстанымына тән қағидаларды қатар өрген. Басбайдың өмірбаяны мен әралуан мінез қасиеттері турашылдығы мен тапқыр шешендігі жайлы мол материалдар жинап қана қоймай, ол жайында «Басбай» атты көлемді роман жазу З.Сәнік талантының ерекше қыры, әрі ойға алып, ден қойған әрбір тақырыпты тереңдей, қаузай зерттейтін қабілет қырын танытса керек.
Әрине бір шығарма жайында әр оқырманның,тіпті әрбір зерттеушінің өзіндік ой топшылауы бар. «Басбай» романы жайлы өзге пікірлердің қай-қайсына да ілтипат ете отырып, біз бұл мақаламызда елге танымал тарихи тұлғаны негізге ала отырып, автор жалпы адамзаттық құндылықтардың мәнін қандай шеберлікпен таныта алды деген мәселені ой өзегі еттік.
Романда қазақтың Атымтай Жомарттық мінездің шынайы өмірлік мысалдан алынғандығы дәлелденген. Жазушы кейіпкерін тумысынан ерекше туған жан ретінде бейнелейді. Бұл нанымды да. Өйткені төртүлік мал басының көптігіне мастанбай, қайта сол басындағы бақ пен берекені жұртымен бөлісіп, жат биліктегі өз жұртының жел жағына пана, ық жағына тірек болған Басбай сынды тұлғалар көп емес. Ал оның осы тұлғалық кейіпі Зейнолла Мүбәрәкұлы сияқты мол білім мен зергерлік сөз иесінің шығармашылық шеберлігі арқылы одан да биіктеп, ел жадынада мәңгі сақталған деуге болады.
Халқымызда қалың жұртының қамын ойлаған ардақтыларын жай адамның өмірінен бөлек, тылсыммен тамырластықта дәріптейтін дәстүр бар. Шығармада осы дәстүр ұтымды қолданылған. Мәселен, Басбайдың дүниеге келерінде анасының түсіне Қызыр ғалайссалам кіріп, «екі ұл табасың тұңғышыңның атын Басбай қой, екіншісінің атын Сасбай қой, ұлың елге бас болады, алдың толған ас болады» деп аян беріліп, бүкіл шығарма бойында бас кейіпкердің осы қасиетінің өмірлік шындыққа айналғандығын роман композициясындағы нақтылы мысалдар арқылы жазушы шеберлікпен қиюластыра білген. Яғни жазушының кейіпкерінің бейнесін ашу үшін халықтың ежелден келе жатқан мінсіз мадақ әдісін жазба әдебиетінің аясында жаңғырта отырып, адам бойындағы мейірім мен қайырымдылық, жомарттық, сияқты қасиеттерді ашуға шеберлікпен пайдаланған. Шын мәнінде романдағы Басбайдың адамшылық кең жүрегі жалпы қазақтың ауқымынан асып, жарлы мен жақыбайды, қиналғанда жебеуші, қысылғанды демеуші деңгейіндегі ереше образға жеткен. Өйткені романдағы Басбай өзіне біткен мол байлықты өзінің ғана меншігі емес, халықтың қазынасы деп ұғатын сирек кездесетін адамдық пейіл мен кең жүректі сезім иесі ретінде әспеттелген.
Адам басына төнген әділетсіздіктің қандайына да жаны шыдамай ара түсіп, өз байлығынан бөліп беру арқылы өзгенің еңсесін елмен теңестіретін Басбайдың адамдық тұлғасын жазушы шығармада көркемдік детальдармен көркем кестелей білген.
Басбай бүкіл болмысымен қай заманның да бай-бағланына үлгі, шамшырақ.
«Мал баққанға бітеді» – дейтін ежелгі халықтық нақылды Басбай тұлғасы қайта тірілтіп, адал еңбек пен ата кәсіптің қыр-сырын ұрпаққа ұлағат етуді мақсат еткен этнограф жазушының мақсаты орындалған. Себебі Басбайдың байлыққа кенеліп, биік дәрежеге жетуі жалаң суреттелмейді,оның бала жасынан ата-анасынан, өз ортасынан алған тәжірибесі мен тәлімі арқылы халқымыздың көшпелі өмір салтындағы тіршілік құндылықтары қатар өріледі. Малшысы Кәттебайды биік қастерлеуі, әрбір малшының өміріне мән беріп, олардың жағдайын жасайтын Басбай әрекеттерінде ежелгі ата кәсіптің жайын жақсы білетін адам ретінде суреттеу бар. Бұл тұрғыда Зейнолла Мүбәрікұлының этнографиямен жете айналысып, ежелгі малшылық өнердің қыр-сырын білетін зерттеушілік қасиетінің де де ерекше ықпалы бар деуге болады. Сондықтан да автор Басбайдың әжесінің аузына «ата мұра аштан өлтіріп, көштен қалдырмайды, құдайдан бақ, дәулет беріңдер деп тілеңдер» деген сөзді салады. Бас кейіпкердің романның өн бойына таралып жатқан іс-әрекеттерінде «Жарыс– жанға қамшы ғой, біреудің жиғаны біреуге мал болмайды», «Ата дәулеті – айтарға» ғана дейтін нақылдардың мәні жан-жақты ашыла түседі.
Шығармадағы Басбай өсіп-өнген ел іші аузымен құс тістеген азулы сөз шешендерінің ортасы ретінде көрсетілген.Осы тұста жазушы психологизмнің еске түсіру тәсілін тиімді қолдана отырып, Басбайдың әжесінің өткен өмірін есіне түсіруі арқылы әлденеше ғасырлық (әжесінің әжесі айтқан әңгімеден бастау алатын) әйтеуір ұзақ уақыт бойындағы қазақ тіршілік тынысынан хабардар етеді.Төбебасы Сүлеймен би ордасындағы айтыс пен шешендік дау-шардың оқиғалары елестетіліп өтіледі. Қаракерей елінің жақсылары мен жайсаңдары бас қосқан алқалы жиын мен онда сөз алған сөз шеберлерінің ұтқыр да өткір ой орамдары арқылы өткен тарихты беруі де Басбай өскен қазақи ортаның рухани тереңдігімен алуан түрлілігін танытатын ұлттық болмысымыздың ғажайып суреттері.
Жазушы Басбай тұлғасының қалыптасуына өскен ортасындағы ізгілікті көзқарастардың елеулі әсері болғандығын тек ата кәсіпті суреттеумен шектелмей, халық өнерпаздарының да зор рөлі болғандығына Әсет пен Кәрібай ақынның ғажайып өнеріне де ерекше мән беру арқылы кестелеген. Шығармадағы Басбай көрген жиын, көпшілік жиналған жердің қашанда жақсы мен жайсаңның мағыналы мәнді тақырыпты қозғайтын ( ел қамы, жер қамы) ортасы болғандығын көрсету арқылы автор дала өмірінің өзіндік ерекшелігін танытқан деуге болады. Яғни автор кейіпкер бейнесін сомдай отырып,адам болмысының қалыптасуындағы ән мен жырдың, халық өмірімен жете танысып, тарихын танудың маңызын да шығарма өзегіне енгізіп отырған. Ақын мен молданың, ақын мен ақынның, шешенмен шешенннің арасындағы сөз қағысулары, айтысу мен бітісудегі өзара құрмет пен үлкенге, өрелі сөзге тоқтау әдеп-жосындарын тәтпіштей суреттеу арқылы автор Басбай өскен ортаның құндылықтарын көрсеткен.
Шығармадағы қаламгердің қай оқиғаны да батамаен бастап батамен аяқтауы да өзіндік қаламгерлік қолтаңбасы. Бұл сөз киесін қастерлеген халқымыздың ерекше қасиеті екені белгілі. Оған халқымыз ерекше мән беріп, бата алу мен бата берудің де өз заңдылықтарын қалыптастырғаны белгілі. Осы халықтық сенім мен дәстүр Зейнолла Мүбәрәкұлының зерттеу еңбетеріне де өзек болғаны белгілі.
Романдағы әрбір алқалы жиынның ақ батамен тиянақталып отырылуы алдағы атқарылар іске оң ықпал етер жолашар рухани тірек күш, бітер істің бастамашы секілді сипатталған. Сондай баталардың бірі төбе биден бес жасар Басбайдың арнайы келіп бата алуы мен оған берілген бата. Бұл шынында оның болашақ өмірінің мандаты іспетті болған. Шығармада Басбайдың заманның қытымыр мінезін жазбай танып, қазақ сахарасының тынысын тарылтып , жан-жақты құрсауға алған орыстың қысымы мен қоса қазақ даласының шұрайлы байлығынан дәмелі өзбек , татар байларының өзін ертіп жүргенін пайдаланып, сауданың жайын да біліп алуы оның өмірге бейімділігін көрсетеді. Ол тек малды кәсіп етудің аздық ететінін сезіп,егін мен малды, сауда мен сауаттануды қатар түзеуді жолға қоюымен де ерекшеленген заман ағысын сезіне білген қайраткер ретінде тұлғаланады. Шәуешектен, Қарабура жазығынан зайемке салдырып, Жалпақтал, Төрежайлау, Жүнжүрек деген жерлерден жем-шөп қорығын құрып, ой қыстаулығын салдыру, Шағантоғай қалашығынан асхана аштырып, оған Тұйғынды бас-көз етіп қою ісіндегі еңбегі арқылы ол Шәуешек байларымен терезесі теңескен тұлға дәрежесіне жеткен. Романдағы Басбай өз тірлігінің көзін табумен қатар, жалпы жұрттың тілін таба білетін, Абай айтқандай, «өзге жұрттың ерекшелігін өзіне қызмет еттіре білген» тұлға ретінде суреттеледі.
Автор шығармада «мешін жұты» деп аталатын жұттың қазақ даласына тигізен ауыр зардабын да назардан тыс қалдырмайды. «Тегінде сахара сәні мал ғой, сол мал биыл жоқ, қаптап жүретін қалың түлік, қайшыласып жүретін қалың ел, масайрап, ойнақ қағып шыға келетін ұсақ төл… бәрі-бәрі тындым болған» – дей отырып, Құлыстай өңіріндегі адам көп қырылған 1919 (ел аузында мешін жыл-естен кетпес кесір жыл дейтін мәтел қалған.) жылғы алапат аштықтағы Басбайдың өз халқымен бірге болған қайрымдылығына да ерекше мән берген. Басбайдың осы ашаршылықтан елдің аман шығуына сеп болып, барын бөлісіп жеп, әр ауылға қазан астырып, ашыққанды тойдырған әрекеттері мен кең пейілі оның беделін бұрынғыдан да асқақатып, халық қаһарманына айналдырып жіберсе керек. Ата кәсіппен қоса егіншілік, отырықшылыққа бастамашы болып, өзі үлгі көрсетіп, қыстаулықтар мен жем-шөп қорықтарының салынуына бас-көз болуы да оның халқының қамын ойлаған ер екендігін көрсетеді.
Шығармадағы Басбай ауылында өткен жиын мен ондағы айтыстағы тапқыр өлең шумақтары, айтыс пен тартыс, қайым, түре айтыстан бәдік айтысқа дейінгі оқиғаларды бейнелеуде айтыс табиғатын терең қарастырған зерттеуші-қаламгердің мол білім қорын шығарма орайына сай орынды пайдаланғандығы байқалады. Әсіресе Қайрақбайдың, Қожақұл Қарғабайдың күйлерін қоңырдың тамылжыған күйлерін шертілген осындай бір кеңесті жиыннан соң айтқан Басбай пікірі арқылы автор оның өнерді тек тамашалаушы ғана емес, дұрыс зерделей білетін сыншылдығына да мән берген. Осы тұста да автор өзінің өнер туралы қоыртқан ой-тұжырымдарын орайластырып отырған. Басбайдың: «Барлығың да ең бастысы: бабамыз жаратқан, тек дайын асқа тік қасық болмай, өздерің әрі қарай дамытыңдар, мына Ебі мен Қыбыланның ескеуілдеген боранынан, мына барша жанды бағып жатқан Барлық пен Құлыстайдың шұрайлы алқабынан, Тастының Тентек толқыныан неге күй тумасқа?» –дейтін ойлары оның өнерді әрі қарай өрістетуді көздейтіндігін көрсетеді. Осы суреттеулерде автор тұлғасы мен кейіпкер тұлғасы қабысып, біртұтас болып кетеді.
Жазушы кейіпкерін даралауда оның азаматтық, адамдық мінез ерекшеліктерін де нақтылы мысалдар арқылы дәйектей түседі.
Басбай –намыскер азамат, оның Шәуешектегі бай саудагердің Емілден бұрам( паром) (қамыстан тоқылатын жылжымалы көпір) салдырып әрлі-берлі өткен адамды өткізіп-ақ байыған, ел арқасында Меккеге барып келсе де араны ашылып, өткізу ақысын үдетіп, елді сүліктей сорғаны, сол өткелден өтіп, бірақ төлерлік қаржысы болмаған байғұсты жалаңаштап масқаралауына араша түсетін тұстағы ашуы мен әділеттілігі, жарлыға қамқорлығы, «халықты осындай бейшара етпей көпір салдырармын» деп өзіне серт беріп, сертін орындауы арқылы бас кейіпкердің адами болмысы кеңінен ашыла түседі.
Басбай фашизмге қарсы жылу жинағанда 500 атты ертоқымымен атап, бүкіл елге даңқы жеткен. Басбай байлығының шарапатын өзге ұлт өкілдері де сезінген. Оның жалпы адамсүйгіштік биік парасатын танытатын Шыңжаңнан шыққан ұйғырдың жетім баласы Розыны Тұйғын атандырып,бауырына басып, оған асхана ашып беруі, оның ел арасында «Басбайдың ұйғыр баласы атануы, Арып, Ғарып атты екі татардың жетім баласына диірмен салып беріп жағдай жасауы бір орыс, бір ханзу мектебін ашуға ақша жұмсауы мен дүнгенге мал басын құрап беріп, шаруасын дөңгелетуге мүмкіндік жасау оқиғалары арқылы оқырманның да кейіпкерге деген құрмет сезімі арта түседі.
Басбайдың намысқойлық рухы елге керекті көпірді аймақтың уәлиі Барнақов, Дьяков сынды бай да өнерлі орыстар салуы керек дегенде: «Орыс сала алған көпірді қазақ сала алмай ма» деп намысқа тырысып, Кеңес елінен Оқас арқылы техника алырып Еміл бойына алғаш көпір салдырған жанқиярлық еңбегі арқылы көрінеді. Осы қуанышты оқиғаның салтанатындағы ел қуанышы мен Басбайға деген ризашылығы Көкек молданың батасында бейнеленіп қалған.
Бұдан былай халқымның,
Түсірме күнін бұрамға.
Бұрамды жойған Басбайды
Жарылқа, өзің бір Алла.
Ауған ақынның «Басбай көпірі» дейтін кең көлемді толғауында да осы көзсіз ерлігі мадақталған. Мұндай намыс пен жігер,елінің еңсесін аласартпайтын ел сүйгіштік жүрек бүгінгі қазақ байларының да үлгі етерлік қасиеті болса құба-құп.
Жазушы бұл туындысында да дәстүрлі әңгімешілдікті көркемдік тәсіл ретіне құлпырта қолданған. Көпшілік жиналған жерлердегі ертеден келе жатқан өнегелі әңгімелерді тыңдайтын үлкен-кішіге ұлағат айтылады. Онда әңгіме айтушы өз әңгімесін ғана емес, атақты ақын, елге танымал адамдардан естіген әңгімесін айту арқылы да кешті қыздыра түседі. Сондайлық есті әңгімелердің бірі шығармада Мұхамедрақымның «Кәрібай ақыннан естідім» деп айтылатын түсел, ерулік жайлы есті әңгімелері мен шежірелік аңыз арқылы да ой айтқан автор. Қаракемердегі «Қыз бейіті» «Тайтеке» аңызының шежірелік мәні, тұтқиылдан жау тигенде ерлердің орнына ерлікпен айқасып, жау қолынан мерт болған қос келіншектің жерленген жер атауына айналуы жайлы әңгіме, аңыздар, шығарманың шырайын арттырып, танымдық-тағлымдық күшін арттырып тур.
Біздіңше, Басбайдың даңқын асырған себептердің бірі – ел ішіне кең таралған қарсыласын орамды ой, орынды уәж арқылы ықтырып, өз айбынын асқақтатып, ақылымен алысқанын жасқай білген «Басбай айтыпты» – делінетін толғамды ойлар толқыны дер едік. Басбайдың байлығы, ел үшін атқарған ізгі істерімен қатар табан астында тауып айтқан тапқыр сөздері мен қағытпа қалжыңдары да қалың жұртшылықтың ауызынан тастамай айтқан асыл мұраларына айналған. Өз зерттеу нысанын жан-жақты, толық мағынасында танытуға тырысатын З.Сәніктің зерттеушілік ерекшелігі: талдау нысанына алынған тақырыпқа қатысты материалдарды молынан қамтып, сан түрлі қырынан ашуға талпынатындығынан көрінеді.
Шығармадағы Уаң Жыңмен кездескендегі Басбайдың «Уаң Жыңға қойған талабы» атты әңгімедегі: «Біз қазақ деген халық едік. Кең далаға сыймай, ендеп кеткен елді қайырмақка келтіру оңайға түспес пе екен деймін. Еркін кетіп, асау өскен халық бірден икемге келмей, морт кетіп жүре ме деп алаңдаймын. Қазақ төрт түлік мал бағады, соның ішінде жылқыны касиеттейді. Ішсең сусын, жексең көлік, жесең ас, мінсең ер қанаты, жылқы болмаса қазақ та бұлайша кең көсіліп жасай алмас па екен деп те ойлаймын. Сондықтан жылқыны жанындай көреді, өзі де жылқы мінезді халық. Қазақта осы жылқыны жуасытып, қолға үйретудің екі түрлі жолы бар…бірі – зорлықты күшпен көндіру, енді бірі – адам өзінің жылқыға жат емес екендігін білдіру. Сонда менің сұрайтыным – қазақты басқарудағы осы екі түрлі әдістің қайсысын қолданбақсың?» депті дейтін ел арасында кең таралған әңгіме де сәтті қолданылған. Бұл арқылы жазушы өз топырағында табанын нық басып, өзгенің өзін ғана емес, тұтас халқын жат биліктің жасқағысы келген жандайшаптарының бетін қайтара білген қайсарлығын ұрпаққа үлгі етеді. Мұнда шешендік тапқырлықпен қатар дала батырларының намысына жанылған елі үшін еңіреп өткен ерлердің қайсар рухы бар. Соны өрелі ой, өрнекті тілмен жеткізе білген Басбайдың шешендігіне дау жоқ.
Мектепке, өкіметтің жұмысына деп 500 пұт астық, 50 өгіз соғым беретін
Басбай мал, егін шаруашылығын, саудасын қатар дөңгелетіп, әрі білім-ғылым өнерге де кеңінен көңіл бөлген, заман көшімен ілесе білген жаңашыл бейне тұлғасында суреттеледі.
Романда Басбай өмір сүрген тұстағы Шыңжаң жеріндегі небір топалаңды оқиғалар мен қазақтың игі жақсыларының сүйегіне зар қылған Шын Шысай жендеттің сыпырма қолдан жасалған қырғынының қасірет іздерінің елесі Басбай ойлары арқылы өрбітілген.
Жалпы автор Басбай бейнесін жалаң суреттемей, оның өсіп-өнген ортасын, сол тұстағы қазақ өмірін кең қамти отырып, елдің еркіндігіне төнген қауіптің себеп-салдары мен оған жазықтылар жайында да мол мағлұмат береді. Мәселен, Әбдікәрімнің тапқырлық сөздері, Нәзірдің түрмедегі азапты күндерді әңгімелеуі, Мәжиттің қазақ емлесі туралы, Тарбағатай тарихы туралы әңгімелерін беру арқылы оқырманын Шыңжаңдағы жұрттың терең тарихынан хабардар етеді. Үрімжідегі қазақтардың көбінің түбіне жеткен Гоминдан үкіметінің қазақтың рушылдығын өз пайдасына пайдаланған зымияндық іс-әрекеттері де тарихтың ащы сабағы. Шыңжаң халқын қынадай қырған Зо Зұңтияңның зардабынан кейінгі ес жию кезінде ата-баба сүйегін іздеуге ниеттенуін суреттеу арқылы Басбайдың азаматтық, елшілдік бейнесі биіктей түседі.
Автор шығармадағы Басбайдың көнекөз қарияларға ерекше құрмет көрсетіп, одан ел тарихын, ерлер ерлігін сұрастырып білуге ынтықтығын беретін эпизодтар арқылы өз халқының тарихын түгендеуге деген пейілін, ата-баба ерлігіне деген сүйіспеншілігін көрсетеді.
Шығарманың өн бойында Басбай жомарт жүректі, батыр мінезді, жалғандыққа жаны қас қасиетінен бір сәт аласармайды. Ол өмірде «Адамды адам емес, құдай жарылқайды, оған ісім түскен жоқ, пейілім түсті. Есіктен беру адамдық ұжданға жарамайды» деген ұстанымды ұстанған.
Зейнолла Сәніктің суреткерлік шеберлігі Басбайдың қаншалықты кең жүрек, қайырым мен мейірім иесі болғанымен, қараулық көрсеткенге, әділетсіздікке шыдамай кететін мінезін көрсететін тұстарындағы: «Басбайдың көкперісі бар болатын, сол ұстады. Ол ұстағанда ешкім басу айта алмайды, дегенін істеп тынбай, тоқтамайды»–дейтін тұжырымдарына сиғызған. Әсіресе дүниеқорлыққа, араны ашылған адамдарға ызаланғанда, ашуланғанда дес бермейтін адам ретінде суреттеледі. Автор Басбайдың ел-жұртымен қоштасар тұсының әр сәтіне мән бере отырып, халықтың ықыласын, арғы бергі тарихты қаузайтын аңыз бен әңгімелерді ұтымды пайдаланған. Әсіресе Басбайдың қорымға келіп құран бағыштайтын тұсындағы әрбір адамның өмір тарихынан, ерекше қасиетінен бір дерек бере кетуі де танымдық тұрғыдан ұтымды шыққан. Атан өгізідің терісін атпен шауып кеп ұрғанда қақ айыратын қамшыгер Жармұхамед батырдың ішкі дүниесіне тереңірек бойлау арқылы да ел өмірінен сыр шерту өзіндік шеберлік.
Сондай-ақ, ел анасы атанған Басбай ансының Басбай отбасындағы әйелдердің күндестік сезіміне тыншу сап бітістірген тұстары да автор тарапынан қағыс қалмаған. Осы туындыдағы Басбайдың ішкі толғанысындағы «…адам деген Алланың аманаты, өмірге бір келген мейман тәрізді, жарық дүниені бір көрсетеді де, оның қызығына тойғызбай, өмірді еркін танып жетуге үлгертпей, ала жөнеледі екен. Кім біледі, бізді де сондай бір қапылыста қағып әкетер…» – дейтін ойлара арқылы оның байлықты ғана емес, жалпы адамдық мұратты көздеген, терең ойлы тұлғасын танытып өтеді.
Өткен ғасырдың 30 жылдарындағы қырғынында Құлыстай өңірінің құтын қашырған саясаттың ең бір сорақы ісі ел қадірлілерін түрлі сылтаумен Шыңжаңға шақыртып, содан кейін олардың кері қайтып оралмауы. Ел ішіндегі тыңшылардың сатқындығы автордың: «Қия басқан жүріс, қиыс басқан аяқ үкімет кітабына түсті болды, оның аяғы көз жетпес тұңғиық, түгемес сұраққа айналып жатты» –дейтінін тұжырымдарына сиғызылған.
Басбайдың ішкері қытайды сапарлауға шақырту алуы өмірлік сапарының соңы болады. Автороқырманға бұл сапардың соңғы сапар екендігін сездіргендей еске түсіру тәсілін шығарма композициясына шебер өріп, Басбайдың жігіттің шағы мен алғашқы сүйіспеншілік сезімін, ауыл-аймағында өткен жарқын оқиғаларын, бозбала шақ пен бойжеткен сезімін көркем тұрғыда келісті кестелеп өтеді. Онда Басбайдың туған топырағының әрбір тасы мен тауына, ұшқан құсына дейін қимастығы сезіліп тұрады.
Шығармадағы ерекше бір назар аударлық тұс: Басбайдың ақбоз інгенінің ол кеткелі ауылдың төр жағына келіп, жайылмай нәр татпастан, көздерінен моншақтап жас тамып боздауды шығаруы, есігінің алдындағы төрт итінің көкке қарап ұлуы, табындағы сиырлардың оқтын-оқтын бір жере жиылып, өкіріп ,бақыруының ас біткен соң ғана тыншу табуы мен жары Күйкентайдың жатса түс көріп, жарының бірде аспанға айырпланмен ұшуы, бірде кемеге мініп өзін тастап кете беруі сияқты бейнелеулердің қай-қайсы да шығарма сюжетін күрделендіре түскен, Басбай қазасының ел үшін, отбасы ішін қаншалықты ауыр қасірет болғандығын символ арқылы ұқтыруға тырысқан қаламгерлік ізденістер.
Ел-ішінде тарай бастаған алып қашпа әңгіме, сыпсың сөз арқылы ел жағдайы, жалпы елге төнген қауіп-қатер шығарма өзегіне шебер қиюластырылған.
Басбайдың алыс сапарға аттанар алдындағы аманатынан өзінің де аман қайтарына қауіптенуі, көзін жұмса анасынан бастап, дүниеден өткен аруақтарды көруі, өзін Шағантоғайға апарып көмуді аманаттауы, қарыз аманатын алдын-ала айтып кетуі, кедейлерге пыдия таратуды тапсыру жағдайлары Басбайдың екі дүниенің парызын қатар ойлаған кісілік биік парасатын айғақтай түсетін авторлық суреттеулер. Бұл авторлық баяндаумен көмкеріліп, тереңдей түседі. «Өзі кеткен соң құты да кетеді ме? Ойға келген ақ жұт, қыры жайпаған қара жұт пен жақ жұт қатарынан келіп, Шағантоғай елінің көбін жұртқа тастады да, көктемде көгенін құшақтатып, жүгендерін қолдарына ұстатып, төрт түліктен тұлдыр етіп шыға берді. Дүниені құрау қиын шашу оңай екен. Бір кездері ө көзімен көргендер өмір бойы кисе тозбас, ұрпақтан ұрпаққа дейін ұстап түгете алмас деп есптеген ерепайсыз мол дүние-мүлік, үй жиһаздары, әр түрлі жасау, түр-түрімен сатылап жиылған қасқыр ішік, түлкі ішік, пұшпақ ішік, орман ішік, қама ішік, құндыз ішік, сілеусін ішік, пұшпақ ішік, елтірі ішік, тауешкі ішік деген сияқтыларыңыздан қиқым табуға болмайды. Мал да дүниеде жиған адамға, өз иесіне үйірілетін сияқты. Басекең дүние салып, бас ұйытқы кеткен соң, дәулет тайды, мал құлдилай берді, дүниеде береке болмады. Айналасы бірнеше жылға жеткен жоқ.Өкіметтік бірлескен форма, қоғамдастыру бораны да Басбайдың малына әсер еткен.Оның малы ортақтастырудың кеңірдегіне түскен»
Қисапсыз мал иесі бола тұра, Басбай секілді адамдық істі мұрат еткендердің ғана ел есінен есімі мәңгі өшпейтіндігін автор Басбайдың ауруханадағы халін суреттейтін сәтін сипаттауында анық аңғартқан. «Талай тордың шырмауын бұзып, зеңгір көкте қалықтаған айтулы ақ сұңқар, талай арқанның шиесін үзіп, қара үзіп шыға келетін дала төсінің дауылпаз дүлдүлі бүгін қолға түскен тұтқындай қор болып жатыр». Суреткер мұнан басқа жерде өзінің сүйікті кейіпкерін аласартпай, бір сәт тұғырынан түсірмей, өмірдің сырын ұққан сұғыла мінез, батыр жүректі, кең пейілді қалпындағы болмысына басымдық береді.
Шығарманның аяқталар тұсындағы адам басына қонған бақты қадірі, «байлықтың бір жұттық екендігі» кезінде байлыққа мастанған Басбай әйелі Күйкентайдың Басбайдан кейінгі өкінішті өмірін суреттеу арқылы берілген. Басбаймен бірге тұрған шақтағы өзінің кесірлі мінезін еске түсіретін әйелдің: «Дастарханыңның шетінен орын бер, ырысың шайқалмайды, дәулетіңді жемейді, кім біледі, күндердің бірінде сенің де сондай халге түспесіңе кім кепіл?!.Тарылғаныңның қырсығын көресің әлі» – дейтін сөзін еске алатын сәтінің өзі әркімнің де өміріне сабақ боларлық тағлымды жайт.
Басбайға деген халықтың құрметі мен іңкәрлігінің биік көрінісі ретінде Басбайдың жақсылығы өткен жандардың жасырынып келіп аштыққа, әрі қуғынға ұшыраған Басбайдың бала — шағасына жасырын қолғабыс етуі де тіршіліктің негізгі мәні адамдықта деген ойды айтқызбай-ақ меңзеп түрғаны аян.
Зейнолла Сәніктің өзінің де халық қазынасының қамқоршысы атанып, ел тарихын терең білетін мол білімі мен қаламгерлік шеберлігі «Басбай» романындағы Басбай бейнесі арқылы қайта бір жаңғырып, «Байлық мұрат емес, адамдық мұрат екендігін айғақтап, Басбайдың көл-көсір байлығы емес, оның адамшылық мінезі, елге істеген қайыры мен өз халқының тарихын, өнерін көзінің қарашығындай қорғаған адамдық қасиетін толыққанды ашуға қызмет еткен деуге болады.

Дүйсенгүл Жаһан,  М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты, фольклор бөлімінің аға ғылыми қызметкері

31 наурыз, 20:53
Найти работу в Астане станет проще: Карьерный центр открылся в трех точках города
31 наурыз, 20:52
"Пропущенная доставка": астанчан предупреждают о новой схеме мошенников
31 наурыз, 20:49
Защита Родины — дело настоящих мужчин!»: в Астане проводили в армию очередную группу молодых людей
31 наурыз, 15:42
Отандық экотуризм: Жаңа бағыт, қарышты қадам
31 наурыз, 14:23
Есірткі кеселімен күрес – ортақ міндет
31 наурыз, 14:14
Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту – басым бағыттың бірі
30 наурыз, 16:02
Күрежолды дамытудағы жаңа бағыт
29 наурыз, 12:17
Көмір генерациясы – өңірлердің даму драйвері
27 наурыз, 20:32
Астанада көктемгі жалпы тазалық жұмысы жүріп жатыр